АЛТЫНДЫ АҚША ОРНЫНА ЖҰМСАҒАН ЕЛ
АЛТЫНДЫ АҚША ОРНЫНА ЖҰМСАҒАН ЕЛ
«Джипаңгу жерiнде алтынның мол қоры бар. Бұл елдiң тұрғындары алтын шатырлы үйлерде тұрады. Үйдiң еденiне қалыңдығы екi елi болатын алтын төселген» деген сөйлемдердi «Марко Полоның саяхаты» деген кiтаптан оқыған еуропалықтар жапон жерiне ХҮI ғасырға дейiн, яғни аралдағы алтын кенi сарқылғанша көз тiгумен болыпты. Венециялық саудагер Марко Поло (1254-1324) «Джипаңгу деген — алтынның елi» деп аузының суы құрып суреттегенi сонша, кейiн Колумб та Атлантика арқылы Жапонияны iздеген көрiнедi.
ТАҢҒАЖАЙЫП ДЖИПАҢГУ
Бүгiнде «темiр-терсектен өзге түгi жоқ, қазба байлық атаулыдан жұрдай ел» ретiнде баршаға белгiлi Жапония ерте дүниеде Қытайды алтын-күмiспен қамтамасыз еткенi тарихи деректерден табылып отыр. IХ ғасырда өмiр сүрген Шығыс географы Ибн Хордадбек «Ваквак елiнде (Жапонияның көне бiр аты — Вакоку) патша сарайы тұрмақ, үйлерiндегi мүлiктер, тiптi иттерiнiң қарғыбауы да алтыннан екен» деп жазыпты.
Бүкiл Еуропаға таңғажайып ел ретiнде танылған Жапонияда ең алғаш iрi көлемдегi алтын қоры 749 жылы Хонсюдiң солтүстiк шығысындағы Осю аймағынан табылған. Нара шаһарындағы Ұлы Будда мүсiнiн жасауға жұмсалған 439 кг алтын осы жерден алыныпты. Биiктiгi 15,8 метр болатын бұл мүсiндi алғашқы болып Силла патшалығы (Корея), Тан империясы (Қытай) және Үндi елiнен келген мәртебелi қонақтар тамашалаған. Сол кезден бастап (ХҮI ғасырға дейiн) Осю басты алтын кенi ретiнде Жапонияны асыл металмен қамтамасыз етедi.
Алтынды кин иероглифiмен бейнелейдi. Бұл иероглиф оканэ (ақша) сөзiн жазуға да қолданылады. Ежелгi Жапонияда алтынның ақша орнына жүргенiн осыдан көремiз. Осю өзендерiнен сүзiп алынған алтын ұнтақтарынан құймалар жасаған. Ұлттық валюта ретiнде пайдаланылған алтын құймалардың әрқайсысы 5-10 кг болған. Жапон тарихында «804 жылы Қытайға 500 адамдық делегацияны бастап барған елшiге iс-сапар шығыны ретiнде 7,5 кг алтын берiлсе, оның көмекшiсi 5,6 кг құйманы «қалтасына салған» деген дерек бар. Бұл делегацияның құрамындағы Тан мемлекетiн арнайы көруге барған студенттер мен монахтардың барлық шығыны алтынмен өтелген. Бұл кезеңде Қытайдың Канфу (Гуанчжоу) аймағында 120 мың мұсылман көпес тұрыпты. Олар Вакоку елiнiң өкiлдерi тауарды алтын берiп алғандығын барған жерлерiнде айтып жүрсе керек. Юань империясы дүрiлдеп тұрған тұста (1271-1368) Қытайда моңғол және мұсылман саудагерлерi өте көп болған. Бұл кезде даму жағынан әйгiлi Александрияны да артқа тастаған Дзайтун (Цюаньчжоу) қаласында дүниежүзiлiк сауда қызып тұрған болатын. Бұл шаһарда 10 мың мұсылман саудагерi тұрыпты. Осю Чюсонджи ғибадатханасының жанынан Конджикидо деген алтын павильонының салынуы да ел аузында жыр боп айтылса керек. «Құбылайхан жапон архипелагына алтын алуға барды» деген Марко Полоның әңгiмесi бүкiл Еуропаға тарайды.
ҮIII-ХҮI ғасырлар аралығында жапон жерiнде 255 тонна алтын өндiрiлiптi. Соның дәлелi —1397 жылы Киото шаһарында Муромачи сйогуны Ашикага Йошимицу Кинкакудзидi (алтын ғибадатхана) салдырғандығы. Бүгiнде ғажайып сәулет туындысы ежелгi астана Киотоның ғана емес, бүкiл жапон елiнiң мақтанышы. Кинкакудзи — Жапонияның алтынға бай ел екенiн паш ететiн символы.
ХҮI ғасырда мұсылман саудагерлерiнен Джипаңгу елi туралы естiген Португалия көпестерi Күншығысқа дәмеленiп келгенiмен бұрынғы алтын құймаларының орнын күмiс басқанын көредi. Осюдегi алтын кенiнiң түбi көрiнген соң ел үкiметi күмiс өндiрiсiн дамытуға күш салады. Әлемдiк күмiстiң үштен бiрi Күншығыстағы Ивами Гиндзан, Икуно Гиндзан кендерiне тиесiлi болған заман осы кез. Ендi Жапонияны еуропалықтар «алтын елi» емес Islas platarlas (күмiс аралдары) деп атай бастайды.
АЛТЫН ТАУЫ
Жапонияда алтын мен күмiс өте ерте кезде игерiлгендiгiн тарихи деректер ғана емес, фольклор мұрасы да дәлелдейдi. Соның бiрi – Акита префектурасының аңызы былай деп сыр шертедi:
Бұл оқиға Кадзуно қонысын адамдар қоныстана бастаған кезде болған. Осаридзава жерiндегi тау түнекке оранып, мың жыл бойы мүлгiп жатты. Тұман басқан тыныштықты тау бөктерiндегi орманды жарып кiрген адамдардың дауыстары мен жан-жануарлардың арқыраған, ыңырсыған, ақырған, улап-шулаған дауыстары бұзды. Тау жаңғырды. Бүлдiрген теру үшiн бұта-бұтаның арасын кезiп кеткен әйелдер мен бала-шағаның көңiлдi дауыстары жаңғырықпен бiрге қайталанып жатты. Тауға тiршiлiк бiткен едi.
Бiрде түн ортасы төнiп едi, су бұрқ-сарқ қайнап, егiстiктiң үстiне ұшып едi, егiн демнiң арасында күйiп кеттi. «Бұл – бiр жын айдаған арал ғой. Бұл бiздiң жоғарыдағы иемiз — Арыстанның қаһарынан болған iс». Ауылдағы жасы ең үлкен ақсақал бас болып, ел Арыстан пiрге құрбандық шалып, алпауыт аралдан құтқаруды сұрады. Сол-ақ екен, жүз сиыр бiр мезгiлде мөңiреп, тау қайтадан тербелдi де, Оомориямадан отты қол шықты. Жалын аралы бұрынғыдан да биiктей түсiп, түнгi аспанды көлегейледi. Кенет ұлы майдан басталғандай тау күңiренiп, Солтүстiктегi Това даласынан Оңтүстiктегi Тадзава көлiне дейiнгi аралықта жалынды толқындар ұшқын шаша тербелдi.
Кадзуно ауылының ақсақалы ауылдың тайлы-таяғын қалдырмай түгел жинады. «Жалын аралы мәңгiлiкке ғайып болды. Арыстан пiрiмiз құтқарды. Ал ендi жүрегiнiң түгi бар жiгiттер, тау қойнауына кiрiп, от тауының нағыз өзiн көру керек» — дедi ақсақал. Қайратты ерлерден бастап, қарияларға дейiн қолдарына қаруларын алып, Ооморияма тауына бет алды. Батпақты жерлерден өтiп келе жатса, қызыл су ағып жатқан далаға кезiгедi. Кенет тұман сейiлiп, жарқыраған алып жартас баяу көтерiлдi. Сөйтсе, жалын аралымен арпалысқан Арыстан Пiр жартасқа айналған екен. Ел көп ұзамай суы бұрқырай атқылаған сарқырамаға келiп жеттi. Алып арал сол жерден қақ айырылған екен. Жалын аралының қаны қазiр де өзен суын бояп жатыр. Қанаты он үш құлаш Арал айдаһардың кеудесi сиырға, денесi алтын мен күмiске айналыпты. Ауыл адамдары алып аралдың қарнын тiлiп, iшектерiн кесiп едi, жарқыраған алтын, күмiс, қола сияқты қазына бiрiнен соң бiрi шығып жатты. «Жалын аралы алтын мен күмiстi қорек қылған екен. Демек осы маңда алтын мен күмiстiң тауы бар деген сөз. Қазыналы тау қайда екен?» дедi ел. Ауыл ақсақалы былай жауап қайтарды: «Қазыналы тау Ооморияманың қойнауында емес. Ол тау бұл таудың арғы бетiнде болу керек». Ақсақалдың айтқанындай-ақ, Ооморияманың ар жағында бiр тау бар екен. Тұман сейiлген соң алтын мен күмiс тамшылары тау үстiне себелей бастады. Кемпiрқосақтың шұғыласымен шағылысқан асыл тау осы едi. Осаридзаваның Алтын тауы мен Күмiс тауы осылай ашылыпты (Токиодан 1975 жылы шыққан «Нихонноминва» кiтабынан аударылды).
