Жаңалықтар

Әшiрбек СЫҒАЙ: ӘРТIСТIҢ ОРНЫ – тойхана емес, театр

ашық дереккөзі

Әшiрбек СЫҒАЙ: ӘРТIСТIҢ ОРНЫ – тойхана емес, театр

Театрлардың кезектi мусымы жабылатын күн де алыс емес. Соңғы бiр жыл iшiнде театрлар қандай жетiстiктердi еңсерiп, қандай кемшiлiктерге жол берiлдi? Жалпы, қазақ театрларына не қажет? Көрермен талғамы әртiстер шеберлiгiмен тоғысып жатыр ма деген сияқты көкейдегi сан сауалға жауап табу үшiн белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығайды әңгiмеге тартып, ой бөлiскен едiк.

– Аға, бүгiнгi қазақ театрлары сахнасында нұсқаланып жатқан классикалық дүниелердiң қойылу деңгейi қандай? Қадiрiн асырамыз деп, керiсiнше беделiн қашырып алған жоқпыз ба?

– Классикаға дұрыстап мойын бұра алмай жүргендердiң қадыры қашуы мүмкiн. Ал классиканың қадiрi ешуақытта қашпайды. Өйткенi ол – сондықтан да классика. Классика деген – мәңгiлiк тағдыр тапқан, мәңгiлiк тарих тапқан рухани дүние. Әуезов, Мүсiрепов, Мұқанов шығармалары, әлем жауһарларынан Шекспир, Мольер, Шиллер, Брехт, Чехов туындылары – қашанда мәңгiлiк. Оларда кеңiстiк бар. Олардың шығармасын қалай қопарып, қазбаласаң да, қалай лақтырып тастасаң да, әйтеуiр бiр бөлiгi тулап, буырқанып, бусанып жатады. Кеңiстiк бар деп отырғаным – сол. Тақ-тұқ әңгiме емес, классикада молшылық бар. Өмiрдi тануда, өмiр құбылыстарын көрсетуде, адам мiнезiндегi қалтарыс, құбылыстарды, бұрылыстарды қалт жiбермеуде жоғарыда аты аталған классиктерiмiз кеңiнен көсiле жазған. Сондықтан классикада қай ұрпаққа болсын орын табылады, қай ұрпақтың талғамына болсын талшық болып даритын детальдар, штрихтар, ойлар, идеялар сыңсып тұрады. Ал осы жауһарларға өз деңгейiнде мойын бұра алмай жүрсек, ол – бiздiң замандастарымыздың осалдығы.

– Дегенмен, Әшiрбек аға, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылып жатқан "Абай" трагедиясы, "Еңлiк-Кебек" спектакльдерi көрерменiн неге сендiрмейдi? Басқаны айтпағанда, мен неге сахнадан өз Абайымды тауып, бала күнiмiзден жаттап өскен Еңлiк бейнесiне қарап тамсана алмадым?

– Қалың көпке бiрдей жағу қиын нәрсе. Ол – өте сирек болатын процесс. Барлығына бiрдей ұнау деген болмайды. Өйткенi әркiмнiң өзiндiк "менi", өзiндiк талғамы, қисыны, қабылдау жүйесi, қорыту деңгейi, мүмкiндiгi болады. Соған байланысты. Ал бiрақ бiр шындықты мойындауымыз керек. Ол мынау – соңғы қойылған "Еңлiк-Кебек" аса сәттi шыққан жоқ. Не актерлiк iрi образдар, не бiр режиссерлiк тапқырлық жоқ. Соны қырларынан келетiн, мәселенiң мәнiсiн дөп басатындай бiр ұшқырлық, жүйрiк қиял да көре алмайсың. Парасатты ой жоқ. Сол баяғы бiрсыдырғы, бiрқалыпты. Оның үстiне сценографиялық шешiмi де пәлендей жақсы емес. Мәселен Еңлiк пен Кебектiң қашып тығылатын үңгiрi – бiздiң символымыз, тарихымыз, тағдырымыз. Екi жасқа пана болған сол үңгiр Семей өңiрiнде әлi күнге дейiн бар. Қарай қалсаңыз болды, тұла бойды керемет бiр сезiм билейдi. Мiне, соны сахнада көрсетуге болмас па едi? Ал бұл қойылымда ойдан құрастырып, өздерiнше ойдым-ойдым бұлттар, бұлтық-бұлтық бояулар, қою-қою көрiнiстер жасаған. Ештеңе түсiнiп болмайсың. Қай жер, қай елдiкi? Күндiз бе, түнде ме? Оқиға өтiп жатқан жер – қай жер? Барлығы бұлыңғыр. Театр пейзажы, сценографиясы, декорациясы деген – ол әртiстерге көмектесуi керек. Бұл қойылымда декорация көмектесудiң орнына барлық мүмкiндiктерiн ұрлап тұрған сияқты, сахна әртiстердiң ойын айшықтай түсуге қызмет етпей жатыр. Бұған дейiн де қазақ сахнасында "Еңлiк-Кебектiң" бiрнеше нұсқасы сахналанған. Егер одан асып түспесе, қайталап несiне қойдық? Режиссерге артық ақша төлеп шығындану қаншалықты керек? Жалпы, қайта қойғаннан кейiн жарқыратып, құйқылжытып жасау керек. Әйтпесе әуре болудың қажетi жоқ.

