Жаңалықтар

АЛМАТЫДА ҚОЛӨНЕР КӨРМЕСI АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫДА ҚОЛӨНЕР КӨРМЕСI АШЫЛДЫ

Маусым айының 20-сы күнi Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақтың музыкалық саз аспаптар мұражайында "Шебердiң қолы ортақ" атты қолөнер көрмесiнiң ашылу салтанаты болып өттi.

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай өткiзiлiп отырған көрменi "Жауһар" ұлттық салт-дәстүрдi қолдау қоры" мен "Адырна" ұлттық-этнографиялық бiрлестiгi ұйымдастырды.

Көрменiң ашылу салтанатында сөз алған өнертанушы Жұмагелдi Нәжiмеденов: "Көрмеге қазақ қолөнершiлерiнiң жүзге жуық туындылары қойылды. Ұлттық қолөнердi насихаттап, оны жастардың бойына ұялата бiлу – бiздiң парызымыз. Осыған орай елiмiзде ресми түрде салт-дәстүрдi қолдау апталығы жарияланса құба-құп болар едi", – дедi.

35-тен астам шеберлер қатысқан көрмеге ағаш, темiр, мүйiз, қыштан жасалған тың туындылар қойылған.

Аталмыш көрмеде Мұстафаев Алмас – "Ор Теке", Құмаров Алтынбек – "Қос саз", Райымбек Жеңiс – "Отырар әуенi", Молдабеков Берiкбай – "Қарағай астау", Атамқұлов Болат – "Белдiк", Мәсәлiмқызы Аянгүл – "Наурыз", Сарсенов Жомарт – "Қыл қобыз", Қазақбаев Жаннұр – "Атадан мұра" атты қолөнер бұйымдарын жалпы халыққа ұсынды.

Жиын барысында Жоламан Құжиманов, Еркiн Нұрханов, Еркiн Шүкiманов, Талғат Мұқышев, Саят Нұрғазин, Досхан Одаманов, Жақсыгелдi Майасаров, Бахтияр Ахымжанов, Жасұлан Сақаев сынды дәстүрлi өнердiң туын көтерген өнерпаздар көрермен қауымды әсем ән мен тәттi күйге бөледi.

Зер қадiрiн бiлетiн зергер, өз iсiнiң хас шеберi Ерсұлтан Тәжiбаев: "Зергерлiк өнерге бала кезiмнен қызығушылық таныттым. Әрине, бұл жұмыс асқан шыдамдылық пен еңбекқорлықты талап етедi. Жаһандану үрдiсi белең алып жатқанда ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бiр жолы – ұлттық құндылықтарымызды дәрiптеу деп бiлемiн", – дейдi.

"Шебердiң қолы ортақ" көрмесiне келушiлер шеберлердiң тамаша туындыларымен танысып, ерекше әсерде қалды.

Салтанатты шара соңында темiрден түйiн түйiп, ағаштан ою ойған шеберлерге арнайы дипломдар табыс етiлдi.

Ұлттық құндылығымыздың бiрi болып табылатын қолөнер көрмесiнiң өткiзiлуi бұдан былай да жарасымды жалғасын табады деп сенемiз.

Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi