Жаңалықтар

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

ашық дереккөзі

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

«Ақтас» кеңшарының бас инженерi Ғабиден Коляров кеңседен көңiлсiздеу шықты. Жүргiзушiсi Қадырқұловқа:

– Сәрсен, сенi партком хатшысы Шардарбеков өзiне сұрап жатыр. Бере алмаймын деп кесiп айта алмадым, – дедi жабырқау үнмен.

– Ғабеке, неге бас тартпадыңыз? Осында менен басқа да жүргiзушiлер жетедi ғой. Оның үстiне сiз бен бiз бiр-бiрiмiздi түсiнiсiп қалдық.

– Әбекеңнiң басқаларға емес, саған көзi түскенiне таңым бар. Адам танығыш екен өзi. Сендей жүргiзушi жоқтың қасы, – деп әлдене ойына түскендей үнсiз тұрды да, төтелете сұрақ қойды: – Сен өзiң қалай қарайсың? Әбекеңе жүргiзушi болып барғың келе ме?

Ол басын шайқады.

– Ғабеке, ол кiсi маған тынымсыз адам секiлдi көрiнедi. Ондай жандардың мiнезi де қиын болады ғой. Сiз әлi де болса бiр амалын тауып, басқа бiреудi ұсынып көрсеңiзшi.

– Әй, Сәрсен, қазақта «Күштiнiң арты диiрмен тартады» деген сөз бар. Бұрын соңды есiтiп пе едiң мұны? Шардарбековтiң орнында басқа бiреу болса, сенi менен сұрамай-ақ алар едi. Ол қайта ұлық болса да сенi менен өтiнiп сұрады. Қандай адам екенiн содан-ақ бiле бер. Бармаймын деп ақымақ болма. Қайта ол кiсiнiң қасында жүрсең, көп ұлағатты iстерiн көрiп, тәлiм аласың. Сөздерi қандай өнегелi. Ой өрiсiң өсiп, рухани жағынан да байисың.

Дүйсенбi күнi Қадырқұлов әдеттегiдей машинаны алып шықпақшы болып гаражға барды. Қақпа жанындағы кiреберiс есiк алдында Әбiлдәбек Шардарбеков тұр екен.

– Ә-ә, Сәрсен, келдiң бе?.. – Оның ұсынған қолын жiбермей ұстап тұрып:

– Сенi Ғабиденнен аттай қалап алдым. Бүгiннен бастап менiң жүргiзушiм боласың, айналайын.

– Ғабекеңнен ыңғайсыз болды-ау, аға…

– Ешқандай ыңғайсыздығы жоқ. Ол инженер ғой. Көлiгiн өзi де жүргiзе бередi.

Сол күнi жаңа бастығы оған «Прогресс» кеңшарына барып, көнелеу «УАЗ» көлiгiн сүйретiп алып келудi және оны бiр апта мерзiм iшiнде жөндеп шығаруды тапсырды. Қадырқұлов бiр аптадан соң таңертең оны үйiнiң алдында күтiп тұрды. Шардарбеков iшi-сырты тәп-тәуiр жаңарып қалған көлiкке сүйсiне қарады.

– Жақсы жөндепсiң. Қолыңның мiсекерi бар екен. Рахмет, айналайын! – Кабинаға отырды. – Бүгiн шопандарды аралаймыз. Қане, Алмабайдағы Төлендiнiң базасына қарай жүрейiк.

Олар Төлендiден бастап, сол тұстағы бiрқатар баздарды аралап, күн бата кеңшар орталығына оралды. Көлiк үйiнiң алдына тоқтаған кезде Шардарбеков:

– Сәрсен, күнде таңертең сағат сегiзде осы жерге келiп тұр, – деп жымиды.

– Жарайды, Әбеке.

Арада бiраз уақыт өткен соң Түргенде күрделi жөндеуден өткен «ГАЗ-69» автокөлiгi келдi. Шардарбеков қызмет көлiгiн соған ауыстырды.

