Жаңалықтар

ҮЗДIКТЕР – ПАТРИОТИЗМНIҢ ЖАРҚЫН ҮЛГIСI

ашық дереккөзі

ҮЗДIКТЕР – ПАТРИОТИЗМНIҢ ЖАРҚЫН ҮЛГIСI

Кез-келген елдiң спорт, шығармашылық, ғылым, мәдениет салаларындағы айтулы табыстары – болашақ ұрпақ үшiн өнеге, озық үлгi, ұстанар бағыт. Жастардың бойында Отанға деген сүйiспеншiлiк, мемлекетке деген құрмет сезiмi өз замандастарының әлемдiк бәсекелерде тұғырлы биiктерi арқылы даритыны да ақиқат.

2006 жылы қазан айында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХII сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың патриотизм тақырыбына тереңнен ой толғап, оны Тұлға жетiстiктерiмен байланыстырудың қажеттiгi туралы айтқаны есте.

"Ұлттың жетiстiгiн көрсететiн маңызы зор қазақстандық патриотизмге айрықша тоқталып өткiм келедi. Бұл – өз Отаныңа, туған жерге деген сүйiспеншiлiк, елiңнiң тарихы мен мәдениетiне деген зор құрмет, қоғам мүшесiнiң әрбiрiнiң қажыр-қайраты мен қоғамның бiрлiгiне деген сенiм. Бұл өткенге қатысымызды және бүгiн құрылып жатқан мемлекеттiң келешегi үшiн жауапкершiлiктi сезiну.

Бұл – әрбiр қазақстандықтың жетiстiгi үшiн қуана бiлу, өз салаң бойынша асқар шыңды бағындыруға талпыныс. Осы табысты әркiм өз Отанының игiлiгiне арнауы тиiс, оның әлемдегi имиджiн жақсартуға атсалысуы керек", – деген едi.

Мемлекеттiк саясаттың маңызды бiр бағыты – жастар саясаты екенi анық. Қазақ елiнiң жастары сапалы бiлiм алып, денсаулығын күтiп, түзу өсiп-жетiлiп, толыққанды адам болуы үшiн жағдай жасауға талпыныс бар.

Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елiмiздiң әрбiр азаматының жетiстiгi мен халықаралық деңгейде мойындалуы – барлық қазақстандықтар үшiн құнды капитал, мақтан тұтарлық жағдай. Олардың үлгi-өнегесi арқылы ұлттың рухын көтеру керек!" деген сөздерi араға уақыт салып, жүзеге аса бастады. Биылғы жылдың өзiнде, көптеген қазақ жастарының әлемдiк деңгейде аты шығып, елiнiң абыройын асқақтатты.

Сәуiр айында Прагада өткен 3-шi Халықаралық балалар-жасөспiрiмдер фестивалiнде қазақтың домбырасын ұстап шыққан Шыңғыс Батыров өнерiмен де, ұлттық аспапта ойнау шеберлiгiмен де көрермендердi тәнтi қылып, бас жүлденi жеңiп алды.

Спорттағы жас дарындар да басқалардан қалысар емес. Мамыр айының басында Дубайда өткен жасөспiрiмдер арасында мәнерлеп сырғанаудан өткен халықаралық жарыста қазақтың өрiмтал қыздары басым түстi. Алтын кубогты Қазақстанның 2011 жылғы мектеп оқушылары арасындағы спартакиададан жеңiмпазы Регина Глазман иеленген. Ал күмiс кубокты жеңiп алған Айза Имамбек Құрманғазының "Адай" күйiн ойнатып, мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсетiп, барша көрермендi дүр сiлкiндiрген көрiнедi.

