Жаңалықтар

ШҰБАРШИДЕГIОҚИҒА ЖҰРТТЫ ШИРЫҚТЫРДЫ

ашық дереккөзі

ШҰБАРШИДЕГIОҚИҒА ЖҰРТТЫ ШИРЫҚТЫРДЫ

Ақтөбе облысына қарасты Темiр ауданындағы Кеңқияқ пен Шұбарши ауылының тұрғындары абыр-сабыр күй кешуде. Өткен аптаның соңында қылмыстық топтың өкiлдерi полиция қызметкерлерiне шабуыл жасап, қастандық салдарынан оқиға орнында екi бiрдей тәртiп сақшысы мерт болды.

Бүгiнде төтенше жағдайға байланысты сақшылар аяғынан тiк тұрып, әскерилермен бiрге қылмыскерлердiң соңына түскен. Алайда атыс-шабыс кезiнде Алматыдан шақыртылған арнайы жасақтың тағы бiр сарбазы қаза тауып, үш жауынгер жараланды. Қазiр Шұбарши елдi мекенi мен оның маңы қоршауға алынып, қаныпезерлердi шұғыл iздестiру жұмыстары жүруде. Ақтөбе облыстық Iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметiнiң аға инспекторы Ерболат Сарқұлов: «Бейтаныс тұлғалар келiп, қызметтiк автокөлiкке оқ жаудырған. Сосын оқиға орнынан бой тасалаған. Нәтижесiнде екi полиция қызметкерi – Нұрлан Алпысбаев және Айдос Боранбаев оқиға орнында көз жұмды», – дедi.

Оқиға түнгi сағат 12 шамасында Ақтөбе облысы, Темiр ауданының Шұбарши елдi мекенiнде болды. “Мitsubishi Delica” көлiгiне мiнген белгiсiз 3 адам тәртiп сақшылары отырған көлiктi оқтың астына алған. Қаскөйлер бiрден iзiн суытыпты. Қылмыстық оқиға болған жерден атылған оқтың гильзалары ғана табылды. Айдың-күннiң аманында, бiр күнде үш полиция қызметкерiнiң оққа ұшқаны дүйiм жұртты дүр сiлкiндiрген.

Қолда бар ақпараттарға сенсек, қылмыскерлердiң көбi Шұбарши ауылының 23-25 жастағы жұмыссыз азаматтары екен. Қылмысқа тiкелей қатысы бар деп танылған күдiктiлердiң аты-жөндерi анықталғанмен, оларды қолға түсiру оңайға соқпай тұр. Бүгiнде 6 адамға iздеу жарияланып, жер-жерге суреттерi iлiндi. Олар – 1984 және 1988 жылы туған Мәмбетов Тоқтарбек пен Ақылбек, 1989 жылы туған Бектемiр Оразов, 1988 жылы туған Мирас Қаражанов, 1988 жылғы Айбек Жұмағазин, 1958 жылғы Қуаныш Әлiмбетов. Қылмыскерлердiң қайда бой тасалап жүргендiгi туралы қандай да бiр шынайы ақпарат берген адамға 100 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы да тағайындалып отыр. Ал Ақтөбе облысының әкiмi Елеусiн Сағындықов қаза тапқан полицейлердiң туысқандарына көңiл айтып, оларға 1 млн. теңгеден материалдық көмек көрсеттi.

Ақтөбе облысындағы қанды оқиғадан шошынған халық тағы да жағасын ұстады.

Бұл жолы мерт болған – Шұбаршидiң қасындағы Кеңқияқ ауылының 26 жасар тұрғыны. Белгiсiз азаматтың өз ауласында ұра қазып жатқаны туралы ақпарат түскен соң, полиция тексеруге барады. Оқиға орнында оған хиджаб киген екi әйелдiң көмектесiп жатқаны анықталады. Алайда әлгi азамат полицияны көре сала қашып кетуге ұмтылады. Ақтөбе облыстық IIД баспасөз орталығының аға инспекторы Ерболат Сарқұлов: «Ол алдымен «Аллаху акбар» деп айқайлап, полицияға бiр пакет лақтырып қашады. Табельдiк қару қолданып, қашып бара жатқан жiгiтке қарсы бiр рет оқ атылады», – дедi баспасөзге берген түсiнiктемесiнде.

Жараланған жiгiт ауруханада көз жұмған. Ал ауладан екi мылтық, экстремистiк мәтiндегi он алты парақ, 1,5 млн. теңге және белгiсiз қара ұнтақ зат салынған пакет табылыпты. Сонымен қатар, қаза тапқан жiгiт күдiктi Бектемiр Оразовтың немере ағасы екен. Полиция қызметкерлерi көз алдында өрбiген оқиғалар мен фактiлердi саралай келе, iстiң дiни экстремизмге қатысы болуы мүмкiндiгiн жоққа шығармайды. Ал Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Нұртай Әбiқаев: «Бұл жағдайдың барлығын терроризмнен басталды деп айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. «Ойбай, бiзде мынау басталды» десiп, анау-мынау жазып жатқан кiсiлер өз сөздерiне өздерi жауап берсiн», – деп кесiп айтты.

Дегенмен жұрттың үрейiн ұшырған зұлымдықты ұйымдастырған қандай топ? Оның артында кiмдер тұр? Қаскүнемдердi жауыздық жолмен кiсi өлiмiн арқалауға не итермеледi? Бұл сұрақтардың жауабы бұлыңғыр. Бiз Шұбарши ауылында болған қандықол қарақшыларға қатысты оқиға жайында кейбiр кiсiлердiң пiкiрiн бiлген едiк.

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты:

– Бұл оқиға бойынша ақпарат құралдары, мемлекеттiк органдар дұрыс ақпараттандырып отырған жоқ. Бұл – үлкен кемшiлiк. Дұрыс ақпарат болмаған соң, әр түрлi жалған ақпарат көбеюде. Адамның үрейi одан әрi ұша түсуде қазiр. Мемлекеттiк органдар ақпараттандыру, жалпақ жұртқа түсiндiру мәселесiн оң жолға қоюды үйренбей келедi. Мұндай оқиғалар жаңадан болып отырған құбылыс қой.

Полиция қызметкерлерiнiң қаза болғандығы туралы ақпарат бар, бiрақ оны жан-жақты ғана суреттеп беруде. Ресми ақпараттың өзi толық емес. Содан кейiн де алып-қашпа әңгiме көп. Мысалы кейбiр ақпарат көздерi бұл оқиғаны уахабшыларға қатыстырып отыр. Уахабшылар деген кiмдер? Негiзiнен бұл – жалпы ұғым. Мемлекеттiк органдарға қатысты топ болса, оларды терроризмге жатқызу керек шығар. Олар бар болса, бар деп айтып, оған қарсы әрекеттер қабылдау қажет. «Ауруын жасырған өледi» демей ме? Бұл жерде жасырынбақ ойнап, тек қана жақсы көрiну үшiн бұл ақпаратты бермесек, одан әрi әсерiн өршiтiп алуымыз мүмкiн. Сөйте берсек, қылмыстық топтың өз мақсатына жетуi үшiн мүмкiндiк берiп қоямыз. Себебi бiздiң тұрғындар да «мемлекеттiк органдар бұл мәселеге дұрыс көңiл аудармай отыр» деп ойлауы мүмкiн. Құдды, бiзде күнде адам өлтiрiлiп жатқан сияқты, телеарналар мен баспасөз алғашқы күнi ешқандай ақпарат берген жоқ. Шын мәнiнде, қазiр «осы оқиғада полиция қызметкерлерi батылдық көрсетiп, өмiрлерiн қиды» деп жатыр. Болашақта мемлекеттiк органдарда жұмыс iстеуге дайын адамдар өздерiн қалай қалыптастыратындығын да бiлмейдi. Оларды «мемлекеттiк марапатқа ұсынуды ойластырып жатырмыз» деген ақпарат келдi. Бiрақ та «Олар кiммен күрестi, қандай ерлiк көрсеттi?» деген ақпарат жоқ.

Қылмыстық топтың ашықтан-ашық құқық қорғау қызметкерлерiне қарсы әрекет жасауы – бүкiл қоғамға ашық шабуылы iспеттес. Менiңше, қазiр осындай қылмыстық оқиғалармен дұрыс күресу үшiн, алдымен бүкiл қоғам, халық болып соған қарсы әрекет жасау қажет. Ал жасырын ақпаратты түсiндiрмеуде, мемлекеттiк көзқарасты қалыптастырмауда көп мәселе бар деп есептеймiн. Ақпарат құралдарынан «Осы мәселенi қалай бағалайсыз?» деген сауал қоюда. Мен айта алмаймын. Себебi ақпарат жоқ. Қылмыстық топтармен күресу әрекеттердi ғана емес, терроризмнiң бiр көрiнiсi ретiнде мемлекетке қарсы болатын болса, неге бiз оны жасырып, айтпауымыз керек? Өкiнiшке қарай, соңғы кезде елiмiзде осындай оқиғалар көп орын алып жатыр. Бiрақ оқиғаны басынан ашып айтсақ, дұрыс амал-әрекет жасап, оны болдырмаудың жолын қарастырамыз.

