Жаңалықтар

КIРIПТАРЛЫҚТАН ҚҰТҚАРАТЫН ЖОБА

ашық дереккөзі

КIРIПТАРЛЫҚТАН ҚҰТҚАРАТЫН ЖОБА

Шiлде айында iске қосылады

Шардара су қоймасынан насос стансалары арқылы Достық каналына су айдау оңтүстiкте кейiнгi жылдары қолға алынған ең iрi жобалардың бiрi саналады. Оның басты мақсаты – мақта, жемiс, бау-бақша дақылдары өсiрiлетiн 86 мың гектар суармалы алқапты ағын сумен қамтамасыз ету. Бұл дегенiңiз – облыста "ақ алтынның" негiзгi өндiрушiсi болып табылатын Мақтаарал ауданындағы барлық егiстiк алқаптардың 68 пайызын құрайды. Әлеуметтiк маңызы жағынан ғасыр құрылысына айналған бұл нысанға мемлекет қазынасынан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiндi. Бүгiнгi таңда канал арнасын қазу, оның табаны мен қос қапталын бетондау жұмыстарының 80 пайызы атқарылған. Бас мердiгер "Құрылыс" ЖШС-i құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуда. Ал жалпы құрылысқа 22 қосалқы мердiгер ұйым, 212 арнайы техника,

2 бетон зауыты және 823 адам жұмылдырылған. Жуырда бiз нысандағы жұмыстардың барысымен арнайы танысып қайтқан едiк.

"Құрылыс" ЖШС-нiң директоры Қилыбек Тұрлыбектi қарбалас жұмыс жүрiп жатқан канал басында жолықтырдық. Жiгерлi жiгiт ағасының күнге тотыққан жүзiнен еңбек табы сезiледi, қимылы ширақ.

– Осы нысанға бөлiнген қаржының 11 миллиард теңгесi игерiлдi. Шардара су қоймасынан ұзындығы 13 шақырымдық канал тартылды. Оның енi 100 метр, ал тереңдiгi 10 метрге жетедi, – дейдi ол. Серiктестiк басшысының айтуына қарағанда, жерасты суының көтерiлуi жұмыс қарқынын арттыруға мүмкiндiк бермей отыр. Жер қазатын бульдозерлер 2 метр топырақ қыртысын алған соң, қалған жұмыс арнайы отрядтың үлесiне тиедi екен. Қазiр мұнда 10 техника тынымсыз жұмыс iстеуде. Арнайы отрядтар қазылған жерден сумен араласа шыққан құмды жағаға шығарады. Осының өзi де әжептәуiр күш-қажырды қажет етедi. Ал жобада бұл жұмыстарға қаржы қарастырылмаған екен. Жер асты суының күрт көтерiлу себебiн Қ.Тұрлыбек Шардара су қоймасындағы судың ернеуiне жетiп тұрғандығымен түсiндiредi. Қазiр артық су дарияға тасталып жатқан жоқ. Баяғыдай қауiп қылатын заман өткен. Көксарай су қоймасы салынғаннан кейiн көршi елдерге деген кiрiптарлықтан құтылып, Шардараны ернеуiне дейiн толтыруға толығымен мүмкiндiк туды. Айтқандай аталған су қоймасынан мақтааралдық диқандарға насоспен су беру жобасы да Көксарай су реттегiшiнiң арқасында мүмкiн болғанын айта кеткен жөн.

Жоба бойынша әрқайсысының салмағы 22 тонна болатын 12 қозғалтқыштың көмегiмен (двигатель) насостар су қоймасынан құбырлар арқылы 12 метр биiктiкке суды алып шығады. Оның көлемi — секундына 60 текшеметр. Бұдан кейiн су бассейнге құйылады. Қатты екпiнмен келетiн судың қысымына шыдас беретiндей бассейн бекем етiп бетондалыпты. Содан ары қарай ағын су ұзындығы 11 шақырымдық каналмен сорғы стансасына жетедi. Осы жерден ол 9 метр биiктiкке көтерiлiп, Достық каналына құйылады.

Нысандағы құрылыс жұмыстарын аяқтауды мiндетiне алған мердiгердiң екеуi — ресейлiк, қалғандары — қазақстандық. Мамандардың айтуынша, жұмыс күшi мен техника жеткiлiктi. Жұмысшылардың басым көпшiлiгi жергiлiктi жердiң тұрғындары. Орташа айлық жалақылары 50-120 мың теңге аралығында.

Бiр айта кетерi, су айдайтын стансаға Сарыағаш ауданының Абай елдi мекенiнен электр желiлерi тартылған. Су айдау машинасына 16 мың квт. трансформатор қойылмақ. Бұл жұмыстармен ақтөбелiк "Осака энерго" қосалқы мердiгер ұйымы айналысып жатыр. Соңғы жылдары Мақтаарал ауданында жарық тапшылығы сезiлiп жүрген едi. Нысанда өндiрiлетiн электр жарығы бұл мұқтаждықты толық қанағаттандырады деген сенiмдемiз.

Құрылысшылардың межесi бойынша аталған нысанды шiлде айында iске қосу жоспарланып отыр. Оған толық мүмкiндiк бар. Бас және қосалқы мердiгерлер, жеке шағын серiктестiк жұмысшылары өздерiне бекiтiлген тиiстi нысандардың жұмысын белгiленген кестеге сай атқаруда. Олардың орындалу сапасын тиiстi орындар ұдайы қадағалауда.

Елбасының тiкелей назарында тұрған нысанның тұсаукесерiне небәрi бiр айдай уақыт қалды. Бұл Мемлекет басшысының Мырзашөл халқына жасап отырған қамқорлығының тағы бiр көрiнiсi екенi айдан анық. Жаңа каналмен аққан ағын су сонау түкпiрде орналасқан егiстiк алқаптарға да тегiс жетiп, диқан қауымы су тапшылығын сезiнбейтiн болады. Шардара су қоймасынан насос стансалар арқылы Достық каналына су жiберу шаруаларға тиiмдi. Кiрiптарлықтан құтылудың төте жолы мақта, көкөнiс, бақша және басқа да дақылдардың өнiмдiлiгiн арттырып, берекелi өнiм жинаудың баспалдағына айналары сөзсiз. Ғасыр құрылысына баланған үлкен нысанның iске қосылуы — облыс тарихында маңызды оқиға болмақ.

С. ДҮЙСЕНБЕК