Бораш ШЕНСIЗБАЕВ: БIЗДЕ FЫЛЫМ ӨГЕЙ ҚЫЗДЫҢ КҮЙIН КЕШУДЕ
Бораш ШЕНСIЗБАЕВ: БIЗДЕ FЫЛЫМ ӨГЕЙ ҚЫЗДЫҢ КҮЙIН КЕШУДЕ
Бораш ШЕНСIЗБАЕВ, "Ғылым ордасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының директоры: Бiзде ғылым өгей қыздың күйiн кешуде
– Бораш мырза, жуырда "Ғылым ордасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының салтанатты ашылуы болып өттi. Жалпы "Ғылым ордасы" жайында кеңiрек тоқтала кетсеңiз, оның басты миссиясы не болмақ?
– Салтанатты шара "Ғылымның дамуы – елiмiздiң болашағы" деген форум аясында өттi. Форумда Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов, Ұлттық ғылым академиясының президентi Мұрат Жұрынов, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов баяндама жасап, ел ғылымының қазiргi жай-күйi мен болашағы туралы ойларын ортаға салды.
Шараға бес жүздей адам қатысты. Олардың iшiнде Ұлттық ғылым академиясының академиктерi, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерi, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi, сондай-ақ қоғам қайраткерлерi мен Парламент депутаттары қатысты.
Алқалы жиын "Ғылым ордасы" орналасқан Ғылым академиясының күрделi жөндеуден өткен сәулеттi ғимаратында ұйымдастырылды.
"Ғылым ордасы" туралы ғылыми жұртшылық жақсы бiледi. Ал көпшiлiктiң толық бiле бермейтiнiнiң жөнi бар. Өйткенi бiз салтанатты тұсаукесерiн жасамай тұрып, Кәсiпорын жайында баспасөз құралдары арқылы насихаттаған жоқпыз. Қазiр орайы келiп тұрғанда Ғылым ордасының тарихына қысқаша тоқталып өтейiн.
"Ғылым ордасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылдың 11 ақпанындағы № 84 қаулысымен құрылған. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Ғылым комитетiне қарайды. 2010 жылдың 25 мамырында ресми мемлекеттiк тiркеуден өттi. Содан берi ұйымдастыру шаралары шешiлiп, қазiргi кезде Кәсiпорын толыққанды жұмысын жүргiзуде.
Кәсiпорын Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бiрегей сәулеттi ғимаратында орналасқан. Кәсiпорын құрылымында "Орталық ғылыми кiтапхана" еншiлес мемлекеттiк кәсiпорны, сондай-ақ "Табиғат мұражайы", "Археология мұражайы", Сирек кездесетiн кiтаптар мұражайы", "Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы" қорларын топтастырған "Ғылым мұражайы" қызмет атқарады.
"Ғылым ордасын" құрудағы мақсат – Ұлттық ғылым академиясының мемлекет қамқорлығындағы сәулеттiк ескерткiш болып саналатын бiрегей ғимаратына иелiк етiп, ғылыми жұртшылықтың күш-қуатын бiр орталыққа шоғырландыра отырып, олардың ғылыммен айналысуына жағдай туғызудан туған едi. Осыған орай Кәсiпорын өз стратегиясын әзiрлеген кезде нақты миссиясын былай анықтады: Республиканың ғылыми жұртшылығын ғылым мен бiлiм саласын дамытуға шоғырландыра отырып, Қазақстан ғылымының тарихы мен жетiстiктерiн ғылыми бiлiм беру, мәдени-ағартушылық қызмет арқылы насихаттау, кiтапхана қызметiн iске асыру, ғылымның түрлi салалары бойынша мұражайлар құру және дамыту.
Қазiр бiз осында белгiленген мақсатқа сай жұмысымызды ұйымдастырып, қызмет атқарып келемiз.
"Ғылым ордасы" РМК ғимараты кешенiнде ҚР Ұлттық ғылым академиясы; 11 ғылыми-зерттеу институты; "Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейi" мемлекеттiк мекемесi орналасқан. Мәдени-ағартушылық бағыттағы шаралар өткiзетiн "Ғалымдар үйi" қызмет атқарады.
Кәсiпорын құрамындағы Орталық ғылыми кiтапханаға елiмiзде кiтап қоры жөнiнен тең келетiн кiтапхана жоқ. Онда 6 миллионға жуық кiтап бар. Ол елiмiздегi кiтапханатану, библиография, кiтап тарихы саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдiстемелiк жұмыстардың iрi ақпараттық-үйлестiру орталығы болып табылады. Ғалымдарымыз iздеген ақпаратын осы жерден таба алады.
Сонымен бiрге, Кәсiпорын жанынан елiмiзде тұңғыш рет "Ғылым мұражайы" ашылып отыр. Оның құрамында төрт мұражай бар: "Табиғат мұражайы", "Археология мұражайы", "Сирек кiтаптар мұражайы" және "Қазақстан ғылымы тарихының мұражайы". Соңғы екi мұражай алғаш ұйымдастырылып отыр.
Кәсiпорын ғимаратында төрт зал, "Қысқы бақ", сурет галереясы бар. Олар конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер өткiзуге, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағыттағы iс-шаралар ұйымдастыруға арналған. Бұлардың барлығы да ғалымдардың, iзденушiлердiң, жалпы жұртшылықтың игiлiгiне қызмет атқарады.
Тұжырымдап айтқанда әртүрлi идеялар мен тың жобалар туындап, iске асып жататын ғылымның ордасына айналмақ.
– Алдағы жоспарларыңыз қалай?
– Жалпы Кәсiпорынның қызметi төрт бағытта жүргiзiледi. Бiрiншi бағыт – ғылыми-зерттеушiлiк қызмет. Екiншi бағыт – мәдени-ағартушылық қызмет. Үшiншi бағыт – ақпараттық-әдiстемелiк қызмет және төртiншi бағыт – ғимарат кешенiне қызмет көрсету. Ендi осыларды тарата кетейiн. Қазақстанның ғылыми мұрасын жинақтау, сақтау, зерделеу және жан-жақты насихаттау; ғалымдарға, ғылыми-зерттеу мекемелерi мен оқу орындарына ақпараттық, ғылыми-әдiстемелiк кеңес беру қызметтерiн көрсетудi ұйымдастыру; кiтапханалық-библиографиялық қызмет көрсету; Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерделеу және сақтау мақсатында мұражайларды дамыту; кiтапханатану, мұражай iсi және ғылым тарихнамасы саласындағы ғылыми бағдарламалар мен жобаларды әзiрлеу және iске асыру; ғимарат кешенiне тиiмдi сервистiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету.
Бiрыңғай ғылыми-ақпараттық кеңiстiк құру; конференциялар, симпозиумдар, семинарлар, тренингтер, дәрiстер, тұсаукесерлер, шығармашылық кештер мен пiкiр алысу алаңдарын ұйымдастыру; ғалымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерi қызметкерлерiнiң ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыру; реферативтiк журналдар дайындау және басып шығару; ғылыми және бiлiм беру ұйымдарымен, кiтапханалармен және мұражайлармен халықаралық байланысты және ынтымақтастықты дамыту; кiтапхана қызметiн көрсету, кiтапханалық-библиографиялық бiлiмдi, оқу мәдениетiн насихаттау; кiтапханатану, мұражайтану және ғылыми тарихнама саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу; ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерiн әдiстемелiк-библиографиялық және ақпараттық-жарнамалық каталогтар мен мұражай альбомдарын дайындау және басып шығару; Қазақстан ғылымының тарихы, табиғат, археология, сирек кiтаптар мұражайларын құру және дамыту, сондай-ақ келушiлер үшiн аударма қызметтерiн көрсете отырып, экскурсиялар өткiзу; мұражай құндылықтарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын, есепке алуды және сақтауды ұйымдастыру.
– Бәрекелдi, алға қойып отырған мақсаттарыңыз биiк екен. Жалпы, Қазақстан ғылымының бәсекелестiкке қабiлеттiлiгi жайында не айтасыз?
– Бiз жақында Бiлiм және ғылым министрлiгiне үш жоба жасап ұсындық. Оның бiрiншiсi – академик Қаныш Сәтбаев туралы энциклопедия дайындау, екiншi жобамыз – "Қазақстан ғылымы тарихының шежiресi" деп аталады. Сонау Х ғасырдан бастап, қазақ ғылымының тарихының шежiресiн жасап, топтастырып, жаңа тарих жасауды көздеп отырмыз. Бұл еңбек 50 томға жоспарлануда. 51 томнан бастап жыл сайынғы ғылымдағы жетiстiктердi жылма-жыл шығарып отыру көзделген. Үшiншi жоба – қазiргi ХХI ғасырға сәйкес мұражайлар ашу. Бұл жобалар қазiр қаралу үстiнде, қолдау табады деген үмiттемiз.
Ендi ғылым саласында бәсекелестiк болуы үшiн кез келген ғылыми еңбек ғылыми тұрғыда сараптан өтiп, содан кейiн ғана тәжiрибеге жiберiлуi қажет.
– Қазiр Қазақстанның небiр майталман ғалымдары шетелде жүр. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмадiловтiң министр тағына отырысымен, шетте жүрген мамандарды Қазақстанға шақырғаны бар. Шетелдегi мамандарымыз Қазақстанда ғылымға қажеттi деңгейде жағдай жасалмаған дейдi. Жалпы, ғылымды коммерцияландыру үшiн не iстеу керек?