Сәрсен шеткi ауыл – Кеңсайдағы үйiнен шығып, әдеттегiдей уақытта Шардарбековтiң үйiнiң алдына келiп тұрған. Неге екенiнiн қайдам, бұл жолы бастығы дәл уақытында шыға қоймады. «Е-е, телефонмен сөйлесiп жатқан болар». Сыртқа шығып, алдыңғы маңдай әйнектi сүртiп жатқанда, үйден бастықтың әйелi Қалыш шықты. Қолында шағын сөмке. «Кiтапханадағы жұмысына барады-ау шамасы». Ол есiк алдындағы машинаны көрiп:

– Сәрсен, неге тұрсың? Ағаңның жұмысқа кеткенiне бiраз уақыт болды, – деп дауыстады.

«Бүгiн шұғыл шаруасы болып, ерте кеткен екен ғой». Ол моторға тез от берiп, кеңсеге қарай жеделдете жүрдi. Бастық кеңсеге жақындап қалыпты. Жанына келiп тоқтап, қапталдағы есiкке ұмсына қолын созып, ашты. Шардарбеков сәлемiн алып, кабинаға отырды. Кеңсеге жеткенше ләм деп тiс жарған жоқ. Рең басынан ренiш нышаны байқалмайды. «Неге ренжи қойсын? Күндегi уақытта үйiнiң алдына келiп тұрдым. Кеше ескерткенде ертерек қимылдар едiм».

Сәрсен ертеңiне де әдеттегiдей уақытта келiп, күтiп тұрды. Ал бастығы үйiнен шығар емес. Ол тықырши бастады. «Не болды екен?.. Әбекең кешегiдей асығып кетiп қалған жоқ па осы? Не де болса барып бiлейiншi». Сәрсен кабинадан түсiп, үйдiң есiгiн қақты. Арғы жағынан әйелi Қалыш шығып, оның жұмысқа кетiп қалғанын айтты. «Апырай, Әбекеңнiң мұнысы несi? Кеше неге ертерек кел деп ескертпеген?». Алып-ұшып кабинаға отырды да, машина жылдамдығын күшейттi. «Қазiр жер-жебiрiме жетiп ұрыспаса болар едi». Бастық бiраз жерге барып қалыпты. Қуып жетiп, тоқтай қалды. Есiктi ашып, iзет бiлдiрдi. Өңiнде алабөтен өзгерiс жоқ. Жайдары қалпы. Кабинаға жайғасты. Ой үстiнде отыр. Әне-мiне дегенше кеңсеге де жеттi. Кабинадан түсiп:

– Сәрсен, сағатыңа қарашы, қанша болды екен? – дедi.

– Сегiзден он минут кеттi, Әбеке.

– Жетi минут қалық екен, түзетiп қой.– Ол кеңсеге кiрiп кеттi.

Сәрсен сонда ғана қолындағы сағатына алданып, екi күн бойына кешiккенiн бiлдi.

Шардарбеков кеңседе көп кiдiрген жоқ. Сәлден соң қайта шықты. Сәрсенге:

– Жондағы егiстiк алқапқа тарт, – дедi.

Орақ науқанының қызған шағы. Тiзеден жоғары өскен астық самал желмен теңiз толқындарындай шалқып жатыр. Сол толқындарда дала кемелерi жүзiп барады. Ұзын сабақтарынан иiлген ауыр масақтары сары алтындай жылтылдап көз арбайды. Жылжыған комбайндар алысқа ұзап бармай-ақ қайта тоқтауда. Кабиналарының үстiнде кiшкене қызыл жалаулары желбiрейдi. Бұл бункерлерiнiң толған белгiсi. Қораптарына астық артқан тасымал көлiктерi ыңырана теңселiп, аудан орталығындағы қабылдау пунктiне аттанып бара жатса, сол жақтан қайтқандар алқаптың шаңын көтерiп келiп жатыр. Айнала қайнаған қызу еңбек.

Алқапты бойлап келе жатқанда Шардарбеков:

– Сәрсен, мыналар ана машинаны қалай қойған? – деп қабағын шытып, алдыңғы жақты иегiмен меңзедi.

Әудем жердегi жанармай таситын машина биiк төбе басында тұмсығымен ылдиға қарап тұр екен. Содан әрiрек тағы бiр жүк машинасы сайға көлденең тұр. Шамасы ақауы болуы керек. Бiреу мотор астына шалқалап жатып, әлдеқандай тетiгiн бұрауда. Ал жанындағы екеу тiзерлеп отырып, машина астына үңiлiп, анаған әлденелердi айтып жатыр.

