Мұнай және газ саласына арналған сөздiк
Мұнай және газ саласына арналған сөздiк
Бүгiнде елiмiздiң барлық саласында қазақ тiлiнiң аясын кеңейтуге байланысты түрлi шара атқаралып келедi. Бұл жұмыс iс-қағаздарын бiртiндеп мемлекеттiк тiлге көшiру мен техникалық терминдердi бiр iзге түсiруден бастау алады. Десе де мұнай және газ саласында терминдердi қазақшалау, арнайы сөздiктер құрастыру iсiнде кемшiн тұстар жоқ емес.
Мiне, осы олқылықтың орнын толтырып, қазақ тiлiн мұнай және газ саласының тiлiне айналдыру үшiн жауапты iстi қолға алған Айтбай Махамбет Қабылұлы мырза үш тiлде бiрдей сөйлейтiн үш томдық сөздiктiң жарық көруiне септiгiн тигiздi. Талай жыл осы салада тер төгiп, Қазақстан Республикасы жер қойнауының үздiк барлаушысы дәрежесiне көтерiлген Айтбай Қабылұлының мұнай-газ саласына арналған сөздiктi оқырманға сыйға тартуында үлкен мән бар. Тәуелсiз елiмiздiң бiлiктi мамандары терминдi қазақшаға, ағылшыншаға аудару кезiнде еш қиындыққа тап болмасын деген үлкен жанашырлықтың лебi жатқан сияқты. Шымкент қаласындағы "Кiтап" ЖШС баспасынан шыққан "Мұнай және газ бойынша қазақша-орысша-ағылшынша сөздiгiнiң" әрқайсысына 24 және 32 мыңдай сөздер енген. Сөздердiң барынша жиi қолданылатын үйлесiмдiлiгi қарастырылып, ғылымның, инновациялардың, жаңа технологиялар мен ақпарат құралдарының дамуымен байланысты өмiрге енген жаңа терминдер енгiзiлiп, мұнай және газ саласында өте жиi қолданылатын сөздер мен сөз тiркестерi қамтылған. Сөздiктi жұмыс барысында қолдану кәсiби ынта туғызады. Тiлге жеңiл, жұп-жұмыр аударылған сөздiк түсiнiктi әрi анық. Бұл мұнай-газ саласына қызығушылық танытатын оқырманның құнды мәлiметтер алуына таптырмайтын құрал болмақ. Оның құндылығы да осында.
Тоғжан МЕЛIС