Жаңалықтар

ҚҰРАЛАЙДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

ашық дереккөзі

ҚҰРАЛАЙДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Гүлзина БЕКТАСОВА

Берiк бүгiн әдеттегiден сергек оянды. Таң рауандап келе жатқаннан атқа қонған. Жайылымдағы жылқыны бiр аралап, көзбен шолып шыққан соң, үйiне келiп таңғы асын iшуге отырды. Таңертеңгi асын қамдап жүрген апасы да баласының келетiн уақытын бағамдап қойса керек, ас-суын әзiрлеп қойыпты. Алдындағы ыстық сүттен бiр ұрттап қойып, ыстық нанды қомағайлана жеп жатқан ұлының тамақ жесiне қарап, анасы сүйсiнiп қарап қояды. «Алла Тағала, бергенiңе шүкiр» дейдi iштей. Балаларының көз алдында уайым-қайғысыз өсiп келе жатқанына «тәубә» қылмағанда қайтсiн. Берiгiнiң де қолына құрық ұстап, жылқы бағуға шыққанына көп болған жоқ. Жылқы десе, iшкен асын жерге қоятын Берiгi кiшкентайынан малға құмар, шаруақор болып өстi. Тау бөктерiнен жайылымдық жер алып, ауылдағы ағайыннан саяқ жүрудi әдетке айналдырған баласының тындырымды тiрлiгi анасының да көңiлiнен шығатын едi. Жылқысын тауға айдап салып, сиыры мен малын табынға шығарып, кешкiсiн өрiстен айдап келетiн бiртоға баланың тiрлiгi ұнамағанда қайтсiн?! Ағарғаны алдында, артығын қалаға апарып сатып, талғажу етедi. Құрты мен майына, iрiмшiгiне, қымызына қызықпайтын ел жоқ. Анда-санда ауылдан ат арытып, арнайы келiп, ағарған алдыртатындар да жетiп артылады. Күнделiктi күйбең тiрлiкпен тып-тыныш өмiр кешiп жатқан Сәлима ананың шырқы бiр күнде бұзылады деп кiм ойлаған?!

Берiк таңғы асын iшiп алған соң, тау бөктерiндегi малдарын бiр жайғап келейiн деген оймен сыртқа шықты. Далаға шыққан бетте, ауыл жаққа қарай көз қиығын тастаған. Күткенiндей бар екен, ауыл жақтан екi-үш қараның сұлбасы көрiндi. Тауды беткейлеп, желе-жортып келе жатқанына қарағанда, бағыттары тура осы маң сияқты. Алыстан қарауытқандардың кiм екенiн бiлгiсi келiп, есiк алдында бөгелiңкiреп қалды. Күткенiндей бар екен, келе жатқандар ауылдағы бiрге оқыған сыныптас достары Әдiл мен Бектөре болып шықты. Қолдарында қосауыз мылтығы бар, аттарынан секiрiп түскен екi досы анадайдан арсалаңдап, ыржиып, мұның мойнына асыла кеттi. Әсiресе Әдiлдiң екi езуi екi құлағында. Мұны түйгiштеп, арсалаңдап, алысып жүр. Екi дос алысамыз деп, үйдiң алдындағы көк шөпке бiр-екi рет аунап та алды. Досының бала сияқты аңғал қылығына бұл да мәз.

– Әй, Берiк, бауырым! Бұл не тұрыс? Жылқы бағып, сиыр қуалаймын деп жалыққан жоқсың ба, ей? – деп, анда-санда түйгiштеп қояды.

– Бүгiн мына досың аяқ астынан аң қуалағысы келiп, – деп Бектөре досының сөзiн түзеткен болды.

Үш достың бiр-бiрiмен табысып, алысып жатқандарын көрiп, анасы Сәлима ерiксiз жымиды. «Әй, баламысың деген. Бұларың не? Одан да үйге кiрiп, қымыз iшiп алыңдар» дедi.

– Ой, апа, берер қымызың болса, тезiрек берiңiз. Бiз асығыспыз. Күн қызбай жатып, тауға шығып алуымыз керек, – дедi Әдiл. Ананың берген бiр-бiр тостаған қымызын төңкере салып, үш дос шұғыл атқа қонды. Тауды бетке алып, аң аулауға шыққан үшеудiң арттарынан сүйсiнiп, Сәлима апа тостағанын ұстаған күйi үйде қала бердi.

