Жаңалықтар

ЮЛИЯ ТИМОШЕНКОНЫҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ЮЛИЯ ТИМОШЕНКОНЫҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫ

Өзi әйел заты болса да, саясат сахнасында айтарлықтай беделi бар Украинаның бұрынғы премьер-министрi Юлия Тимошенконың бiраз әуре-сарсаңға түскен жайы бар. Украинаның Бас прокуратурасы оның үстiнен қылмыстық iс қозғап, қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджет қаржысын басқа мақсатқа жұмсаған деген айып таққан болатын. Ал Киев пен басқа да қалалардың көшелерi Тимошенконы жақтап, ереуiлге шыққан жұртшылыққа толы.

Сондай-ақ, ресейлiк сайттардың парақшаларында: "Экс-премьер елдiң табиғатты қорғауға бөлген қаржысына техника мен басқа да ұйымдастыру құралдарын қымбат бағаға сатып алып, бiрқатар көпшiлiк шараларды өткiзуге пайдаланған" деген мәлiмет жарияланды. Бас прокуратураның бұрынғы үкiмет басшысына қарсы қозғаған келесi бiр қылмыстық iсi – Денсаулық министрлiгiне сатып алынған жедел-жәрдем автокөлiктерiне қатысты болып отыр. Әлемдiк қаржы дағдарысы кезiнде Тимошенко үкiметi мемлекеттiк бюджеттi кепiлге қойып, шетелдiк банктен алынған iрi көлемдегi несиеге шетелдiк санитарлық автокөлiк сатып алған көрiнедi. Сол кезде Украина үкiметi Opel Combo маркалы 1000 автокөлiктi 12500 еуродан алыпты. Бас прокуратураның өкiлдерi сотта 2009 жылы сатып алынған осы автокөлiктердi алу барысында үкiметтiң және кеден қызметiнiң бiрқатар шенеунiктерi қызметтерiн асыра пайдаланып, заңсыздықтарға жол берген дегендi айтады.

Мемлекеттiк айыптаушы Лилия Фролованың айтуынша, Юлия Тимошенко жақын арада болатын парламент, президент сайлауларына қатыса алмайды. Өйткенi қозғалған iс бойынша шартты жаза қарастырылған көрiнедi.

Экс-премьерге қатысты iстi Киевтiң Печерск соты қарап жатыр. Алдын-ала тыңдауда екi қылмыстық iс қаралды. Бiрiншiсi – Киото хаттамасы аясында ауадағы қалдық газдарды жоюға деп Украинаға берiлген қаржы тиiстi мақсатта жұмсалмаған. Екiншiсi – Денсаулық сақтау министрлiгiне жедел-жәрдем көлiгiн сатып алуға қатысты. Ал бас прокуратураның Тимошенкоға тағып отырған басты айыбы – 2009 жылғы Ресеймен арадағы газ келiсiмi. Сол кезде Үкiметтi басқарған Юлия Тимошенко Министрлер кабинетiнiң келiсiмiнсiз Ресей газын Украинаға тиiмсiз бағамен сатып алған деседi. Аталмыш дерек бойынша, қозғалған iс сотқа жiберiлдi. Дегенмен Тимошенконың өзi мұны президент Виктор Януковичтiң басты саяси бәсекелесiнен құтылудағы қолданған айла-тәсiлi деп отыр. Ол бұл пiкiрiн "Твиттердегi" өзiнiң парақшасында да ашып жазыпты. Сөзбе-сөз келтiрсек, "Сегодня у меня снова судилище. Кличко легче: боковой… прямой… Но Янукович – не Хэй… Боится честного боя – выборов, прячется за киреевыми" делiнген жазбаның астарынан бiраз нәрсенi ұғуға болатын сияқты. Ал экс-премьердiң жақтастары "жалған айыптарға негiзделген iстi" тоқтатуды талап етiп, сот ғимараты алдында наразылық бiлдiрдi. Толқулар бүкiл елдi шарпып өттi.

