Жаңалықтар

Софы СМАТАЕВ: ХАЛЫҚТЫ ҚАРАЛАҒАН – ҚАСИЕТIНЕН АЙРЫЛАДЫ

ашық дереккөзі

Софы СМАТАЕВ: ХАЛЫҚТЫ ҚАРАЛАҒАН – ҚАСИЕТIНЕН АЙРЫЛАДЫ

Белгiлi жазушы, ақын әрi драматург Софы Қалыбекұлы Сматаевтың «Елiм-ай» трилогиясы көпшiлiктiң назарына iлiнгенi қашан?! Зұлмат жылдардың трагедиясынан сыр шертетiн аталмыш шығарма роман-трилогияға айналып, оқырманының ықыласына бөлендi. Қаламгердiң қаламынан туған дүниелерiнен бөлек, Ұлт туралы, Ұлттық идея, Ұлттық сана төңiрегiнде айтып жүрген ойлары да көпшiлiктiң назарынан тыс қалмаған. Ешуақытта да қолынан қаламы мен қағазы түспеген Софы Сматаевпен ұлт туралы, әдебиет туралы тағы бiр әңгiмелесудiң сәтi түстi.

– Софы аға, сiз айтулы әрi аласапыран басталған күнi жарық дүние есiгiн ашқан екенсiз…

– Иә. 1941 жылдың 22 маусымында жергiлiктi уақытпен таңғы сағат жетiде туыппын. Сол күнi, дәл сол сағатта Отан соғысы деп айқұлақтанған дүрбелең басталыпты. Соғыс ала келдiм бе, жеңiс ала келдiм бе, ол арасын анықтар мен емеспiн.

Шiлдеханамда «ендi сауық-сайран сала алармыз ба?» деп қатарынан үш күн бойы тойлаған соң, майданға аттанған жетпiс жiгiттiң отызы отбасына оралмапты.

Есiмдi бiлгеннен берi сол отыз боздақтың айтылмай кеткен аманатына, орындалмай қалған арманына өзiмдi ғұмыр бойы борышкер санаумен келем.

– Сол туған ауылыңызда, әлгi боздақтар қимай қоштасқан алтын бесiк-мекенге биыл оралып барып, туған күнiңiздi тойлайтын шығарсыз?

– Жоқ, бара алмаймын. Өз өмiрiмде туған ауылымда да, ауданым мен облысымда да туған күнiмдi бiрде бiр рет атап өтпеппiн. Сол рәсiмдi биыл да бұза қоймаспын. Өйткенi менi әр дәрежедегi әкiм-төрелердiң ешқайсысы бұрын шақырған емес.

– Сонда сiздi мүлде елеп-ескермей ме?

– Солай тәрiздi-ау… Дегенмен туған халқымның аты-жөнiмдi естiгенде, құрметпен елең ете қалар iлтипат-ырзалығына сүйiнем. ТМД елдерi менi өз қаламгерiне балайды. Ал алыс елдер менi кiтаптарым арқылы жақсы таниды. Ал өз топырағымда… Қарағандыда күнi бүгiнге дейiн менiң бiр пьесам қойылған емес. Ал Мәскеу қойған. Бiздiң әкiм-қараларға менiң бар-жоғым керек те емес. Дегенмен өз жерлестерiңе өкпелеудiң ретi де жоқ. Мен туған топырағымның әр адамын бауыр санаймын. Олар менiң үлкен отбасымның ажырамас мүшелерi тәрiздi. Ал ағайын арасында өкпе де, түсiнiсу де, сағынысып қауышу да болып жатады ғой.

– Аға, сiз туралы кейде «журналист-тiлшiлерден де бойын аулақ ұстайтын көрiнедi» деген пiкiрлер де естiлiп қалып жатады. Оңашалануыңызға өзгеше бiр себеп бар ма?

