Жаңалықтар

"КӨЛIКТЕРДI" ҚАЗАҚША САЙРАТҚАН КҮНСҰЛУ

ашық дереккөзі

"КӨЛIКТЕРДI" ҚАЗАҚША САЙРАТҚАН КҮНСҰЛУ

Гүлзина БЕКТАСОВА

Бүгiнгi бүлдiршiн – ертеңгi өмiр жалғасы. Ол да қоғамның бiр мүшесi. Келешегiмiз кемелдi болу үшiн тәрбиенi бүгiннен бастағанымыз да абзал. Жас ұрпақтың, келешектiң бойында тiлге деген құрметтi арттыру үшiн жастайынан санасына сiңiре бiлгенiмiз де жөн шығар. Сол мақсатта әлемге аты мәшһүр "World Disney" киностудиясының "Көлiктер-2" анимациялық фильмi қазақ тiлiне тәржiмаланып, өз көрерменiмен жылы қауышты. Осыдан бiр жұма бұрын аталмыш кинотуындымен астаналықтар қауышса, өткен аптада "Көлiктер-2" алматылық көрерменiне де жол тартты.

Голливудтық туындыны қазақ тiлiне тәржiмалауды "Болашақ" қауымдастығы, "Алтын қыран" қоры мен "Меломан" компаниясы қолға алғаны туралы бұған дейiн де жазғанбыз. Әсiресе "Болашақ" қауымдастығы Кеңесiнiң төрағасы Бауыржан Байбек мырзаның еңбегi ерекше болғанын айта кеткен жөн. Фильмнiң мәтiнiн аударуға 16-17 млн. теңге көлемiнде қаржы жұмсалғанынан да көзiқарақты оқырман хабардар. "World Disney" өнiмдерi әлемнiң 38 тiлiнде дубляжданады екен. Ендi солардың арасына қазақ тiлi де енiп отыр. Аталмыш кинотуындыны қазақстандық Бақытжан Әлпейiсов, Күнсұлу Шаяхметова, Дәулет Әбдiғапаров, Нышанбек Жұбанаев және Азамат Қанапияев сияқты елге танымал әртiстер тәржiмалады. "Хабар" арнасындағы дубляждарымен көрермен қауымға танылған Азамат Қанапияевтiң дыбыстауындағы Мэтр есiмдi кейiпкер фильмдi шығарушылардың көңiлiнен шыққан көрiнедi. Тiптi олар қазақстандық әртiске "Бiз естiп көрген Мэтрлердiң ең үздiгi" деген баға берiптi.

Тәржiмашы әртiстердiң арасында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актрисасы Күнсұлу Тұрғынбекқызы да бар. Жазу жұмыстары "World Disney ТМД" компаниясының Алматыдағы студиясында жазылып, Лондондағы Shepperton студиясында соңғы монтаж жасалыпты. Осы жөнiнде дубляждың басы-қасында болған актрисаның өзiнен сұрап бiлудi жөн көрдiк.

– Күнсұлу, "Көлiктер-2" анимациялық фильмiн аударуға ұсыныс қалай түстi?

– "Көлiктер-2" -ге ұсыныс жасаған режиссер Айжан Шамшитова. Ол кiсi менiң дубляж жасап жүргенiмнен бұрыннан да хабардар болатын. Ең қызығы, "Көлiктер-2" анимациялық фильмiне жасалған алғашқы кастингтен өтпей қалған едiм. Оның себебi, ұйымдастырушылар менiң дауысымды ұнатқанымен, жас ерекшелiгiм сәйкес келмей қалыпты. Дубляж жасаушының 40-жастан асқаны дұрыс деген соң, менi бекiтпей тастаған болатын. Екiншi рет кастингке менi "Синема тон продакшн" студиясының дыбыс режиссерi Илья Бисеров шақырды. Ол: "Өкпеңдi жиып, кастингке қатыс. Мұндай әлемдiк кинотуындыны аудару бақыты – кез келгеннiң басына қона бермейдi. Өзiңнiң мүмкiндiгiңдi тағы бiр рет пайдаланып көр" деп ұсыныс тастады. Ильяның айтуымен, екiншi рет кастингке қатысуға келiстiм. Мәскеуден арнайы келген маман менiң дауысымды бiрден ұнатып, дубляж жасауыма келiсiм бердi. Тағы бiр қызығы, әуелде мен Саллидiң дауысын жасайтын болғам. Кейiнiрек режиссерлер Холлидi дыбыстауымды өтiндi.

– Сонда сiз екi бiрдей кейiпкердiң дыбысын жасадыңыз ба?

– Алғашында Саллидi дыбыстауым керек болған. Кейiнiрек Лондондағы режиссерлер менiң дауысымды Холлиге бекiтiптi. Сондықтан кинотуындыда Холлидi жасауыма тура келдi.

– Дыбыс жазу бiрден қазақ тiлiнде жүргiзiлдi ме?

– Әрине. Дыбыс жазу кезiнде мәскеулiк маман мен Айжан Шамшитованың өзi отырды.

– Лондондағы Shepperton студиясы дауыстарыңызды қалай анықтаған? Дауыс ырғағына қарай бекiткен бе?

– Солай болу керек. Бiр ғажабы, олар жалған жазылған бiр дыбыстың өзiн сезiне қояды екен.

– Әлемге танымал "World Disney" киностудиясының туындысын аударуға жүрексiнген жоқсыз ба?

– "Көлiктен хабары жоқ адамға көлiктiң ролiн дыбыстау қиындау тиген жоқ па?" дегiңiз келiп отырған шығар. Оның да рас. Бiрақ менiң көлiгiм, яғни Холли өте сымбатты, сұлу, жүйрiк, қылықты, ерке, өте ақылды, аздап қатыгездiгi де бар. Тiптi режиссерлердiң өзi маған: "Сiз оған жансыз көлiк деп қарамаңыз. Ол да сiз сияқты қуана бiледi, сiз сияқты мұңаяды. Оның жан дүниесiн түсiну үшiн iшкi сезiмталдығыңыз болу керек" деп түсiндiрдi. Бұл жерде Айжанның еңбегiнiң зор екендiгiн айта кеткiм келедi.

– "Көлiктер-2" анимациялық фильмiнде қанша актер жұмыс iстедi?

– Дубляжда көп актерлер жұмыс жасады. Ал ең басты кейiпкерлермен жұмыс iстеген жетеумiз ғана.

– Дубляж қанша уақытқа созылды?

– Кинотуындыны тәржiмалау бiр жылға созылды. Бұл дубляждың ерекшелiгi өте көп болды. Бұрын бiз фильмнiң музыкасын сезiнiп, соған қарай жұмыс жасайтын едiк. Бұл жолы құр дыбыспен ғана жұмыс iстеуге тура келдi. Мен өз рөлiмдi бiр күннiң iшiнде аударып тастадым.

– Бұған дейiн де анимациялық фильмдермен жұмыс жасап көрiп пе едiңiз?

– Әлемдiк деңгейде жұмыс жасағаным алғаш рет. Бұрын "Хабар" арнасында кеңестiк анимациялық фильмдерге дубляж жасап көргенмiн. Оның үстiне Ғабит Мүсiрепов атындағы жастар және балалар театрында еңбек еткенiмде талай рет жан-жануардың дауысын салатынмын. Мұның бәрi менiң дубляжбен еркiн жұмыс iстеуiме жол ашты.

– "Көлiктердiң" қазақша нұсқасын көрермен қалай қабылдады?

– Маусым айының 11-i күнi Астанада өттi. Ақмола мен Қарағанды облысының, Астана қаласының олимпиада жеңiмпаздары, оқу озаттары мен балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi қатысқан тұсаукесерге Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы келдi. Көрсетiлiмге "Болашақ" қауымдастығы Кеңесiнiң төрағасы Бауыржан Байбек мырза, "World Disney ТМД" компаниясының директоры Марина Жигалова-Озкан қатысты. Осы айдың 22-сi күнi Алматыда "Мега" ойын-сауық орталығында өткен тұсаукесерге де жұртшылық өте көп жиналды. Өзге ұлт өкiлдерi де келiп, "Көлiктердi" тамашалады. Тiптi "Меломан" компаниясының басшысы өзiнiң ризашылығын бiлдiрiп, қазақ тiлiнде сайраған "Көлiктерге" оң бағасын берiп жатты. Демек мемлекеттiк тiлде жасалған дүниелердi балалардың жүз пайыз тамашалай алатынына тағы бiр рет көзiмiз жеттi.

– Қазақстандық кинотеатрларда көрсетiлетiн фильмдердi орыс тiлiнде ғана емес, қазақ тiлiнде де көрермен қабылдай алады дейсiз бе?

– Адам ыстық-суықты бiрден ажырата алмайды ғой. Сол сияқты дүние. Алғашқы дүниенiң бәрi ыстық-суығымен қызық. Алғашқыда қалай көрсетiлдi, көрермен солай қабылдайды. Сондықтан қазақ тiлiнде көрсетiлсе, көрермен келмей қалады деп қауiптенудiң қажетi жоқ. Бұған "Көлiктер-2"-нi көруге асыққан көрермен куә.