АЙН ЖЕРIНДЕГI АЛТЫН КЕНI
Жапонияның жер асты байлығына көз тiккен португалдықтар үмiттерiн үзбейдi. Португалия кемелерi Тынық мұхиттағы Жапонияға таяу аралдарды түгел тiнтiп шығады. ХҮII ғасырда испан көпесi алтын аралдарын табу туралы бұйрық шығарады. Себастьян Вискаино деген көпес корольдiң тапсырмасымен 1611-1613 жылдар аралығында аралдарды аралап шыққанымен бiр түйiр де алтын таппайды.
Эдзо деген айн мемлекетiнiң жерi болып табылатын Хоккайдодағы алтынның иiсiн голландиялық Врис есiмдi саудагер сезiптi. 1643 жылы «Кастрикум» кемесiмен Жапонияға жеткен Врис Хоккайдодан алтын мен күмiстiң iрi кен орнын табуға болатындығына сенедi. Голландиялық Батавия генерал-губернаторы да Эдзоға көз тiгедi. Алайда саяси оқиғалар шетелдiктердiң айн жерiне жетуiне мүмкiндiк бермейдi.
Екi жүз елу жыл өткенде – 1898 жылы Хоккайдодағы Хоробэцу өзенiнен алтын табылады. Хоккайдоның Охотск теңiзiне таяу аймағынан бес жылдың iшiнде 1879 кг алтын алыныпты.
АЛТЫНМЕН АПТАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Ежелгi Жапонияда алтын кеңiнен пайдаланылған. Кай аймағындағы кен орны ХҮI ғасырда алтынның негiзгi көзi болған. Косюкин деп аталатын алтын ақша (құндылығы 1 рйо) осы жерде жасалған. Жапон банкiнiң ақша мұражайынан ХҮI ғасырда Тойотоми Хидэйошидiң әмiрiмен құйылған тэншйообан деп аталатын алтын теңге мен ХIХ ғасырда қолданылған саф алтыннан құйылған манъэнкобанды және ХҮII ғасырлық кэйчокобан деген ақша түрлерiн көруге болады.
Осакадағы шячихоко деген алтын жалатылған айдаһардың басын жапондар оттан қорғайды деген сенiммен орнатса, Токугава Йэясу сйогунның (1542-1616) Киото сарайындағы бөлмесi түгел алтынмен апталған. Нанотехнологиядан жетiк екендiгiн жапондар көне заманда-ақ дәлелдеген. Қыш ыдыстарды жасағанда киндзукурои (алтынмен жамау) деген әдiстi шеберлер жақсы қолданған. Хатакэяма мұражайында Хонами Коэцу деген шебердiң қолынан шыққан қыш кесе тұр. Ыдыстың шытынаған жерiн лакпен жүргiзiп, оның үстiне алтын ұнтақтарын құйған. Нәтижесiнде сурет пайда болған. Лак жалатылған затқа алтын ұнтақтарын бүрку арқылы безендiру әдiсiн макиэ дейдi. Бұл әдiстiң 1200 жылдық тарихы бар.