– Оңашалана беруiмдi айтып, ақталмақ ойым жоқ. Өйткенi мен саясат дейтiн сығырға да, жоғарғылар мен төмендегiлердiң де тапсырма-бұйрықтарына елпелектеп қызмет етудi бiлмейтiн жанмын. «Өз iшiм қалағанды өз күшiммен тындыра аламын!» деген ұстанымымды сақтаумен келем. Сондықтан да болар тоғыз роман, он үш повесть, он төрт пьеса, он екi дастан, үш киносценарий, бес операның либреттосын, бiрнеше әңгiме, жүзден астам мақала жазыппын. Оннан астам елдiң жазушыларының шығармаларын аударып, ана тiлiмде сөйлетсем, өзiмнiң де шығармаларым он төрт елдiң тiлiне аударылып, өзге оқырмандарымның игiлiгiне айналды. Көп десе де, аз десе де, әдiл кесiгiн айтуды қасиеттi қауымымның тезiне салдым. Санын өзiм атағанмен, сапасын шiренген шенеунiктер емес, нағыз сарапшы, шынайы бағалаушы уақыт-қазы айтар әлi-ақ.

Жетпiске жеткендегi тапқаным: адалдығым мен қаламгерлiк әлсiздiгiм, билiксiздiгiм ғана. Сол себептi де ресми баспасөздерге жоламай, «Жас Алаш», «Дат», «Қазақстан», анда-санда «Свобода слова» газеттерiмен байланыс жасап тұрам. Менiң араласар басылымдарым осылар ғана. Мұнымды – жорналшыларды жақтырмаудан немесе өзiн аса данышпан санайтын кiсiкиiк мiнезiнен деп ұқпасаңдар екен. Мен өзiмнiң «оппозиционер» дейтiн бояуымның жастарға жұғып, олардың өмiрбаянына кiр келтiрмеуiн тiлеймiн ғой.

– Өмiрбаян демекшi… Сiздiң белгiлi қаламгер, көрнектi драматург екенiңiздi жұртшылық жақсы бiледi. «Жас Алашта» жарық көрген публицистикалық дастандарыңыз арқылы ақындық дарыныңыздан бiраз адамның, тiптi шенеунiктердiң де хабары бар. Ал сiздiң техникалық институтты бiтiргенiңiздi ешкiм сезбейдi де…

– Рас айтасың. Жазушы болсам деген арман ҚазМУ-да дәрiс тыңдатқан. Бiр жылдан соң ұлы Мұхтар Әуезовтiң ақыл-кеңесiмен инженерлiк оқуды Мәскеуде жалғастырғам.

Металлургтiк ғылыми жолдарым мен iздерiм «Серп и молот» (Мәскеу), Тула, Қарағанды металлургия зауыттарында, ҚР Ғылым Академиясында қалған.

Ақыры қаламгерлiк құштарлық Қазақстан Жазушылар одағының алтын қақпасынан енгiзiп, еншi белгiлеткен.

Сол еншiмдi көркейтiп қомақты еттiм бе, көмескiлетiп азайтып алдым ба, оның да төрелiгiн қамқоршым – халқым бере жатар.

– «Ән-шежiре. Зер салып тыңдасаңыз, жол таба алмай қиналған, қамалған жұрттың сырын бағар едiңiз. Сол именшек сырдан ақ сәуле аңсаған пақыр көңiлдiң мұңға бөккен үмiтiн аңдар едiңiз. Зер салып тыңдасаңыз, көкiрегiңе зорға сиып тұрған iңкәр сағыныштың тұла бойды шымырлата қайнатып, ғұмыры тарамайтын, тарқамайтын махаббатқа айналғанын пайымдар едiңiз. Ол махаббаттың сынық сүйем Туған Жерден нәр алып, жанарыңызға жылу боп үйiрiлген сәбилiк сезiмiңiзбен астасып, араласып, қаныңызға сiңiп кеткенiн ұғар едiңiз. Зер салып тыңдасаңыз, көкейкестi толғау саздан арғыдағы өршiл арманның өктеп жетiп, бүгiнгi қайсар тiлекпен қасиет бастауындай боп қытықсыз қойындасып кеткенiн түсiнер едiңiз…»

«Елiм-ай» атты роман-трилогияңыздан келтiрiлген бұл жолдар Сiздiң бүкiл шығармашылығыңыздың лейтмотивi, тiнi десе артық болмас-ау. Келiсесiз бе?

