Жаңалықтар

Элис Гаст анымның таңданысы

ашық дереккөзі

Элис Гаст анымның таңданысы

АҚШ ғылыми ынтымақтастықты нығайтуды көздейдi

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң ғылым жөнiндегi өкiлi, доктор Элис Гаст Қазақстанға ат басын тiредi. Оның елiмiзге жасаған алғашқы iссапарының мақсаты – Қазақстан мен АҚШ арасындағы бiлiм-ғылым жөнiндегi байланысты арттыру екен.

Пенсильвания штатының Вифлеем қаласындағы Лихай университетiнiң он үшiншi ректоры әрi осы қызметке тағайындалған алғашқы әйел ретiнде тарихта қалған Элис Петри Гаст – физика ғылымына едәуiр жаңалық әкелген ғалымның бiрi. Ол өзiнiң ғылымдағы тақырыбын – жазықтықтағы және аралықтағы құбылыстар, соның iшiнде күрделi сұйықтықтардың қалпын зерттеуден бастаған. Нәтижесiнде ол коллоидтiк және жазықтықтағы құбылыстар жөнiндегi классикалық оқулық жазып шығыпты. Ал доктор Гастты 2010 жылы "Ғылым жөнiндегi өкiл" деген аса беделдi лауазымға АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон тағайындаған. Осы қызметке тағайындалған үш уәкiлдiң бiрi ретiнде Элис Гаст ханым Кавказ бен Орталық Азияға сапар шегiп, Ақ үй мен Мемлекеттiк департаментке және Американың жалпы ғылыми қауымдастығына осыған дейiн қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрi тереңдетудiң және қарым-қатынасты жақсартудың жолдары жөнiнде кеңес бередi.

Доктор Гастты қазiргi кезде жастардың ғылымға деген көзқарасының өзгерiп кеткендiгi алаңдатады. "Соның салдарынан кез-келген мемлекетте ғылымға еңбегi сiңiп жүрген жас ғалымдардың қатары күрт азайып кеттi. Сондықтан да екi ел арасында ғылыми-техникалық көпiр орнату – ғылымға бетбұрыс жасауға итермелейтiнi сөзсiз", – дейдi Гаст ханым журналистерге берген сұхбатында.

Әңгiме барысында Элис Гаст ханым елiмiздiң экономикалық тұрғыдан өркендеп келе жатқандығына деген ерекше таңданысын жасырған жоқ. Әсiресе жоғары оқу орындарының соңғы инновациялық құралдармен жабдықталуы бей-жай қалдырмапты. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiндегi инвестициялық жоспарлар арқылы жабдықталған соңғы үлгiдегi құралдарды аралап көрген Гаст ханымның қуанышында шек болмады. Оның пiкiрiнше, мұндай теңдессiз құралдар арқылы ғылымға көп жаңалық енгiзуге, жастардың бойында ғылымға деген сүйiспеншiлiктi арттыруға әбден болады.

Журналистердiң сауалына жауап берген доктор Гаст: "Әр жаз сайын "Глобалды ауыл" атты жоба ұйымдастырамыз. Оған әлемнiң барлық елдерiнен келген студенттер қатысып, кәсiпкерлiк туралы жан-жақты пiкiрлерiн ортаға салады. Менiң бiлуiмше, оған қазақстандық жастардың да айтарлықтай үлесi бар", – дейдi. Ал "Қазақ елiнiң латын әлiпбиiне көшуiне қалай қарайсыз?" деген сұраққа Гаст ханым: "Өзiм әзiрбайжан тiлiнiң латынға көшкенiн бiлемiн. Бұл бiр жағынан, кириллицаны танымайтындарға жеңiл екен. Қазiр әрi техниканың, интернеттiң тiлi латынша ғой", – деп бiржақты жауап қатты.

ҚазҰТУ оқытушылары Элис Гаст ханымға университеттiң материалдық оқу базасын таныстырып, ғылыми ынтымақтастықты арттыру жөнiнде өзара пiкiр алмасты.