Жаңалықтар

ӘУЕЛI – ТОҚАЕВ, ЕНДI – ҚҰЛЫБАЕВ...

ашық дереккөзі

ӘУЕЛI – ТОҚАЕВ, ЕНДI – ҚҰЛЫБАЕВ...

Осыдан бiрер апта бұрын газетiмiзде "Ұлт кадрларын – экспортқа…" ("Түркiстан", 02.06.2011, №22) атты мақала жарық көрген болатын. Қазақ кадрларының соңғы кезде халықаралық саясатқа араласа бастағанын жазған едiк. Шындығында да, Қасымжомарт Тоқаев мамыр айында БҰҰ Бас хатшысы орынбасары қызметiне тағайындалғаннан соң, кәсiби маманның өсу мүмкiндiгi бiр елдiң, бiр ұлттың деңгейiмен шектелiп қалмағанына қазақ қоғамының көзi жете бастады.

МӘСIМОВ ПЕН МАРЧЕНКОНЫҢ МЕСЕЛI ҚАЙТТЫ

Маусым айында тағы бiр қазақстандық азаматты әлемдiк деңгейдегi қызметке шығарып салудың орайы келген сияқты едi. Бiрақ Халықаралық валюта қорының төрағалығына ұсынылған Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченкоға бұл орын бұйырмапты. Әйтсе де, Марченконың өзiнiң дәл осы қызметтен дәмесi шамалы едi. Оны мұндай лауазымға лайық деп танып, сырттай ұсынып жүрген премьер-министр Кәрiм Мәсiмов болатын.

Сонымен 30 маусымда ХВҚ жаңа төрағасы, дұрысы төрайымы сайланды. Ол – Францияның бұрынғы қаржы министрi, 55 жастағы Кристин Лагард. Кристин ХВҚ басқарған тұңғыш әйел ретiнде қазiрден-ақ тарихта қалуға лайықты. Ал оның осы қызметке сайлануы әбден қисынды.

Себебi қордың 65 жылдық тарихында 34 жыл бойы оны француздар басқарған екен. Оның үстiне, Лагардты қолдап Еуропа елдерi, оған қоса Қытай, Бразилия, АҚШ пен Ресей өкiлдерi дауыс берген. Лагардтың басты бәсекелесi ретiнде Мексиканың ұлттық банк төрағасы Агустин Карстерттi атады. Оның кандидатурасын Канада, Австрия, мен Латын Америка елдерi қолдаған, бiрақ дамушы елдер ортақ кандидат ұсынуда басымдық көрсете алмады.

Бұған дейiн Марченконың кандидатурасын ТМД елдерiнiң үкiмет басшылары қолдағаны ресми түрде мәлiмделген едi. Кәрiм Мәсiмов ТМД елдерiнен соң, БРИКС елдерiмен келiссөздер жүргiзiп жатқанын айтқан. Маусым айының басында Ресей үкiметiнiң лауазымды өкiлдерi де Марченконы қолдап, ресми мәлiмдеме жасағаны есiмiзде. Бiрақ Лагард ХВҚ төрағалығына сайланған соң, iле-шала алғашқылардың бiрi болып, Ресей үкiметiнiң премьер-министрi Владимир Путиннiң "өте дұрыс таңдау болды" деп жариялауын қалай түсiнуге болады? Әлде Ресей үкiметi әу бастан-ақ Қазақстан ұсынған кандидатураға iш тартпаған, әлде…

Ғаламдық саясаттың бiр құйтырқысы осы да…

ӘЙЕЛ, МИНИСТР ЖӘНЕ АНА…

Кристин Лагардтың өмiрбаяны мазмұнды, тұшымды оқиғаларға бай көрiнедi. Кезiнде "Бейкер және Маккензи" фирмасында жұмыс iстеп жүрiп, Збигнев Бжезинскиймен бiрге Халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығында қосымша қызмет еткенiнiң өзi неге тұрады? Одан соң мемлекеттiк қызметте сыртқы сауда министрi, ауылшаруашылығы және балық шаруашылығы министрi, одан соң экономика, қаржы және жұмыспен қамту министрi болған тәжiрибесi бар. Лагардтың Париждi Лондон сияқты әлемдiк қаржы орталығына айналдыруға барын салғаны қазiрдiң өзiнде аңыздай етiп айтылады.

Бұған қоса ол күйеуiнен ажырасса да, екi баланы тарықтырмай өсiрген ана. 2008 жылы "Форбс" журналы оны әлемдегi ең ықпалды әйелдердiң тiзiмiне қосып, 14-орынға лайық деп жазды. Ал 2009 жылы "Financial Times" газетi оны Еуропадағы ең бiлiктi қаржы министрi деп атаған.

