ЖIБЕК ШАРУАШЫЛЫFЫНА ЖАН БIТТI
ЖIБЕК ШАРУАШЫЛЫFЫНА ЖАН БIТТI
Тарихи деректерге қарағанда, жiбек шаруашылығы алғаш рет Қытайда пайда болған. Көздiң жауын алатын "күмiс талшықтарды" Еуропаның патшалары Қытайдан арнайы алдыртып отырған. Себебi жiбек өз заманында валюта ретiнде мемлекеттер арасындағы төлем құралының мiндетiн атқарды. Жiбекке деген сұраныс батыс пен шығысты жалғаған Ұлы Жiбек жолы сауда керуенiнiң пайда болуына алып келдi. Қытайлар жiбек өндiрiсiн ұзақ уақыт бойы құпия ұстағаны да белгiлi.
Орта Азия республикалары табиғаттың осынау ғажайыбы — жiбек құртын өсiрудi бертiнде, Кеңес заманы тұсында қолға алды. Оның iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының қазiргi Мақтаарал Жетiсай жiбек пiлләсiн өндiру тәп-тәуiр қарқын алды.
Әр аудан жыл сайын кемiнде 25-30 тоннаға дейiн "күмiс талшық" өндiретiн. Арнайы жiбек пiлләсiн дайындау мекемелерi құрылып, жұмыс iстедi. Мыңдаған адам жұмыспен қамтамасыз етiлдi. Бұл кәсiп, әсiресе ауыл тұрғындары үшiн қомақты табыс көзiне айналды. Мамыр-маусым айларында, бар болғаны бiр-бiр жарым айдың iшiнде аталған шаруашылықта жұмыс iстеген отбасының табысы 4-5 мың сомды құрайтын. Қазiргi өлшеммен алсақ бұл — 7-8 мың АҚШ доллары деген сөз.
Сол кездегi аты Одаққа мәлiм алдыңғы қатарлы шаруашылықтар – "Мақтарал", "Большевик", "Октябрьдiң 30 жылдығы" кеңшарлары мен "III Интернационал", Ленин атындағы ұжымшарда пiллә өндiрiсi орталықтандырылған әдiспен ұйымдастырылып, құрт бағатын арнайы жайлар салынды. Ал ауыл тұрғындары құрт өсiрудi қоражайларында, тiптi кейбiрi өздерi тұратын үйдiң бос бөлмелерiнде жүзеге асырды.
Жiбек құрты — сәби секiлдi өте нәзiк. Ол аялап, мәпелеудi қажет етедi.
Оның бағылатын жерi бiрқалыпты жылы, құрғақ болуы тиiс. Құрттар тек тұт ағашының жапырағымен қоректенедi. Оны уақтылы жеткiзiп тұру қажет. Жәндiктер ендi өсiп, жетiлiп келе жатқан кезде жапырақтарды майдалап турап бередi. Ұйқы кезеңдерiнде құрттардың қоректенуi саябырсып, тоқтайды. Жiбек жiптермен өздерiн құндақтап, көмкеретiн сәтi келгенде құрғақ сыпырғы бұтақшаларын қоясыз. Содан кейiн санаулы күнде аппақ-аппақ жiбек пiлләсiн қоқыстан аршып, тазартасыз. Бiр ескеретiн жәйт, дайын өнiмдi үйде көп ұстауға болмайды. Себебi көбелек пiлләнi тесiп ұшып кетедi де, үзiк жiптiң ешкiмге керегi болмай қалады.
Құрт өсiру үшiн осынау қарапайым ережелердi мұқият сақтай бiлсеңiз жетiп жатыр. Жiбек пiлләсi дайындау мекемесiнде, арнайы жайда кептiрiлген соң, көбелекке айналатын құрттар ыстық бумен өлтiрiлiп, өнiм жiп иiру фабрикасына жiберiледi. Кеңес одағы тұсында мұндай өндiрiс орны Қазақстанда болған жоқ. Сондықтан пiллә негiзiнен көршiлес Өзбекстанға жөнелтiлетiн.