– Әбеке, кейде жүргiзушiлер от алдыратын аппараты iстемей қалса, тежегiштi босатып, машинаны төмен қарай бес он метрге дейiн еркiне жiберiп, моторды қосады.

– Жоқ, Сәрсен, анау тұла бойының дiрiлiне қарағанда от алып тұрған машина ғой. Бөшкесi тола жанар майы бар машинаны осылай қоюға бола ма екен. Жер бос қой қазiр. Қане, жүрiсiңдi жылдамдат. Апырай, бiз жеткенше бос топырақпен төмен қарай сырғып кетпесе игi едi…

Шардарбеков бекер қауiптенбептi. Олар тас лақтырымдай жер қалғанда ауыр салмақты машина төмен сырғыды.

– Қап, әттеген-ай!.. – Шардарбеков санын бiр-ақ соқты. – Үлгере алмағанымызды қарашы.

Машина соңынан жүргiзушi далақтап, жан ұшыра жүгiрiп барады. Бiрақ жете алар емес. Машина сайдың етегiне дейiн сырғып, екпiнiмен қарсы бетке көтерiлiп барып, артымен қайта төмен сырғып, сай табанына тоқтады.

Төбеде не iстерiн бiлмей тұрып қалған гараж меңгерушiсi Жаппаровтың өңi оңған шүберектей. Шардарбеков қалай ашуланбасын. Үнi қатты шықты.

– Тұрғанбек, осындай топырағы бос қырға машинаны төмен қаратып қоюға бола ма?

– Әбеке, мынаның ақауын таппай жатып, ана баланың машинасын осылай қойғанын байқамаппын. – Ол көлденең тұрған жүк көлiгiн қолымен көрсеттi. Кiнәлi жандай көздерi жыпылықтап, басын төмен салды. Жанындағы үстiн шаң басқан жүргiзушi Асқар Майамеровтiң де өңi қашып кеткен.

– Машинаның ештеңеге соқтықпай, не аударылып қалмай өздiгiнен тоқтағаны абырой болды. Әйтпегенде… – деп Шардарбеков сөз соңын жұтып, қату қабақ танытты. Көлiгiне бұрыла бере кiдiрiп Жаппаровқа: – Кешке бас инженер екеуiңiз менiң кабинетiме келiңiздер,– дедi.

Жаппаров басын изедi. Ол көлiгiне қарай бара жатқанда Жаппаров:

– Асқар, жүгiр, Әбекеңе машинаңды көрсетiп ал, – деп күбiр еттi. Жүргiзушi жетiп барып:

– Әбеке, машинамды көрiп бересiз бе? – дедi қипақтай сөйлеп.

– Машинаңа не болды?

– Рөлiн бұрған кезде сықырлай бередi. Тұрекеңе қаратып едiм, ақауын таппай қойды.

Шардарбеков ойланып тұрды да:

– Асқар, мотордың астыңғы жағында доңғалақты оңға, солға бағыттап тұратын бiлектей тетiк бар. Соның басында шайба болады. Сол әбден желiнiп қалған. Соны ауыстыр, – деп көлiгiне мiнiп, алқаптағы комбайндарға қарай жүрiп кеттi.

Асқар сенер-сенбесiн бiлмей машина астына жатып, әлгi тетiктiң басына үңiлдi.

– Тұреке, ана кiсiнiң бiлгiшiн-ай! Шайба әбден желiнiптi, — дедi таңдана дауыстап.

– Бауырым, Әбекеңнiң бiлмейтiнi жоқ. Бұрын Жамбыл атындағы кеңшарда гараж меңгерушiсi болып iстеген. Менi де талай рет таңдандырғаны бар. Қабiлетi жан-жақты кiсi ғой.

