Жаңалықтар

ҚАМЫҒЫП ҚАРШЫҒАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА...

ашық дереккөзі

ҚАМЫҒЫП ҚАРШЫҒАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА...

Өткен аптада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мәжiлiс залында Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, профессор Қаршыға Ахмедияровты еске алуға орай "Күй Қаршыға" атты 14 үнтаспа мен "Күй ғұмыр…" атты естелiк монографиялық кiтаптың тұсаукесер рәсiмi өттi.

Тұсаукесер рәсiмiне Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздары мен бiлiмгерлерi, Қаршыға Ахмедияровтың жұбайы, ұл-қыздары мен ағайын-туыстары қатысты.

Жиын барысында сөз алған халық музыкасы факультетiнiң деканы, профессор Карима Сахарбаева: "Бiртуар тұлға, ұлы күйшiнiң өнерiне күә болған бiз шынында бақыттымыз. Аталмыш дүние өнер майталманы Қаршыға Ахмедияровты еске алу, сондай-ақ мәдениет саласына қосқан үлесi, жеткен жетiстiктерi мен ғылыми еңбектерiн дүйiм жұртқа таныстыру мақсатында жарық көрiп отыр", – десе, "Күй ғұмыр…" естелiк монографиялық жинағының авторы, күйшiнiң жан жары Нұрбике Ахмедиярова жиналған қауымды кiтаптың бөлiмдерiмен таныстырып, монографияның жарыққа шығуына жәрдем еткен азаматтарға ризашылық сезiмiн бiлдiрдi.

Магистрант Айнұр Сақыпованың орындауындағы "Қаршыға" күйi жан-сезiмдi тербетiп, сыршыл әлемнiң тұнығына батырды.

Нұрбике Ахмедиярова Қазақ ұлттық консерватория ұжымына "Күй Қаршыға" репертуары мен "Күй ғұмыр…" естелiк монографиялық кiтабын тарту еттi.

Сонымен қатар Қаршыға Ахмедияровтың аудиториясы ашылды. Онда жас буын қазақ халқының жан дүние байлығының ең бiр қасиеттi түрi — күй өнерiмен сусындап, iзгi өнердiң iргесiн бекiте түседi деген сенiмдемiз.

Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ,ХҚТУ-дiң 3-курс студентi