– Иә, «Елiм-айым» – менiң ғұмырлық негiзгi кiтабым. Оның бiрiншi кiтабы баспаға 1970 жылы тапсырылып, күншiл «достарымның» әрекет-арбауымен 1978 жылы әрең-әрең жарық көрiп едi-ау!..

– Осы кiтабыңыздағы кейiпкерлерiңiздi, олардың өмiр сүрген кезеңдерiн қалай сезiнiп, түйсiндiңiз?

– Тарих керуенiнде ерсiлi-қарсылы шұбырған халықтың бастан кешкен тағдырын елестету үшiн сол ұзақ өмiр көшiнiң қиялыңмен ең болмағанда не жолбасшысы, не кiрешiсi болуың қажет. Боздаған жүйесiнiң, жiгерлi даусымен ән салған жолаушысының, қаралы жоқтауымен аңыраған кейуананың қым-қуыт араласқан үндерiн естiп, алдаспанның жарқылынан от тұтатқан сарбаздың жанкештiлiгiн, қара қанжарды сәби жүрегiне кiрш бойлатқан жаудың озбырлығын көрiп, сезiп барып қаламға ерiк, сөзге еркiндiк, қиялға кеңiстiк беруге болар. Сонда кең жайылған Далаңның тұс-тұсынан көкке тiк шаншылған Таулары көз алдыңа зымырап жетiп, қазақ халқының бастан кешкен қайғысы мен қуанышына, өкiнiшi мен сенiмiне, күдiгi мен үмiтiне куә болғандығын айғақтар.

Халық тағдыры – оңай ашылар сыр сандық емес. Оны сарыла iздеп, терең зерттеп, әрiден бүгiнгiсiне дейiн көңiл көзiмен шолып өту керек. Сонда ғана бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның кешегiсiн де, көне кезеңiн де сезiне аласың.

– Софы аға, қазақтың ғана емес, елiмiздегi барлық ұлттың есiнде мәңгi сақталатын осынау кейiпкерлерiңiз сiзге қиын сәттерiңiзде демеу бола ала ма?

– Әлбетте. Олар – менiң жаным мен қаныма әбден сiңген жебеушiлерiм. Ал ендi бұрын қатты сыйлайтын замандастарымның көпшiлiгiнен әлдебiр себептермен қол үзiп алғанымды несiне жасырайын. Әрине, бақиға кеткендерi де бiраз. Өзiмдi дұрыс түсiнер өзектестерiм азайып барады.

Ал «Елiм-айдың» кейiпкерi – халық. Әр таптан, әр жiктен құралған өкiлдердiң денi – қарапайым диқан, тесiкөкпе малшы, ел бiрлiгiн жырлаған ақын, еркiндiктi қорғаған батыр. Өйткенi тарихты халық қана жасайтыны ақиқат. Олар кiндiгiмен байланған жерiн қасық қаны қалғанша қорғайды да, сақтайды. Тұс-тұстан бүгiнгiдей анталаған қорқау көршiлерiнен туған даласын анасынан да артық бағалап, бiр пұшпағын таптатпау үшiн жан аямай соғысқан. Жер – олар үшiн бүгiнгiдей тауар болмаған.

– Сiз романыңызды «Елiм-ай» деп неге атадыңыз? «Елiм-ай» ұлтымыздың қасiретiн айғақтайтын ән-гимн ғана емес, өмiрге құштарлық оятар жiгер гимнi де. Сiз солай ойламайсыз ба?

– Дәл айттың. Менiң эпикалық, эпопеялық шығармам тарихи оқиғалардың тiзбегi емес, ол роман-ән, роман-симфония. Өйткенi «Елiм-ай» әнi «Ақтабан шұбырындыда» босқан елдiң зарымен тараған. Алақұйындатқан желдiң суылымен жайылған. Көбiк шашқан көлдiң қара жартасты ышқына соққан толқынымен ұзарған. Менiң романымда алғаш нәзiк әуенiмен тiрiлген бiр ән бiрте-бiрте «Елiм-айға» ұласып, алыстан айбат атқызып келiп, жақыннан табыстырар көптiң құдiретi мен қуатын шақырар атойы мен ұранына айналған. Елдiктi ән жоқтап, ерлiкке ән бастаған. «Елiм-ай» бастаған!..