Сол күнi кешке Шардарбеков кеңшар коммунистерiнiң кезектен тыс партия бюросын өткiздi. Оған себеп – бүгiн алқапта болған жайсыз жағдай едi. Сөз сөйлеген бюро мүшелерi кеңшардағы жүргiзушiлердiң техникалық қауiпсiздiк шараларын сақтамауына байланысты бас инженер Коляров пен гараж меңгерушiсi Жаппаровтың қызметтегi жауапкершiлiк мәселелерiн қарап, кiнәларын мойындатты. Шардарбеков олардың есеп кәртiшкесiне жазылмайтын қатаң сөгiс жариялауды ұсынды. Бюро мүшелерi ұсынысты бiр кiсiдей қолдады.

* * *

Түс әлетiнде кеңшар директоры Нұрғали Тойжановтың кабинетiне аупарткомның Ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi кiрiп келдi. Жанында ауаткомның және аудандық Ауылшаруашылығы басқармасының қызметкерлерi бар. Тойжанов елең етiп, секем алып қалды. «Жайшылықта бұлар алдын ала хабарласып, жеке-жеке уәкiл болып келушi едi. Бүгiн үшеуiнiң басы қосылыпты. Тосын келулерiне қарағанда бiр қолайсыз жағдайдың болғаны ғой». Сыр алдырғысы келмей iшкi ойын тез тежеп, жылы шырай танытып, амандық-саулық сұрасты.

– Сiздер жай жүрсiздер ме? Шаруаларыңызды айта отырыңыздар.

– Нұреке, үстерiңiзден Мәскеуге арыз жазылыпты. Соның анық-қанығына жетейiк деп келдiк. Айыпқа бұйырмаңыз. Қызмет бабы осылай. Оны өзiңiз де жақсы түсiнесiз,– дедi аупартком қызметкерi сыпайылық танытып.

Тойжанов оған қадала қарап:

– Шырағым, әкесi өлгендi де естiртедi. Қандай арыз? Кiм жазған? Бiзге қандай кiнә артыпты?

– Сiз партком хатшысы Шардарбековпен жең ұшынан жалғасып, алты құлынды биенi Жаңатас арқылы бiреулерге сатып жiберген көрiнесiз. Арызда солай жазылған. Бiзге жылқы малының есеп-қисабын берiңiз. Сол бойынша санақ жүргiзуiмiз керек.

Тойжанов қабылдау бөлмесiндегi хатшы қызды Шардарбековке жұмсады. Партком хатшысы мән-жайға қаныққан соң:

– Нұреке, жала мен шындықты айыратын осы кiсiлер. Ақиқатты құр сөзбен айтқаннан гөрi, бұл кiсiлердiң тексерiп, өз көздерiн жеткiзгендерi жүз есе артық. Бiздiң де жүзiмiз жарық болады, – дедi сабырмен салмақтай сөйлеп.

Бас бухгалтер Дәурен Сұлтанбеков кеңшардағы жылқы малының бар есебiн алдарына жайып салды. Тексерушiлер түске дейiн сол есеп-қисаппен айналысты. Ал күн төбеден ауа жылқы шаруашылығына барып санақ жүргiздi. Кештетiп қайтып келдi. Аупартком қызметкерi директорға:

– Нұреке, жылқы басының бәрi түгел екен. Арыздағы көрсетiлген шағым негiзсiз, – дедi. Олар аттанып кеткен соң Тойжанов пен Шардарбеков оңаша қалып кеңестi.

– Әбiлдәбек, осы елдiң ыстығына күйiп, суығына тоңып жүрсек те жақпадық-ау. Үстiмiзден арызды кiм ұйымдастырды екен. Тасада тұрып тас атқан кiмдер сонда? Тым болмаса сол арызқойларды түстеп танысақ қой, шiркiн. Әлгi комиссияға мүше етiп өздерiн де қосар едiк. – Көкiрегiн кере күрсiндi.

– Нұреке, ел iшiнде ала да, құла да болады емес пе. Осындағылардың бет-жүздерiне қарасаң, бәрi бiрдей көрiнедi. Сенiкi жала деп қайсысының көзiн шұқып, кiнә артасыз. «Ит үредi, керуен көшедi». Ең бастысы, сiз бен менiң арымыз таза.

