Жаңалықтар

«БЕРСЕҢ БЕР, БЕРМЕСЕҢ ҚОЙ БАСПАНАҢДЫ...»

ашық дереккөзі

«БЕРСЕҢ БЕР, БЕРМЕСЕҢ ҚОЙ БАСПАНАҢДЫ...»

«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды,

Өлеңнiң отын жағып жылытармын,

Өзiмдi, әйелiмдi, жас баламды…» –

деп жырлаған Қасым ақын да торыққан сәтте осылай қолына қалам алған шығар. Бұл – кешегi кеңестiң әңгiмесi едi. Ал бүгiнгi тәуелсiз қоғамда барша әлеуметтiк жеңiлдiктен тысқары қалып отырған мамандық иелерiнiң басында да сол қайғы, яғни баспананың мұңы, тiршiлiктiң тауқыметi. Олар кiм дейтiн де шығарсыздар?! Халықтың үнi, құлағы һәм көзi болған бiр-бiр газеттiң, бiр-бiр телеарнаның, бiр-бiр радионың отына күйiп, күлiмен шығатын тiлшi қауым.

Баспасөзде қалам тартып жүрген жалынды журналистiң, қоғамға аты мәлiм қалам иелерiнiң көбi қалада пәтер жалдап тұрады десе, ауылдағы ағайын сене қоймауы да ықтимал. Осындайда Қалағаң, қазақ сатирасының абызы Қалтай Мұхамеджанов айтты деген мына бiр әңгiме еске түседi.

«…Қалтай аға:

– Өзеке,– дедi байсалды кейiппен,– «Ара-Шмель» журналында қызмет iстейтiн қыруар журналистiң көз жасын жинап ем, екi бөтелке болды. Соны есiгiңiздiң алдына төгейiн деп ем, сiз тайып жығыла ма деп төкпедiм. Журналистер жарқын жүзбен жұмыс iстеу үшiн ең бiрiншi баспана керек. Бiзде Қажытай Iлиясов деген фельетонист… Өзi осында отырған болу керек. Қажытай, барсың ба? Осы Қажытай үй сұрап арыз жазғанда Сталин марқұм тiрi екен. (Жұрт ду күлдi)» деген екен. («Түркiстан», 28 сәуiр, №17)

Қалағаңның майдан қыл суырғандай етiп марқұм Өзбекәлi Жәнiбековке арыз-шағымды айта бiлуiнiң бiр үлгiсi едi бұл. Сатира сарбазының қалжыңға сүйенiп айтқан арызын ұққан басшының да кемеңгерлiгi шығар, сол жолы «Ара-Шмельдiң» журналистерi «өз үйi, өлең төсегiне» қол жеткiзiптi.

Мемлекеттiң сөзiн сөйлеп, идеологиясын насихаттап жүрген журналистердiң бүгiнгi әлеуметтiк жағдайы қалай? Тiлшiлердiң құқығы қалай қорғалып жүр?! Олар төрт қабырғаға зәру күй кешiп, қала орталықтарында пәтерден пәтерге сарыла көшiп жүр ме екен?! Осыны ойлаған жан бар ма екен бүгiнде?! Көкейiмiздi мазалаған сауалдарға жауапты журналистердiң өзiнен iздедiк…

– Журналистерге әлеуметтiк жеңiлдiк жасалу қажет деп ойлайсыз ба?…

Өмiржан ӘБДIХАЛЫҚ, журналист:

Қазiргi қоғамның қара нары қазақ журналистерi десек, артық айтқандық болмас. Олар қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, әлеуметтiк өмiрдiң жаршысы, жан айқайшысы. Әсiресе Тәуелсiздiктiң жиырма жылында қазақ журналистерiнiң барлық буын өкiлдерi егемендiктiң еңсе тiктеуiне өлшеусiз үлес қосты. Күнi бүгiнге дейiн қазақ баласы үшiн жақсы бiр iс iстелсе, соның астарында қазақ журналистерiнiң еңбегi жатыр. Алаш сөзiнiң туын жықпай, о бастағы ел қамының, жұрт күйiнiң жақтасы мен арашасына айналған қазақ баспасөзi өз жолынан айныған жоқ. Қазақ жерi, қазақ мәдениетi, қазақ саясаты, қазақ байлығы, қазақ мүддесi, тұтас қазақ болашағы… Қысқасы, cөз майданындағы қазақ журналистерi қара орман халқымыздың пайдасына iс болуына мұрындық болып келедi.

