КИНО – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАР КӨРКЕМ ҚҰРАЛ

КИНО – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАР КӨРКЕМ ҚҰРАЛ

КИНО – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАР КӨРКЕМ ҚҰРАЛ
ашық дереккөзі

Иә, тағы бiр оқу жылы аяқталды. Елiмiздiң күрделi де бай салаларына қаншама мамандық иелерi қолтықтарына дипломдарын қысып, жаңа тың серпiнмен аттанды. Олардың қайсыбiрi педагогика саласына, ендi бiрi өндiрiске, тағы бiреулерi мәдениет-өнер саласында өз қызметтерiн бастайды.

Тағы бiр топ болашақта кiм боларын, алдарына қандай мақсат қоярын анықтап, үлкен өмiр мектебiне сәттi қадам басуы үшiн мемлекеттiк емтихандарына кiрiсiп те кеттi. Балғындардың болашақтары жарқын болуына сәттiлiк тiлей отырып, елiмiздегi үлкен оқу ордаларының бiрi – Темiрбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының доцентi, өнертанушы Гүлжан Құрманғалиқызын әңгiмеге тартқан едiк.

– Гүлжан, бiраз жылдардан берi осы оқу орнында шәкiрттердi, халқымыздың мәдени өмiрiне қызмет жасайтын аса қабiлеттi, дарынды қыз-жiгiттердi тәрбиелеп келе жатырсыз. Дарынды-қабiлеттi дегенiмiздiң сырын ұқтыңыз ғой деп ойлаймын.

– Әрине, кез келген мамандықты таңдау оңай шаруа емес. "Өскенде кiм болғың келедi?" деген сұрақты бала ес жия бастағаннан-ақ құлағына сiңiрiп келе жатқан халықпыз. Сондықтан да, болашақ өмiрiңде даңғыл жолға жетелейтiн қызықты мамандықты таңдауға екi түрлi себеп әсер етуi әбден мүмкiн. Бiрiншiсi – сыртқы ортаның әсерi. Ол әрине, адамды қоршаған орта, әлгiнде айтқанымыздай, ата-ананың арманы, достарының пiкiрi. Ал екiншi себеп – адамның iшкi түйсiгi, сезiмталдығы, талғампаздығы.

Ал дарынды-қабiлеттi дегенiңiзге келер болсақ, бiздiң өнер саласында басқа жоғары оқу орындарына қарағанда, жастарды қабылдауда ерекшелiктер баршылық. Мәдениетiмiз бен өнерiмiздi өркендететiн, қазақтың бай да сапалы өнер туындыларын халық арасында насихаттайтындықтан, жастарға қояр талап та тым жоғары болмақ. Егер ана сүтiмен бойына дарыған қасиетi, дарыны болмаса, екiнiң бiрi бұл оқу орнына түсе де алмайды.

Қазiргi уақыт өнер саласындағы аса қызықты мамандықтар қатарына кинотанушы мамандығы жатады. Кинематограф белгiлi бiр дәрежеде көрермен аудиториясының iшкi толғанысын, оның арманын, тiлектерi мен қалтарыста жатқан сезiмдерiн бередi және осы тұрғыда кино әдебиетке қарағанда жоғары дәрежеде көпшiлiктiң көңiл-күйiн көрсетiп, кезең белгiлерiн, уақыттың әлеуметтiк-психологиялық портретiн айқын суреттейдi. Бiрақ бұл айтылғандарға қарап, кино қоғамдық өмiрдiң қаз қалпындағы айнасы десек, қателескен болар едiк. Киношығарма – бұл ең алдымен өнер туындысы. Сондықтан оның ерекшелiгi өмiрлiк шындықтың көшiрмесiнде емес, айналадағы құбылыстарға қатысты режиссердiң, яғни фильм авторының өзiндiк ой-түйсiктiк қабылдауын, iшкi толғанысын әр кинорежиссер кинематографиялық амал-тәсiлдердi өзiнше қолдана отырып, ең алдымен ұлттық этнопсихология, мiнез-құлық, халықтық қадiр-қасиеттер тұрғысынан бейнелейдi.

– Бүгiнгi қазақ өнерi жайлы қандай пiкiр түйiндеуге болады?

–Тәуелсiздiкке қолы жетiп, өз алдына егемендi ел болған Қазақстан бүгiнде экономикалық, саяси, мәдени мақсат-мұраттарын анықтап, өзiндiк даму стратегиясын айқындаған демократиялық мемлекет болып отыр. Осы аралықта көптеген жете дамыған елдермен халықаралық достық қарым-қатынас орнатқан Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстырушы мемлекетке айналды. Осының салдарынан үзiлмей жүрiп жатқан мол ақпараттық ағыс бүгiнгi ұрпақтың санасын жаулап алуда. Еш тосқауылсыз ағылып келiп жатқан жағымды-жағымсыз мағлұматтар адамның психологиясын күрт өзгертiп жiберу мүмкiндiгiне ие. Бұны бiз тым ерте есейiп, өз жасына лайықсыз әрекеттерге үйiр жасөспiрiмдердiң көбеюiнен байқаймыз. Ал бұл бiр жағынан қазiргi уақытта көркемдiк деңгейдегi сапалы фильмдердiң аздығының дәлелi болып табылады. Осы құбылыспен қатар енген батысқа елiктеушiлiк бiр жағынан – мәдени дамуға ықпал етсе, екiншi жағынан – ұлттық ерекшелiктердiң жоғалу қаупiн тудырады.

