Жаңалықтар

АСТАНА – АЛТЫН ТҰҒЫР

ашық дереккөзі

АСТАНА – АЛТЫН ТҰҒЫР

Жер бетiндегi тiршiлiк иесi – адам баласы небiр ғажайыптарды қолмен жасап, өрнектеп, безендiрiп, сәндеп, келешек ұрпағына мұра етiп қалдырады. Әлемнiң небiр кереметтерi – адам ойының, адам қиялының жемiсi. Арада қаншама ғасырлар өтсе де, адамзат баласын тамсандырып, таңдандырып келе жатқан кереметтер өзiнiң аңыз-әңгiмеге толы жыр-дастандарымен ғасырдан ғасырға мұра боп қалуда.

Мәселен әлемге әйгiлi Тәж-Махалға қараңыз… Мұны Үндiстан халқы «Сиқыр сарай» деп атайтын көрiнедi. Сол Тәж-Махал он сегiз жыл бойына 20 мың жұмысшының қолымен Шахжихан патшаның бұйрығымен 1632 жылы басталып, 1650 жылға дейiн салынған екен. Бұл ғажайыпты салушы – Иса есiмдi ұста көрiнедi. Тарих осылай деп сыр шертедi. «Алып қиял ойға алғанды – анық зергер орындаған» деген аңыз сөздi бұл керемет ғимарат дәлелдеп тұр дейдi. Немесе әлемнiң жетi кереметi саналатын Мысыр пирамидаларын, тiптi болмаса Зевс мүсiнiн алайықшы. Бүкiл адамзатты таңғалдырған кереметтер соншама жыл, соншама ғасыр өзiнiң көркi мен сұлулығын айдай әлемге паш етiп келедi.

Әлемнiң жетi кереметтерiнiң қатарына әлi кiре қоймаса да, өзiндiк дамуымен, өзiндiк ерекшелiгiмен бой түзеп келе жатқан әсем Астана – қазақтың маңдайына бiткен кереметтерiнiң бiрi. Қазақ үшiн он үш – бiр мүшел саналады. Бiр мүшелге келген Астана – бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерiк-жiгерiмiздiң көрiнiсi. Қазағымыздың бас қаласы әлi жас болса да, жылдан жылға биiктеп келедi. Жас қаланың, жаңа Астананың келешегi бүтiндей ХХI ғасырдың еншiсiнде жатыр. Астананың көркiне көрiк қосып, жiгерiне жiгер беретiн де бүгiнгi жас жеткiншектерiмiз болмақ.

Тарихқа қайта үңiлiп көрелiкшi. Осыдан он үш жыл бұрын Сарыарқаның сары белiнде, ұлан-байтақ қазақ жерiнiң қасиеттi орталығында мемлекетiмiздiң жаңа астанасы бой көтердi. Одан әрiрек барар болсақ, 1830 жылдың маусым айында Есiл өзенi бойындағы Қараөткел тұсында Астана қаласының алғашқы iргетасы қаланған екен. 1832 жылы Ақмола iшкi округi ресми түрде жарияланып, оның аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендiұлы тағайындалады. Ал 1838 жылы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық бiлдiрген жергiлiктi халықтың көтерiлiсi жылдарында Кенесары Қасымұлы Ақмола бекiнiсiн алу үшiн патша әскерлерiне қарсы шабуыл жасағанынан да тарихтан хабардармыз.

Елорданың Астана атауын алуының өзiндiк табиғи заңдылығы бар. Түркi жұрты ежелден-ақ ел ордасын Сарай, Орда, Астана деп атаған. Билiк орталығын бiлдiретiн осынау ежелгi атауларды қазақ халқы мәңгiге еншiлеп, мағыналас ұғымда қолдануының өзi тарихтың бiзге қалдырған тамаша сыйы деп қабылдағанымыз жөн.

