Жаңалықтар

ТАҢДАУ КIМГЕ ТҮСЕДI?

ашық дереккөзі

ТАҢДАУ КIМГЕ ТҮСЕДI?

Қырғыз Республикасының Президентiн сайлау 2011 жылдың 30 қазанында өтетiн болды. Бұл туралы Жоғарғы Кеңештiң қаулысына оның төрағасы Ақматбек Келдiбеков 30 маусымда қол қойды. Сырт көз осы шешiмге қарап-ақ, Жоғарғы Кеңештiң мәртебесi Президенттiк институтқа қарағанда жоғарырақ екендiгiн аңдауына болады. Қырғызстанның Конституциясы бойынша солай. Дегенмен Президент – мемлекет басшысы әрi әлеуеттi (қорғаныс, iшкi iстер және қауiпсiздiк) түзiлiстерiн уысында ұстаған бiрегей тұлға. Сондықтан болар, төбесi көрiнген саясаткерлердiң барлығы дерлiк президенттiк аламан бәйгеге түсуге сақадай-сай отыр. Таң қалмауға айла жоқ. Асқар Ақаевтың, Құрманбек Бакиевтiң тұсындағы атқамiнерлер де, бiр жыл-жарым жыл бұрынғы уақытша үкiметтiң тұсындағы "революционерлер" де, бүгiнгi билiкте отырған шенеунiктер де, ескi және жаңа парламенттердiң бiрқатар депутаттары да бiлектерiн түрiнiп, әзiрлiктерiн арттыруда. Ресми түрде тiркелгенге дейiн атын атамай тұрайық, үмiткерлердiң арасында қазақ қандасымыз да бар.

Сайлау күнi белгiлi болғаннан бастап, оны ұйымдастырушы мекеме – Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төңiрегiнде араздық басталды. ОСК-ның жаңа құрамы 4 шiлде күнi сәскеде мекеменiң мәжiлiс залында өзiнiң бiрiншi жиналысын өткiздi. Дәл осы сәтте қызметiнде отырған ОСК-ның төрағасы Ақылбек Сариев қаз-қалпындағы "ескi" құрамның мүшелерiмен өзiнiң iс бөлмесiнде мәжiлiс құрған.

12 мүшеден тұратын ОСК-ның 9 адамын жинап, "заңды күшке иемiз" деген жаңа құрам бiрiншi жиналысын өткiзу туралы мәселенi дауысқа қояды. Оған 1 адам – жиналысқа келген ескi құрамдағы 3 адамның бiреуi қарсы шыққан. Жиналыстың барысында ОСК-ның төрағасы болып Туйгуналы Абдраимов (К.Бакиев билiгi кезiнде осы мекеменi басқарған), сондай-ақ оның екi орынбасары сайланады. Жиналыс аяқталған соң, жаңа құрам ескi төрағадан жаңа төрағаға iс бөлмесiн босатып берудi сұрайды. А. Сариев бөлме үшiн жұлқыспайтынын, бiрақ жаңа құрамның заңсыздығын мәлiмдедi. "Жаңа құрамның бүгiнгi жиналысы заңсыз, заңның жеке нормаларына емес, оған тұтас сүйену керек. Бүгiнгi күнi президент тарапынан көрсетiлген төрт адамның екеуi ғана жаңа құрамға бекiтiлiп отыр. Бұл Конституция нормаларын орындамауға жатады. Оның үстiне, сайлау комиссиялары туралы заңға орай, ОСК құрамының құзыретi сайлау науқаны мезгiлiнде аяқталып қалса, оның құзыретi сайлау бiткенге дейiн ұзартылуы тиiс", – дейдi А. Сариев.

Бұл жанжал бойынша президент Роза Отынбаева: "1997 жылғы заңға сәйкес ОСК 13 адамнан тұрады, төрағаны есептемегенде оның жартысын президент, жартысын Жоғарғы Кеңеш ұсынады. 2011 жылдың 24 маусымында ОСК-ның 8 мүшесi парламент тарапынан сайланған. Жаңа заң бойынша ОСК 12 адамнан құралады. Үштен бiрiн парламенттiк көпшiлiк, үштен бiрiн парламенттегi оппозиция, үштен бiрiн президент тағайындайды. Сайлауда ескi және жаңа заңдардың ұстанымдары араласып кеткендiктен, ОСК-ның құрамы заңсыз деп, оның мүшелерiн сайлаудың нәтижесiне кез-келген үмiткер қарсы шығуға қақылы. Қатемiздi оңдауға әлi де мүмкiндiгiмiз бар, бiз заңдардың талаптарын сақтап мiнсiз, дәл жұмыс iстеуiмiз керек", – деп төрелiгiн айтты.

Бұған қарағанда ОСК-ның ұйымдастыру жиналысы қайтадан өтетiн сыңайлы.

Өткен аптаның соңында Жоғарғы Кеңештiң депутаттары жазғы демалысқа шыққан. 4 шiлдеде төраға Ақматбек Келдiбеков Жоғарғы Кеңештiң кезектен тыс сессиясын 8 шiлдеде өткiзу туралы жарлық шығарды. Сессияда Қырғыз Республикасының ұсынысы бойынша ОСК-ның екi мүшесiн сайлау, Қырғызстанның Соттарын iрiктеу бойынша кеңестiң құрамын бекiту және Үкiметтiң жаңа түзiлiсi жөнiнде мәселелер қаралмақшы.

Президент ОСК мүшелiгiне ұсыныстаған 4 үмiткердiң екеуiн – Ақылбек Сариевтi және Ерiк Ирисқұлбековтi бiрнеше күн бұрын Жоғарғы Кеңеш өткермей қойған болатын. Президент бұл талапкерлердi қайта ұсынып отыр. Ал ендi соттарды iрiктеу кеңесiне 24 адам сайланады. Оның сегiзiн парламенттiң көпшiлiк коалициясы, сегiзiн парламенттегi оппозиция, сегiзiн сот органдары ұсынуы қажет. 8 шiлдеде Соттарды iрiктеу кеңесiнiң құрамы бекiтiлсе, олар күзге дейiн орталық және жергiлiктi сот органдарының 436 сотын жұмысқа таңдап алады.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi