Жаңалықтар

ТIЛ ПОЛИЦИЯСЫН ҚҰРУ – ӨМIР ТАЛАБЫ

ашық дереккөзі

ТIЛ ПОЛИЦИЯСЫН ҚҰРУ – ӨМIР ТАЛАБЫ

Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мәселесi тағы бiр конференцияға арқау болды. Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы қаласы әкiмдiгiнiң Тiлдердi дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен "Мемлекеттiк тiл саясатының өзектi мәселелерi" тақырыбында конференция өттi. Конференцияға жергiлiктi және орталық атқарушы органдардың мемлекеттiк тiлге жауапты мамандары, ғылыми-зерттеу институттары, жоғарғы оқу мен жалпы бiлiм беру орындары, қаладағы Қазақ тiлi қоғамы, банк, құқық қорғау (Алматы қаласы бойынша ҰҚК, прокуратура, IIД, Қаржы полициясы) мен әдiлет органдары, "Алматыжарнама" МКК, "СМЭУ Алматы" АҚ, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерi және т.б. тiл жанашырлары қатысып, тiл мәселесi жайында өздерi бетпе-бет ұшырасып жүрген нақты мысалдар мен пiкiрлерiн ортаға салды.

Мемлекеттiк тiл саясатын насихаттау бағытында атқарылған шаралар, мемлекеттiк тiлдi қоғамдық өмiрде қолданысқа енгiзудегi түйткiлдер (нақты деректермен, мысалдармен слайд, фотосуреттер, видеожазбалар көрсету), мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiнде тиiмдi ұсыныстар беру туралы баяндамалар тыңдалып, ұсыныстар айтылды. Прокуратура, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерi, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының ғалымдары жаңа тәсiлмен мемлекеттiк тiлдi дамытудың жолдары жөнiнде және тiл тазалығы мен мәдениетi туралы ойларымен бөлiстi. Алматы телеарнасының журналисi Рахат Мамырбек "Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi үшiн күрестiң журналистiк тәжiрибесi" атты баяндамасында "Гелиос" компаниясының мемлекеттiк тiлге деген көзқарасын және сол сияқты бiрқатар заңды тұлғалардың тiлдер туралы заңнаманы бұзу фактiлерiн бейнематериал арқылы көрсете отырып, қаладағы мемлекеттiк тiлде қате жазылған маңдайшалар, жарнамаларды, сондай-ақ көше атауларын қадағалайтын арнайы "Тiл полициясы" мекемесi құрылса деген ұсынысын ортаға салды. Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлiм меңгерушiсi С. Қосан "Тiлдiң бiр түйткiлi – тазалықта" баяндамасында қазақ тiлiнiң қарапайым қоғамдық көлiктегi көрiнiсiн көз алдымызға әкелдi. "Қала көшелерiне есiмдерi берiлген зиялыларымыздың аты әлi күнге дейiн дұрыс айтылмайды. Тiл мәдениетiнiң сақталмауы мемлекеттiк тiлдiң қоғамдық өмiрдегi қолданысын анық көрсетiп тұрған сияқты" дегендi айтса, С. Демирел университетiнiң бөлiм меңгерушiсi Энес Куртай Чыг өз баяндамасында балабақша мен мектеп жасынан бастап мемлекеттiк тiлдi шетелдiк әдiстермен меңгерту жолдарына көңiл бөлу керектiгiн жеткiздi.

"Мемлекеттiк тiл саясатының өзектi мәселелерi" конференциясы бойынша күн тәртiбiне мынандай ұсыныстар қойылды. Олар: тiл полициясын құру; ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiгiнiң Алматы қаласы бойынша басқармасы жанындағы Тәртiптiк Кеңес мүшелерiнiң қатарына тiл басқармасының немесе қазақ тiлi қоғамы мүшелерiн енгiзiп, бiрлесе атсалысу; қоғамдық көлiктердегi тiл мәдениетiн жүйелеудiң ережесiн жасап, бекiту; мемлекеттiк қызметшiлердi жаппай қазақ тiлi пәнi бойынша тестiлеуден өткiзу; латын әлiпбиiне көшу мәселесiн жеделдету; мектеп жасынан бастап мемлекеттiк тiлдi меңгертудiң оңтайландыру жолдарын қалыптастыру; мемлекеттiк тiлде сөйлеу қажеттiлiгiн туындату; жергiлiктi және орталық атқарушы органдарының басшылары тарапынан тiл заңнамасының орындалуын қатаң қадағалауға алу.

Динара ДҮРМӘН