Ал осы уақыт iшiнде қазақ журналисiнiң халi қалай деп сұраған бiр жан болды ма?! Әй, қайдам?! Сауал қарапайым көрiнгенiмен, қорғасын салмақты. Себебi азаттық пен Алаш жұртының қам-қарекетiн, ар-ұятын, абыройын жазса қаламынан, ойласа жадынан шығармай жүретiн әрiптестердiң денi үлкен шаһарлардың шет жағындағы жалдамалы қараша үйлерде күнелтедi. Журналистердiң жағдайына көз қырын салар жергiлiктi билiктi көрмедiк. Тiптi журналистер күнi деп аталатын мерекенi осы айдың соңғы демалысына қоя салған. Мұның өзi журналистиканың қадiрiнiң қаншалық екенiн айғақтаса керек. Әлбетте, билiк пен қоғамның орыс тiлiне деген алабөтен «махаббатының» арқасында бiздiң ресми тiлдегi әрiптестерiмiз қазақ журналистерiнен әлдеқайда күйлi екенiн екiнiң бiрi, егiздiң сыңары бiледi. Ең бастысы – қазақ журналистерiнiң үй-күйсiз көшпендi өмiрi. Осы буынып, түйiнiп отыратын өмiр олардың жеке шығармашылығы мен жұмыс бабына кедергiсiн келтiрiп қана қоймайды, жемiсiн берер мәуелi шағын көрiнгеннiң босағасында жалтақтаумен өткiзуiне себеп болып отыр.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА, «Айқын» газетi Мәдениет бөлiмiнiң редакторы:

– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес журналистер бiр-ақ жағдайда баспаналы бола алады екен. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан пәтер алу үшiн бюджеттiк қызметкерлер, әскерилер, Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүгедектер және соларға теңестiрiлген азаматтар, жарымжан балалары бар немесе оларды тәрбиелеушiлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-анасынан айрылған 20 жасқа жетпеген қыз-жiгiттер, оралмандар, көп балалы жанұялармен қатар, толық емес отбасыларға арнайы жеңiлдiк қарастырылған. Яғни жесiр қалған немесе ажырасқан болсаңыз баспанаға мұқтаж азамат ретiнде өз құқығыңызға сүйенуге қақыңыз бар. Басқа жол жоқ. Сондықтан қолына қалам ұстаған ағайынға әлеуметтiк жеңiлдiк мiндеттi түрде жасалуы тиiс! Тiлшiлердiң мемлекеттiк көмегiнсiз өз бетiмен жер алып, үй салатын айлығы көп емес. Ең өкiнiштiсi, мемлекеттiң сөзiн сөйлеп, ұлттық идеологияны насихаттап жүрген төртiншi билiк өкiлдерi әлдекiмдердiң жапсарлатып салып тастаған коммерциялық лашығын амалдың жоқтығынан паналайтындығы. Соған қарамастан, елiм, жерiм, тiлiм дегенде өзегi тiлiнiп түседi. Елдiк рухты көтеруге келгенде журналистен асқан патриот жоқ. Басқаның баспаналы болуына мұрындық болып, өздерi пәтер жалдайтын әрiптестерiмнiң осы әрекетi кейде – күнi бойы кiсi тасып, кешке үйiне жаяу қайтатын көлiк жүргiзушiсiнiң кейпiн көз алдыма әкеледi. Жасыратын несi бар, өтiнiш айтып, көмек сұрап, әкiм-қаралардың есiгiн қаққың-ақ келедi. Бiрақ қай заңға, қандай құқығыңа сүйенесiң?