Тоқсаныншы жылдарға дейiн жүйелi жұмыс iстеп келген жiбек пiлләсiн дайындау өндiрiсi бiртiндеп құлдырап, жойыла бастады. Мемлекеттер арасында шаруашылық байланыстар үзiлiп, нарыққа қадам бастаған алғашқы кездегi "бартер" заманында шаруалар пiлләсiн өткiзетiн жер таба алмай қалды. Осы кезден басталған жаппай жекешелендiру процесi де бұл кәсiпке кесiрiн тигiздi. Жер, мүлiк, қоғамдық шаруашылықтардағы барлық құндылықтарды қарпып қалу психологиясы, бәрi-бәрi әсер еттi. Көп ұзамай суармалы жерге ие болған ұсақ шаруа қожалықтары арық бойларында жайқалып өсiп тұрған тұт ағаштарын тып-типыл еттi. Тұт ағаштарының осылайша жаппай жойылуымен бiрге жiбек өндiрiсi де ақырындап құлдырап, ұмытылып кеттi.
Ал қазiр соңғы 3-4 жыл көлемiнде ұмыт бола бастаған жiбек өндiрiсi саласына қайтадан жан бiте бастады. Тұт ағаштарының көшеттерiн отырғызып, оған көңiл бөлiнуi үмiт ұшқынын оятты. Жаңадан құрылған "Мақтарал – жасыл желек" мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны былтыр 5 мың түп тұт көшетiн отырғызса, биыл 10 мың көшет ектi. Аудан әкiмдiгi тарапынан барлық ауыл әкiмдерiне көктемде үлкен канал, арық-атыздар бойларына тұт ағаштарын көптеп отырғызу жөнiнде тапсырма берiлдi.
Жiбек шаруашылығы жайында аудан әкiмдiгiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмi бастығының орынбасары Ә.Тәпиев былай дедi:
– Соңғы кезде ауданда "күмiс талшық" өндiруге талпыныс бар. 2008 жылдан бастап Иiржар, Еңбекшi, Жаңажол, Үлгiлi ауылдық округтерiндегi кәсiпкерлер тұт ағаштарын күтiмге алу, ұқсату мекемелерiмен келiсiм-шартқа тұру және жiбек пiлләсiн өндiруге қол жеткiздi. Алғашқы қадам жасалды. Жiбек өндiрiсi әлеуметтiк жағынан да, экономикалық жағынан да өте пайдалы. Дегенмен бұл саланы одан әрi дамыту тетiктерiн жетiлдiрмесе болмайды.
Расында да, ауылдағы еңбекке жарамды азаматтар үшiн табыс көзi – жiбек өндiрiсiн кең көлемде дамытса, одан түбi ешкiм ұтылмайды. Оның үстiне табиғи материал ретiнде жiбек жiбi жеңiл өнеркәсiп саласында және техникалық мақсатта үлкен сұранысқа ие екенi белгiлi. Әлемде бұл шикiзат құнды, бағалы саналады. Сондықтан кезiнде мардымсыз қаржыға сатылып кеткен пiллә дайындау мекемелерiн қайта қалпына келтiрiп, осы өнiмдi қабылдайтын шетелдiк өндiрiс орындарымен келiсiм-шартқа тұру керек. Ал көршiлес Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан елдерiнде пiллә өндiрiсi өткен қиын-қыстау заманда да тоқтаған жоқ, қайта қарқын алып, дами түсуде. Неге десеңiз, бұл кәсiп халықтың күнкөрiс көзiнiң бiрi, тиiмдi жұмыс орны. Өзбек ағайындар бұл өнiмдi "пiллә-тiллә" деп, оның табыстылығын алтынмен теңейдi. Ендеше табысты саланы қайта жандандыру қажет-ақ.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