Жаңалықтар

«ҚҰДАЙ МАҒАН ҰЛ БЕРДI ҚАЙЫРЫМСЫЗ…»

ашық дереккөзі

«ҚҰДАЙ МАҒАН ҰЛ БЕРДI ҚАЙЫРЫМСЫЗ…»

Балаға деген ана жүрегi, ана көңiлi, ана сезiмi қандай керемет! ”Қарға баласын аппағым деп, кiрпi баласын жұмсағым деп сүйедi” деген сөз рас екен. Әр ана үшiн өз баласы – ең сүйкiмдi, ең парасатты, ең озық адам. Ал кейде сол перзенттерi өсе келе анасының көңiлiн жабырқатып, өзек өртер өкiнiшке соқтыратыны қандай өкiнiштi. Бiрде қызмет орныма жүзi мұңға толы, көздерiнiң оты сөнген ақ шашты қарт ана келдi.

– Айналайын, кешiр менi. Сенiң бiлiктi дәрiгер екенiңдi естiп, көмек сұрай келдiм, қарғам. Оны айыпқа бұйырма, – дедi қарт ана салалы саусақтарымен әжiм басқан жүзiн терезеден түскен күннен көлегейлеп.

– Қиналмай, бұйымтайыңызды айта берiңiз, апа, – дедiм мен кейуананы орындыққа отырғызып.

– Кәрi қойдай жасым қалғанда, сүйретiлiп кеңсе аралап, есiк тоздырып жүргенiм – өз баламның күйiгi. Жастайынан еркелетiп, маңдайына жел тигiзбей өсiрген ұлым есейе келе үйленiп, жоғарғы оқу орнын бiтiрiп, тәп-тәуiр қызмет iстедi. Оның бұл тiрлiгiне риза болып, ”тәубе, тәубе” – деп Жаратқан иеме шексiз ризашылығымды бiлдiрiп жүрдiм.

Сол жалғызым уақыт келе нiлдей бұзылып, арақ iшетiн iндетке жолықты. Iшкенде апталап iшiп, үйде де, түзде де берекесiздiк жайлады. Көп ұзамай қызметтен қуылып, жұмыссыз қалды. Келе-келе есi кiре ме десем, қайдан? Iшкендi бұрынғыдан да үдете түстi. Отбасымызды ұрыс-керiс, кикiлжiң жайлады. Келiнiм бұған шыдамай екi баласын жетектеп төркiнiне кеттi. Ересектеуi менiң қолымда, мектепке барады. Әлгi ұлымның есiл-дертi арақ болды. Бiрте-бiрте үйдегi заттарды бiзге бiлдiрмей сыртқа шығарып сатып, одан тапқан ақшаны араққа жұмсауды әдетке айналдырды.

Бiр күнi кештетiп үйге келсем, бөлмелерде жарық жоқ. Таңертең зер салсам, қабырғадағы орнында электр қуатын есептегiш жоқ, тек суырылған шегелердiң орны мен қиылған электр сымдардың ұштары көрiнедi. Мұның қайдан келген ”жау” екенiн түсiнген бетте есiмнен айрыла жаздадым. Жүрегiм шаншып, қан қысымым көтерiлiп, сол күнi «жедел жәрдеммен» ауруханаға түстiм. Бiрақ онда көп жатуға дәтiм шыдамай, дәрiгерiме бар жайды түсiндiрiп, екi күннен кейiн үйге қайттым. Немерем өз әкесiнен қорқып, көршi үйдi паналапты. Yйдегi бiраз заттар мен еденде жатқан түктi палас араққа айырбасталып кетiптi.

… Бiр күнi мас болып, темекi шегiп жатып ұйықтап қалып, үйдi өртеп жiбере де жаздады. Құдай сақтап, дер кезiнде үйге келiп қалғаным әбүйiр болды. Темекiнiң шоғынан түтiндеп жатқан жастығын сыртқа шығарып, әрең сөндiрiп алдым. Немереме де обал болды, бiр күн сабаққа барса, екi күн үйде – менiң қасымда. Жас баланың балаң жүрегi әбден жараланып бiттi. Не iстеймiн? Сiздерде араққұмарларды емдейтiн мекеме бар екенiн естiп, ақылдасуға келдiм. Араққа үйiр болған балам менiң өмiрiмдi қысқартып, жегенiмдi желiм, iшкенiмдi iрiң қылды. Не ақыл айтасыздар? Iштен шыққан шұбар жылан жаман екен, қарағым. Күйiкке салып қойды менi жалғызым. Құдай маған ұл бердi, оған қосып қартайғанда мұң бердi. Әбден шаршадым, қалжырадым. Көмек сұрай келдiм өздерiңiзден. Не жәрдемдерiңiз бар? – дей келе сорлы ана ағыл-тегiл жылап, бетiн басқан саусақтарының арасынан ыстық көз жасы үстелге тырс-тырс тамып жатты…

Әзәзiл арақтың шарпуына уланып, болашағына балта шапқан баласынан үмiтi үзiлiп, сенiм артқан жалғызы жiгерiне құм құйып, көңiлiн кiрбiң шалып, жан азабына түскен, торыққан анаға бұдан артық қасiрет, мұң-қайғы бар ма?! Оларды жан-жарасынан айықтыру да мүмкiн емес. Қолдан келерi – аяу, мүсiркеу ғана. Ондайдың бетiн әрдайым аулақ қылғай.

Танысым бiрде өз көзiмен көрген мынадай шерлi оқиғаны әңгiмелеп берген едi…

…Аулында жалғыз басты бiр жесiр ана болыпты. Оның Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы бар екен. Жалғыз ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, алақанында аялап, мәпелеп өсiрiптi. Тентек баласын ана байғұс мектептiң үшiншi сыныбына барғанша арқасынан түсiрмей арқалап жүредi екен. Мұны ерсi көрген кейбiр ауылдастары:

– Айткүл-ау, дардай баланы арқаңнан түсiрмейсiң. Ертең ол басыңа көктас қоя ма? – дегенде, ана шiркiн:

– Бұл – жалғандағы жалғызым ғой менiң. Құлынымның аяғына сыз өтедi. Арқаласам мен арқалаймын. Сенiң нең кетiп барады, әдiреқалғыр?! – дейдi екен жарықтық.

Баласы ержетiп, әскерге алынып, екi жыл Шығыс Германияда азаматтық борышын өтесе керек. Әскерден жалғыз келмей, сол жақтың бiр талдырмаш Катя атты немiс қызын iлестiре келiптi. Анасы ұлының бұл тiрлiгiне қабақ шытпай:

– Балам бақытты болса, болды маған. Ұлтына қарап терiс айналып, кеудесiнен қақпайын келiнiмдi. Өзге ұлттан келiн түсiрдiм деп мен өкiнбеймiн. Елге той жасап беремiн, – деп аңқылдаған күйi ел-жұртының басын қосып, жиған-тергенiн дастарқан жайып, дүркiретiп үлкен той өткiзедi.

Содан бiр жыл өткенде ұлы:

– Шеше! Бiз Катяның төркiнiне бiр-екi жетiге қонаққа барып келелiк. Сiз көңiлiңiзге алмаңыз, – деп анасынан рұхсат сұрап, әйелiмен екеуi шет ел асып кетедi. Сол кеткеннен олар хабарсыз кетедi, тек екi айдан кейiн ”Апа, бiз осы жақта қалуды жөн көрдiк. Шешiм солай болды. Ренжiмеңiз. Хабарымызды үзбеймiз,”- деген хат келедi. Бұл хабардан соң қарт ана бүк түсiп, күйреп, бiраз күн үйiнен шықпай, көңiлсiз жүредi. ”Yш күннен кейiн көрге де үйренесiң”– деген емес пе қазақ. Бұл да болған iске көнедi. Маңдай терiн тамшылата жүрiп өсiрген баласының бұл тiрлiгiнен түңiлмейдi, терiске жорымайды. Сөйтедi де күнделiктi күйбiң тiрлiгiн жалғастыра бередi.