Жалпы, он шақты мемлекеттен келген, жасы 18-ге толмаған 80-нен астам спортшылардың арасынан қазақстандық команданың шоқтығы биiк көрiндi. Олардың қоржынында бас-аяғы 8 алтын, 7 күмiс, 5 қола медаль бар. Осы жарыстың бас судьясы Л. Хьюмның: "Бұл – болашаққа жол салатын айтулы меже. Бiз алдағы уақытта қазақ спортшыларын басқа да халықаралық жарыстар биiгiнен көремiз деп үмiттенемiн. Олар өзiндiк бағдарламаларымен бiздi қазақ мәдениетiмен ауыздандырып қана қойған жоқ, айдынның мұзын да, бiздiң жүрегiмiздi де жiбiттi" деген сөздерiнде терең мағына бар.

Ал бұдан соң Краковта өткен шахматтан әлем чемпионатында қазақ оқушыларының мерейлерi үстем болып, үш алтын, бiр күмiс, төрт қола медаль иелендi. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан командасы бiрiншi орынға шықты.

Ақпан айында алыс АҚШ-та өткен NAGA күресi бойынша Солтүстiк Америка қауымдастығының биылғы турнирiнде екi жас өренiмiз үздiк атанды. 100 мың талапкер қатысқан әлемдiк сайыста ағалы-iнiлi Сәрсекеевтер GI Novice балалар категориясында бiрiншi және екiншi орынды жеңiп алған.

Ал математика пәнi бойынша өтетiн халықаралық жарыстарда қазақ жастарының үнемi жүлделi орын алып жүргенi белгiлi. Биыл да жас математиктер қоржыны алтын-күмiс медальдарға толы. Мысалы мамыр айының басында Румынияда өткен 18-шi Балқан математикалық олимпиадада Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күмiс, 2 қола медаль жеңiп алды. Бейресми есепте Республика 6-орынды иелендi. Бұл сайысқа 19 мемлекеттен 20 команда қатысқанын ескерсек, бұл жеңiстiң де оңай келмегенi түсiнiктi.

Кеше ғана мектептен түлеп ұшқан жас математиктер студент атанған соң да халықаралық жарыстарда Қазқстанның атын шығарып жүр. Лондонда өткен халықаралық математикалық олимпиадада "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты, 2-курс студентi Айжан Рымбек 130 талапкер арасынан үздiк шығып, бас жүлденi иемдендi. Жарыстың жеңiмпазы бұдан соң Математикалық қауымдастықтың вице-президентi қызметiне тағайындалды.

Бұл мысалдарды не мақсатпен келтiрiп отырмыз? Санамалай берсек, қазақтың талантты та талапты жастарының жетiстiктерi әлдеқайда көп. Оның үстiне, бiз келтiрген мысалдар соңғы екi-үш айдың нәтижелерi екенiн де ескеру керек.

Теодор Рузвельт: "Отаның үшiн өзiңдi өлiмге қиған маңызды-ақ, бiрақ өмiрiңдi Отанға арнаған одан да маңыздырақ" деген екен.

Бiз мысалға келтiрген жастар мен олардың басқа да талантты замандастары – осы қағиданы өмiрде жүзеге асырып жүрген жаңа заманның адамдары.

Шындығында, бұл жас өрендердiң әрқайсысы жеке талап-тiлегi мен қажыр-қайратына сүйенiп еңбек етсе де, олардың әрқайсысының жүрегiнде Отанына деген адалдықтың бары анық. Отанға деген құрмет, Ел келешегiне деген жауапкершiлiк оларды алған биiктерде тоқтамай, алға жылжи беруге жетелейдi.

Әсiлi, шынайы патриотизмнiң көрiнiсiн осы жастардың бойынан байқауға болар.

Олардың жетiстiктерi өз замандастарын және өзiнен кейiнгiлердi жақсылыққа, үздiк болуға ұмтылдырса, патриотизмдi насихаттауға қосылған үлкен үлесi де сол емес пе?!

Олардың әрбiрiнiң жеңiсi және әрбiр жеңiсi – Отанына тиесiлi, яғни Қазақстанның жеңiсi!

Көлбай ЖЕҢIС