Жаңалықтар

МӘЖIЛIС САЙЛАУЫ КҮЗДЕ ӨТЕ МЕ?

ашық дереккөзі

МӘЖIЛIС САЙЛАУЫ КҮЗДЕ ӨТЕ МЕ?

Көптен берi Қазақстанның Парламентi еш дау-дамайсыз жұмыс iстеуде едi. Үкiмет те тып-тыныш. Тiптi, сәуiр айындағы Президент сайлауынан кейiн Үкiмет ауысады деген болжамдар да жоққа шығарылып, Қазақстан тарихында ең ұзақ мерзiмде Үкiмет тiзгiнiн ұстаған Мәсiмов үкiметi отставкада он күн ғана болды. Сосын қайта билiк тiзгiнiн ұстады. Билiктегi кейбiр қосылғыштардың орны ауысқанымен, саяси келбетiмiзге ешқандай әсер ете қоймағаны мәлiм.

Ал саясатта өлi маусым аталатын шiлденiң алғашқы күндерiнде елдегi центристiк бағытты ұстанатын, кезiнде талай дау-шардың өзегi болып, 2004 жылы Мәжiлiс сайлауында екiншi орынға табан тiреп, елдiң саяси өмiрiнде айтарлықтай өзгерiс әкелген, алайда бүгiнде көп партияның қатарында қалған "Ақ жол" партиясының жетекшiсi Әлихан Бәйменов елдегi iрi лауазымды тұлғалардың бiрiне айналып шыға келдi. Ал "Ақ жол" партиясын бұған дейiн "Нұр Отан" партиясының мүшесi болып келген, "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев басқаратын болды.

ӘЛИХАН БӘЙМЕНОВ КIМ?

Шiлденiң 1-iнде Мемлекеттiк қызмет жөнiндегi агенттiктiң басшысы болып тағайындалған Әлихан Бәйменов жайында баспасөзде түрлi қауесет өршiп кеттi. Өркениеттi мемлекеттерде оппозициялық партия өкiлдерiнiң Үкiмет мүшесi болуы қалыпты жағдай саналады. Бiрақ ол үшiн әдiл сайлауда бәсекелестiкке қабiлеттiгiн танытып, жеңiске жетуi тиiс. Мәселен Германияда соңғы жылдары Үкiметтi жасақтау екi партияның иығына салмақ болуда. Оның бiрi – билiк партиясы Христиан-демократиялық партия, екiншiсi – Еркiн демократиялық либерал партия. Сол секiлдi Кеңес одағының шапанынан шыққан бұрынғы социалистiк мемлекеттерде де осы үрдiс қалыптасуда. Мәселен Моңғолияның да саяси билiгiн соңғы жылдары тұрақты түрде екi партия – бұрынғы коммунистер мен демократтар бөлiсiп иеленуде.

Президенттiк-парламенттiк басқарудағы Қазақстанда 2007 жылғы партиялық тiзiм бойынша сайлауда тек "Нұр Отан" партиясы ғана жеңiске жетiп, билiк тек бiр партияның қолына шоғырланғаны белгiлi. "Патриоттар" партиясының өкiлi, сенатор Ғани Қасымов: "Қазақстан Парламентi бiрпартиялы емес, оның құрамына мен – Патриоттар партиясының жетекшiсi ендiм. Ендi ол көппартиялы", – деген едi сенатор болып тағайындалғанында.

Бiрақ халықаралық қауымдастық та, оппозициялық күштер де Қазақстан Парламентiн көппартиялы деп қабылдаған емес. Демек Әлихан Бәйменовтiң Үкiмет мүшесi болып тағайындалуы – "Ақ жол" партиясының билiкпен үздiксiз диалогта екендiгiн танытса керек.

2004 жылы алғаш "Ақ жол" партиясы жасақталған кезде оның лидерлерiнiң қоғам алдындағы беделi ме, жоқ жаңа саяси күштiң өзгеше платформасы әсер еттi ме, "Ақ жолдың" беделi аспандап кеттi. 2004 жылғы Мәжiлiс сайлауында екiншi тұғырға көтерiлдi. Бiрақ осы сайлаудан кейiн партия iркiттей iрiдi. Тең төрағалар өзара не бөлiсе алмағанын кiм бiлсiн, Алтынбек Сәрсенбаев, Ораз Жандосов, Болат Әбiлов партияны тастап шығып, "Нағыз Ақ жол" партиясын құрды. Қазiр Болат Әбiлов басқаратын "Азат" партиясының да саяси салмағы түрлi пiкiр туғызуда. Дегенмен осы топ Әлихан Бәйменовтi аяусыз деп кiнәлағаны белгiлi. Содан берi "Ақ жол" партиясының жетекшiсiне талай айып таңылып келгенi белгiлi. Бәйменовтiң Мемлекеттiк қызмет жөнiндегi агенттiкке төраға болуы осы бiр күмәндi одан әрi қоюлата түскендей.

Шын мәнiсiнде Әлихан Бәйменов ту бастан-ақ билiкпен шиеленiске баруды жөн санаған жоқ. Ең әуелi радикалды бағытты таңдап алған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысынан бас тартты. Сарапшылар "Ақ жолдың" бұрынғы тең төрағаларымен арадағы текетiрес те осы билiкпен бас араздыққа баруды жөн санамаудан дейдi. Конструктивтi оппозициямыз дейтiн Әлихан Бәйменов 2007 жылғы Мәжiлiс сайлауында "Әдiлет" партиясымен тiзе түйiстiрдi. Оның басшылығында Президенттiң досымын дейтiн Мақсұт Нәрiкбаев тұрған едi. 2010 жылдың соңында Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн референдум арқылы созу жайлы ұсынысты да қолдады. Оның ұраны – "революциялық емес, эволюциялық өзгерiс" болатын.

Айта кететiн бiр жай – өзге оппозиционерлерден гөрi Әлихан Бәйменовтiң қазақ электоратына жақындығы. Өзге шенеунiктер мен оппозиционерлер жаһандық проблемалармен бас ауыртып жүргенде, Әлихан Бәйменов қазақ мәселесi үшiн жан ауыртатындығын танытып жүрген саясаткер. Ол 1931-33 жылдардағы аштыққа саяси баға беру, Алашордашылар аллеясын ашу секiлдi ұлттық саясаттың көлеңкелi тұстарын жаңғырту қажеттiгiн жиi ескертiп келдi. Сол секiлдi ұлттық "Тоғызқұмалақ" зияткерлiк ойынының сайысын ұйымдастыруды да қолға алды.

Әлихан Бәйменов оппозицияға кетер алдында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi қызметiн атқарып тұрған болатын. Бәлкiм ол ендi мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуiн мәжбүрлейтiн заң жобасын қолға алатын шығар.

МӘЖIЛIС МЕЗГIЛIНЕН БҰРЫН ТАРАЙ МА?

Елдiң саяси өмiрiндегi бұл өзгерiс саясаттанушылардың тағы бiр болжам жасауына түрткi болып отыр. Олардың айтуынша, 2012 жылдың күзiнде өтуi тиiс Парламент Мәжiлiсiнiң сайлауы мерзiмiнен бұрын, биыл күзде өтедi-мыс. Мәжiлiсте екiншi орынға табан тiрейтiн партия да белгiлi болды. Ол – "Ақ жол" партиясы.

Ресейлiк "Regnum" ақпараттық агенттiгi Президенттiң саяси кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаевтың күнi бұрынғы болжамы iске асар күн алыс емес екендiгiн жазады. Таяуда Ермұхамет Ертiсбаев Мәжiлiс сайлауының 2011 жылдың қазан, қараша айларында өтуi мүмкiндiгiн айтып, "Нұр Отан" партиясына бәсекелес бола алатын кәсiпкерлер партиясын құру туралы идея көтерген едi. Ертiсбаевтың әрбiр саяси болжамы шындыққа айналатынын ескерсек, Мәжiлiс сайлауы да мерзiмiнен бұрын өтуi бек мүмкiн. Ал "Ақ жол" партиясын либералды бағытты ұстанатын күшке айналдыру iсi де басталып кеттi.

Бiрақ сарапшылар Ақорданың бұл бастамасының iске аспай қалуы да мүмкiн дейдi. Бұған дейiнгi Мәжiлiс сайлауындағы "Ақ жолдың" беделiне үңiлер болсақ, ол 2004 жылдан кейiн ерекшеленiп көзге түсе қойған жоқ. Оның үстiне Қазақстан Коммунистерi тiркелмеген "Алға" партиясымен бiрлесiп, "Халық майданы" одағын құрғандығын мәлiмдедi. Аталған екi партиямен қоса бұл одаққа бiрнеше ҮЕҰ енiп отыр. Тiркелмеген "Алға" партиясының жетекшiсi Владимир Козловтың "Азаттық" радиосына берген сұхбатында "Парламент Мәжiлiсiнiң сайлауы биыл өтуi мүмкiн. Сол себептi де, "Халық майданы" қозғалысын құру қажеттiлiктен туындап отыр. Олар Мәжiлiс сайлауына Коммунистер партиясы арқылы қатысады" деген.

Tengrinews ақпараттық порталының жазуына қарағанда, Қазақстанның қазiргi саяси технологияларының барлығы Ресейден көшiрiлген екен. Ресейде де қазiр оңшыл партияны күшейту, Дума сайлауын мерзiмiнен бұрын өткiзу iсiн қолға алып жатқан көрiнедi. Аталған ақпараттық порталдың жазуы бойынша саяси кеңесшi Ресейдi озып өту қажет дегендi айтқан: "Күштi, либералды партияны құру керек. Оны құру үшiн бiр-бiр жарым ай өтедi. Оны миллиардер басқарады. Оның аты-жөнiне тоқтап жатпай-ақ қояйын, шын мәнiсiнде оны бәрi бiледi. Ресейден әлдеқайда ерте Парламент сайлауын өткiзу керек. Ресей бiздiң соңымыздан еруi тиiс" деген.

Есенгүл Кәпқызы