Қорадағы малына тимей: ”Жалғызымның малы ғой. Ертең Катя келiнiм екеуi немерелерiмдi iлестiрiп келгенде солардың бiр кәдесiне жарар”, – деп қорадағы қойдың санын көбейте берiптi.

Сорлы ана баласын жетi-сегiз жыл күтiп, өле-өлгенше одан күдер үзбей, ақыры жүйке ауруынан көз жұмыпты. Ал жырақта, шет елде жүрген баласынан шешесiне бiр уыс топырақ та бұйырмапты…

Ойдан ой туады. Менiң ойыма осыдан сәл ертеректе ауруханада болған жан тебiрентерлiк тағы бiр оқиға түстi.

…Ауруханамыздың реанимациия бөлiмiне екi бүйрегi суыққа қабынып, қатты iсiнiп бiр жас жiгiт түстi. Бiздiң емiмiзге қарамай күн өткен сайын әлгi сырқаттың жағдайы төмендей бердi. Тексеруге жiберген анализдерiмiз жiгiттiң екi бүйрегi де семiп, өз қызметтерiн нашарлатқанын көрсеттi. Фосфор өндiрiсiнде бiраз жыл қызмет iстеген әлгi жiгiттiң бүйректерi уланған, суық тиген, зәр шығару қызметi күрт төмендеген. Астанадағы бiлiктi мамандармен хабарласып, кеңес сұрадық. Олар сырқат жiгiттiң бүйрегiн алмастыру керек екенiн, басқа еш емнiң әзiрше жоқ екенiн айтты. Соны естiген анасы, ботадай боздап, баласының өмiрiн сақтап қалу үшiн өз бүйрегiн бүгiн десе бүгiн, ертең десе ертең беруге дайын екенiн жеткiздi. Қайран ана баласы үшiн өмiрiн де қиюға дайын едi. Шiркiн, қалтқысыз, сергек, жарқын ана мейiрiмi, ағынан жарылар сезiмтал ана жүрегi, өлшемсiз де шексiз ана махаббаты! Ұрпағы үшiн шырылдап суға да, отқа да түсуге әзiр-ау. Қайран ана еңбегi немен өлшенедi? Ойланайықшы…

«Жәннат аналардың аяғының астында» деген нақылды бiлмейтiн қазақ жоқ. Бiрақ бұл сөздiң мағынасын зерделеп, терең мән бере бермейтiнiмiз өкiнiштi.

Бiр күнi ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

– Сiздiң жақын сахабаңыз әрi сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлiм төсегiнде жатыр, – деп хабар келедi.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкiр Сыдық пен Бiләл азаншыны (р.ғ.) жiберiп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкiр келiп, Алқамамен сұхбаттасқанда Алқама өзiнiң жайынан хабардар еттi. Алайда тiлiн кәлимаға келтiрiп, «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмады. Бұған таңырқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзi келiп көредi. Бар жайға қанық болған соң сахабаларына қарап:

– Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрайды.

Сахабалар:

– Әкесi ертеректе дүние салған, анасы болуы керек, – деседi.

– Анасына хабар берiңiздер. Егер келе алса, менiң құзырыма келсiн, келе алмаса өзiм барайын, – дейдi. Хабарды алған Алқаманың анасы:

– Пайғамбарымыздың алдына өзiм барамын, – деп Расулалланың құзырына келедi. Көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтiп барып, тiке Расулалла (с.ғ.с.) Пайғамбардың алдына келiп, сәлем бередi. Пайғамбарымыз одан: – Сiздiң балаңыз Алқама қандай бала едi? – деп сауал қояды.