Ел iшi күбiр-күбiр әңгiме. «Кеңшардан бiреу Мәскеуге арыз жазыпты. Тойжанов пен Шардарбеков бiраз жылқы малын бармақ басты, көз қыстымен сатып жiберген дей ме. Бiрақ тексерушiлер келiп, санақ жүргiзгенде мал басының бәрi түп-түгел болып шығыпты». Ел iшi гу-гу. Алыпқашпа сөз бiрден бiрге лезде осылай тарап жатты.

Кеңшардағы байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Тұрсынбек Бейiсбаевтың құлағына жеткенде, қайран қалды. «Мұнысы қып-қызыл жала ғой. Кiм жазды екен?». Бiр бөлмеде қатар отыратын хат тасушы әлдеқандай себептермен кешiгiп келмей жатқан. Бiр кезде есiктен мосқал әйел кiрiп, көптен берi әскердегi ұлынан хат-хабар ала алмай жүргенiн айтып мұңын шақты. Ол аяушылық бiлдiрiп, хат тасушыны күткiзбей сол күнгi келген хаттарды өзi қарауға кiрiстi. Бiр топ хаттарды қолынан өткiзiп жатып, көлемi кәдуiлгiден екi есе үлкен, қызғыш түстi ерекше конверт ерiксiз назарын аударды. Ауыл қариясы Мелдiбек Нұрбековтiң атына жiберiлген екен. Астына «Москва. ЦК КПСС» деп көрсетiптi. «Бұрын мұндай хат келмеушi едi. Шынымен-ақ арыз жазған осы кiсi ме?». Хатты басқаларынан бөлек қойды да, қалғанын түгел қарап шықты. Әйелдi қуанта алмады. Бiрақ екiншi жыл борышын өтеп жатқан балалардың хат жазуды сирететiн әдетiн айтып, алаң көңiлiн жұбатып орнықтырды.

Ол түстiк үзiлiсте әдеттегiдей үйiне барған жоқ. Әлгi Мәскеуден келген хатты сөмкесiне салып, ауыл шетiндегi Мелдiбек қарияның үйiне қарай аяңдады. Шәй үстiнде: «Ақсақал, Мәскеуге арыз жазып па едiңiз?» дедi әжiм басқан жүзiне тiктеп қарап. Оның бұл сөзi шалдың құлағына түрпiдей тидi. Оты қайтқан көздерi ақиланып, қолы қалтылдап, кесесiн дастарқан шетiне қоя салды. «Астапыралла! Астапыралла!.. Мәскеуiң не, айтып отырған арызың не, шырағым?».

Бейiсбаев сөмкесiнен конверттi шығарды. Iшiнде бiр бет қағаз бар екен. Бейiсбаев ондағы қысқа жазуды дауыстап оқыды. «Нұрбеков жолдас, КПСС Орталық Комитетi Бас секретары Л.И. Брежневтiң атына жазған арызыңыздағы фактiлердi анықтату үшiн хатыңыздың көшiрмесiн Шымкент облыстық партия комитетiне жiбергенiмiздi хабарлаймыз.

КПСС Орталық Комитетiнiң Еңбекшi хаттар бөлiмiнiң меңгерушiсi» деп қолын қойыпты. Қарияны ашу қысып, өңi сұрланды.

– Әй, шырағым, мен өмiрiмде бiреудiң үстiнен арыз жазған жан емеспiн. Арым да, қолым да таза.

– Сiз арыз жазды дегенге ешкiм де сенбейдi, ақсақал.

– Осы уақытқа дейiн жаман атым шықпап едi, – Қолындағы босаған кесенi шәй құйып отырған кемпiрiне қарай шиырып жiбердi, – Олар менiң атымды жамылып, не жазыпты?

Тұрсынбек ел iшiндегi гу-гу әңгiменi жеткiздi. Қария басын шайқап:

– О, тоба!..– Жағасын ұстап күрсiндi. – Осы бiзге кiм жағады? Ананы «анау» екен деймiз, мынаны «мырың» екен деймiз. Бастықтар сұрағанымызды бермей қалса, тырнақ астынан кiр iздеп, жата қалып арыз жазамыз. Әйтпесе, Тойжанов пен Шардарбековтей басшылар қайда! Жоқтан бар жасап, осы елдiң еңсесiн көтерiп жатқан солар емес пе? Осы елдi бұрын-соңды осындай жандар басқарып па едi?.. Бiр қиянда, таудың меңiреу қуысында елеусiз жатқан ел емес пе едiк. Айтшы өзiң, осы бiзге кiм жағады?

– Ақсақал, сабыр етiңiз. Айтып отырғаныңыздың бәрi жөн. Ендi сол Орталық Комитетке және обкомға: «Мен сiздерге арыз жазғаным жоқ» деп жазып берiңiз. Мен өз мекемемнен Мәскеу мен Шымкентке салып жiберейiн.

– Шырағым, мына қалтылдаған қолым қалам ұстауға келмейдi. Соны сен жаз. Мен қолтаңбамды қояйын.

Бейiсбаев екi бөлек хат жазды. Қария үңiле қарап, ежiктеп оқып шықты. Содан соң қатпыш қара кемпiрiне дауыстап:

– Әй, кемпiр, Құдай куә! Сен куә! Мен әдiлдiк үшiн қолымды қойдым, – деп сия қаламмен айдақтата өз атын жазды.

Домалақ арыз жазушылардың тағы да жолы болмады.

* * *

“Красная нева” кеңшарының егiстiк алқабында қызу еңбек – сүдiгер жыртылуда. Сол күнi механизаторлар әдеттегiдей түстiк асқа келген. «К-700» алып тракторларын қос басына қаз-қатар тiзiп қойып, шаң басқан киiмдерiн қағып, қол бастарын жуып-шайып, үстелдi айнала жайғасты. Аспазшы Әзiрхан:

– Жiгiттер, бүгiн түскi ас дайын емес, – дедi жабырқау үнмен.

Механизатор Жаманбай Бекжiгiтов:

– Дайын емесi қалай?– дедi жұлып алғандай алара қарап. – Ендi аш қарынмен жұмысқа шығамыз ба?

– Бұған мен кiнәлi емеспiн. – Әзiрхан ақтала сөйледi. – Қойма меңгерушiсi сасыған қой етiн берiп жiберiптi. Сол етпен қалай ас пiсiрiп беремiн сендерге?

Механизатор Әмзебек Майлыбаев жанында үнсiз отырған жiгiт ағасына қолқа салды.

– Аманбай аға, сiз директормен қатарлассыз ғой. Әзiлiңiз де жарасады. Қазiр келген соң осы мәселенi айтсаңызшы.

Олар дабырласып жатқанда алыстан директордың «УАЗ»-ы да шаң бердi. Жыртылған жердiң шетiне барып тоқтады. Шардарбеков еңкейiп сүдiгердiң тереңдiгiн, төңкерiлiп жатқан күрең қошқыл топырақты алақанына салып, сапасын көрдi. Бәрi де ойдағыдай екен. Содан кейiн көлiгiн қосқа қарай бұрды. Кабинадан түскен Шардарбеков:

– Ал, жiгiттер, жағдайларың қалай? – дедi.

Механизаторлар бейне естiмей қалған жандардай үнсiз. Ұнжырғалары түсiп кеткен. Шардарбеков бәрiне шола қарап, әлдеқандай жайсыздықтың болғанын сездi.

– Көңiл-күйлерiң жоқ қой. Себебiн айтпайсыңдар ма?

Звено жетекшiсi Аманбек Айдарбеков тамағын кенедi.

– Әбеке, иiстi сезесiз бе?

Оның тосын сұрағына таңданған кейiп танытқан Шардарбеков:

– Сезгенде қандай… Оны неге сұрадың, Аманбек?

Ол ас әзiрлейтiн стол үстiнде жатқан еттiң бiр бөлiгiн алып келдi.

– Әбеке, мынаны иiскеп көрiңiзшi,– деп ұсынды.

Шардарбеков етке мұрнын жақындатқаны сол едi, ашаң өңi сұрланып шыға келдi. Аспазға қарап қабақ шытып, зiлдi үнмен:

– Еттi неге сасытып алғансыз?– дедi.

Әзiрхан төмен салған басын көтерiп, кiбiртiктей жауап қатты.

– Әбеке, мен сасытып алғаным жоқ. Қойма меңгерушiсi Бiлiстiң бiзге берiп жiбергенi осы.

Шардарбеков анадай жерде көлiгiнiң моторына үңiлiп жатқан жүргiзушiсiне дауыстады.

– Мұхит, орталыққа тез барып, Бiлiстi алып кел.

Директордың ашуы басылар емес. Тақтадағы механизаторлар көрсеткiшiне көз жүгiрттi. Бәрi де күндiк нормаларын орындаған екен. Бiрер сағаттан соң жүргiзушiсi ойдағы ауылдан қойма меңгерушiсiн алып келдi. Шардарбеков оған оқты көзiмен ата қарап, иегiмен стол үстiнде жатқан еттi меңзедi.

– Бiлiс, анау еттi қолыңа алып, иiске. – Үнi қатқыл шықты.

Ол директорға жалтақтай қарап, түсi қара қошқыл тартып, базынап кеткен етке барды. Еңкейе берiп, басын шұғыл көтердi. Сасық иiстен жиренгеннен бет-аузы тыржиып кеттi.

Шардарбеков зiлдi үнмен:

– Қандай екен?.. Сен осы еттi үйiңде асып жер ме едiң?..

Қойма меңгерушiсi үнсiз. Не уәж айта қойсын. Басын төмен салып, қаққан қазықтай сiлейiп тұр.

Директор диқаншы-механизаторларды қолымен көрсетiп:

– Мыналар сен үшiн кiмдер? Адамдар ма, жоқ сен берген сасық еттi жей беретiн хайуандар ма?.. Кiмдер?.. Жаман айтпай жақсы жоқ. Мына етiңнен кейiн бұлар уланып, ауырып қалса, осындағы барлық жұмысты сен iстейсiң бе?– Сұқ саусағын безеп. – Ей, бiле бiлсең осы кеңшардың барлық жұмыстарын осы азаматтар атқарып жатқан жоқ па?.. Күндiз-түнi жердi жыртып, егiн егiп, жазда орып, жем-шөбiңдi дайындап жүрген осылар ғой. Өзiң адам еңбегiн бағалай бiлесiң бе? Әлде көзiң қоймаңдағы заттарға арбалып, ештеңенi көрмей қалған ба? Болмаса мына азаматтардың шаң басқан жүздерiнен, қара май жұққан қолдарынан жиренiп, менсiнбей жүрсiң бе? Шаң басса да, бұлардың ел алдында жүздерi жарқын, майлы қолдары алтын. Бiле бiлсең, мына сен екеумiз осыларға қызметшiмiз. Осындай еңбек адамдарының жағдайын жасау бiздiң мiндетiмiз.

Қойма меңгерушiсiнiң өңi өрттей қызарып, маңдайынан шып-шып тер шықты.

– Әбеке, менен бiр қателiк кеттi. Бұдан былай бұл жағдай қайталанбайды. Кешiрiңiз… – Қатты сасқаны сонша, маңдай терiн қолының сыртымен сүрттi.

– Кешiрiмдi менен емес, мына ел үшiн еңбек етiп жүрген азаматтардан сұра. Қазiр үйiңе барып, семiз қойларыңның бiрiн сойып әкел. Ал осындай келеңсiздiктi екiншi рет қайталайтын болсаң, қоймаңмен қоштаса бер. Бүгiнгi жұғымсыз iсiң үшiн кеңшар әкiмшiлiгi тарапынан қатаң сөгiс жарияланады.

Бiлiс салы суға кеткен жандай сүйретiлiп барып, көлiкке мiндi. Екi сағаттан соң аспазшы Әзiрхан семiз қойдың етiн қазанға салды.

Күздiк алқаптың тең жартысы жыртылды. Аударылған күрең қошқыл топырақ бел асып жатыр. Сүдiгер жыртушылар қос басында түстiк ас iшiп отырған. Әңгiмелерi әдеттегiдей астарындағы техникаларының сыр бере бастаған бөлшектерi жайында. Бiрiне бiрi жөндеудiң тәсiлдерiн айтуда. Белдi механизатор Қалдыбек Есалиев әңгiме тақырыбын басқа арнаға бұрып жiбердi. Қарсы алдында кеседегi күрең қызыл ыстық шайды үрлеп iшiп отырған Айдарбековке:

– Аманбек аға, бiздей емессiз, директормен сөзiңiз жарасады, әзiлiңiз жарасады… – дей бергенi сол едi, ол киiп кеттi.