1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда қазақтың талантты ақыны Iлияс Жансүгiров: «Жаңа астана» атты очерк жазған екен. Ол очеркiнде: «Алматыға Қазақстан орталығы көшiп келдi. Алматы – астана болды. Қазақстан ортасы – ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшiлерiнiң ұйытқысы – орталық, өкiмет мекемелерi басты ұйымдар жаңа қонысына iрге тептi» деп қуана жазған екен.

Астана сөзiнiң түп-төркiнi әрiде жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мыңжылдық қолтаңбасы бар, бiр кездерде елордасы мағынасын бiлдiрген орда атауының астана түрiнде елiмiзге қайта оралуы заңды құбылыс деп санауымызға болады.

ОН ҮШ – БIР МҮШЕЛ

«Он үште – отау иесi» деген сөз бар қазақта. Ат жалын мiнiп, желкiлдеп өсiп келе жатқан жеткiншектiң ес жиып, етек жинар тұсы да – он үш. Он үшiнде отау құрып, бiр үйдiң отағасы атанған аталарымыз да аз емес. Ал Астана өзiнiң он үш жылдық ғұмырында – аз дүниенi бағындырып қойған жоқ. Талай-талай биiк асуларға шықты. Оған куә, былтыр ғана әлемнiң қаншама мемлекетiнiң басшыларын жинаған ЕҚЫҰ саммитi. Мұның себебi, Астана бiр жағынан бүткiл Қазақстанның мақтанышына, екiншi жағынан – ұлттық идеяны орнықтырудың және елдi бiрiктiрудiң нышанына айналды. Ол елдiң орталығында, тарихи кезеңдерде Еуропа мен Азияның транзиттiк күретамырын байланыстырған, дамыған индустриялық өңiрде орналасқанымен де құнды.

Астана қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов халыққа есеп беру жиынында: «Астана – халқымыз үшiн тәуелсiздiк пен өсiп-өркендеудiң алтын тұғыры. Президенттiң перзентiндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегi ғана сiңген жоқ. Қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәндi, дәулетiн әлдi еткен бас сәулетшiсi де мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен Елорда – егiз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгiнгi Астана – тұтас елiмiздiң ертеңге деген үкiлi үмiтi мен сенiмiнiң көрiнiсi. Арманы мен тiлегiнiң кепiлi. Сондықтан Бас қалаға деген талап та, талғам да қашан да жоғары. Бұл орайда, оның үдесiнен шығып, үлгiлi үлгерiм көрсету – өңiрлерге өнеге болып отырған Астанамызға қойылар басты талап», – деген екен.

АСТАНАДА ТҮЛЕГЕН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР

Жаңа Астана, жаңа ғимараттар, жаңа тұрғынүйлер, жаңа балабақша, жаңа мектеп… Бәрi де жаңа. Он үш жылда соғылған әрбiр ғимарат жаңалығымен де, сонылығымен де көз сүйсiндiредi. Астанаға әр жыл барған сайын оның жыл санап емес, ай санап өсiп келе жатқандығының куәсi боласың. Ертегiлер елiндегi кейiпкерлер секiлдi «сағат санап, күн санап» түлеп келедi. Әлемнiң озық ойлы архитектураларының үлгiсiмен салынып жатқан Астанаға жыл сайын мектеп оқушылары үшiн жаңа мектептер қосылып келедi. Былтырғы жылдың iшiнде бiрнеше мектеп «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен жүзеге асырылса, «Балапан» бағдарламасы аясында да бiрнеше балабақшалар халықтың игiлiгiне берiлдi.

«Елiмiздi индустрияландыру, жаңа экономиканы құру мiндеттерi тұр. Бiз бұл жұмысты екiншi жыл қатарынан атқарып келемiз. Былтыр 152 нысанды аштық, биыл тағы 200 нысанды пайдалануға енгiземiз. Жүздеген мың қазақстандықтар жаңа жұмыс орындарына ие болады. Сәуiр айында өткен президенттiк сайлау бiздiң халқымыздың бiрлiгi мен алға ұмтылушылығын тағы да көрсеттi. Бiз көптеген қиындықты еңсердiк және мен алдымызға қойған мiндеттердi орындайтынымызға сенемiн», – деген едi Елбасы Астана күнiн атап өту шараларының ашылу салтанатында. Расында да, өткен жыл Астана қаласы үшiн де, астаналықтар үшiн де ерекше оқиғаларға толы жыл болды.