АҚШ пен Еуропа одағы Украинаның бұрынғы премьер-министрi Юлия Тимошенконың сотын айыптауда. АҚШ мемлекеттiк департаментi оппозициялық тұлғаның сотталуының саяси астары бар екенiн айтып, алаңдаушылық танытты. Өйткенi Юлия Тимошенко өткен жылғы президент сайлауына түскенде "саяси репрессия құрбаны" болғанын айтып, Еуропадағы адам құқы жөнiндегi сотқа шағымданған көрiнедi. Осы тұрғыда "Батькiвщина" партиясының басшысы Юлия Тимошенко АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонға Украинадағы саяси репрессияға қарсы мәлiмдеме жасағаны үшiн алғыс бiлдiре келе, "Хиллари Клинтон Вильнюске келген сапарында Украинадағы саяси репрессияға қарсы ойын айтты. Әрине, әлем жұрты еуропалық мемлекеттерде бiздiң Украинадағы секiлдi саяси репрессиялардың мүлдем рөл ойнамайтындығын әу бастан бiледi", – дедi.

Қалай десек те, Юлия Тимошенко өзiне тағылған айыптардың барлығын түгел жоққа шығарып отыр. Ол қазынадан шамамен 2 миллиард гривна алынғанын мойындаса да, бiрақ қаржының зейнетақы төлемдерiне жұмсалғанын жеткiздi. "Бiз ортақ қазынадағы ақшаны пайдаландық. Ал Киото хаттамасының ақшасы – бұл ортақ қазынадағы қаржының ажырамас бөлiгi. Үкiмет маған дейiн де осылай iстеген, менен кейiн де осылай болады", – дедi iстi болған Юлия Тимошенко.

Апта басында Печерск аудандық сотында Юлия Тимошенкоға тағылған iс бойынша сот отырысы жалғасты. Сот залына судья кiрiп келгенде Юлия Тимошенко мен оның қорғаушылары (БЮТ блогынан сайланған депутаттар және журналистер) орнынан тұрмай қойыпты. Өзiне таққан айыппен келiспейтiндiгiн бiлдiрген ол: "Сот қылмыстық iс бойынша жиналған материалдармен танысуға бiр-ақ күн бердi. Бiр күннiң iшiнде 4 мың беттi қалай оқуға болады? Осы да әдiлеттi сот па? Бұл Қылмыстық-процессуалдық кодекстiң нормаларын, менiң құқымды бұзып отыр", – дедi ашынып.

Ол сондай-ақ, соңғы кезде артынан аңдушылардың көбейiп кеткендiгiн жеткiздi. "Соңымнан үнемi арнайы жабдықталған көлiктер аңдып жүредi. Жаңылыспасам, 20 шақты көлiк мен қайда барсам, сонда барады. Одан бөлек арнайы қызмет менiң және туған-туыстарымның, дос-жарандарымның телефон қоңырауларын да тыңдай бастады", – дедi Тимошенко журналистерге берген сұхбатында.

Айта кету керек, Украинаның экс-премьерi Юлия Тимошенко табанды түрде украин тiлiнiң қолдану аясын кеңейту iсiне көп еңбек сiңiрдi. Тiптi ол бiлiм ошақтарын украин тiлiне бағыттап, ұстаз қауымының сабақ үстiнде тек мемлекеттiк тiлде сөйлеуiне байланысты арнайы қаулы да қабылдаған-ды. Ол ол ма, Тимошенконың тұсында ел аумағына кiрген фильмдердiң украин тiлiнде дубляждалуын мiндеттеу мәселесi де күшiне енген болатын. Юлия ханымның осы еңбектерiн бағалайтын жұрт оның жемқорлық әрекеттерге барғанына күмәнмен қарайды. Сенгiсi де келмейдi. Қалай болғанда да, бостандықсүйгiш украиндар өздерiнiң табанды да, қайсар Юлия қыздарын ешкiмнiң орынсыз жәбiрлеуiне жол бермейтiндерiн шындап танытып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