– Осы жерде актерлерге салмақ түсерi анық. Кейiпкер болмысына қарай актер таңдалса жақсы болар едi. Мәселен Д.Исабековтiң жақында тұсауы кесiлген "Жаужүрек" драмасын көрдiк. Әртiстердiң үш құрамын тамашалап отырып, тек Ерлан Бiләлдiң ғана ойынынан, болмысынан, дене бiтiмiнен толық болмаса да Балуан Шолақты көргендей болғанымызбен, қалған екi құрамда ойнаған Б.Айтжанов пен Е.Дайыровтың палуандығына сене алмай тарқастық. Осы тұрғыдан неге қарастырылмайды?

– Сөзiңнiң жаны бар. Иә, Берiктiң ойыны сәл күңгiрттеу, қимыл қозғалыс, iс-әрекетiнде кемшiлiктер, жетiспей жатқан тұстары бар және сахнада фактура деген болады. Мiне, осы тұрғыдан келгенде Балуан Шолақ бейнесiн кескiнi, келбетi дөп басып жатқан жоқ. Егер шынтуайтына келсек, Ерланның да құйқылжып тұрғаны шамалы. Бiрақ басқаларына қарағанда сәл тәуiрiрек. Қайтемiз ендi? Демек бұл – Балуан Шолақты, Қажымұқанды ойнайтын алпамса денелi әртiстердiң бiзде аздығы. Маман таңдауда театр басшылығына әлi де ойлану керек. Әртiстердiң көбiнiң даусы тенор, жiңiшкелеу болып келедi. Ал "Қырық алты пұт кiрдiң тасын, көтердiм Сентябрьдiң базарында" деп өлеңдететiн Балуан Шолақтың сахналық бейнесiнiң де осал болуға хақысы жоқ. Бiр пұтта он алты келi. Сонда қырық алты пұт қанша келiге тең екендiгiн есептей берiңiз. Атанның жүгiн көтерген атпалдай алып күш иесiн жаңағындай шидиген-шидиген актерлер ойнап жатса, әрине ол шындыққа қайшы. Өйткенi тарихтан бiз бiлетiн Балуан Шолақ тұлғасы басқа нұсқа да, сахнадан көретiнiмiз оған мүлдем кереғар келбеттер. Сол себептi де кейiпкерге сенiмсiздiк туады.

– "Жаужүректiң" сахналық қойылымына қалай баға берер едiңiз?

– Дулат Исабеков – өзi жиiлеу жазып, кенжелеп келе жатқан драматургияның жоғын жоқтап, орнын толтырысуға ат салысып жүрген азаматтардың бiрi. Қолынан келген шаруаларын iстеп жүр. Сол еңбегiне сай пьесалары қазақ театрларынан өзге, шетел театрларында да үздiксiз қойылып келе жатыр. Ал "Жаужүрек" – пьесалық нұсқасында қырықтан астам драматургиялық туындының арасынан озық шығып, алғашқы орынды иемденген шығарма болып табылады және оған Дулат Исабеков әбден лайық. Аталмыш пьесаның сахналануы да маған жаман әсер қалдырған жоқ. Кеңiстiгi, актрисалардың киiнуi, костюмi, декорациясы тамаша. Барды бар деу керек. Ол саған, болмаса маған ұнамады екен деп, әркiм өз көңiл-күйiнiң ауа-райына қараса, бiз ешуақытта жетiстiкке жетпеймiз. Ақылға салып, қиялда толықтырып, баста шамалы шайқап барып қарасаңыз, спектакльдегi кеңтыныстылықты жазбай танисыз. Актерлердiң ойыны, жүрiс-тұрысының бәрi де көкейге қонымды. Ояздың әйелiн нұсқалап жүрген Дәрия Жүсiптiң ойыны қандай ғажап. Мәскеулiк актрисаларды да көрiп жүрмiз. Солардан асып кетпесе, титтей де кем түспейдi. Интеллектiсi, мәдениетi, ойнау мәнерi барлығы сәттi шыққан. Содан соң цирктiң директорын ойнаған Бауыржан Манжiгiтов есiмдi актер қандай керемет характер, образ жасап жүр. Пьеса бойынша цирктiң директоры қызтеке болып суреттелген. Ал соны актер сахнада қалай әдемi бердi. Мiне, драмада осы сынды тәуiр-тәуiр шыққан образдар бар. Одан кейiн қойылымда Балуанның орыс қызы Татьянаны алып қашып кетiп, үш күн бойы тұтқында ұстап отырғанда, қолының ұшын да тигiзбеуi қандай азаматтық. Бұл – қазақтың жiгiтiне ғана тән iс. Егер Балуан Шолақ оспадарсыз, арсыз болса, онда қыздың болашағын таптап, аяқ асты етер едi ғой. Жоқ. Ол тиген жоқ. Бiрақ осы жердегi көңiлге қоныңқырамайтын жерi – оның айдалада тауды басына көтерiп ән салатындығы. Өзi қызбен бiрге қашып, тасада тау арасында тығылып отыр, ояз қызын iздеп шарқ ұрып, оларды әскерлерiн жiберiп iздетiп жатыр Ал Балуан болса әндi бар даусымен салады. Тау арасы жаңғырып, оны ұстап бермей ме? Қалың қол ұстап алып, өлтiрмей ме екен? Осы сияқты кейбiр логикалық қабыспайтын аздаған кемшiлiктерiн ескермегенде, жалпы қойылым, менiңше, кейiнгi кездегi спектакльдердiң iшiндегi көп пьесалармен салыстырмалы түрде қарағанда жiбi түзуi сияқты.

– Ал Ғалия образы ше? Балуанды тәнтi еткен Ғалия қойылымда шеттеп қалған жоқ па?

– Ол бейне драмада тек символдық түрде, елес ретiнде алынған. Бұл жерде режиссердiң ойлағаны – Балуанның Ғалиясы тек қиялында жүретiн әдемi елес, ұлы сағынышы iспеттi көрiнген. Татьянаны кездестiрсе де, небiр сұлу қыздарды әңгiме қылса да, Ғалияның бейнесi Балуанның үнемi көз алдында жүредi. Тiптi өз әйелi Балқаштың: "Ғалияға деген iңкәрлiгiң менен гөрi үстемдеу" деген қызғанышының себебi де осы ұлы махаббатпен астасып жатқан жоқ па?! Қалың әйелдiң iшiнде шырмалып жүрсе де, оның Ғалиясы өзгеше. Соған қарағанда "Ғалия" деген әндi бекер шығармаған болуы керек. Ғалияның образы маған ерекше әсер еттi. Өйткенi сахнада Ғалия Балуанның мәңгiлiк әнi iспеттi көрiндi.

– Ал әртiстердiң iзденiсiн қалай бағалайсыз? Сахнада штамп ойыннан аяқ алып жүре алмаймыз. Театрға қанша келсек те, үнемi бiр қойылымнан шыққандай әсермен қайтатынымыз нелiктен? Актерлердiң барлық спектакльде бiр дауыс, бiр қимылмен ойнауы көрерменiн әбден жалықтырып алғандай…

– Штамп деген – қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық, Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ. Актерлердiң көбiсi тiптi күле де алмайды. Демi қойылмаған. Әсiресе, жастар жағы күлуге өте шорқақ. Жылауды сұңқылдап барлығы шегiне жеткiзiп орындайды, ал күлуге келгенде тым әлсiз. Әртiске жылаумен қатар күлу де, қуану да, күңiрену де керек. Осы жағы жетпей жатады. Тағы да айтамын, штамп – дерт. Штампқа ұрынбаған әртiс саусақпен санарлық. Оның себебi не? Себеп – iзденбеушiлiк. Бұл – актердiң өзiн-өзi қамшыламауының, өзiне-өзi сын көзбен қарай алмауының салдары.

– Мүмкiн уақыт тапшы шығар…

– Тойға бармасын. Асаба болмасын. Артық жұмыстармен шұғылданбасын. Әртiс бабында болуы керек. Театрға шынайы өнер iздеп келген халықтың не кiнәсi бар? Көрермен ақша төлеп келдi, ол соған лайықты, соған тұратын қойылым көрiп, талғамына сай образдар тамашалап қайтуға толықтай құқылы. Сондықтан да сол талғамға сай ойын ойнап, шынайы шеберлiк қырын көрсету – әртiстiң басты қағидасы, мiндетi болуы керек.