– Балам жақсы, сiздiң маңайыңызда қызмет атқарады, – дейдi. Сонда Пайғамбарымыз:

– Жоқ, сiзбен мәмiлесi қандай едi? – деп қайта сұрағанда:

– Баламнан көңiлiм қалғаны қашан, бұны балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, – дейдi көз жасын тыя алмай. – Баламның сәби кезiнде әкесi дүние салды. Жесiрлiктiң тауқыметiн тарттым. Күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесi көзiн тiгiп, қабақ шытып қараса, жүрегiм шыдай алмайтынына сендiм. Балам өсiп, азамат болды. Үй болды. Бiрақ сол күннен бастап бар тәттi тамақты әйелiне тасыды, бар жылы сөздi әйелiне арнады. Осы жағдайларды көрiп, бiр үйде тұра алмайтынымды бiлген соң, жүгiмдi жинап, кетуге даярландым. Сонда балам: «Анашым, сiз менi бағып-қаққан едiңiз, ендi қайда барасыз?» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйiме жүгiмдi көтерiп, апарып бердi. Мiне, сол сәттен берi аналық мейiрiм-махаббатым бұл балама терiс болды…

– Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы жатыр. Разылығыңызды бiлдiрiңiз, – дейдi пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

– Разы емеспiн, – деп ана қайталайды. Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: – Отын жиыңдар да, үлкен алау жағыңдар! Анасын нариза еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көрiңiздер! – деп бұйырады. Сонда Алқаманың анасы:

– Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен жанайын, балама разымын, разымын, – деп бiрнеше рет қайталайды. Сол сәтте Алқама «Лә иләһа иллаллаһ» деп жан тапсырады. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Дүниенiң азап отына балаңыздың түсуiн қаламадыңыз, разылық бермегенiңiзде балаңыз мәңгiлiк тозақ отына түсер едi, – дейдi.

Мiне, осыдан-ақ дүниедегi ең қымбат жан ана мен әке екенiн аңғаруға болады.

Жаныңа жақын екi абзал жан дүниеден өткен соң оларға қара сойып, басын қарайтып мазар соғып, бейiтiн көтерiп, ата-ананың разылығын алдым, борышымды өтедiм деу – асқан қателiк, бекершiлiк. Нендей жақсылық жасасаң да көзi тiрi кезiнде жасау керек.

“Қуана бiлмегенге құт қонбайды, бағалай бiлмегенге – бақ тұрмайды” – деп қазақтың дарынды жазушысы Әбiш Кекiлбаев ағамыз айтқандай, анамыздың көзi тiрiсiнде ұлағаттап, құрмет тұтуды естен шығармай, олардың аналық ерен еңбегiне, мейiрлi мiнезiне әрдайым дер кезiнде тиiстi баға берiп отырсақ, қандай ғанибет, шiркiн!

Халқымызда ”Анаңды сыйла, анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла” деген аталы сөз бар. Қолыңнан келсе анаңды сыйла, оның көңiлiне қаяу түсiрiп, жанын жабырқатпа, ретсiз ренжiте көрме.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) 386-хадисiнде «Ата-анасын ренжiткендердi Алла Тағала жақсы көрмейдi. Әсiресе, ананың жолы бөлек. Ананың ақ сүтi адам баласы үшiн қасиеттi. Ананың өз балаларына «ақ сүтiмдi ақтадың» деуi үлкен бата» – делiнген екен.

Ал Төле би бабамыз әйелдiң қоғамдағы алатын үлкен орнын, тiптi отбасын, мемлекеттi нығайтудағы рөлiн ерекше бағалап, «Келiн ақылды болса, бала дана болады» деп халыққа ұран болатындай өсиет қалдырған. Жақсылық – жақсылықпен, жамандық – жамандықпен қайтатыны белгiлi. Сондықтан қашан да отбасы тәрбиесiне, отбасындағы сыйластыққа ерекше мән бергенiмiз жөн. Сонда ғана қазақтың бойындағы барша жақсы қасиеттерiмiздi қайта тiрiлтемiз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы