ӘДЕТ ҚАЛСА ДА, АГЕНТ ҚАЛМАЙДЫ

ӘДЕТ ҚАЛСА ДА, АГЕНТ ҚАЛМАЙДЫ

ӘДЕТ ҚАЛСА ДА, АГЕНТ ҚАЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Жылдар жылжып, айлар ауысып, күндер зымыраған сайын, дүниенiң дөңгелегi қарқынын қарыштата түседi. Көптеген техниканың үздiк үлгiлерiне қарап ғасырдың жаңарғанын, заманның өзгергенiн, дәуiрдiң дамығанын аңғарамыз. Компьютер көптiң көңiлiн тауып, интернет саналының игiлiгiне жарап жатқан уақытта Агент те қоғамның қолданысына айналды. Жасанды дүние жастарды бiрден баурап алып, бос уақытын болмашы тiрлiкке ұластырды. Алаштың атқа қонар азаматтары, ертеңгi елдiң тiзгiнiн ұстайтын ер-жiгiттердiң құнсыз дүниеге құмартып жүргенiне қапаланасың. Темiрге телмiремiз деп, тектiлiгiмiз жоғалып, даналығымыз далада қалмасын.

Бiр ғажабы, осы Агенттiң арқасында танысып, табысып, үй болып кеткендер қаншама?! Бұл – бұлыңғыр болашақтың бiр баспалдағы ғана емес, бүгiнгiнiң нақты көрiнiсi. Дәстүрiн дәрiптеген, салтын сабақтаған көшпендiнiң бүгiнгi толқыны, бүгiнгi бүлдiршiндерi осындай дәрежеге жеткенi ме?! Әттең, әрбiр ата-ана бесiктегi бөбегiне ұлттық тәрбие берсе, болашағына алаңдамас едi.

Осының бәрi заманның дамығаны деймiз. Ал заманның дамығаны келер келешегiңе керексiз дүние, намыссыз тәрбие, нәрсiз бiлiм насихаттап жатқан жоқ па? Ес бiлген баладан, есейген ересектiң ермегiне айналған Агенттiң пайдасы бар ма, зияны жоқ па?

Осы сұраққа көпшiлiктiң көзқарасы қалай екен?

Бағашар Тұрсынбайұлы, филология факультетiнiң 3-курс студентi:

– Қоғам – қашанда адамға тәуелдi. Оның даму эволюциясы адамның даму эволюциясына бағынады. Ой дамыған сайын техника да, ғылым да ғарыштық жылдамдықпен өсiп келе жатыр. Ғылым адамның мәдени өмiрiн интеллектуалды түрде, адами құндылықтарды сақтай отырып, саналы түрде өткiзуге жол ашады. Және сол ғылым бiздiң тұрмысымызды да, қарым-қатынасымызды да, алыс-берiстерiмiздi де жеңiлдетедi.

Сондай ғылымның жемiсi – Агент. Агенттiң пайда болуы ғылымның дамыған көрiнiсi. Агенттiң мүмкiншiлiгi жоғары. Бiр сәт отырып бiрнеше адаммен сөйлесесiң. Агенттен sms те жiбере аласың. Тағы да сол сияқты тiзбектелiп кете бередi. Оның үстiне арзан. Барлық адамдардың қолы жетiмдi. Ұялы телефоның болса болды, Агентiң де бар.

Ал Агентiң – дертiң. Кей адамдар кешке кiрiп, таңертең бiр-ақ шығады. Қаншама уақыт бей-берекет сөз, өсек-аяң, арзан әңгiмеге кетiп жатады. Жастардың көбi сабақ кезiнде де агентте отырады. Үйренiп қалғасын, соған тәуелдi болып қалады. Iздейдi. Сабақта да, тамақта да қолынан тастамай жүру бүгiнде қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны оның ұрпақтың уақытын өлтiрiп, санасын улауы бекер емес. Идеологияның нағыз "көксоққаны", көкесi.

Дегенмен бiз ақыл иесi болып жаратылған соң әрнәрсенi керек кезде, керек уақытында пайдаланып үйренсек, нұр үстiне нұр болар едi.

Рабиға Жандарбекқызы, журналистика факультетiнiң 1-курс студентi:

– Пышақ та бiрде қолды кеседi, бiрде ерге қару болатын екi қыры барлығы секiлдi, жақсы мен жаман қатар жүредi. Агент те талайды елiртiп, құрғақ сөзге семiрттi. Бәз бiреудi бақытқа бөледi. Егер де Агенттi тиiмдi пайдалана бiлсек, оның берер көмегi зор. Көп мөлшерде шығын шығармай-ақ, алыстағы құрбы-құрдастарыңмен, тамыр-таныстарыңмен жедел әрi жеңiл қарым-қатынас жасай аласың.

Бұл – жастардың өз пiкiрi. Агенттiң пайдасы мен зиянын саналы жұрт өздерi сараптай жатар. Агент – алып бәйтеректiң түбiне түскен құрт сияқты. Шетiмiзден кемiрiп жатыр, семiрiп жатыр. Осынау құрттан құтылмасақ, тамырымыз өлiп, сабағымыз солып, жемiс бермей, жеңiс көрмей өтермiз.

Рауан ҚАЙДАРОВ,

студент