Тау бөктерiн бөктерлеп келе жатқан үшеуiне iлкi сәтте аң кездесе қойсашы. Қоян атып, тиiн қуалап, құсқа мылтық көздегiсi келмегендерiнiң мақсаты – iрi аңды кездестiру. Қиқулап шауып, тау төбесiн жаңғырта ән салды ма дерсiң. Көптен берi кездеспегендiктен бе, үшеуi де сағынысып қалыпты. Бiр-бiрiн сөзбен қажап, ауылдағы сүйiктi қыздарын да бiр сәт еске салып өтiстi. Қарағайлы таудың арасынан сыбдыр еткен дауыс естiсе, елең ете қалып, құлағын тiгiп келе жатқаны Берiк қана. Үйiр-үйiр жылқы айдап, күндiз-түнi малмен күнелткеннен кейiн бе, тау мен тастың құпиясы бұған таңсық емес. Достарындай барқылдап, тауды жаңғыртып сөйлемейдi де. Көздегенiн қалт жiбермейтiн мергендiгi тағы бар. Қолындағы қосауыз мылтығын ыңғайлап, алдынан шыққан аң болса, баса салуға әзiр келедi.

Әдiлдiң гүр-гүр еткен дауысын басқысы келгендей, «тыныш-тыныш» дегендi сұқ саусағымен меңзеп, аузын басты. Алыстағы қарағайдың түбiнен сыбдырлаған дыбыс емiс-емiс құлағына шалынды. Iрi аң болмаса да, құралайдың осы маңда жиi кездесетiнiн өзi де жиi байқаған. Достарына мақтану үшiн бүгiн бiр елiк аулағысы келiп кеттi. Анасының үнемi «елiктiң киелi екендiгiн» айтып отыратынын бiлсе де, елiктi аулау қызығырақ көрiнген.

Құлағы алдамапты. Тысыр шыққан қарағайдың тұсында үш-төрт елiк қаннен қаперсiз жайылып жүр екен. «Татар дәмiнiң бүгiн таусылатынын» қайдан бiлсiн, елiк жарықтық жанындағы жауларының дәл қасына жақындап келгенiн де бiлген жоқ. Тура қасынан атқан қызық көрiнбес деп ойлады ма, кiм бiлсiн, Берiк аяқ астынан қиқулай жөнелдi. Оқыс шыққан дауыстан есiн жинап үлгермеген жануарлар қаша да алмады. Қосауыз мылтықтан шыққан оқтың дауысы бүкiл тау арасын жаңғыртып өттi. Тырағайлап құлаған құралайдың тұяқ серпуге де шамасы келмедi. Жалғыз бiреусiнiң ғана аяғын оқ жанап өткен сияқты. Шолақ аяғына қарамастан, үш аяқтап секеңдеп кетiп бара жатқан аңның соңына түскен Берiктiң есiл-дертi жемтiгiн сау жiбермеу. Жанарындағы мөлтiл жасы сорғалаған күйi ақсақ аяқтарымен елiк байғұс алдына түсiп жанталаса безiп барады. Бiрден атып салуға да болар едi. Бiрақ Берiктiң ойы байғұс жануарды әлi де болса, қинай түскiсi келдi. Тiршiлiктiң дәмi жануарға да қымбат екенiн сол сәтте Берiк аңғарған жоқ. Жазықсыз жануар өмiр мен өлiмнiң арасында жанталаса безiп келе жатты. Жарты сағат бойы жемтiгiн қуалаған аңшы ақырында қолындағы жалғыз патронмен құралайдың жанын қиды. Жануардың жанарының сұлуын айтсаңшы. Жанардан домалаған жалғыз жас сырғып келiп, мұның қолына тамғандай болды. Бағанағы қызық-думан, айғай-шудың бәрi адыра қалғандай. Жанардан мөлтiлдеп, қолына тамған жалғыз жас тамшысы мұның жүрегiн дiр еткiздi. Ештеңеден қорықпайтын, ештеңеден селк етпейтiн жүрегi неге дiр еттi?! Берiк бұл сәтте мұның мәнiн түсiне қойған жоқ. Елiктiң жансыз денесiн сүйретiп, еңiске түскен сәтте де бойын билеген жаңағы үрейден арыла алмады. «Бұл не сұмдық? Менiң жаным неге маза берер емес? Бойымды билеген не құдiрет?» деген сансыз сауал көңiлiн өрекпiтiп, тұрып алды. Анасы кешкi асын берiп, көр-жердi әңгiме қылып, шәй iшкенде де, бойындағы тылсым бiр күштен айрыла алмады. Не құдiреттiң бойын дел-сал қылып тастағанын бiлмейдi. Әлде қасиеттi, киелi аңның көз жасы ма екен?! Сол күнгi ұйқысы да мазасыз болды.