– Аға, бәрi де тұрмысқа байланысты ғой. Егер театр барлық мүмкiндiгiн, толықтай жағдайын жасап, тұрмыс сұранысына лайықты жауап бере алып жатса, әртiс тойдан не алсын?

– Тiлiн тiстеп, аштан өлiп, көштен қалып жатқан әртiс жоқ. Қазiр театрдың маңына барсаң, сол әртiстердiң көлiгiнен аяқ алып жүре алмайсың, көлiгiңдi қоятын орын таба алмай әбiгерге түсесiң. Демек ол – тұрмыстың көрсеткiшi. Бұл алматылық театрлардың әртiстерiнiң жылауға қақысы жоқ. Телеарна, киностудия, той-томалақ қасында. Театрдағы Халық әртiстерiнiң айлығы жүз мыңнан асып жығылады. Жаңадан келiп, "ең аз жалақы алады" дегендерiнiң өзiне алпыс мыңның үстiнде төленедi. Рахман Омар, Ерлан Бiләл, Азамат Сұрапбаевтарының барлығы бiр-бiр бағдарламаны иемденiп, қазiр көгiлдiр экранның жұлдызына айналған. Оны тегiн iстеп жүрген жоқ. Еңбегiне сай ақша алады. Ал ақша – әлге қуат. Мiне, осындай бiресе театр, бiресе телеарнадағы түсiру жұмыстары, бiресе той-томалақ әртiстiң күн тәртiбiн қауырттандырып, спектаклiндегi кейiпкердiң iшкi жан дүниесiне үңiлуiне, болмысын ашу жолында iзденуiне үлгертпей жатады. Мұның салдары сахнада штамп рөлдiң көбеюiне алып келiп отыр. Егер облыстық театрлардың әртiстерi жыласа, орынды. Жалақылары өте төмен, орташа құны – он жетi-жиырма мыңды құрайды. Ол әртiстер де осы Өнер академиясын бiтiрген, олар да алматылық әртiстердей құрмет көруге хақылы. Бiрақ, өкiнiшке қарай, шалғайда жатқандықтан қастарында киностудия жоқ, телеарнасы, радиосы жоқ. Күнкөрiс жағдайлары бiздегiмен салыстырғанда әлдеқайда ауыр. Ал алматылық әртiстер жылай беруге құдайдан қорқып, елден ұялуы керек сияқты.

– Бәлкiм осы себептер шығар, бүгiнгi көрерменнiң кезiндегi Қаллеки, Әнуар Молдабеков сынды өз корифейлерiн әлi күнге таба алмай келе жатқандығы?

– Әрине, ол ендi басқа кезеңнiң адамдары ғой. Ол кезде әртiс тапшы едi. Маман иелерi аз болатын. Десек те сол сахнаның сара саңлақтарының өз саласына берiлуi, мамандықтарын сүюi мүлдем басқаша едi. Бұл өзi санаулы ғана толқындардың жағдайында кездесiп жататын құбылыс. Мұны зерттеу керек. Әйтпесе бүгiнгi бiздiң оқып жатқан академиялардың ешбiрiн оқымаған Қаллекилер өнердiң шыңына қалай көтерiлдi? Оқымай-ақ, тума дарынның арқасында нәзiк, психологиясы терең, тұңғиық образдарды қалай шегiне жеткiзiп сахналады? Және олар рөлдерiн ағылшын, орыс, өзбек деп талғаған жоқ. Кiмдi ойнаса да сол ұлттың өкiлi болып шыға келетiн. Сәбира апай грузиндi ойнаса грузинка, орысты ойнаса орыс болып айнытпай ойнады. Мәселен "Келiндер көтерiлiсiнде" Фармон бибiнi ойнағанда өзбектен аумайтын. Мұның бәрi ненi көрсетедi? Дарын қуатының мықтылығын және диапазонының кеңдiгiн. Ана рөлге салсаң да, мына рөлге салсаң да сүрiнбей өтетiн шаппайберлер болатын. Одан кейiн бұл кiсiлердiң өз-өзiмен жұмыс iстеу тәсiлдерi де тұрақты һәм өте жауапты едi. Қазiр қай әртiс қай уақытта өзiмен өзi жұмыс iстейдi? Барлығы селкiлдеп тойда жүр. Осы той деген дауыстарын да жеп бара жатыр. Көрерменге өздерiн қызықсыз етiп те алғандай. Өйткенi сахнадан да, тойдан да көретiндерi – сол әртiстер. Әсiресе әншiлер тойды бермейдi ғой. Кез келгенiн ал, барлығы тойдың белортасында. Сондықтан оның концертiне, қойылымына кiм барады? Кеше оларды тойда тойғанынша көрдi ғой. Осы жағынан ойлану керек.

– Сөз арасында "штампқа ұрынбайтын саусақпен санарлық қана әртiстер бар" деп қалдыңыз. Солардың аты-жөнiн атай аласыз ба?

– Мысалы Молдабековтерде штамп болған жоқ. Ал қазiргi әртiстерден атай алмай отырмын.

– Бекжан Тұрыс, Бахтияр Қожалардың ойыны ше?

– Бекжан Тұрысың да сол баяғы шал, кемпiрден әрi аса алмайды. Шал болып бiр-екi шаңқ-шаңқ етедi, содан кейiн ары қарай не iстерiн бiлмей ерiксiз бұрынғы ойындарына оралады. Оны режиссерлер де бұзып, әбден жан дүниесiн тонап, қанап бiттi. Тек шалға пайдаланады. Нағыз жiгiттi, батырды ойнайтын дер шағында шал болып жүрсе, онда Бекжан қашан серiнi, ұшқышты, қай уақытта ғалымды ойнамақ?

– Театр мәдениетiне келейiкшi. Бүгiнде қойылым басталып, шымылдық ашылып кетсе де, алғашқы антрактiге дейiн көрермендер кiрiп-шығып, ойды әбден бөлiп бiтедi. Бұған театр басшылығы тарапынан қандай да бiр тосқауыл қойылмай ма екен?

– Бұл ендi – көрерменнiң мәдениетсiздiгi, парықсыздығы. Конфеттiң қағазын шытырлатып, ұялы телефонмен сөйлесiп, қаңғырлап, күңгiрлеп, залда отырып алып: "Қамырын сала берiңдер!" деп айқайлайды кейбiр апалар. Бiр жерге қонаққа барайын деп отырғаны көрiнiп тұр. "Мен кiрiп кеттiм, сен қайдасың?" деп театрды басына көтерiп жатады және бiреуi. Содан соң алақ-жұлақ, сыбырлап сөйлесу басталады. Сахнада қайғылы жағдай ойналып, Мағауия, Айдар, Әбiштер өлiп, Абайдың қайғыдан қан жұтып отырған бейнесi сомдалып жатса, ысқырып, бар даусымен айғайлап қол соғады. Ол өздерiнше әртiске болысқаны, риза болғаны шығар. Мiне, осы – бiздегi көрерменнiң сиқы. Бұл – спектакльдiң психологиясына қарай икемделмеу, сахнада не өтiп жатыр соған бойұсынбау, илiкпеудiң салдары. Ол – көрерменнiң амбициясы, өздерiн өнерден жоғары қоюы. Әншейiн келе салған кейбiреулерi театрдың iшiн көрiп, балмұздақ жеп, кәмпит сорып қайтқанына өздерiнше мәз.

– Мүмкiн кiнә көрерменде емес, әртiстердiң өздерiнде болар. Кейбiр актерлердiң сыбырлап сөйлейтiндiгi соншалық, соңғы қатар мен балконда отырған көрермендердi былай қойғанда, алдыңғы қатарда отырып-ақ ештеңе ести алмай қиналып кетесiз.

– Әртiстерге бiресе "айғайлап сөйледi" деп ұрсамыз, бiресе керiсiнше "сыбырладың" деп уәж айтамыз. Бұл жерде әртiстiң шеберлiгi сынға түседi, ең бастысы сөйлеу техникасы мықты болуы керек. Бесiншi қатарға жеткен дауыстың, жиырма сегiзiншi қатарда отырған көрерменге жеткiзе алу жолында еңбектенуi керек. Алайда оған тек әртiстiң емес, көрерменнiң де тiкелей әсерi бар. Егер көрермен жаңағыдай ысқырып, айғайлап отырса әртiс не iстейдi? Тағы да айтамын, көрермен тыңдауға икемделуi, көрермен мен әртiстердiң арасында өзара терең байланыс болуы керек. Әртiстер жағынан болсын, көрермен тарапынан болсын осы байланысты iздеу жағы әлi де нашар.

Әңгiмелескен Назерке ЖҰМАБАЙ