«100 мектеп» бағдарламасы аясында 2010 жылы Астана қаласында 3600 орындық 3 мектеп пайдалануға берiлдi. Олар: №63 орта мектеп, Оңтүстiк-шығыс мөлтек ауданында, №64 орта мектебi, Тiлендиев даңғылында №65 орта мектеп қолданысқа көштi. Бұл бағдарламадан тыс 1200 орындық №66 мектеп ашылды.

Мектеп жасындағы балалар үшiн олардың уақытының көбiн өткiзетiн орын мектеп болғандықтан, оларға мектеп қабырғасында жасалатын күтiм ерекше болғаны жөн. Әсiресе, бастауыш сыныптың балалары оқытушылардың тәрбиесiне аса зәру. Сондықтан бүгiнгi күндерi астаналықтар бастауыш мектеп жасындағы балалар үшiн арнайы тегiн тамақпен қарастыруды басты назарға алып отыр. Былтырғы жыл iшiнде бастауыш сынып үшiн әкiмдiктiң бюджетiнен 440 млн. теңге бөлiнген екен.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында екi бiрдей мектептiң құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олардың iшiнде Көктал елдi мекенiнде орналасқан 800 орынды мектеп пен Тiлендиев даңғылының бойында қоныс тебетiн 1200 орынды жаңа мектептiң ғимараты аяқталуға жақын.

ТОЙ БАСТАЛДЫ АСТАНАДА…

4 шiлде күнi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Атамекен» этно-мемориалдық кешенi алдында Астана күнiн мерекелеу салтанатының басталғандығын бiлдiретiн Мемлекеттiк туды көкке көтеру рәсiмi болып өттi. 4 шiлде күнi Мемлекеттiк туды көтеру рәсiмi – Елорда күнi қарсаңында өтетiн жылсайынғы дәстүрлi шара. Ол үшiншi жыл қатарынан өткiзiлiп келедi. Елбасы бұл күнi астаналықтар мен барша қазақстандықтарды Елорда күнiмен құттықтап, елiмiздiң бiрқатар әскери жоғарғы оқу орындарын бiтiрген курсанттарға әскери шендер мен атақтарды тапсырды.

– Құрметтi астаналықтар, отандастар! Дәстүр бойынша бiз Мемлекеттiк туды көтеруден Елорда күнiн мерекелеуге байланысты шараларды бастаймыз. Бiздiң жас елордамыз Астана бүгiнде күллi әлемге танылды. Бұл – Қазақстанның брендi, бұл Қазақстанның қақпасы. Соңғы уақыттағы барлық оқиғалар осы қалада өтiп жатыр. Осы қалада ЕҚЫҰ саммитi өттi, бiз осында ендi ИЫҰ-на төрағалық етемiз, осында Азия ойындары, экономикалық форум өттi, бүгiнде Астана арқылы Қазақстанды әлем танып отыр. Биылғы жылы қазақстандықтар Елорда күнiн ерекше сезiммен қарсы алуда. Республика ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын атап өтедi. Осы жылдар iшiнде бiздiң елiмiзде көптеген жаңа өндiрiс орындары пайда болды, бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысы, зейнетақы мен стипендия жыл сайын артуда. Биылғы жылғы 1 қаңтарда зейнетақы көлемi 30%-ға өсiрiлдi. Бұл мемлекет пен ел экономикасы жақсы жұмыс iстеп тұрғанын бiлдiредi. Бiз бұған бiздiң азаматтарымыздың, барлық этностардың, барлық дiннiң өкiлдерiнiң достығының, өзара түсiнiстiгiнiң арқасында қол жеткiздiк», – дедi Елбасы салтанатты рәсiм барысында.

КӨШПЕЛIЛЕР ӨРКЕНИЕТI ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Сондай-ақ, «Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдында жексенбi күнi «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпелiлер өркениетiнiң фестивалi басталды. Ол үш күнге жалғасады. Ақ киiз үйлерден құралған этноауыл фестивальге ерекше сән берiп тұр. Ежелгi көшпелiлердiң ауылын еске салатын оның «көшелерiмен» Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов жүрiп өттi.

Фестивальдiң басты мақсаты – көшпендiлер тұрмыс-тiршiлiгiн кеңiнен көрсету және қазақ халқының терең мәдениетiн құрметтеуге шақыру болып табылады. Алаңға жиналған әр адам шын мәнiнде өзiн көшпендiлердiң бiр бөлшегi ретiнде сезiнетiн болады. Үш күн, үш түн бойы хан шатыры тәрiздi пiшiнде құрылған сахнада этникалық музыка мен күй кештерi өткiзiлдi.

Тәттi тағамдарды жақсы көретiн халық мереке күндерi қалалық алаңға жиналды. Тек 4 шiлде емес, үш күн бойы қалалық алаң ашық аспан астындағы мейрамханаға айналған. Фестиваль қонақтары қаланың белгiлi мейрамханалары, дәмханалары мен аспазханалары дайындайтын тәттi тағамдардан дәм тата алады. Байқауға қатысушыларды бiлiктi төрешiлер мен халық сарапшылары бағалады.

4 шiлдеден бастап, Астанада «Шығыс базары» жұмыс iстедi. Бұл жерден нағыз шығыс базарына тән барлық ерекшелiктердi кездестiруге болады – сатушылардың өз тауарын мақтай жөнелiп, сатып алушылардың назарын аударуы, әдемi түрлi-түстi бояулар, тәбетiңдi ашатын тәттi тағамдардың иiсi, ұлттық кәдесыйлар. «Шығыс базарында» ауыл шаруашылығы өнiмдерiн төмен бағамен сатып алуға мүмкiндiк туды тұрғындар үшiн.

АЗИЯНЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ӨНЕРПАЗДАР

Мереке күндерi Есiл өзенiнiң жағалауында халықаралық суретшiлер пленэрi ашылды. Үндiстан, Франция, Германия, Англия, Қытайдан келген ондаған суретшiлер Астана тұрғындары мен қала қонақтарына өз шеберлiктерiн көрсеттi. Кешке осы жерде елорданың балет ұжымы көрермендер назарына С.Прокофьевтiң «Ромео мен Джульетта» балетiнiң қойылымын ұсынды.

Елорда күнiне орай «Азия жаңғырығы» цирк өнерi халықаралық фестивалiнiң ашылуы игi дәстүрге айналды. Бұл – түрлi акробаттық трюктер мен бағдарламалар көрсететiн әлемнiң талантты әртiстерiн жинайтын бiрегей шоу.

Елорда көшелерiмен «Астана самалы» үрмелi оркестрлердiң фестивалi жүрiп өттi. Құрамында Ресейден келген қонақтары бар 5 ұжым Астана қаласында өтетiн шеруге қатысты.

Астананың туған күнiне орай өтетiн түркi әуендерiнiң «Астана-Арқау» фестивалi де жыл сайын өткiзiлетiн дәстүрлi мерекеге айналған. Фестивальдiң ұйымдастырушылары қонақтарға ежелгi тәңiрлiк көзқараспен, мұсылман әлемiмен және ХХ ғасырдық реалиясымен байланысы бар әртүрлi стиль және мазмұндағы эзотериялық бiрегей әуендердi ұсынып отыр.

«ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ БIРГЕ КӨРКЕЙТЕМIЗ!»

