Жаңалықтар

IЛIМ IЗДЕУ – БIР ПАРЫЗ

ашық дереккөзі

IЛIМ IЗДЕУ – БIР ПАРЫЗ

"Нұр-Мүбарак" Египет Ислам Мәдениетi университетiнiң ашылғанына – 10 жыл. Осы уақыт аралығында "Нұр-Мүбарак" университетi дiни сауаты терең, иманды жастарды тәрбиелеп шығаруға көп еңбек сiңiруде. Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы (ҚМДБ) құрылтайшылық ететiн оқу орны кейiнгi ұрпақтың жат дiни ағымдардың жетегiнде кетпесi үшiн жан-жақты бiлiм беруге тырысып келедi.

"Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениетi университетi – Египет Араб республикасы мен Қазақстан үкiметтерi арасындағы келiсiмге сай дүниеге келдi. Келiсiмге сәйкес, екi елдiң үкiметаралық шешiмiнiң негiзiнде университеттiң бағытын анықтап, басқарылуын қадағалап отыратын "Қамқорлар кеңесi" жұмыс iстейдi. Осы кеңестiң келiсiмiмен жарғы түзiлiп, университет 2001 жылдың қыркүйегiнде ашылған едi. Жалпы, "Нұр-Мүбарак" университетiнiң оқу процесi Қазақстанның оқу ережелерi стандарттарына сай жүргiзiледi. Оқу орны бiлiм мәселесi жөнiнен Бiлiм және ғылым министрлiгi алдында жауапты болса, ал дiнге байланысты мәселе туындаса, тiкелей ҚМДБ-ға бағынышты. Өйткенi "Нұр-Мүбарак" – елiмiзде жоғары бiлiмдi имамдар, исламтанушы ғалымдар дайындайтын бiрден-бiр оқу орны. Заман талабына лайықты дiнтанушылар, араб тiлi мен әдебиетi оқытушылары, аудармашылар, аймақтанушылар да осы оқу орнынан тәлiм алады.

Кеңестiк кезеңде елiмiзде "Исламтану" мамандығын оқытатын бiр де бiр бiлiм мекемесi болған жоқ. Соған байланысты "Нұр-Мүбарак" университетi "исламтану" мамандығы бойынша кемелдi кадр дайындауды өзiне мақсат тұтты. Алғаш рет исламтанушы, имамхатыб мамандарын дайындау iсi қолға алынып, төрт жылға арналған оқу жоспары бекiтiлдi. Құран Кәрiм, хадистану, фиқһ, уағыз-хатыб сынды пәндерге көп сағат берiледi. "Нұр-Мүбарак" университетiнiң проректоры, профессор Шәмшәдин Керiм мырзаның айтуынша, бұл — "Исламтану" мамандығы бойынша Орта Азия, қала бердi ТМД көлемiнде терең бiлiм беретiн оқу орны. "Бiз шәкiрттерiмiздi талапкер кезiнде жан-жақты тексерiп қабылдаймыз. Жат пиғылды талапкерлер алғашқы сынақтан өтiп кеткеннiң өзiнде кейiн бiртiндеп оқу процесi кезiнде белгiлi болады. Бiзде ондай шәкiрттердiң дiни бiлiм алуына жол жоқ. "Нұр-Мүбарак" университетi толықтай Имам Ағзам мазхабы бойынша бiлiм бередi. Бiз үшiн елiмiздiң тұтастығы маңызды. Ал елiмiздегi деструктивтi дiни ағымдар "Нұр-Мүбаракта" өз өкiлдерiн оқытқысы келетiнi жасырын емес. Себебi бұл дiни жоғары бiлiмдi куәландыру тұрғысында заңды диплом беретiн бiрегей оқу орны. Сондықтан да түлектерiмiз ҚМДБ ұстаған бағытпен оқып, ақидалық сенiмнен айнымайды", – дейдi университеттiң проректоры Шәмшәдин Керiм.

Айта кету керек, университетте араб тiлi, ағылшын тiлi, дiнтану мамандығы бойынша бiлiм беретiн қыздар бөлiмi ашылған. Мұны бiтiрген түлектер мешiттердiң жанынан құрылған курстарда, қыздар медреселерiнде оқытушы, тәрбиешi болып жұмыс iстей алады.

Бiлiм ордасында елiмiздiң белгiлi оқытушыларымен қоса, Египеттiң көрнектi исламтанушы ғалымдары мен араб филологиясы мамандары дәрiс оқиды. Египеттен келген ұстаздар Каир, әл-Әзһар, Александрия, айн-Шамс университеттерiнен жiберiлген. Бұл оқу орнында Қазақстан мен Египет мамандарының бiте қайнасып жұмыс iстеп жатқандығын аңғартады.

Дiни iстер комитетiнiң ұйымдастыруымен облыс орталықтарында өтетiн дiн тақырыбындағы ауқымды басқосуларда "Нұр-Мүбарактың" ұстаздары баяндама жасап, экстремистiк бағыттағы дiни ағымдарды әшкерелеп, оларға қарсы жасалып жатқан қоғамдық шараларға шама-шарқынша атсалысып келедi. Мұндай кездесулер студенттер арасында да сұрақ-жауап тәсiлi бойынша жиi өткiзiлiп тұрады.

Қазiр оқу орнында Қазақстандағы ислам мұралары мен жәдiгерлердi жинап, оларды айналымға шығару iсi басты нысанаға алынған. Осы мақсатта елiмiзден шыққан дiн ғұламаларының еңбектерiн кейiнгi ұрпаққа мирас ретiнде бiр арнаға жинақтау iсi – кезек күттiрмейтiн мәселе. Бұл қоғам үшiн, ертеңгi тарих үшiн құнды дүние болмақшы.

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ,

Жанболат ЕРКIН