Жаңалықтар

МОРИДЕН КЕЛГЕН МЕЙМАНДАР

ашық дереккөзі

МОРИДЕН КЕЛГЕН МЕЙМАНДАР

Өткен аптада Жамбыл облысы әкiмшiлiгiнiң ұйымдастыруымен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы районының Санжы облысы мен Мори қазақ автономиялы ауданының басшылары елiмiзде iс-сапармен болды. Санжы облысының орынбасар әкiмi Шы Иан Лиң, Санжы облысы сыртқы сауда департаментiнiң бастығы Шы Уын Хуй, Мори қазақ автономия ауданының әкiмi Қайрат Қапанұлы, орынбасар әкiмi Ербол Донайұлы, Мұқият Омашанұлы келдi.ҚХР мемлекеттiк еңбек ерi, қазақ жиһангезi Құсмай Зарқұмарұлы бастап келген делегацияны Алматы облысының депутаты, "Жартас" компаниясының директоры Марат Мырзағалиұлы күтiп алып, ел аралатты.

Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты нығайту, мәдениет, ғылым-техника, экономикалық байланыстарды дамыту, ортақ кәсiпорындар ашу, қазақ қолөнерi жөнiнде тәжiрибе алмасу мақсатында Жамбыл облысы әкiмiнiң орынбасары К.Н.Көкрекбаев, Жамбыл ауданының әкiмi Ысқақ Бинали Әбдiқапасұлымен, Тараз қаласының әкiмi Б.Орынбеков, ҚР Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директорының орынбасары Қ.Ерiмбетова, "Жартас" ЖШС-нiң директоры Марат Мырзағалиұлымен кездесiп, өзара келiсiм-шарттарға қол қойысты.

ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң депутаты Динара Нүкетаевамен кездесуде екi ел арасындағы денсаулық сақтау, мәдени шараларды нығайту тақырыбы кеңiнен қозғалды. "Қазмұнайгаз" АҚ-нiң қызмет көрсету бойынша басқарушы директоры М. Мырзағалиев Қазақстанды өнеркәсiптендiру бағдарламасын айта келiп, Қытай кәсiпкерлерiн Қазақстанда өндiрiс ошақтарын салып, қазақстандық үлестi арттыруға шақырды. ҚР "Жезбұйда" жастар қоғамдық бiрлестiгi басшысы Талапбек Тынысбекпен кездесiп, екi ел жастарының алдағы жерде өзара тәжiрибе алмасып, достық қарым-қатынасты күшейтiп, екi ел үшiн жаңа игiлiк жарату тақырыбы талқыланды.

Елiмiзде бiр апта жұмыс сапарында болған қонақтар үстiмiздегi жылдың 9-12 шiлде аралығында ШҰАР-нiң Санжы облысы Мори қазақ ауданында өтетiн Автономиялық аламан ат бәйгесiне, аудандық ақындар айтысына, бүркiтбас бұршақ жәрмеңкесiне, сондай-ақ Гиннес рекордын жаңалау үшiн ұйымдастырылған он мың адамдық кесте тiгу қимылы өткiзiлетiнiн айтып, бiрқатар орын басшыларын арнайы қонаққа шақырды.

Мори қазақ автономиялы ауданының әкiмi Қайрат Қапанұлы бұл жолғы iс-шараның ұйтқысы болған Құсмай Зарқұмарұлы мен Марат Мырзағалиұлына көп жылдар Қытай-Қазақстан екi ел арасындағы ғылым-техника, ауылшаруашылық, энергетикалық, экологиялық, мәдениет, достық, өндiрiс салаларында сiңiрген елеулi еңбектерi үшiн "Мори қазақ автономиялы ауданының құрметтi азаматы" атағын беру туралы шешiм қабылдағандығын жеткiздi.

Құмар ЖҰМАҚАНҰЛЫ