Лагардтың өзi сайлауалды баспасөз мәслихатында былай деп мәлiмдеген: "Егер менi ХВҚ төрайымы етiп сайласа, мен қордың жұмысына кәсiпорын басшысы, министр және әйел ретiнде өзiмнiң барлық тәжiрибемдi салып, оған жұмыс iстеуге деген ынта-жiгерiмдi, жұмысқа, командалық рухқа адалдықты үстемелер едiм".

Ендi алдағы бес жылда Кристин Лагард Халықаралық валюта қорының жаңа төрайымы ретiнде Еуропа экономикасында қордаланып қалған мәселелердi, ең алдымен Грекиядағы жағдайды реттеуге күш салуы тиiс.

ҚАЗАҚ-ОРЫС ҚҰЛЫБАЕВТЫ ҚОЛДАДЫ

Бұған дейiн жазғанымыздай, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың ресейлiк "Газпром" директорлар кеңесiнiң құрамына сайлануы расқа шықты. "Газпром" акционерлерiнiң осындай шешiм қабылдауына Тимур Құлыбаевтың "Самрұқ-Қазына" басқарма басшылығымен қатар, "KAZENERGY" Қауымдастығы төрағасы және "Атамекен одағы" Ұлттық экономика палатасы президиумын басқаратыны да оң ықпал тигiзгенi сөзсiз.

"Газпром" – Ресейдегi газ өндiру және газ тасымалдау саласындағы монополист компания. Ол – мұнай-газ компанияларының арасында бiрiншi орында, ал мұнай өндiру саласында әлем бойынша үздiк жиырмалықтың iшiнде. Ресей iшiнде "Газпром" газ қорының 70 пайызына, әлем бойынша 17 пайызына ие. Бұл компания Қазақстаннан бөлек Ливия, Вьетнам, Үндiстан, Венесуэла мен Өзбекстан мемлекеттерiнде де мұнай-газ саласында кен iздеу мен өндiру жұмыстарымен айналысады.

Осыған орай, "Самрұқ-Қазына" қорының баспасөз хатшылығы 1 шiлде күнi мынандай мәлiмет таратты: "Қазақстан өкiлiнiң әлемдегi аса iрi корпорациялардың бiрiне сайлануы – тек сенiм бiлдiру iзетi ғана емес, бұл – қазақстандық менеджменттiң жоғары деңгейiне берiлген баға".

"Газпромның" жаңа тәуелсiз директоры ретiнде Тимур Құлыбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай-газ және энергетика саласындағы қарым-қатынасына жаңаша серпiн бередi дейдi сарапшылар. Қазақ-орыс "КазРосГаз" кәсiпорнының құрылуының басықасында болған адам ретiнде осы бағыттағы жобалардың әрi қарай жалғасын табуына мүдделi деседi. "КазРосГаз"-да "Газпром" мен "ҚазМұнайГаз" компаниялары 50 де 50 пайыз үлеске ие.

Тимур Құлыбаевты "Самрұқ-Қазына" қорының басшылығына тағайындағанда Қазақстан Президентi оған қорды халықаралық рынокқа шығудың жаңа жолдарын iздеудi тапсырғаны белгiлi. Бұл орайда Тимур Құлыбаев әлемдiк энергетикалық рынокта ТМД елдерiнiң ролiн арттыруға атсалысып жүр. Оның үстiне, Құлыбаевтың Қазақстан – Ресей арасындағы Имашев кен орнына байланысты пiкiрталасқа жаңаша шешiм қабылдауға ықпалы тиюi мүмкiн.

Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң тапсырмасынан кейiн энергетика министрi Сергей Шматко мен экономикалық даму министрi Эльвира Набиуллина "Газпромдағы" директорлар кеңес құрамынан шығарылды. Ал 1 қазанда өкiлеттiгi аяқталуға тиiс вице-премьер Виктор Зубков әзiрге кеңес төрағасы қызметiн сақтап қалды.

Ал "Газпром" тәуелсiз директорлығына Тимур Құлыбаевпен қатар үмiткер болған Германияның бұрынғы канцлерi Герхард Шредер "Солтүстiк Еуропалық газ жүргiзу компаниясының" бақылаушылар кеңесi мен акционерлер комитетiнiң басшысы болып сайланды. Құлыбаевпен бiрге Ресей халық шаруашылығы академиясының ректоры Владимир Мау да директорлар кеңесi құрамына сайланды.

"Самрұқ-Қазына" қорының баспасөз хабарламасында "Бұл орайда Тимур Құлыбаевтың аса iрi корпоративтi құрылымдарға директорлар кеңесiнiң құрамына сайлануы – Қазақстанның бәсекелестiгiн арттыруға бағытталған елдiң әлемдiк қауымдастыққа кадрлық интеграциясының бiр көрiнiсi" делiнген.

Ендеше, "ұлт кадрларын – экспортқа…" деген сөзiмiз расқа шыққандай…

Гүлбиғаш Омарова