Макиэ — алтын бүрiккен сурет деген мағына бередi. Бұл – жапон ұлттық өнерiндегi ерекше қолданыстардың бiрi. Ишикава префектурасында макиэнi қолдану арқылы жасалатын бұйымдар Канадзава, Вадзима және Ямакава деген өндiрiс орындарында шығарылады. Мұнда қолданылатын алтын ұнтақтарының да мөлшерi әртүрлi. Шебер лакпен боялған бұйымның сыртына кескiндi түсiрген соң алтын ұнтақтарын бамбуктен жасалған түтiкшемен бүркедi. Ешбiр машина атқара алмайтын бұл жұмыс тек шебер қолы арқылы жүзеге асады.
АЛТЫН ҚАҒАЗ
Қалыңдығы 0,00001 немесе 0,00002 мм болатын шынайы алтын қағаз тек Жапонияда жасалады. Оның мың жылдан асатын тарихы бар. Сындырып алмас үшiн қолмен емес, бамбук таяқшаларымен ұстайтын асыл қағаз таза алтыннан жасалады. Ишикава префектурасындағы Канадзава қаласындағы «Сакуда» компаниясы елдегi алтын фольганың 99 пайызын шығарады. Бұрынғы кезде техника пайдаланылмай жасалған алтын қағазды хакудаши дейдi. Кейiнгi кезде бұл қағазды жасауға хакудаки деген аппарат қолданылатын болды. ХIҮ ғасырдағы Ашикага Йошимицу салдырған Кинкакудзи де алтын фольгамен қапталған. Огата Корина (1658-1706) есiмдi суретшiнiң туындыларынан да алтын фольганы көруге болады. Ежелгi жапон суретшiлерi алтынмен аптау әдiсiн жиi пайдаланған. Хаяшибара мұражайында Эдо дәуiрiндегi (1603-1867) Но театрының алтын фольгамен қапталған өрнектi костюмi сақтаулы тұр.
Кага өлкесiнiң билеушiсi Маэда Тошииэнiң (1538-1599) макиэ технологиясымен жасалған қылышының қыны қазiргi заманға жып-жылтыр күйiнде жетiп отыр. Сондай-ақ, Жапонияның ұлттық тарихи мұражайында алтын көмкерген Киото шаһары бейнеленген туынды бар. Суретшi тұтастай алтын фольганы пайдаланған.
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ АЛТЫН МҰРАЖАЙЫ
Жапон теңiзiндегi Садо аралында Садокиндзан деген кен орны бар. Кеннiң өзi емес, орны ғана. Бұл жерде 1989 жылға дейiн алтын өндiрiлген. Тарихшылардың айтуынша, барлығы 78 тонна асыл металл алыныпты. Қазiр жер қойнауындағы кен орнына Эдо дәуiрiндегi (1603-1867) алтын өндiру процесiн көз алдыңа әкелетiн экспонаттар қойылған. Яғни мұражай орналасқан. Мұражайға жылына 260 мың адам келедi екен. Мұнда көлемi – 7,5х3х30 см, салмағы – 12,5 кг болатын алтын «кiрпiш» бар. Осы таза құйманы диаметрi 8,5 сантиметрлiк жалғыз тесiгi бар шыны жәшiктен шығарып алған адамға 0,5 грамм болатын алтын пластина сыйға берiледi екен. 12,5 кг металды жәшiктiң шыны қабырғасына тигiзбей, бiр қолмен шығарып алу оңай деймiсiз?! Кiсi сенбейтiн нәрсе! Алайда 600 адам осылай етiптi. Олардың арасындағы ең жасы —12 жасар қыз бала.
АЛТЫН ВАННА
Тынық мұхитының жағалауындағы Камогава қаласы ыстық қайнарларымен белгiлi. Чиба префектурасына жататын осы қалада «Камогавахотэрумикадзуки» деген қонақүй орналасқан. Қонақүйге келушiлердiң алтын ваннаға түсуiне болады. Иә, кәдiмгi ванна, тек алтыннан жасалған. Құны қазiргi ақшамен 120 миллион иен болатын ванна 18 караттық 50 кг сары алтыннан құйылған. Көркем безендiрiлген өрнектi ваннаның суына 200 мыңға жуық адам шомылған көрiнедi. Қонақүй қызметкерлерi ваннаға түскендердiң алған әсерiн де қағазға тiркеп отырады. Сауалнама нәтижесiнде, шомылғандардың көпшiлiгi «алтын ваннаға түсiп, өзiмдi бiр сәтке нағыз миллионер сезiндiм» дептi.