– Иә, iнiм, онымен не айтайын деп едiң?

– Шардарбеков бiзге аптасына бiр күн демалыс берсiн де. Қора-қопсымызды жөндеп, қысқа дайындалып алайық.

Айдарбеков миығынан мырс еттi.

– Әй, жiгiттер-ай, «Әзiлiңiз жарасады», «Сөзiңiз жарасады» деп арыстанның аузына менi айдап саласыңдар да, өздерiң қарап отырасыңдар.

– Сiзден басқа кiмге айтамыз. «Ағасы бардың, жағасы бар» деген. Жасыңыз үлкен болған соң, аға деп сiзге қараймыз.

– Жарайды, айтып көрейiн. Сондай демалыс күн өзiме де керек. Бiрақ мұндай науқанда аудан бойынша аптасына бiр күн демалыс беретiн шаруашылық басшылары жоқ қой.

Қосқа түс әлетiнде Шардарбеков ат басын тiредi. Әдеттегiдей диқаншылардың қал-жағдайын сұрады. Айдарбеков қуақылана күлдi.

– Әбеке, мына сарбаздарыңыз үйлерiндегi келiндерiңiздi сағыныпты. Соған аптасына бiр күн демалыс сұрайды. Моншаға түсiп, жуынып-шайынып алсақ дейдi.

– Әй, Аманбек, құтыртпай жөнiңдi айтсайшы. Бұлар үй шаруаларына алаңдап жүрген ғой. – Сәл үнсiз тұрды да.– Жарайды. Аптасына бiр күн демалыс беруге неге болмасын. Болады. Бiрақ әуелi мынаған келiсiп алайық. Сол бiр аптада 1100 гектар жердi айдайсыңдар. Соны орындайтын болсаңдар, сенбi күнi сағат үште арнайы көлiк сендердi ауылға жеткiзiп салады. Жексенбi күнi сағат кешкi алтыда сол көлiк қосқа қайтып алып келедi. Қалай, осыған келiсесiңдер ме? – Ол өзiн қаумалаған механизаторларға шола қарады.

Жастардың өңдерiнде қан ойнап, бәрi шу ете қалды.

– Әбеке, келiсемiз!

– Тағы бiр айтарым, уәде үдесiнен шығып тұрсаңдар кеңшар есебiнен аптасына бiр қой етi тегiн берiледi.

Тұрғанәлi:

– Аға, бұл қамқорлығыңызға рахметтен басқа айтарымыз жоқ, – дедi өңi бал-бұл жайнап.

Диқан механизаторлар сол күннен бастап, аптасына 1100 гектар орнына 1200-1300 гектар жер жыртып, бiр күн демалысқа шығып тұрды. Аудан бойынша мұндай науқан кезiнде аптасына бiр күн демалыс берiлмейтiн. Желтоқсанның қары жерге түскенше қай шаруашылықтың да еңбеккерлерi бел шешiп, арқасын кеңге салып отырған емес. Сеңдей қатып, қалыптасып қалған еңбек тәртiбiн Шардарбеков осылай бұзды. Бұзып қана қойған жоқ жаңаша өзгерiс ендiрдi. «Еңбекшiлердi таңның атысы мен күннiң батысы қоғам жұмысына жегiп, айлық еңбек ақысын берiп тұрғаннан олардың жыртығы толық жамалып қалмайды. Олар үй шаруасын да көтерулерi керек. Жақсы өмiр сүрулерi сол үй шаруашылығына да тiкелей байланысты. Бiздiң соған жағдай жасағанымыз абзал», – дейдi Шардарбеков. Диқан қауымы дән риза. Аудан басшыларынан қаймығып, мұндай тәуекелге бара алмай жүрген басқа шаруашылықтардың директорларына да оның осы тәсiлiн қолдануларына жол ашылды.

Оңтүстiк Қазақстан облысы,

Бәйдiбек ауданы