Жаңалықтар

ГРЕЦИЯ КҮЙРЕУДЕН АМАН ҚАЛДЫ

ашық дереккөзі

ГРЕЦИЯ КҮЙРЕУДЕН АМАН ҚАЛДЫ

Екi күн бойы премьер Папандреудiң "шектен тыс үнемдеу" құжатын қызу талқыға салған грек парламентi аталған заң жобасын мақұлдады. Осының нәтижесiнде, еуроаймақтағы елдердiң қаржы министрлерi Грецияға 3 жыл iшiнде берiлуi тиiс 110 млрд. еуро көлемiндегi қаржылай көмектiң кезектi траншы – 12 млрд. еуроны 2011 жылдың 15 шiлдесiне дейiн бөлуге шешiм шығарды. Егер депутаттар "шектен тыс үнемдеуге" қарсы болғанда, шiлде айының ортасында-ақ Греция дефолтқа ұшырайтын едi. Өйткенi Халықаралық қаржы қоры мен Еуропалық Одақ Папандреудiң үкiметi елдiң әлеуметтiк шығындарын қысқартпаса, Греция 110 млрд. еуроның кезектi бөлiгiнен қағылатынын ескерткен. "Ары тартса, арба сынып, берi тартса, өгiз өледiнiң" керi келгенде, депутаттар да әрi-сәрi күй кештi. Парламенттегi 300 орынның небары 155-iне ие Папандреудiң кейбiр жақтасы әп дегеннен-ақ заң жобасына қарсы екендiгiн мәлiмдедi. Ал оның ең негiзгi қарсыласы – оппозициялық "Жаңа демократия" партиясы шығындарды қысқартуды қолдағанмен, салықты көтермей, керiсiнше төмендету қажет дедi. Ал бұл мәселеде радикалды бағытты ұстанған коммунистердiң өкiлi Танасис Пафилис: "Шектен тыс үнемдеу" пакетi жұмысшылар құқығын аяққа таптайды, тер төгiп жүрген барлық пенде үшiн бұл – нағыз тозақпен тең. Наразылық шаралары барлық бассыздықты тоқтатуы тиiс", – деп мәлiмдедi. Халық қалаулылары ортақ шешiмге келе алмай, осылайша ақ тер, көк тер боп жатқанда, грек кәсiподақтары мен азаматтық қозғалыс өкiлдерi үкiметтiң үнемдеуге қатысты шешiмiне қарсы 48 сағаттық наразылық шеруiн ұйымдастырды. Бастапқыда бейбiт түрде өрбiген шерудiң соңы тәртiп сақшылары мен шеруге қатысушылар арасындағы қақтығысқа ұласқан. Оларды жәй ескертумен тарқата алмаған полиция тiптi, көзден жас шығаратын газ қолданып, адамдарды соққыға жығуға дейiн барған. Арадағы қақтығыстар кезiнде 50-ден астам адам әртүрлi деңгейде зардап шеккен. Ашынған жұрт көшелерге дар ағаштарын орнатып, арнайы жасақ әскерлерiнен қорғану үшiн Синтагма алаңындағы көлiктер мен түрлi мемлекеттiк, жекеменшiк нысандарды жағып, көшелердi өртке орады. Алайда парламент мүшелерiнiң 155-i қолдап, 134-i қарсы болып, ақыры "шектен тыс үнемдеуге" шешiм қабылданды.

Сонымен, қабылданған заңға сәйкес, мемлекеттiк бюджеттi 14,32 млрд. еуроға қысқартқан грек билiгi салық мөлшерiн алдағы 5 жылда 14,09 млрд. еуроға дейiн көтерiп, 150 мың мемлекеттiк қызметкердi жұмыстан шығармақ. Қарызға белшеден батқан Грецияға кәрi құрлықтағы кейбiр елдер көмек қолын созуға кетары емес. Мысалы өткен аптада Халықаралық қаржы қоры мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердiң басшылары несие беру не бермеу мәселесiнде ортақ шешiмге келе алмай, созбаққа салып жатқанда Франция мен Германия Грецияның борыштарды өтеу мерзiмi бiткен кезде оған қарызға тағы да қаржы бөлетiнiн айтты. Күнi бүгiнге дейiн немiстердiң гректерге берген қарызы 3,2 млрд. еуроға жеткен. Бүгiнде қарызды қайтарудың қосымша мүмкiндiгi – Папандреудiң командасы 2015 жылға қарай мемлекеттiк активтердi жекешелендiрудiң арқасында 50 млрд. еуро шамасында пайда табуды жоспарлап отыр. Егер жоспар жүзеге асса, бюджеттiң шығындары алдағы бес жылда 28 млрд. еуроға қысқарады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