ДУЛАТТЫ ЖЫРЛАТКАН ТУҒАН ЖЕР
ДУЛАТТЫ ЖЫРЛАТКАН ТУҒАН ЖЕР
Дулат шығармаларының тақырыптары алуан түрлi. Бiрақ олар бiр-бiрiмен тығыз байланыса келiп, бiр мақсатқа – отарлық езгi шырмауына түскен елге "қайғы берiп, ұйқы алуға", яғни отарлау саясатының қатпарлы қырларын әшкерелеуге бағытталған. Мысалы Дулаттың:
Әуелгi қазақ деген ғарiп жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Ұйқы басып сезбедiң
Шырмағанын жаудың сырт.
Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бiздi алатын жау жоқ деп,
Бiзден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
"Маған не бар?" дегенсiң.
Болашақты болжамай,
Жол сауданы олжалай,
Ақбөкендей алданып,
Жылқыдай делбе сандалып,
Ортасына кәпiрдiң
Аңдамай келiп түскенсiң! –
деуiнде үлкен сыр бар. Ақынның "Қазаққа" деген осы жырын талдай келiп, "Дулат Бабатайұлы шығармашылығы" атты "Қазақ тiлi мен әдебиетi" журналының 1996 жылғы 9-10 санында жарияланған Б.Жетпiсованың мақаласында: "Ақын өз шығармаларында өткендi асыра суреттесе, ол халықтың Сыр бойында тұрған кезiн дәуiрлi заман деп ұғынуынан, зар заманның тууы елдiң Сарыарқаға келуiнiң кесiрiнен болды деген қорытындыға келгенiн көрсетедi", – деген пiкiр айтқан. Иә, жырда халықтың Сыр бойынан Жоңғар шапқыншылығына байланысты Сарыарқаға ауғаны жайлы тарихи шындық бар. Бiрақ ақын халықтың Сарыарқаға келуiнiң себебiн жұрттың дәстүрлi шаруашылығын отаршылдардың жер саясатына байланыстыра отырып, туған жердi қорғау мәселесiн бiрiншi кезекке қойған ғой. Сондықтан:
Сен туған жердi тастадың,
Терiске елдi бастадың,
Қаратаудан асқаның,
Арқаға аяқ басқаның –
Түлiгi төртеу мал үшiн;
Иендi мекен етем деп,
Игiлiкке жетем деп,
Кеңшiлiк сүтiн iшем деп,
Ойменен тон пiшем деп,
Қара қазан, сары бала,
Кемпiр-шалдың қамы үшiн! –
деп ақынның өзi айтып отырғандай, бабалар жұртын жаудан азат етiп, Сарыарқаға келуi ата кәсiбiнiң жетегiмен болған iс деп суреттеген. "О, Сарыарқа, Сарыарқа" толғауында да ақын Сарыарқаны осы мағынада жырлаған. Өйткенi Т.Шонанұлы жазғандай: "Қазақ бұл күнге шейiн ерiгiп көшiп жүрген жоқ. Тұрмыс, табиғат заңдары қазақты амалсыз көшiрiп келдi. Қазақтың көшуiн "дағды" дей-ақ қоялық. Ал дағдының өзi не? Дағды дегенiмiз – салттың бiр атасының ұлы. Ғылым тiлiмен қысқаша айтқанда: салт – өндiрiс қатынастарының, тұрмыс жүйесiнiң үстiндегi бiр қондырма нәрсе. Қазақша айтамыз десек: Тұрмыс жабдығы – адам тұрмысының, салтының, барлық әдет-ғұрпының, сол айтып отырған "дағдымыздың" бәрiнiң қожасы. Көшпелi халық шабағаншыл (жауынгер) болатыны рас. Неге десеңiз, көшпелi ел мал асырайды. Ел көшпесе малдан өнетiн бұйым көшпелiлерге жетiспейдi, қоныс тарылады. Мал жұтап, адам түрлi қиыншылыққа ұшырай бередi. Көшпелi елде қоныс жалпыға ортақ. Олай болса, ерте замандағы қазақтың қоныс билеуi мен жер пайдалануы – жалпы қоғамға ортақ". Егер шаруашылығының тұтастығына орай көшпелi елдегi әрбiр азаматтың санасы сол елдiң мүддесiн көздеген ұлттық санамен ұштасып жатса, көшпелi мал шаруашылығы елдi бiр-бiрiмен тығыз қатынаста, қоян-қолтық бiрлiкте болуға ықпал етсе, сол негiзде ел бiрлiгiн нығайтушы, бiтiмшi, рухтандырушы айбынды құрал тiл – жұрттың бәрiне түсiнiктi, таза, әсерлi, алмастай өткiр болса, ол отаршылдар үшiн өлiммен тең. Ендеше мұндай елдiң тiзесiн бүктiрiп, басын идiру – ең алдымен бiрлiгiнiң байлауы шаруашылығын күйзелтiп, кәсiбiнен қол үздiруге байланысты. Ол үшiн елдi дуандарға бөлiп, өзара араласуына шектеу қою керек. Бұл жайлы Жарғының "Бөлiну" атты бiрiншi тарауында былай делiнген: "Дуандардың негiзiнен бiр ру немесе бiр ұрпақ деңгейiнде жеке-дара өзiне тиесiлi шектеулi жерi болады, оған басқа дуандардың тұрғындары жергiлiктi басшылықтың нақты рұқсатымен ғана кiредi. Жер шектеу шекара бастығына тиесiлi жергiлiктi әскери бөлiмдердiң офицерлерi қатысуымен ғана жүргiзiледi". Сөйтiп ел байланысына шiдер салып алған соң, ендi әрбiр округте дуан әмiрлiгi орналасатын, iшкi бекiнiстер мен қамалдар салынатын, әкiмшiлiк қызметкерлерiне берiлетiн жер, т.б. қырық сылтаумен қазақтың ең бiр табиғаты әсем, тұрмысқа қолайлы, топырағы қоңды жерлерiн тартып алып, елдi жерге тарылту арқылы шаруашылық кәсiбiн өзгертуге бiрте-бiрте мәжбүр ету қолға алынды. Мiне, осы озбырлықтардың мәнiн бiз жоғарыда мысалға алған жырда Дулат былайша түйiндеген:
Еркiнше өскен қайран ел,
Дәулетiң бейне шалқар көл,
Айбының бейне асқар бел,
Ботадай бұла өскен тел,
Ендi келiп қамалдың,
Орыс салған қу тамға.
Осылайша:
Кетемiн деген есте жоқ,
Кетiрдi дұшпан, жауларым! —
деп Кенесары хан айтқандай, күш жұмсап, еп қосудың арқасында қазақ жерiн тал-түсте талау басталды. Сондықтан да Дулат туған жер тақырыбындағы өлеңдерiн жайдан-жай "Бiрiншi сөз" деп атамаған. 1833 жылы Дулаттың туып өскен жерiнде Аякөз дуаны ашылды. Бұл жайлы тарихшы, этнограф Құрбанғали Халидтiң 1910, 1911 жылдары Қазан қаласындағы "Өрнек" баспасынан екi рет басылып шыққан "Тауарих-и-хамса шарқи" ("Шығыстың бес халқының тарихы") атты 21 жыл тынбай тыңғылықты да мұқият жазып, 1909 жылы аяқтаған, 791 бет көлемiндегi еңбегiнде (бұл кiтаптағы қазақ халқының этнографиялық, этнопедагогикалық, этимологиялық, басқа да деректерiн М.Әуезовтiң "Абай жолы" роман-эпопеясын жазуда пайдаланғаны жайлы профессор Қайым Мұхамедхановтың айтқан дәлелдi сөздерi бар), сондай-ақ Сабыржан Ғаббасовтың "Тарих қазақ жайынан" атты мақаласында жан-жақты баяндалып жазылған. Жарғыда: "әрбiр дуанда төмендегiдей ғимараттар салынуға тиiс: 1) дуан әмiрлiгi, оның мүшелерi, шенеуiктер, кеңселер, тәржiмашылар мен тiлмаштар отыратын үй; 2) дiн иелерi үшiн тұрғын жайы бар ғибадат үйi; 3) 150-200 адам емдеп шығаратындай шенеунiктер мен казактарға, солдаттарға арналған аурухана; 4) жеке жай, ол болмағанда казактар жататын казармалар салынсын", – деп көрсетiлгендей, әдiлетсiз әкiмшiлiктiң сан түрлi ошақтары салынып, шұрайлы өлке отаршыл өкiметтiң бүктеуiнде кеттi.
Мiне, сондықтан да Дулат поэзиясының туған жер тақырыбына арналған өлеңдерiнде табиғат адамдандырылып (антропопатизацияланып), яғни адамға тән кейiпте ерекше сүйiспеншiлiкпен жырланады.
Тауды екiге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесiп өтiп кезеңдi,
Аякөз, қайда барасың?!
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйiсiп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркiреген үнiңнен
Аңдар қашты шошынып.
Жағаңа дуан түскен соң,
Суыңды орыс iшкен соң,
Аякөз суы қағынды.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды, –
деген өлең жолдары осының айғағы.
Жан әлемiмен туған жерiн "Жер – анасы, кiсi – баласы", "Туған жердiң жерi де көрiктi, елi де сүйiктi" деп аялай сүйген халық жерден айрылса, жалғызынан айрылғандай, ботадай боздап өлең шығарған. Қазақтың мұндай жырлары – өлiктi жоқтаудан өткен қайғылы. "Ойыл көздiң жасы едi" деген сөздiң өзiнде қаншама мұңды мағына жатыр. Дулаттың туған жер қасiретiн айтқан туған өлке, жер бесiктi жоқтаған өлеңдерi осындай. Дулаттың:
Аякөз, сенiң бойыңда
Несiбе, ырыс тегiс қой,
Сай-салаң толған жемiс қой.
Қырың – малдың кiндiгi,
Ойың – өнiм егiс қой.
Айтуға ауыз келе ме,
Аякөз кiмнiң жерi едi?
"Жер сауырын – жайлауды
Ел сауыры" дер едi.
"Жер кiмдiкi?" – дегенде,
Аға сұлтан, қазылар
Не деп жауап бередi?
Жерге қарай мал бiтiп,
Малға қарай құт болмақ.
Қонысынан мал тайса,
Құты кетiп, жұт болмақ.
Айтып-айтпай, немене,
Күн өтiп, уақыт бiткендей –
Сары аурудай сарылып,
Өлiмдi аңсап күткендей,–
деуi мұның көрiнiсi.
Марат БЕКБОСЫНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-нiң аға ғылыми қызметкерi