Жаңалықтар

БЮДЖЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР: «Бәрекелдi!»

ашық дереккөзі

БЮДЖЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР: «Бәрекелдi!»

1 шiлдеден бастап, Қазақстанда бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысы 30 пайызға артты. Бұдан былай бюджеттiк қызметкерлердiң орташа жалақысы 67513 теңге болмақ.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң баспасөз қызметi «Егер 2010 жылы бiлiм беру саласы мен денсаулық сақтау саласындағы бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысы орта есеппен 49216 және 54650 теңге болған болса, биыл олардың жалақысы тиiсiнше 63981 және 71045 теңгеге жетiп отыр» деген мәлiмет таратқан.

Аталған министрлiктiң баспасөз қызметiнiң мәлiметi бойынша бюджеттiк салада жұмыс iстейтiн 1,3 миллион адамға бюджеттен қосымша 274,6 млрд. теңге қарастырылған.

Осыған дейiн бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы 2009 және 2010 жылдары 25 пайыздан өскен едi. Биылғы өсу Елбасының 2011 жылдың 29 қаңтарындағы «Болашақты бiрге құрамыз» атты жыл сайынғы дәстүрлi Жолдауының негiзiнде жүзеге асырылуда. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бұл қадам Елбасының басты тапсырмасы бойынша жасалып жатқанын мәлiм еттi.

Осы ретте бюджет саласындағы бiр-екi қызметкердiң пiкiрiн бiлудi жөн санаған едiк:

Қайнар БАЙМАШ, Еңбекшiқазақ ауданы, Сарыбұлақ орта мектебiнiң математика пәнiнiң мұғалiмi:

– Ауылды жерде тұратын мен үшiн жалақымыздың 30 пайызға өсуi – ерекше маңызды. Қазiр шамамен 50 мыңдай теңге аламыз. Ол отыз пайызға өссе, шамамен 70 мыңдай теңгенiң жалақысын алатын боламыз. 2008 жылы жалақымыз 30 мың теңгенiң айналасында едi, ол 2009 жылы 40 мыңға, 2010 жылы 50 мыңға өстi. Жыл сайын айлық жалақымыздың еселеп өсiп отырғаны қуантады. Үш балам бар. Бiреуi – студент, бiреуi – оқушы, кiшкентайы алдағы оқу жылында сабаққа барады. Бiрақ бiр өкiнiштiсi– жалақы көтерiлмей жатып, баға аспандап кетедi. Кеше аудан орталығындағы базарға барып ем, бәрi қымбаттап кетiптi. Осы бағаны ауыздықтауға Үкiметтiң шамасы келмей ме екен?!

Анар ТЕМIРХАН, № 3 сәбилер үйiнiң тәрбиешiсi, Алматы қаласы:

– Ендi жалақының 30 пайызға өсуi бұған дейiнгi инфляцияның есесiн толтырады. Аллаға шүкiр, тiптi Греция, Британия секiлдi дамыған елдердiң өзiнде жалақыны қысқартып, әлеуметтiк төлемдердi азайтып жатқанда, жас мемлекет Қазақстан үшiн жыл сайын жалақының өсуi – көңiлiмiздi тоғайтады.

Есенгүл Кәпқызы