Осыған дейiн, нақтылай кетсем, жиырма жыл бойы билiк басындағылар бiздiң де жағдайымызбен санасып қалар деген тәттi үмiтпен, турасын айтқанда, есек дәмемен өмiр сүрiп келдiк. «Журналистерге әлеуметтiк жеңiлдiк қашан жасалар екен?» деп ойланып-ойланып болған сияқтымыз. Бiрақ бiздiң басымызға оңайлықпен бақ қонатын түрi байқалмайды. Ендiгi жерде бәрiмiз жұдырықтай жұмылып, тиiстi орындардың бiздiң де тiршiлiгiмiзге көңiл бөлуiн табанды түрде талап етуiмiз қажет.

Қазақтiлдi журналистердiң баспанаға өте мұқтаж екенi Елбасының құлағына жетсе, бұл мәселе мiндеттi түрде шешiлерiне сенемiн! Тек, осы сенiм жоғалмасын дейiк…

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ, «Дала мен Қала» газетiнiң тiлшiсi:

– Жуырда Ұлттық кiтапханаға барып, сонау алаштықтар алқалы топ құрып, қазақ ойын өргiзген «Қазақтан» берi қарайғы баспасөзге өзiмiзше көз жүгiрткенiмiз бар-тын. Бәрiн сүзбесек те, негiзгi мазмұны мен мәнi, тақырыбы мен айтар ойына барлау жасағандай болдық. Сондағы байқағанымыз, бүгiнгi қазақ баспасөзi әуелгi мақсат-мүддесiнен, ұлттың сөзiн сөйлеу үрдiсiнен, неге болса да ұлттық көкжиектен қарайтын қасиеттi қайнарынан адаспапты. Өткен ғасырдың басындағы оқиғалар мен бүгiнгi жағдай екi басқа болса да қазақтың мұңы бiр, сондағы ортаға тасталған мәселелер әлi де өзектi екен. Сол мәселелердi әр қырынан, әр түрлi деңгейде көтерiп, қоғамдық пiкiр тудырып отырған бүгiнгi қазақ басылымдары екенiн ашық айту парыз. Қазақ журналистерi басылып айтса да, жасырып айтса да, тiптi кейде асырып айтса да ұлттық танымнан, ұлттық мүддеден алшақтаған емес. Бiр ағамыздың «Қазақ басылымдары ұлттық партияның мiндетiн атқарып отыр» дегенi дәл айтылған сөз. Бәзбiреулердiң орыстiлдi басылымдардың iзденiсi күштi, батыл айтады, бадырайтып айтады деп көсемситiнiне таңым бар. Олар батыл айтса – билiктiң кемдiксана әсерiнен тек соларды тыңдайтындығында, бадырайтып айтса – жүректерiнiң көп нәрсеге ауырмайтындығында… Сондықтан қазақ журналистерiн әлеуметтiк қыспақтан арылту, ойы мен сөзiне материалдық қиыншылықтар кедергi келтiрместей жағдай туғызу – елдiк мiндет болуға тиiс. Қазiргi қазақ журналистерiнiң халi – Шерхан ағаша айтқанда, «Артқаны – алтын, жегенi – жантақ» күйiнде. Бұлай қазақ журналистерi деп бөле айтуымыздың себебi, қай тұрғыдан алсаңыз да, орыстiлдi журналистерден күн көрiсi төмен. Тiптi алатын жалақылары да олардан екi-үш есе кем екенiн қолына қалам ұстаған қауымның бәрi бiледi. «Тыңдалмаған сөз – жетiм». Бұл мәселенiң де айтылғанына, көтерiлгенiне бiраз жыл болса да, ешқандай нәтиже шықпағаны қынжылтады.

Гүлзина Бектасова