Мереке қарсаңында Астанадағы «Көрме» кешенiнде Елбасының қатысуымен «Қуатты Қазақстанды бiрге көркейтемiз!» атты форум өттi. Форум аясында жалпыұлттық телекөпiр ұйымдастырылып, «Онлайн» режимiнде Елбасы ұлттық экономика үшiн аса маңызды 6 жобаның басталуына куә болды. Олар: Алматы облысындағы «СОНиК Компаниясы» ЖШС профилдi құбыр шығаратын зауыты, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жүк вагондары өндiрiсi, Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндiру фабрикасы, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС теңiз металл конструкциялары өндiрiсi, Қарағанды облысындағы «Green Technology»ЖШС жылыжай кешенi, Қостанай облысындағы «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөлiктерiн жинау өндiрiсiн ұйымдастыру. Телекөпiр аяқталған соң, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттiк индустриалдандыру бағдарламасы шеңберiнде iске қосылатын жобалардың Қазақстан ЖIӨ-дегi үлес салмағы биыл 2,6% құрайтынын атап өттi. «Өткен жылы қосылған жобалар ЖIӨ-нiң 2%-н берген болатын. Биылғы жылғы үлес 2,6% болмақ». Ресми болжамдарға сәйкес, 2011 жылы Қазақстанның ЖIӨ көлемi 21 трлн 213,3 млрд. теңгенi құрауы тиiс.

«АSTANA» ЭКШН-ФИЛЬМДЕР ФЕСТИВАЛI ЕКIНШI РЕТ ӨТТI

Астана күнi қарсаңында өткiзiлген экшн-фильмдер фестивалi биыл да өз жалғасын тапты. Тимур Бекмамбетовтiң кинофестивалiне шақырылған мәртебелi меймандар Бейбiтшiлiк және Келiсiм сарайының алдына төселген қызыл кiлеммен жүрiп өттi. Стивен Сигал, Майкл Мэдсен, Арманд Ассанте бастаған Голливуд актерлерi алыстан ат арытып, арнайы келген болатын. Олардың қатарында жас сценаристердiң қайсысы жүлдегер болатынын айқындайтын Lions Gate Entertainment Corporation вице-президентi Лиза Элзи де бар.

Экшн-фильмдер фестивалiнен ресейлiктер де тыс қалмады. Көршi Ресейден Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова, Егор Кончаловский, Виктор Вержбицкий, Николай Валуев, Дмитрий Нагиев, Марат Башаров, Евгений Стычкин, Ольга Сутулова, Наталья Гуслистая мен Ренат Давлетьяров сияқты танымал өнер жұлдыздары келдi.

Ашылу салтанатына қатысқан қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов:

«Мен сiздерге бүгiнгi Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалiнiң ашылу салтанатына қош келдiңiздер дегiм келедi. Бiздiң елiмiздiң, оның тамаша елордасының жаңа экшн-фильмдер кинофестивалiнiң пайда болуына себепкер болғаны қуантады. Бұл жанр – жан-жақты, онда терең тарих пен әлемнiң футуристiк бейнесi көрiнiс табады. Оған технологиялық инновация, жоғары динамика, ұшқыр ой тән. Бұл тұрғыда ол бiздiң Елордамыздың ерекше бейнесiмен әдемi үйлесiм тауып отыр», – дедi.

Фестивальдi ұйымдастырушы, белгiлi продюсер Тимур Бекмамбетов: «экшн-фильмдер фестивалi – бұл болашақ киносының фестивалi» екенiн де тiлге тиек еттi. Оның айтуынша, мұнда кинематографистер бiр-бiрiне баға бермейдi, үздiк сценарийлер мен фильм тұжырымдамаларын бағалап, жеңiмпаз келесi жылы оны жүзеге асыруға мүмкiндiк алады екен.

Былтырғы жылы өткiзiлген «ASTANA» экшн-фильмдер фестивалiнде жеңiмпаз атанған сценарий желiсi бойынша түсiрiлген «Аполлон 18» фильмiнiң тұсаукесерi қыркүйек айында өткiзiлмек.

Биылғы фестивальде Лос-Анжелестен 5 жұмыс пен Қазақстан кинематографистерiнен 5 жұмыс iрiктелiп алынды. Фестивальдiң соңында бiр жоба таңдап алынып, ол жоба бiр жыл iшiнде экранға шығарылатын болады.

Фестиваль аясында көрермендер бес күн бойы «Робот» (Үндiстан, 2010), «Мисс Никто» (АҚШ, 2010), «Жребий», (Канада, Италия, 2010), «Я видел дьявола» (Оңтүстiк Корея), «Тринадцать убийц» (Жапония, Ұлыбритания, 2010) және өзге де фильмдердi тамашалады. Фестиваль күндерi қазақстандық екi фильмнiң де көрсетiлiмi өттi. Олар: «Ликвидатор» мен «Два пистолета. Неуловимый бриллиант» фильмдерi. Экшн-фильмдер фестивалiн басты рөлдi Кэмерон Диас сомдайтын «Очень плохая училка» фильмi жапты. Астаналық тұрғындар мен қала қонақтары фестиваль аясында былтырғы жылдың озық фильмдерiн тамашалауға мүмкiндiк туды.

ВЕЛОШАБАНДОЗШЫЛАРДЫҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ

Астана күнiн Елордада велоспортшылар да мерекеледi. Елорда күнi қарсаңында және «Астана» велокомандасын Тур-де-Франс көпкүндiгiнде қолдау мақсатында «Астана кубогы» үшiн жарыс өткiзу соңғы жылдары дәстүрге айналды. ҚР Велоспорт федерациясының қолдауымен Астана әкiмдiгi ұйымдастырған турнир биыл 23-рет Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен жиналған жас әрi дарынды, тәжiрибелi де атақты велошабандозшылардың басын қосты. Биылғы «Кубокқа» 11 аймақ өкiлдерi қатысуда, бұл оның танымалдығының жылдан жылға өсiп келе жатқанын бiлдiредi. Барлығы жарыс мәресiне 520-дан астам қатысушы шықты.

Содан соң лоторея ұйымдастырылды. 4 шiлде күнi жарысқа шыққандар арасында «Астана» велокомандасының символикасы бар жейделер мен бас киiмдер, бағалы сыйлық ретiнде NOKIA телефондары мен демеушi «Мегаспорт» компаниясы ұсынған спорттық велосипедтер сарапқа салынған едi.

Кәсiпқойлар арасындағы жарыс 2 шiлде күнi басталды. Велосипед шеберлерi үш кезең бойынша өз жеңiмпаздарын анықтады. 4 шiлде күнi Елордада салтанатты ашылу рәсiмi болды. Сол күнi жеңiмпаздарды анықтап, оларды марапаттау рәсiмi қоса өттi. Сонымен қатар бұқаралық шеру қатысушылары арасында бағалы сыйлық иегерлерi анықталды.

Бас жүлде «Астана» велокомандасының барлық мүшелерi қол қойған жейде алматылық жас спортшы Никита Федотовскийге бұйырды.

«Астана кубогы» үшiн жарысқа шыққан жас өрендер Александр Винокуров, Андрей Кашечкин, Асан Базаев, ағайынды Иглинскийлер секiлдi шеберлерге қарап бой түзейтiн болады.

P.S. Алаштың арда ұлы, қазақтың қайраткер жазушысы Бейiмбет Майлин 1925 жылы «Астана» атты өлең жазған екен. Қаламгер өз өлеңiнде:

Кәрi-жасы бәрiнiң де

Айтатыны – астана!

Ел көгерген астанасы

Осы ма, әлде басқа ма?

Ел ордасы – астанасы,

Шаш нұрыңды әлемге!

Бiлiм туын қолыңа ұстап,

Тұтқа болшы бар елге! – деп жазыпты.

Қазақтың астанасы, Алаштың ордасы – Астананың мәртебесi биiктей берсiн!

Гүлзина Бектасова