– Елдiк деп еңiреген жүрегiңiзден туған осы шығармаңыз шенеунiктердiң назарына iлiктi ме екен?

– Адами алғыс пен қолдау көрсету деген нәрселердi әзiрше мен олардан кездестiре қойғам жоқ. Ал үкiмет үлесiме тиесiлiнiң жартысын ұстатқан тәрiздi. «Құрмет», «Парасат» ордендерiмен, бiрнеше медальмен марапаттаған. Кiтаптарым – «әр жылдың үздiк шығармалары» аталып, бес рет Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылған едi. Өзiмнiң әрiптестерiм бес мәрте мұрттай ұшырды. Ызалы, ашулы, күншiл топтың, әсiресе талантты дейтiн қаламгердi аяқтан шалатын қастандығы – қазақтың бақталастық, қызғаншақтық дейтiн қасiреттi дертiмен сабақтасып жататынын неге бiлмейiн?! Ернiмдегiге таласып, иiнiмдегiнi жұлып алған ағаларым мен тұстастарымды аяушылықпен ғана еске алам. Өйткенi ешқашан да ар-намыстан аттап кеткен жерiм жоқ. Өйткенi адами-пендеден болмыс-құдiрет биiк те кең, адал да әдiл. Сол болмыс-құдiрет тағдырымды таланды еттi: табағымды асымнан айырмады, төмендегi басымды төрге де, төбеге де жетеледi.

Республиканың үш басшысымен iстес болдым. Димаш аға Қонаевтың адамгершiлiгiне, әдiлдiгiне әлi күнге сағынышты құрметпен бас ұрам. Қос дүркiн әрiптесiм Нұрсұлтан Назарбаевқа деген шынайы достықтың сыйлас көңiлi баяғыдай…

Ал Геннадий Колбин менi ұмытпастай болған. Өйткенi мен сол кездегi құдiреттi Бiрiншiге желтоқсандықтарды жақтап, өз пiкiрiмдi батыл айтып, қарсы келгенiммен мақтанайын демеймiн. Бiрақ Колбин және соның жандайшаптарының келеңсiздiгiмен келiспей, халқымның шын талантты ұлдарын жақтағаным үшiн, алғашқы боп жауапты партия қызметiн өз еркiммен тастап кеткенiм үшiн екi рет секретариатқа салынғанымды және сонда өз ұстанымымды қорғап қалғанымды кәдiмгiдей наразылық әрекетке балаймын. Ал бүгiн публицистикалық дастандарымда қаламгерлер бара бермейтiн, омыртқаңды опырып алар тақырыпқа батыл қадам басқанымды кей-кейде азаматтық ерлiкке де теңеймiн.

– Софы аға, бүгiнде қаламгерлiк кәсiп қорғансыз боп кеттi деп ойламайсыз ба? Өздерiнiң шығармашылық қаракетiн, халқының хал-жағдайын батыл қорғайтын қаламгерлер қаламақысыз қалай күнелтпек? Олардың бала-шағаларына ас-су қажет емес пе?

– Иә, шырақ. Бәрi рас. Қаламақысыз күнелтсек те, сол қаламның қаруымен-ақ өз айтар сөзiмiздi айтуға тырысып қалатынымыз белгiлi. Осы ойымды дәлелдеу үшiн мен «Бiз құлмыз ба, кiмбiз?» атты романымды көлденең тартамын.

Романның негiзгi идеясы – «Тоқырау» заманында ондаған жылдар бойы табынып келген билiк дейтiн идеалымыздың бет-пердесiн ашып, түп-төркiнiн айқындау. Ойдан шығарылған, қолдан жасалған «жұмақтар» мен «құдiреттер» ғұмырының ұзақ болмайтынын айғақтау. Бюрократияның өлшеусiз уәдесiне толы алдамшы тiрлiктiң елесiне қызыққан қарабайыр пенденiң сол тiрлiк ауанымен бойындағы бар асыл нәрiнен – үмiтiнен, сенiмiнен, iзгi ниетiнен жыртқыш тұлғаға айналғанын көрсету. Өйткенi негiзгi кейiпкердi қараулыққа, арамдыққа, қаталдыққа көндiрген – алмағайып заман қатыгездiгi. Әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң құтқармас қытымыр шеңгелi.