Таңертең ертерек оянған. Анасы «ауылға кетем» деген соң, кiшi iнiсiмен бiрге ауылдағы үйге шығарып салды. Таңғы асын жайланып iшiп бола салысымен, таудағы жылқысын бiр бағдарлап келмек оймен, атқа қонғалы отырған. Қайдан сап ете қалғаны белгiсiз, екi салт атты жоқшының мұның үйiне баса-көктеп кiрiп келмесi бар ма? Ауылдағы ағайынды жiгiттердiң сөзiнен ұққаны «жоқ iздеп» жүрген көрiнедi. Жоғалған жылқысының iздерi сайрап, мұның үйiн көрсеткен сияқты. Ай-шай деместен, бас-көз жоқ, мән-жайға қарамастан, қолдарындағы сегiз өрiм қамшымен мұның бас-көзiне сабалай жөнелдi. Бiрi – қырықтан асқан, ендi бiрi – отыз бестi еңсерген екi азаматтың қарулы қолдары қойсын ба, мұны аттың үстiнен жұлып түсiрдi.

Қол-аяғына тиген ауыр соққы есiн жиғызар емес. Бет-аузының да қан даласы шыққан. Қарулы жiгiттердiң соққысы қойсын ба, бiр ауыз сөздi айтуға мүмкiндiк бермедi. Тiршiлiк деген мұнша қымбат болар ма? Берiк оны сол сәтте ғана ұқты. Бұлай жата берсе, мына екеуiнiң әзiр басылар түрi көрiнбейдi. Жан-жақтан тиген соққылар жанын шыдатар емес. Демi тарылып, тыныс алуы да қиындап барады. Бет-аузын қармалап, қамшыны тигiзбеудiң әлегiмен құр жатқанымен, мұның бойында да намыс бар емес пе? Бұрқ етiп, қаны басына шықты. Қармалап жүрiп, төбесiнен төнген таяқтан әупiрiмдеп әзер құтылды. Сытылып шыққан бойда, үйге қарай төрт аяқтап, тапыраңдап жүгiрдi. Мұның бұл сиқына әуелде ағайындылар түсiнбей қалды. Қолдарына түскен жауын түтiп жеуге даяр тұрған жоқ iздеген жандардың бар арманы iздеген жылқысын табу ғана болатын. Сонда ғана жандары тыншитын сияқты. Екi көзi қанталап, бет-аузына тиген соққының орны удай ашып тұрса да, үйге кiрген бойда, тырмалап жүрiп, Берiктiң қолына iлiккенi қосауыз мылтығы болды. Ашудан ештеңенi көзi көрер емес. Қолына iлiнген мылтығын асығыс оқтай салып, қайта шықты. Есiк алдында тұрған ағайындылар да сол сәтте ненiң не болғанын ұққан жоқ. «Дүрс» ете шыққан ащы дауыс ауланы ғана емес, бүкiл тауды да жаңғырыққа айналдырды. Екi бiрдей атпал азаматты өлiм құштырған қанды оқиғаға куәгер тау мен тас қана. Бiр үйдiң арқа сүйер екi бiрдей ардақтысын осы аймаққа ажал айдап келдi ме екен, кiм бiлсiн?! Қолындағы мылтығымен жер қармалап, домалап құлаған Берiк не iстеп, не қойғандығын сол сәтте ғана ұқты. Дұшпан-ашудың соңына iлесiп, адам атамын деген ой мүлде болмапты. Көз алдына анасы, бауырлары оралды. Анадайда сұлап жатқан азаматтардың түрiне қарауға да көз қорқады. Ағайындылардың үлкенiн әке-шешесi әупiрiмдеп жүрiп, «өлдiм-талдым» деп көргенiн ағайындардан естiген едi. Жылап жүрiп көрген ұлдарының өлiмiне мұның кiнәлi екенiн бiлсе, ата-анасы қандай күй кешер екен?! Қыстығып шыққан Берiктiң зарлы үнiне бүкiл аймақ, тау мен тас қосыла боздап жатты.

Ауыл-аймақты дүрлiктiрген қанды оқиға сол күнi ел iшiн кезiп кеттi. Қолындағы мылтығын құшақтаған бойы Берiк ауыл учаскесiнiң есiгiн өзi қаққан едi. Кешеден берi жанын жай таптырмаған нәрсенiң не екенiн жаңа ұққандай. Жазықсыз жануардың обалына қалыппын-ау деген ой ендi ғана жанын жай таптырар емес. Анасы байғұстың «аңның киесi атады» дегендi не себептi жиi айтатыны ендi есiне оралды. Құралайдың киесi атқан екен ғой мұны. Елiктiң жанарынан түскен жалғыз тамшы жас осы бiр қайғыға көрiнгендей…

Екi бiрдей арыстай азаматынан қапияда айрылып, қаралы ауыл қалды. Жоғалған жылқы сол күнi-ақ өздiгiнен елге оралған. Қайдан келдi, қайда болды, оның сұрауын бiлген ешкiм жоқ. Бiрi – атып, бiрi – атылып, бiрi – өлiдей, бiрi – тiрiдей айрылып, арттарында аңырап аналары қалды. Бұл сәтте азаматтардың жарларын жесiр, шиеттей балаларын жетiм еткен Берiктi де өкiнiштiң уы жанын жегiдей жеп жатқан едi…