Осындай қоғамдық процестер жүйесiнiң қазiргi қазақ киносының тақырып аясына әсерi айтарлықтай байқалып, орта мен жаңа кейiпкер арасындағы қақтығыстар кеңiнен ашыла түстi. Бiрақ бұл кезеңдегi кино өнерiнiң өзiндiк ерекшелiктерiн айтпас бұрын, алдымен қоғамдық өмiрдегi басты жағдайларға қысқаша шолу, болып жатқан өзгерiстердiң жас режиссерлер шығармашылығында қалайша көрiнiс тапқанын қарастырған дұрыс шығар. Мiне, ұлттық кинотану саласында маманданып жатқан болашақ кино тарихшыларының, кино сыншыларының негiзгi зерттеу бағыттары осындай.

Кинотану мамандығына жыл сайын студенттер қабылдау процесiн үзбеудiң қажеттiлiгi, әсiресе қазiргi таңда аса өзектi болып отырған мәселелерден туындайды.

"Қазақфильм" киностудиясының өндiрiстiк қуаты жылдан-жылға артып келедi, жеке студиялардың даму динамикасы да өрге басуда, әр жылда ұлттық кино экранына бiршама анимациялық, деректi және көркем фильмдер әкелуде. Жаңа үлгiдегi кинотеатрларға көрермен ықыласы да ерекше артып отыр. Демек көрермен және жаңа кинотуынды арасындағы дәнекер ретiнде киносыншылардың (әсiресе қазақ тiлiнде жазатын) ролi артты деген сөз. Бұған қоса мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру мақсатында барлық ұлттық және коммерциялық телеарналардың киноредакциялары әлем киносының үздiк туындыларын, жаңа телесериалдарды қазақ тiлiне аудару жұмыстарын жақсы жолға қоя бастады.

– Әңгiменi дайындап жатқан кадр мәселесiне, яғни шәкiрттерге қарай бұрсақ…

– Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Өнертану факультетiнде " кинотану", "кинодраматург" мамандықтары бойынша маманданып шыққан жас сыншылардың, кинодраматургтердiң басым көпшiлiгi осы аталған жұмыстардың басы-қасында жүр. "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасы арқылы маманданған жыл сайынғы түлектерiмiзбен қарым-қатынасымыз үзiлген емес.

Бiздiң түлектерiмiздiң басым көпшiлiгi ұлттық және коммерциялық телеарналарда, кинофестивальдерде жетекшi мамандар қатарында есептеледi. Телеарналарда, радиода, газет-журнал редакцияларында жемiстi еңбек етiп жүрген түлектерiмiздiң кәсiби маман ретiндегi жетiстiктерi қуантады. Солардың қатарында "Хабар" телеарнасында – Берiк Уәли, Нұрбол Алманов, Лаура Тiлеубаева, Берiк Әбiшев, Қадыржан Құлманов, Зейнет Тұрарқызы деп түлектердi атауға болар едi. Олардың кейбiрiнiң есiмдерi аталмай қалса, әрине айып етпес. Өйткенi сонау 1997 жылдан бергi кинотанушы мамандығы бойынша дипломшылар елiмiздiң көптеген телеарналарында қызмет атқарып жүр.

Бүгiнгi таңда қазақ кинотану саласының үздiк мамандары (тарихшылар мен теоретиктер) мен ұлттық кинодраматургияның (жазушылар мен драматургтер) танымал қайраткерлерiн бiрiктiрген профессорлық-оқытушылық ұжым "Кинотану", "Кинотеледраматург" мамандарын даярлауда. Сондай-ақ магистратура мен аспирантура арқылы да ұлттық кино теориясын зерделейдi. Қазiрдiң өзiнде осы кафедра арқылы маманданған екi студентiмiз Америкада магистратурада оқуын жалғастыруда.

– Кәсiби маман ретiнде қазақ киносының болашағы қандай?

– Қазақ киносында зерттелмеген тақырыптар аясы өте кең. Ұлттық кино өнерiнiң жаңа кезеңi тұсында экранға келген фильмдерiнiң басым көпшiлiгi өте күрделi қоғамдық-әлеуметтiк мәселелердi қозғайды, сол арқылы қазақ экранына жаңа типтi кейiпкерлер келдi. Заман өзгере келе көзқарас пен дүниетаным да басқаша болатыны анық. Сондықтан қазақ өнерi барда көркем шығармалардың да болашағы зор.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