Осыларды мен романның алғашқы бетiнен-ақ көрсетуге тырыстым. Махаббат пен зұлымдықтың, пәктiк пен күнәһарлықтың, қала мен ауыл тiрлiгiнiң кереғарлығы, тайталасы – кiтаптың негiзгi көрiнiстерi. Өз кейiпкерлерiмнiң iшкi жан-дүниесiне енiп, соның жаңғыру не өшу динамикасын, өзгерiсiн, рухани өсу әлде өшуiн, ақиқатқа жетпек жолдағы қатерлi өткелдерiн, мiнез-құлықтарындағы психологиялық шарттылықтарын жан-жақты ашпақ болдым. Терең психологизмге баруым да сол себептi. Бас кейiпкерiм – Балтаны әртүрлi уақыттық, тұрмыстық, қоғамдық ситуацияларға сүңгiтiп отырып, оның рухани құлдырауының себептерiн, iшкi тiрегiнiң әлсiздiгiнен мещандықтың ұйығына, кiсәпiрлiктiң уысына түсiп кеткенiн иланымды жеткiзуге тырыстым. Осы романда мен тоқырау кезеңiнде жалпыадамзаттық принциптердiң бұзылуын, қоғамның рухани азғындауын, кейiпкерлердiң моральдық кедейленуiн, адал жандардың қуғынға, қырғынға ұшырауын, жоғарыдағылардың арасындағы сыбайластық пен парақорлықтың өсiп-өрбуiн, пайдакүнемдiк пен мансапқорлықтың асқындауын жария еттiм.

– Софы аға, қаламгердiң тiрлiгi де, тiршiлiгi де жазумен байланысты. Ұлттың болмысы, халықтың мұңын да көркем шығармаға арқау ететiн қаламгер. Қалам мен қағазды серiк етiп, көркем дүниеге бет бұрғаныңызға өзiңiзде өкiнiш сезiмi болмай ма?

– Рас айтасың, қаламгердi қаламынан ажырату – құсты қанатынан қайырумен бiрдей. Өйткенi оның тiрлiгi – қаламынан қағазына құйылар ой ұшқынында, сөз тiзбегiнде, сөйлемдер тiркесiнде. Мен қазiр денсаулығыма байланысты үстел шетiнде бұрынғыдай қаздиып отыра алмайтындықтан, төсекте шалқалап жатып алып, қол көтерерлiктей кiшкене ғана дәптерiме өлең жазуға машықтанып алдым. Өлең – өзегiңдегi мұңың мен шерiңдi, көңiлiңдегi күйiнiшiң мен сүйiнiшiңдi сүйреп шығарып, сырыңды сыртқа шашып қоятын еркiңнен тыс құдiреттi құбылыс. Шындықты жасырғың келмесе, әдiлеттi аттандап iздемей-ақ ақырын ғана iндетсең – онда өлең шiркiннен артық сырлас һәм мұңдасты таппайсың. Сол себептi де мен соңғы алты-жетi жылда бес томдай поэзиялық шығармаларымды жазып тастаппын. Оның дерт, серт, өрт, мәрт, өксiк, өкiнiш, күйiнiш тәрiздi тоғыз дастаным «Жас Алаш» арқылы оқырмандарыма, оның iшiнде тiсiн қайраған шенеунiктерге де жақсы таныс. Мен адалдық, әдiлдiк деген қыл үстiндегi қаламгерлiк тiрлiктен сәл де болса бұрыс аттап кетпегенiмдi кiмге де болса дәлелдей аламын. «Тап тартысы» деген шеңберден шыға алмады деп маған ешбiр сыншы мiн таға алмайды. «Елiм-айда» қарадан шыққан қанiшерлер де, төреден туған қасиеттiлер де бiршама шынайы суреттелген. Мен дер кезде ғана емес, бар кезде де халқымның алдында шындық, ақиқат дейтiн өлшемнен алшақтап көрген емеспiн.

Ал халық….