ХИШИКАРИ КЕНI
Елдi 400 жыл бойы алтынмен қамтамасыз еткен Садо Киндзан кенiндегi жұмыс ХХ ғасырға жетпей тоқтайды. 1915 жылы Хоккайдодан Кономай кенi табылғанмен, мұндағы алтын 1980 жылға дейiн сарқылады. Сөйтiп ХХI ғасыр келгенде Жапониядағы барлық алтын шахталары босайды. Бүгiнде жалғыз Кагошима префектурасының солтүстiгiндегi Хишикари кенi ғана жұмыс iстеп тұр. Хишикари әлемдегi бiрегей кен орындарының санатына жатқызылады. Мұндағы 1 тонна кеннiң құрамында 40 грамм алтын бар. Жалпы 1 тоннадан 2 грамм металл шықса, табысты кен орны саналатыны белгiлi. Кен ашылған 1985 жылдан берi Хишикариден жылына 7-10 тонна алтын алынады. Жапон геологтарының болжауынша, мұндағы алтын қоры шамамен 150 тоннадай. Хишикариде барлығы 300 тонна бағалы металл болса, оның қалған бөлiгi 2030 жылға дейiн жететiн көрiнедi. Бүгiнде жапон ғалымдары басқа да кен орындарын табу мақсатымен гидротермалды қабаттарды зерттеу үстiнде.
Таңғажайып технологияларды iске асырып жатқан Күншығыс елiнде жыл сайын ондаған миллион ұялы телефон қоқысқа, дәлiрек айтсақ, темiр-терсектердi жинайтын орынға жөнелтiледi екен. Электротехниканың iшiндегi электродтарды жалғайтын сымдар мен кристалл вибратор қақпақтарының құрамында мiндеттi түрде алтын болады. Жапондар жаңа технология арқылы техникалық қалдықтардан «алтын алу» iсiн қолға алған. Тiптi кәдiмгi жарамсыз телефондарды өңдеу арқылы 99,99 пайыздық алтын құймаларын да жасаған. Мәселен ұялы телефонның IC чипы нитрогидрохлорлы қышқылға салынған соң электролиздеу нәтижесiнде 99,5 пайыздық алтын шығады. Одан соң тағы да электролиздеу, қыздыру, балқыту процестерiнен өткен соң 99,99 пайыздық алтын алынады. Жапондық технология осындай бiр тонна техника бөлшектерiнен 500 грамм алтын алу мүмкiндiгiне жетiп отыр. Жапонияның материалдарды зерттеудiң ұлттық институты ғалымдарының болжауынша, бұл елде әлi iстен шыққан электроника заттарынан 6800 тонна алтын алуға болады. Бұл дүниежүзiлiк алтын қорының 16 пайызы болып табылады. Сонымен қатар бұл көрсеткiш Оңтүстiк Африка Республикасындағы алтын қорынан да асып түседi екен. Жапон ғалымдары алтыннан өзге де сирек кездесетiн металдарды тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алу әдiстерiн iздестiруде. Әлемдегi қазба байлық жылдан жылға азайып бара жатқандығы белгiлi.
Жапонияда «Танакакикиндзокукоугйо», «Довахолдингс» тәрiздi компаниялар күмiс, платина, паладиум сияқты металдарды жаңаша әдiспен өндiру жұмыстарын бастады.
Кобэ қалалық мұражайында Ортелиустың «Тартария картасы» (1570) сақталған. Картадағы қызыл түстi «Жапонияның» тұсында «Japan Injula, a M. Paulo veneto zipangri dicta, olim Chryse, amagno cham olim bello petita jed frujtra» (Ертеректе Марко Поло «Джипаңгу — алтын елi» деп атап кеткен ел осы) деген жазу бар. Расында алтынға бай ел болғандығын көзiнiң қарашығындай сақтап отырған мұражайларындағы заттар мен алтын ғибадатханасы дәлелдейдi. Ал алтындалған Кондзики ғибадатханасының қасында оған жырын арнаған атақты Мацуо Башйо ақынның ескерткiшi тұр.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы