Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ЦИРК ҒИМАРАТЫ САЛЫНБАҚШЫ

ашық дереккөзі

ШЫМКЕНТТЕ ЦИРК ҒИМАРАТЫ САЛЫНБАҚШЫ

– Биыл — ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы тойланатын мерекелi жыл. Өздерiңiз бiлесiздер, Шымкентте мың адам сиятын бiрде-бiр мәдениет мекемесi жоқ. Осы кемшiлiктiң орнын толтыратын облыс орталығында салынып жатқан 1200 орындық жаңа цирк мереке қарсаңында пайдалануға берiледi. Алла жазса, Тәуелсiздiк мерекесiн осы ғимаратта атап өтетiн боламыз. Сондықтан құрылысты күзге дейiн толық бiтiру керек,— дедi жуырда Шымкенттегi Абай саябағында жаңа цирктiң құрылысымен танысқан Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов.

Жаңа нысан Қазақстандағы цирктердiң тiзiмiне төртiншi болып енгелi отыр. Оның алғашқылары Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында. Шымкенттегi цирктiң аумағы 3 гектардан асады. Қазiргi таңда нысанның iргетасы құйылып бiттi. Бiрiншi қабаты көтерiлiп, құрылысшылар ендi екiншi қабаттың қабырғаларын көтеруге кiрiскен. 1200 орындық көрермен залы мен манеж алаңына қажеттi металл конструкцияларды алу үшiн қажеттi кәсiпорындармен келiсiм-шарттар жасалынған. Бiр айта кетерi, құрылысты қызу жүргiзiп жатқан мердiгер "Шымкентқұрылыс" ЖШС-iнiң мамандары тәжiрибе жинақтау үшiн бiрқатар ТМД елдерiне де барып қайтыпты.

Жалпы, жаңа нысанды жобалаушылардың айтуынша, олар алдымен Астана мен Алматы қалаларындағы циркте болып, оның жобасымен, бұдан кейiн Мәскеу қаласындағы циркте болып, оның жасалу технологиясымен танысыпты. Осыдан кейiн жаңа ғимараттың эскизi жасалып, ол облыс басшыларына таныстырылған. Алғашқыда жоба бойынша цирктiң көрермен залы бiр жарым мың адамға лайықталған екен. Бiрақ жобалаушылар ақылдаса келе оны 1200 орынға лайықтағанды жөн көрiптi.

Жобалаушылар сонымен бiрге о баста цирктiң әкiмшiлiк үйi мен хайуанаттар тұратын жайды өз алдына бөлек салуды ұсыныпты. Бұл кезде нысанның жалпы сметалық құны 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Кейiн шығын көлемi 1,1 миллиард теңгеге азайтылыпты. Әкiмшiлiк цирктiң басты ғимаратының iшiне орналастырылады. Ал аң-құстардың орны әзiрге шешiмiн таппай тұр. Осы сауал төңiрегiнде журналистерге жауап берген облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Хайуанаттар тұратын орында жағымсыз иiстiң болатыны табиғи құбылыс. Цирк орналасқан жер қанша дегенмен саябақтың аумағына кiредi. Қала тұрғындары мұнда демалу үшiн келедi. Келешекте бұл жерден қонақ үй салу да жоспарда бар. Сондықтан халықтың пiкiрiмен де санаспаса болмайды. Ал хайуанаттарды ұстайтын жайды тауып беретiн боламыз, – дедi.

Жаңа цирк ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы қарсаңында Оңтүстiк халқына жасалынған үлкен сый болғалы тұр. Қазiр болашақ циркте өнер көрсететiн кадрларды даярлау iсi де қолға алынуда.

Шымкентте жаңадан салынып жатқан теннисшiлер корты да қаланың ажарын ашатын нысандардың бiрi болмақ. Оның құрылысын жүргiзiп жатқан мердiгерлердiң айтуынша, ашық теннис алаңдары тамыз айының соңына қарай, ал жабық теннис алаңы жыл соңында iске қосылады. Теннисшiлер корты халықаралық стандарттарға толығымен жауап бередi.

Сондай-ақ, Шымқалада жеңiл атлетшiлер манежiнiң құрылысы жүрiп жатыр. Әлемдiк стандарттарға және Олимпиада талаптарына сай салынып жатқан Қазақстандағы бiрегей әрi маңызды спорт кешенiнiң лентасы желтоқсанда қиылады. Осындағы 720 адамға арналған жүзу бассейнi тек спортшылар үшiн ғана емес, қала тұрғындарының шомылатын, салауатты өмiр салтын ұстануға мүмкiндiк беретiн сүйiктi орнына айналмақ. Бассейннiң тереңдiгi 1,8 метрден 4,5 метрге жетедi.

Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаевтың айтуынша, мұндай спорт кешенi республика бойынша тек Оңтүстiк Қазақстан облысында салынып жатыр. Бұған дейiн Қазақстанның құрамасы және облыс спортшылары арнайы жабық жай болмағандықтан қыс маусымында Ташкент қаласында жаттығып жүрген екен.

– Iске қосылатын спорт нысандары өзiн-өзi ақтайды. Осы игiлiктi iстi қолға алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметовке спортшылардың атынан алғысымды бiлдiремiн,– дейдi Полат Қырықбаев.

Бақыт ЕРНАЗАР