Орталық партия комитетiнде сектор меңгерушiсi болып iстеп жүргенiмде Колбинмен қатты ұстасып, екi рет секретариаттың талқылауына түстiм деп айттым ғой. Сонда менi қаралап баяндама жасаған үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Устинов маған да, халқыма да қара күйенi қалыңдатып жаққан болатын. Мен: «Устинов жолдас, әр халық, үлкен-кiшiсiне қарамастан – өзiнше ұлы, өзiнше алып. Халықты қаралаған жан қасиетiнен айрылады. Қаһарына ұшырайды, қарғысы атады. Альберт Александрович, сiз менiң халқымды «қаны сорғалаған ұлтшыл халық» деп қаралап тұрсыз. Айтпады демеңiз, халқымның қарғысы әлi-ақ табады сiздi!» дегем. Арада үш жыл өткенде Жазушылар одағының фойесiнде қу сүйегi ғана қалған Устинов менi бiлегiмнен ұстай алып: «Есiңiзде ме, сiз маған «халық – алып!» деп едiңiз ғой. «Халық қарғысы құтқармайды» дегенсiз. Тапты менi халқыңыздың қарғысы. Шекемнiң iшiндегi улы iсiк әкетiп барады менi. Көп ойланып, сiзден кешiрiм сұрасам, қазақ халқынан кешiрiм сұрайтындай сезiндiм. Сiз кешiресiз бе менi?» дедi. Қайтемiн кешпегенде. «Түсiнсең бопты. Халық бiрақ қуыршақ емес» дедiм.

Сол халықтың болмысы мен мұңы шығармаларымның мәңгiлiк тақырыбы. Сол халық – менiң тiрегiм, арқа сүйер тауым, бүгiлмес белiм. Ендеше саясат үшiн, идеологиялық есеп-қулық үшiн қазағымның барын өшiрiп, жоғын өсiрiп жазуды болмыс-тәңiр маңдайыма жазбапты.

Өкiнiш деймiсiң… Өкiнiш неге болмасын? Өнер адамы, әсiресе жазушы – бiрде дана, бiрде бала iспеттi. Жазғаны оқырманға жетiп жатса, айтқаны бұрынғыдай жұртшылықтың кеудесiне қонып, көңiлiне өтiп жатса, бұрынғыдай аудан-ауылды аралап, көпшiлiк қауыммен дидарласып жатса, жазушыдан қадiрлi жан, одан өтер құдiрет иесi табыла қояр ма? Сол құдiретi мен қадiрiнен айрылып, көптiң көңiлi түгiлi, көзiне де түсе алмай қалған бүгiнгi қоңторғай тұрмыстағы қаламгердiң көңiл-күйiн қай даналыққа телiрсiң. «Аш адам – ұрысқақтың» ақиқаттығы өкiнiшке ұрындырмай қояр ма? Суреткердi төменге тұқыртқан мынау заманымыз кiнәлi ме? Әлде басқа да себеп-сылтауы бар ма? Жетпiске келген менi анда-санда Елбасы мен Иманғалидан басқа iздейтiн әкiм-төрелердi кездестiрген емеспiн.

Жазушы қара сойылды қоқаңдап көтерген Батыраш бола алмайды. Болмайды да. Өйткенi шын жазушының бойындағы талант құдiретi – әлде болмыс, әлде тәңiр сыйлығы. Сондықтан да ол арамдық пен жалғандықтың ықпалына ерiп, ақты қаралап, қараны саралап бере қояды дегенге еш уақытта сенбеймiн.

Ал қаламгер болғаным үшiн өкiнбеймiн. Денсаулық сыр берiп жүр, әттең. Қаламгердiң қолынан қаламы түстi дегенше, тiрлiгiнен айрылды деу керек. Өйткенi қалам ұстау – жазушы үшiн ауа жұтумен, су iшумен пара-пар. Кейбiреулердей атақ-абыройды жылап жүрiп алудан да, сұрап жүрiп алудан да аулақ болу үшiн «Елiм-айдың» қазiр төртiншi кiтабын тиiп-қашып, өлең-әлемдi түртiнектеп тiзбелеп жүрмiн.