– Әрине, дағдарыс кезiнде бiраз ғалымдарымыздың шетке кеткенi рас. Орыс тiлiнде бiлiм алған жастардың 90 пайызы шетелде жұмыс iстейдi. Олардың басым көпшiлiгi – Америкада компьютер технологияларын жасап жатқан жерлерде жұмыс iстеп жатыр.
Бiрақ қазiр ғылымға деген көзқарас мүлдем өзгердi. Инновацияның барлығын да ғылыммен ұштастыру көзделген. Жақында "Қазақстанның ғылыми жетiстiктерi" атты көрме болды. Сонда да осы мәселе сөз болды. Бiздiң ғалымдар өз еңбектерiн, формулаларын "брендiмiз" деп атап жатты. Әрине, ол еңбек теория жүзiнде қалып қоймауы керек, ғылым өндiрiске еңбек етуi тиiс. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттiң де аянып жатпағанын айтуымыз керек. Айталық, қазiр iшкi жалпы өнiмнiң 0,25 пайызы ғылымға бөлiнуде, ал 2014 бұл көрсеткiш 1 пайызға жетедi деп жоспарлануда. Яғни қазiргiмен салыстырғанда 4 есеге дейiн артпақ. Айталық, 2010 жылы ғылымға бөлiнген қаржы 24,2 миллиард теңге болса, биыл 29 миллиард теңгеге жеткен. 2012 жылға арналған бюджет жобасында 54,5 миллиард теңгеге жеткiзу көзделген. Демек үш-төрт жылдың iшiнде ғылымды қаржыландыру деңгейiмiз алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер деңгейiне дейiн жетпек.
– ХХI ғасырды технологиялар ғасыры деп жатырмыз ғой. Ғылым дегенiмiз – машина өндiру, телефон аппараттарын ойлап табу, компьютер жасау және соған енгiзетiн түрлi бағдарламалар ойлап табу. Қамтитын саласы көп-ақ. Бiз бүгiнде шетелдiк өнiмдердi пайдаланамыз. Майкрософт өнiмдерiн пайдалануға бюджеттен қаншама қаржы бөлемiз. Ал қазақ тiлiнде дәл сондай өнiмдер жоқ. Бұған не дейсiз?
– Компьютердегi орыстiлдi өнiмдердi пайдаланатындардың саны 130 миллион, оған ТМД мемлекеттерiндегi тұтынушыларды қосыңыз, 250 миллионға жақындайды. Демек сұраныс жоғары. Ал қазақтiлдi өнiмдерге сондай сұраныс жоқ қой. Ешқандай пайда бермейтiн өнiмге ғылым бас ауыртпайды. Осы жағын да ескеру керек. Қазiр мемлекет бұндай бағдарламаларды тек саясат тұрғысынан ғана қаржыландырады. 15 миллион халық үшiн ғылым саласына 24 миллиард теңге бөлу дегенiмiз де — сол мемлекеттiң арнайы саясатының нәтижесi. Экономикалық тұрғыдан тиiмсiз жобаларды қаржыландыру, сөйтiп бәсекеге қабiлеттi мемлекеттер қатарына қосылу мемлекеттiң басты саясаты болып отыр.
– Ғылымды тәжiрибеге ұштастырамыз десек, белгiлi бiр жоғары оқу орнының жанынан зерттеу университеттерi ашылуы керек. Жоғары бiлiмдi ғылыммен қатар үйренген студент оны өрбiтiп, өндiрiске алып барады делiнедi. Биыл осы реформаға байланысты кейбiр жоғары оқу орындарының студенттерi шу да шығарды. Сiздiң бұған деген көзқарасыңыз?
– Жаңадан ашылған Назарбаев университетi көп үлкен шараларды мақсат етiп қойып отыр. Мәселен мұғалiмдердi қайта даярлықтан өткiзу. Мемлекет осы мақсатқа 2012 жылдан бастап, 5 жылға 340 миллиард теңге бөлудi қарастыруда. Сол зерттеу институттарына екi университет таңдалып, сарапталып алынбақ. Сосын сегiз университет ашылады. Сөйтiп саты-сатымен бiртiндеп, өте бермек.
Менiң ойымша, барлық деңгейде зерттеудi ұйымдастыра беру керек. Бiлiктi маман болу үшiн ол адамда дағды мен машық болу керек. Сондықтан ғылыми зерттеу институттары бiр университеттiң жанынан ашылса, жақсы болар едi. Ал жалпы жеке ғылыми зерттеу университеттерi ашылып, ол тек бiр саланың дамуына күш салатын болса, тiптi жақсы болар едi.
– Рахмет!
Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