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

– Бiзде баяғыдан келе жатқан екi мәселе бар. Бiрi – Қазақстанда еркiн жұмыс iстеп жүрген дiннен бездiретiн секталар. Мұны бүкiл халық айтып жатыр. Үкiмет те жоққа шығармайды. Бiрақ оларға тыйым салу шаралары жүзеге асқан жоқ. Екiншi – мұсылман дiнiнiң iшiндегi бөлiнiстерi. Бұл бөлiнiстер де 1990 жылдардың басында басталды. Оны Үкiмет көрiп, бiлiп отыр. Талай дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, қоғамдық талдаулар болды. Менiңше, Үкiмет осы мәселенi кем дегенде 10 жыл бұрын қолға алғанда бұлай болмас едi. Бұл мәселенi қауiп көрмей, «Бiзде бәрi жақсы» деген ұрандаумен келдiк те, асқынып кеткенiнiң нақты көрiнiсiне тап болдық. Ақтөбедегi ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң iшiнде өзiн-өзi жарып жiберген оқиғаны да ешқандай дiнге қатысы жоқ дедi. Сол уақытта баспасөзге берген сұхбатымда: «Бұл – бастамасы ғана. Радикалды дiни бағыттағылардың iс-әрекетке көшуiнiң бұл факторы. Осыдан кейiн мұндай мәселе Қазақстанда кеңiнен таралуы әбден мүмкiн» деген қауiптi айтқан едiм. Өкiнiшке қарай, осылай болып отыр. Мұның екi себебi бар сияқты. Бiрiншiсi – Дiни басқарманың жұмыстарының табансыздығы. Олар осы уақытқа дейiн Ата дiнiмiздi дамытуға көңiл бөлуден гөрi, соны бағыттаумен ғана болды. Ол туралы талай айтылды. Екiншiсi – насихат жұмысы мен халық арасына шығу мәселесiнен гөрi, бiзде бiрден жазалау мәселесi бiрiншi орынға қойылады. Оның iшiнде сол дiндi ұстанатын және оған қауiп төндiретiн адамдар мен адасып жүргендер бiрге кеттi. Мысалы Шымкентте ұлттық қауiпсiздiк комитетiн Хизбут-тахрирдегiлер басып алғанын айтты. Бiлуiмше, 250-дей хизбут-тахриршылар жатыр. Оның iшiнде әдiл жатқаны да, әдiлетсiз жатқаны да бар. Бiз көптеген мәселенi бiле бермеймiз. Бiз баяғы сарынмен «еш нәрсенi сыртқа шығармаумен, халық бiлмесiн деумен» келе жатырмыз. Осыған байланысты мемлекеттiң нақты саяси iс-шараларының болмауы ойлантады. Бұл мәселе тек дiни бағытта ғана емес, iшкi миграцияның салдарынан болды.

Қазiр Дiни агенттiгi құрылды дейдi. Бiрақ ол қалай жұмыс iстейтiнi белгiсiз. Шын мәнiнде, халық арасына үгiт-насихат жұмысының жүргiзудiң жаңа жолдарын таба ма, әлде соғысқандардың бәрi қарақшы, дiни ағымға кiргендер дей ме? «Қашан солар қолына мылтық алар екен?» деп күтiп отыра ма? Қысқасы, мұның бәрi билiктiң немқұрайлылығы, не болмаса сол мәселелердiң қаупiн осы уақытқа дейiн көрмегендiгi деуге болады. Мiне, бүгiн осы жағдайға жетiп отырмыз. Менiңше, осы оқиғадан кейiн Үкiмет бүгiнге дейiн бейәрекет отырғанын мойындау керек сияқты. Неге мұның бәрi ашық айтылмайды? Неге журналистер оқиға болған жерге барып, талдау жасамайды? Бiз ашық қоғамда өмiр сүрiп жатқан жоқпыз ба?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