– Жалпы атақ, сыйлықтар, марапаттаулар жазушыға қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

– Жазушыны атаққа ұсыну, сыйлық иесi таныту, орден беру тәрiздi алдамшы тiрлiктi сонау мұртты көсем – Сталин ойлап тапқан деседi. Өйткенi қанша жерден азуы алты қарыс диктатор-көсем болса да елдiң тiлi, халықтың үнi болатын қаламгерден ол да қатты сескенген ғой. Сол себептi де қаламы жүйрiк, ойы ұшқыр, тiлi өткiр қалам қайраткерлерiне әртүрлi сыбаға үлестiрiп бiр қайырып алып, қолтығына қысып отырса, сол «сыбағаға» бiрiн-бiрiне айдап салып, жазушыларды қырқыстырып қоюды да сол сығырың ойлап тапқан көрiнедi. Сол келеңсiздiктiң, сол әдiлетсiз айқас-шайқастың ылаңы күнi бүгiнге дейiн шарықтап-ақ тұр. Ал осы көзбояу дүниелердiң (атақ, сыйлық, марапаттарды айтам) жазушыларға түкке де керегi жоқ. Өйткенi көз құртына айналған жылтырауық, жалтырауықтар жазушылар арасына iлiк түсiредi. Араздықты ұлғайтады. Топ пен тобыр ұйымдастырады. Азға-көптi, жекеге-топты қарсы салады. Соның кесiрiнен атақ пен сыйлық шын иелерiне берiлмей, пiкiр мен зiкiр ұйымдастырғыш, жер үстiндегi түгiлi астындағыны «көргiш», жоғарыдағы билiктiлерге өзi де, сөзi де өткiш пысықтардың қанжығасында кетедi. Осы ойымды өлеңмен аяқтайын…

Ақымды көп жiберсем де пендеге,

Өзегiмдi ұстатқам жоқ өңгеге.

Жұрт құмартқан тұлпар кiтап тудырып,

Талайлардан бұрын жеткем көмбеге.

Озғанда адам, озбыр тобыр бас салған.

Тозған заман тосқауылын тосты алдан.

Әкiм емес,

Ақынды ақын көре алмай,

Тұлпарымды ұрып жығып «өштi алған».

Қиянаттың ең жаманы – қызғаныш.

Үсiтедi ес-сананы мұз намыс.

Өсегiңдi кесек-кесек лақтырар

Күншiлдiктiң көрiгiнде қызған iш.

Қарсы алдыңда тұрса-дағы жасып-ақ,

Ту сыртыңнан түкiрiгi шашырап,

Көк иттерiн көмейiнен төгедi,

Көкiректiң қыжылымен асырап.

…Әкiм емес,

Халқым берген бағамды.

Жыртқызған жоқ жыртқыштарға жағамды.

Жүйрiгiмдi тағы қосам бәйгеге,

Тұяғына мықтап қағып тағамды.

– Бүгiнгi қоғамның көрiнiсiн суреттейтiн шығарма жазып жүргенiңiздi жұртшылық бiледi. Қоғамдағы келеңсiз жайттар сiздiң жаныңызға жай таптырмайтыны да көпшiлiкке жақсы таныс. Сiздiң аса ауыр операциядан шыққаныңыздан да көзi қарақты оқырман хабардар. Оқырмандарыңыздың бiрi ретiнде, сiздiң қамқоршыңыз – халқыңыз, сан мыңдаған оқырмандарыңыз – тiлекшiңiз дегiмiз келедi.

– Алла разы болсын! Әлi де ел үшiн еңбек етуге тырыспасам, солардың мұң-мұқтажын қаламым арқылы танытып, жалпақ жалғанға жар салып отырмасам, несiне қаламгер атанам. Бүгежiктеп бұғып қалсам, ол көңiлiндегi сенiмiнен айрылмаймын ба? Ал айрылмас үшiн бала-шағама кесiрiм тиедi деп көкейiмдегi шындықты көмейiме тығып қала алмаспын. Өйткенi менiң өмiрлiк нысанам – әр кезде де әдiлдiк үшiн, адалдық үшiн, тазалық үшiн жалғандықпен, жәдiгөйлiкпен мәңгiлiк айқаса беру. Айқаса бiлу.

Ал сатқындықты, жауыздықты негiзiнен түп-тамырынан жұлынғандар ғана жасайды. Мен өз ұлтыма, әдiлет аңсаған ұлтыма жан-тәнiммен сенем һәм бас ием.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА