Жаңалықтар

ТҮРКIСТАННЫҢ БАС ЖОСПАРЫ БЕКIТIЛДI

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАННЫҢ БАС ЖОСПАРЫ БЕКIТIЛДI

"Әрбiр халық, әрбiр тәуелсiз мемлекет өзiнiң рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркiстан". Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Түркiстан қаласына келген кезiнде осылай деген едi.

Ал өткен аптада Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмов "twitter" сайтында "Түркiстан – қазақтар үшiн ерекше қала. Бас жоспарды бекiттiк" деп жазды.

Рухани астананың келешегiн айқындайтын маңызды құжатты үкiметтiң селекторлық үлгiде өткен кеңесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов таныстырды.

– 2004 жылы жасалған бас жоспар 2014 жылға дейiн есептелген болатын. Бас жоспардың қайта жасалуына себеп болатын бiрнеше жайттар бар. Бiрiншiден, сол кездегi жоспар бойынша 2015 жылы Түркiстан қаласының халқы 150 мыңға жетедi деп жоспарланған едi. Алайда қазiрдiң өзiнде қала халқы 148 мыңға жетiп қалды. Екiншiден, 2007 жылы үкiмет қаулысымен төрт кiшiгiрiм елдi мекен Түркiстанға қосылып, қала аумағы 14 168 гектарға жеттi. Осындай себептерге байланысты қаланың бас жоспарын қайта жасауға тура келдi. Жаңа бас жоспар бойынша Түркiстанның аумағы 19 627 гектар болмақ. Бұл қала қазiргi көлемiнен 3 мың гектарға кеңейедi деген сөз, – дедi Асқар Исабекұлы.

Бас жобада қала тұрғындарына, туристер мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау және қаланың тарихи маңызын назарға ала отырып, туризм саласын нығайту басты ұстаным ретiнде қарастырылған. Алдағы уақытта құрылыстар қаланың оңтүстiк-шығысында, Түркiстан-Шымкент тас жолы бойында жүргiзiледi. Осындағы әкiмшiлiк-iскерлiк нысандар, банктер, офистер, көп қабатты элиталық тұрғын үйлер, қонақ үйлер, демалыс орталықтары және де көптеген әлеуметтiк нысандар Түркiстан қаласының болашақта әкiмшiлiк, өнеркәсiптiк, туристiк және мәдени орталыққа айналатынын айғақтап тұрғандай.

Облыс басшысы сондай-ақ қаланың тарихи-мәдени және әлеуметтiк саласына қатысты мәслелердi де ортаға салды.

Рухани астананың қайта түлеуi Тәуелсiздiк алғаннан кейiн басталды. Осында Елбасының жарлығымен түркi әлемiне ортақ университет ашылды. Түркiстанның 1500 жылдық тойы өттi. Кейiнгi жылдары қаладағы қордаланып қалған әлеуметтiк мәселелер де шешiмiн тауып келедi.

Мәселен қаладағы көпқабатты үйлердi жылыту өзектi проблемаға айналып, оның шешiлмей келе жатқанына жиырма жылға жуықтаған болатын. Осы мәселеге былтыр қала әкiмi Қайрат Молдасейiтов нүкте қойды. Қаладағы №1 және 2 мөлтекаудандарды жылумен қамтамасыз ететiн қазандықтың құрылысына бюджеттен 236 миллион теңге бөлiндi. Соның нәтижесiнде 70 көпқабатты тұрғын үй мен 18 әлеуметтiк нысанға жылу мен ыстық су берiлдi. "Балапан" бағдарламасы бойынша "Сауран", "Бекзат", "Отырар" мөлтекаудандарында 4 балабақша салынды. Ескi Иқан, Шорнақ, Шаға, Сауран ауылдық округтерiндегi бос тұрған ғимараттарға жергiлiктi қазынадан бөлiнген 75 миллион теңгеге күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, 275 балаға арналған балабақшалар iске қосылды. 10 мектеп жанынан 500 балаға арналған шағын орталықтар ашылды.

Былтыр қалада 4 миллиард 919 миллион теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, өндiрiс көлемi 4 пайызға артқан. "ШТФ тiгiн-тоқыма фабрикасы" және тамшылатып суару жүйесiне арналған құрал-жабдықтарды шығаратын "Бекарыстан" ЖШС-нiң цехтары iске қосылды. Соның нәтижесiнде қалада 301 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру 11 пайызға артты. Былтыр сондай-ақ, бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында Сидней олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановқа үлкен ескерткiш орнатылды. Қаладағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетiнiң жеке ғимараты жоқ екендiгi ескерiлiп, демеушiлердiң есебiнен аталған мекемеге 100 балаға арналған жаңа ғимарат салынды. Сонымен бiрге көпқабатты үйлердiң ойын алаңдары, орталық "Жеңiс" саябағы қайта жөндеуден өткiзiлдi.

Ал биыл бұған дейiн ескi мешiттi сағалап келген қалалық туберкулезге қарсы диспансер жаңа ғимаратқа көштi. Аталған емдеу мекемесi ендi бiр ауысымда 200 науқасты қабылдай алады. Оралмандар тұратын Достық және Қаражон ауылдарында медициналық пункт, Ибат ата, Қарашық, Абай елдi мекендерiнде дәрiгерлiк амбулатория пайдалануға берiлдi.

Бас жоспардың мақұлдануы рухани астананың дамуына жаңа серпiн бермек.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