ӘЛЕМДIК САУДА ОРТАЛЫҒЫН – АЗИЯFА
ӘЛЕМДIК САУДА ОРТАЛЫҒЫН – АЗИЯFА
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Халықаралық сауда орталығының тiзгiнi алдағы 40 жылда Солтүстiк Америка мен Еуропа емес, Азия және Африка елдерiне өтедi. Дамушы елдердегi тұтынушылық сұраныстың өсуi, экспорттық белсендiлiктiң артуы, тауар өндiрудегi жаңа талаптар ғаламдық экономикада бүгiнде қалыптасқан тепе-теңдiктi бұзуы мүмкiн.
Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстан тығырыққа тiрелген кәрi құрлық қаржылық қолдауға зәру. Бүгiнде еурошенеунiктер келешегi күңгiрт тартқан еуроаймақ, кейбiр елдер экономикасының дефолтқа ұшыраудың алдында тұруы, жұмыссыздық деңгейiнiң артуы, әлеуметтiк наразылықтардың күшеюi т.б. мәселелерге бас қатыруда. Құрамына 25 ел мүше Еуропалық Одаққа несие беруге қазiр Қытай ғана құлшынып отыр. Өткен жексенбiде ҚХР Мемлекеттiк кеңесiнiң премьерi Вань Цзябао Ұлыбританияға жасаған сапары барысында осы мәселеге орай ресми мәлiмдеме жасады. Бұған дейiн аспанасты елi Еуроодақтың жаңа мүшелерiнiң бiрi Венгрияға 1 млрд. еуро көлемiнде борыш беруге дайын екендiгiн жеткiзген едi. Қытайлар несие беруде белсендiлiк танытқанмен, батыстықтар әзiр сырдаң. Өйткенi, қаржылық тәуелдiлiктiң соңы қытайлық экспансияға ұласатынын бiледi.
Бұған дейiн батыстық бағытта дамыған әлемдiк сауда қазiргi кезде азиялық және африкалық аймаққа қарай ойысқан. HSBC тарапынан жуырда ғана жүргiзiлген әлеуметтiк сауалнама нәтижесiнде, жүздеген жылдар бұрын әлемдiк сауданың қыз-қыз қайнаған ордасы болған аймақтың Еуропа мен Солтүстiк Америкадан алыстап бара жатқаны анықталған. Кезiнде жер мен көктi тiтiреткен "алпауыт ел" мәртебесiнен айрылуға таяу Америка бүгiнде әлемдiк тауарлардың негiзгi тұтынушысы рөлiн сомдай алмай отыр. HSBC сарапшыларының пiкiрiнше, осы жайт Қытайдың жетекшiлiгiмен, жаңа "Жiбек жолының" пайда болуына жағдай туғызуы мүмкiн. Сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс, Африка мен Латын Америкасы арасындағы жаңа сауда жолдары дамыған елдердiң дамушы елдермен арадағы қарым-қатынасын әлсiретуi ғажап емес. HSBC бас экономисi Стивен Кинг: "Дамушы елдердiң экспорттық бағытын да осы сауда жолдары анықтамақ. Сыртқы және iшкi тұтынушылық деңгейi өскен сайын дамушы елдер сауданы еуропалық не америкалық нарықпен емес, бiр-бiрiмен жасауға көшедi", – дейдi. Әзiрге дамушы мемлекеттердiң экономикалық өсiмi дамыған елдерге жөнелтетiн экспортқа өте тәуелдi. Алайда экономикалық және қаржылық дағдарыстан есеңгiреп қалған батыстық нарықтың даму жылдамдығы әзiрге бәсең. Сарапшылар пiкiрiнше, қазiр Қытайдың басты сауда серiктесi АҚШ болса, ендi 20 жылдан кейiн оның орнын Үндiстан, Бразилия мен Ресей басады. Кейiнгi кездерi Бразилия мен Үндiстан өз тауарларын дамыған емес, дамушы мемлекеттерге көптеп экспорттауда.
Соңғы жылдары "америкалық доллар әлемдiк валюта мәртебесiнен айрылып қалуы мүмкiн" деген болжамдар жиi айтылып жүр. Доллар бағамының резервтiк валюта ретiнде пайдалануы сиреп бара жатқанын АҚШ-тың сауда саласындағы рөлiнiң бәсеңдеуiмен байланыстыратындар да бар. Оның үстiне, азиялық аймақтағы сауданың басым бөлiгi жергiлiктi валютада жүретiн болса, айналымдық валютаға юань пайдаланылуы бек мүмкiн. Сингапур мен Гонконгтағы азиялық қаржылық орталықтардың күш жия бастауы, мәселен олардың Токиодан да басым рөлдi атқаруы, Гонконг пен Сингапурдағы ақша ағыны дамыған елдер арқылы өтетiн қаражат көлемiнен әлдеқайда көп мөлшерде басым түсуiне сеп. HSBC сарапшылары дайындаған баяндамада Америка мен Еуропаға басымдық беруге еттерi үйренiп кеткендер үшiн азиялық және африкалық аймаққа қарай бет бұру ыңғайсыз болуы мүмкiндiгiн, бiрақ сонда да осы үдерiске бой үйрете беру керектiгiн айтқан. Мәселен осыдан екi жыл бұрын ғана контейнерлiк теңiз порттарының әлем бойынша алғашқы ондығында бiреуi ғана – Еуропада, бiреуi – Дубайда, сегiзi – Азияда (оның 5-еуi – Қытайда) болған. Ал осыдан 12 жыл бұрын 5 қытайлық порттың бiр де бiреуi әлемдiк ондықтан орын алмайтын едi. Бұл да азиялықтардың күш жинап келе жатқандығының дәлелi болса керек.
HSBC сарапшыларының дамушы елдердегi теңiз, темiр жол, әуе және электрондық коммуникация құралдарының даму қарқынын ескере отырып жүргiзген зерттеу жұмыстарында дүние жүзi бойынша 2050 жылға қарай Қытай – бiрiншiлiкте, ал Үндiстан үшiншi орында болатыны айтылған. Шикiзат пен көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұранысын Таяу Шығыс, Латын Америкасы мен Африка елдерi арқылы қанағаттандыруға мүдделi аспанасты елi инфрақұрылымдарын дамытуға қажеттi қаражат көлемiн көбейтуге күш салуда. Гонконг пен Суданды жалғастыратын порттарын, сондай-ақ Мьянме, Бангладеш, Пәкiстан мен Африкадағы порттарды, Колумбиядағы темiр жолдардың барлығын жалғастыруға белсене кiрiскен Қытай әлемдiк деңгейдегi монополистiң рөлiн атқаруды аңсайды. Үндiстанның көңiлiн алаңдатқан да осы жайт. Өйткенi б.д.д. 200 жылдары Хань династиясының басқаруы тұсында пайда болған Жiбек жолын қайта жаңғыртуды көздейтiн Қытай Үндi мұхитындағы күштер тепе-теңдiгiн өзгертуi әбден мүмкiн. Ал зерттеу жұмыстарында 1950 жылдардан бергi салыстырмалық тестердi пайдаланған HSBC сарапшылары сауда жолындағы кедергiлер жойылатын болса, 2050 жылға қарай "Үлкен бестiк" елдерiне бағытталатын қытайлық экспорт – 3 есеге, үндiлiк – 4 есеге, ресейлiк және бразилиялық 5 есеге дейiн артатын көрiнедi.