Жаңалықтар

Бiлiм беру: ЖАҢА ЖОЛДЫҢ БҰРАЛАҢДАРЫ

ашық дереккөзі

Бiлiм беру: ЖАҢА ЖОЛДЫҢ БҰРАЛАҢДАРЫ

Жаһандану заманы есiгiмiздi қаққалы берi әлемдiк бiлiм беру жүйесi де дендеп дами түсуде. Осы тұрғыда ұлттық бiлiм беру жүйесiн модернизациялау жағдайында шетелдiк озық тәжiрибелердi пайдалану мүмкiндiктерiн бағалау, ұлттық дәстүр мен ерекшелiктердi ескеру,бiлiм мазмұнын жаңарту, бiлiм беру жүйесiн басқару мен ұйымдастырудың тиiмдiлiгiн арттырудың жаңа жолдарын iздестiру секiлдi өзектi жайттар ерекше маңызға ие.

Отандық бiлiм беру жүйесiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн көтеру мақсатында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы Ресей, Беларусь, Қырғыз елдерiнiң және елiмiздiң белгiлi ғалымдарының қатысуымен "Бiлiм берудегi өзгерiстер: жаңа межелер мен басымдықтар" тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткiздi. Басқосудың секциялық отырысы барысында ұлттық бiлiм беру жүйесi мен ғаламдану үдерiсi, салыстырмалы педагогика контексiндегi бiлiм беру кеңiстiгi, бiлiм берудегi руханилық пен даналық, жаһандану мен бiрiктiру жағдайындағы бiлiм беру мазмұнын заманауи жобалау мәселелерi сөз болды. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның дамыған кезiнде жаңа парадигмалар жөнiнде де әңгiме қозғамау мүмкiн емес.

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президентi Асқарбек Құсайыновтың айтуынша, елiмiздiң бiлiм беру жүйесi әлемдiк озық тәжiрибелер мен тың үрдiстерге сусап отыр. "Дүниежүзiлiк орта бiлiм сапасын анықтайтын көрсеткiш бойынша, алдыңғы қатарлы 7 мемлекет бар. Оның көшбасында Финляндия, Сингапур мемлекетi келедi. Олардың бiлiм сапасының iшкi мазмұнына қарасақ, ең алдымен жастарға рухани-адамгершiлiк тәрбие беруге мән бередi. Екiншiден, ұстазды тәрбиелеу – негiзгi мәселе. Қазiр ұстаз мәртебесiн, беделiн көтеруге байланысты жиi айтып жүрмiз. Бұл – өте маңызды. Мәселен Финляндияда бастауыш мектепте магистрлар сабақ беретiн көрiнедi. Ұстаздық мамандығын таңдаған жастардың құжатын оқу орнына қабылдамас бұрын, оның бойында педагогқа тән қасиеттiң бар-жоғы анықталады. Тек содан кейiн ғана бiлiм деңгейi анықталып, оқу орнына қабылданады екен. Тiптi жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн де мектепте қай деңгейде сабақ беретiндiгi де назарға алынған. Яғни бiз солардың бiлiм берудегi жаңа инновациялық даму жүйесiн қолдануымыз керек. Бұл басымдықтар мен жобалар бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында да кеңiнен айтылған", – дейдi Асқарбек Құсайынов мырза.

Сондай-ақ конференция барысында елiмiзде тұңғыш рет Мәдениет министрлiгi Тiл комитетiнiң тапсырысы бойынша жарық көрген "Орысша-қазақша-ағылшынша политехникалық сөздiктiң" (авторлары – М.Р.Түсiпбек пен А.Қ.Құсайынов) тұсаукесерi болды. Үш тiлде жарық көрген техникалық сөздiкте 78 техникалық саланы қамтитын 80000-нан аса техникалық терминдер мен сөз тiркестерi берiлген. Бұл сөздiктi жасауға 70 түрлi сөздiк пайдаланылған. Осыншама қомақты термин қоры осы уақытқа дейiнгi шыққан бiр де бiр сөздiкте қамтылмаған екен.

Конференцияда сөз алған ғалымдардың көпшiлiгi жаһандану заманында балалар мен жастарға адамгершiлiк тұрғыда бiлiм беру керектiгiне тоқталды. Негiзiнде 11 жылдық бiлiм жүйесi жалпы бiлiм беруге бағытталса, ал 12 жылдық бiлiм беру бойынша жастарды әлеуметтендiру жағына көңiл бөлiп, адами қасиеттерiн қалыптастыруға болады екен. Мәселен Ресей Бiлiм академиясының президентi Николай Никандров өзiнiң баяндамасында балаларды патриоттық рухта тәрбиелеуге байланысты пiкiрiн арнайы слайдтармен толықтыра түстi. Ол тiптi Ленин мен Сталиннiң суреттерi арқылы кiшкентай балғындардың жүрегiне отаншылдық рухты себуге болатындығын да тiлге тиек еттi. Бiз Ресей Бiлiм академиясының президентi Николай Никандровпен бiлiм жайында аз-кем әңгiмелескен едiк.

Николай Никандров, Ресей Бiлiм академиясының президентi:

БҮГIНГI ЖАСТАРДЫ ПАТРИОТТЫҚ РУХТА ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК

– Өз баяндамамда қазiргi Ресейдiң жастарын әлеуметтендiру мәселесiне тоқталдым. Бұл – бәрiмiзге ортақ мәселе. Менiңше, бүгiнгi жастарды адамгершiлiк, патриоттық рухта, Отанға деген махаббатын ояту арқылы тәрбиелеу керек. Әйтпесе еңбектiң бәрi еш кетедi. Қазiр жастар арасында өз-өзiне қол жұмсау деректерi көбейiп кеттi. Сол себептен оқушыларға тек адамгершiлiк тұрғыда бiлiм беру қажет. Бұл мәселе Ресейде де, Қазақстанда да маңызға ие.

– Бүгiнде Ресей Бiлiм академиясы немен айналысады?

– Бұрын бiз оқулықтың 80 пайызын өзiмiз шығаратын едiк. Қазiр мүлдем аз. Себебi бүгiнде нақты түрде оқулық шығарумен шұғылданатын арнайы ұйымдар мен мекемелер баршылық. Соның өзiнде де мектеп оқулықтарының 50 пайызын Ресей Бiлiм академиясының мамандары дайындап, шығарады.

– Бәрiмiзге белгiлi, Ресей президентi Дмитрий Медведев орыс тарихының оқулықта шынайы түрде көрiнiс табуына байланысты тапсырма берген болатын. Бұл қалай жүргiзiлуде?

– Әрине, бұл мәселе қолға алынып жатыр. Бiрақ та бәрiн қайтадан жазып жатқан жоқпыз. Расында да, 1990 жылдардың басында тарихи құжаттар бұрмаланған болатын. Мұндай жаңсақ деректер оқулыққа да ендi. Ендi бiз осы олқылықты дұрыстағымыз келедi. Салыстырмалы түрде айтсам, Ресейге қарағанда халқы екi есе көп Америкада тарих оқулығын шығаратын баспалар аз. Тiптi бiр американдық оқиға туралы патриоттық мазмұнда жазылмаған оқулық таппайсыз. Екi оқулық алсаңыз, екеуi де осы сарында. Бiзде идеология сөзi айтылмайтын уақытта да отаншылдыққа, патриоттық рухта тәрбиелеу жүргiзiлiп отырған. Бұған жету арман болған кездiң өзiнде американдық ғалымдар мұны iспен көрсете бiлдi. Мысалы 1990 жылдардың мектеп оқулығында Эйзенхауер туралы жылы сөз көп айтылса, Жуков туралы ештеңе жоқ. Мiне, бiз төл тарихымызға осы есiмдердi қайта кiргiзiп жатырмыз.

– Бiзде талапкерлер сынақты ұлттық бiрыңғай тестiлеу жүйесi бойынша, ал Ресейде бiрыңғай мемлекеттiк экзамен (ЕГЭ) негiзiнде тапсырады. Ресейде де бұл жүйенiң аясында дау-дамай туындағанын естiп жүрмiз. Жалпы, осы сынақ керек пе?

– Бұл жүйе бәрiне ұнай бермейдi. Өзiм бұған екiжақты қараймын. ЕГЭ – бұл ресейлiк идея екенiн айтқым келедi. 1906 жылы "Просвещение" еңбегiнде ЕГЭ терминi айтылмаса да, сынақтың болуы не болмауы туралы идеясын ұсыну жайында жазылған. Бұрын мұны Ресейдiң әр губерниясындағы арнайы комиссия шешетiн болған. Яғни мектеп түлектерiнен бiрыңғай бағдарлама бойынша сынақ алу жүйесi бойынша идеяның негiзi сонда қаланды деуге болады. Алайда бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталып, идея жүзеге аспай қалды. Қазiр мұны тест ретiнде жасап жүрмiз.

– ЕГЭ жасай бередi деп ойлайсыз ба?

– Менiңше, ол бәрiбiр керек. Көп адамның үрейiн ұшырса да, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Бұл мектеп түлегiнiң жалпы бiлiм деңгейiн тексеру үшiн таптырмайтын сынақ. Бiрақ бұл сынақ мектеп пен ЖОО арасында негiзгi фильтр болмауы керек. Құдайға шүкiр, қазiр олай емес. Әрине, толықтырусыз, өзгертусiз ештеңе алға баспайды ғой.

– Жақында Ресей президентi Д.Медведев Пушкиннiң туған күнiн – орыс тiлi күнi ретiнде белгiледi. Бұл орыс халқының мерейiн өсiрген шығар…

– Көптеген еуропалық елдерде тiл күндерi бар. Тiптi мемлекеттiк тiлiн дамытумен айналысатын арнайы институттар да бар. Оған сол елдiң ең белгiлi тұлғаларының аты берiледi. Мысалы Германияда Гете институты бар. Осыған байланысты Ресейде де Пушкин атындағы орыс тiлi институты жұмыс iстейдi. Пушкин – орыс тiлi мен әдебиетiн Ресейге ғана емес, әлем кеңiстiгiне шығарған даңқты ақын. Ұлы ақын Пушкиннiң туған күнiн Орыс тiлi күнi ретiнде атап өту – кез келген орыс азаматы үшiн үлкен бақыт. Орыс тiлiн дамыту мен қолдану аясын кеңейту үшiн нақты шаралар қолға алынуда. Соның ең негiзгiсi – орыс тiлiн дүниежүзiлiк кеңiстiкке тарату.

Пальчик Геннадий Владимирович, Беларусь республикасының Ұлттық бiлiм институтының директоры:

БIЛIМДI ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ДА ИГЕРУГЕ БОЛАДЫ

– Қазiр бiлiм жүйесiндегi кез келген мәселе арнайы зерттеу арқылы, әлемдiк тәжiрибемен салыстыру арқылы жүзеге асады. Заманауи ақпараттық жүйе заманында бiлiм мен ақпаратты оқулықпен ғана емес, интернетпен де игеруге болады. Бiр мезетте жан-жақтан келген ақпарат ағыны қарапайым оқушыға да әсер етуi мүмкiн. Ақпараттың агрессивтi түрiнен қорқу керек. Сондықтан да оқушының виртуалды кеңiстiкте де бiлiм алуына жағдай жасау үшiн жұмыс iстеп келемiз.

Бүгiнде тәрбие жұмысы адамгершiлiк тұрғыда жүзеге асу керек. Бұрын жастар компьютер пайда болған кезде тек ойынмен отыратын едi. Қазiр интернет арқылы бiлiмiн жетiлдiрiп, әлеуметтiк желiлерге енiп, арнайы пiкiрталастарға қатыса алады.

Белоруссияның бiлiм беру жүйесi әбден қалыптасқан. Посткеңестiк кезеңнен берi бiр iзге түскен жүйеге ешқандай сын жоқ. Бiзге тек ақпараттық заманауи технология мен модернизациялау процесiн дамыту керек. Ұлттық оқулықтар мемлекет есебiнен берiледi. Бiлiм ұялары екi тiлде – беларусь және орыс тiлiнде бiлiм бередi. Белорусьтiлдi мектептердiң өзi 30 пайыз десек, оның iшiнде де орыстiлдi сыныптар бар. Тiптi бiзде поляк, литва тiлiнде де бiлiм беретiн бiлiм ошақтары бар. Жалпы алғанда, бiзде тiл мәселесi жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