Жаңалықтар

СIРIҢКЕНIҢ ӘЛСIЗ ЖАРЫҒЫ

ашық дереккөзі

СIРIҢКЕНIҢ ӘЛСIЗ ЖАРЫҒЫ

Сормаңдай нашақордың соңғы ойлары

"Реквием" ойнап тұрды, Қаланың у-шуы арасынан осы бiр азалы үн ғана естiледi. Әрi үрейлi, әрi мұңлы осы әуен уланған сананы сiлкiлеп, о дүние тыныштығына жетелеуде…

Мен – нашақормын. Кәдуiлгi нашақор. Кезектi рет кәйiп күйде жатырмын.

Сонымен есiрiк күйдi қалай бастадым. Түнгi клубта бiр танысым экстази таблетка ұсынды. "Көңiлдi жүресiң!"– деп. Жұтып салдым. Айқын санамнан айырылдым, көңiлдiмiн. Даңғаза музыка, құлақ тұндырар шуға елiткен топ арасына сүңги жөнелдiм. Клубқа бару жиiледi. Бiр таблетка, одан екi, бiрте-бiрте үшке өттiм. Қанағаттанбау сезiмi пайда болды.

Марихуанаға көштiм. Шегемiн, түтiнiне маспын. Кокаинға өттiм. Ақ ұнтақты құмарлана иiскеп, буын-буыным босап, делқұлы күй кештiм.

Қанағаттанбау, қанағаттана алмау. Ағзадағы аштық сезiмi, тояттанбау. Бiрте-бiрте осы жағдайлар маған тән бола бастады.

Содан ең сұмдық, ең қауiптi героинға бас ұрдым. Ендi тек тынышсыздану сезiмiн ғана аңсаймын. Бұрын қоздырушылық наркотиктердi қолданушы едiм. Ал қазiр тек тыныштық күй iздеймiн.Таптым. Ол – героин болып шықты.

Мiне, осылайша менiң, мына менiң инеге тәуелдi күндерiм басталды.

Өзiмдi суреттеп берейiн бе? Жүзiм үнемi солыңқы, шаршаңқы, тiршiлiктiң iзi бiлiнбейдi, жанарым жансыз, от жоқ, астыңғы қабақтарым көгерген, терiм құп-құрғақ, мұрным бiтеу, тынысым тарылады да жүредi, саусақтарымның дiрiлi ешқашан басылған емес, бiлектерiм инеден шұрық тесiк, боп-боз. Менiң сыртқы келбетiм осындай.

Кезектi есiрiк күйдемiн. Денем балқып, босаңсып, ұйықтап кеткен екенмiн. Аһiлеген, уһiлеген дауыстан, жүрегiмнiң тулаған дыбысынан оянып кеттiм. Кезектi аласұру басталды. Азаптану, есiрткi iздеу, бiр доза үшiн бар дүние байлығын айырбастау. Мiне, дәл қазiргi жағдайым осылай. Тек бiр ғана мақсат бар, ол – есiрткi табу, тамырыма егу.

Мiне, көшеге шықтым, анаған бардым "ЖОҚ", мынаған бардым "ЖОҚ". Ақыры таптым. Көршiмнiң үйiне ұрлыққа түсiп, ұрлықы затты саттым, бiр ас қасық толатындай ұнтақты сатып алдым.

Өзiм "Өрмек" атап кеткен қуысыма асығамын. Барып, ұнтағымды ерiтiп, қайта- қайта қолданып мүжiлуге айналған инемен тамырыма сұқпақпын. Мұны орындадым…

Мен – нашақормын. Отбасым оқып жүр деп ойлайды. "Ай, қайдан?!" Оқу менi алғаш таблетка жұтқан күнi тастап кеткен едi. Кейiн келе анам бiлдi, әкем жарықтық менi емдемек болып, қанша әурелендi, менiң күйiгiмнен о дүниеге аттанды. Үйден кеттiм.

Ал қазiр қуыс кеуде бiреумiн. Достарымнан алыстадым, сүйiктiмнен аулақтамын. Сыртынан көрсем, жасырына қаламын.

Есiрткiге ұрынбас бұрын Шопеннiң "Көктемгi вальсiн" тыңдап жатып, тәттi ұйқы құшағына енетiн едiм. Қайран, сол кездер-ай! Ал қазiр тек Моцарттың "Реквиемiн" ғана тыңдаймын. Қайта-қайта, қайта-қайта…

Ажал сәтiнiң таянғанын сеземiн. Маған жоқтау айтылмайтынын да, "тұл ат" байланбайтынын да, оған лайық емес екенiмдi де бiлемiн. Жоқтау айтылудың түпкi мақсаты — бақилыққа аттанған жанның бұ дүниедегi жақсылығын, еткен еңбегiн айтып, жиналған жұртшылықтың ет жүрегiн елжiрету болса, ал менiң қай қасиетiмдi айтпақ. Жоқтау айтылмай-ақ қойсын! Өз ажалымды өзiм шақырып алдым ғой.

Мен – нашақормын. Өз өлiмiмдi өзiм таңдаған жанмын. Менде үмiт жоқ, үмiттене де алмаймын. Менде ұмтылыс жоқ. Болашаққа қадам баса алмаймын. Менiң ешкiмiм жоқ. Менде тек екi нәрсе ғана бар. Бiрi – iздеу. Есiрткi iздеу. Екiншiсi – күту. Ажалымды күту. Өзiм тоқыған өрмегiмде жатып, ажалымды күту. Өлiм келерi сөзсiз, себебi мен өлгенмiн.

Мен – нашақормын. Мектептi үздiк бiтiрдiм. Нашақорлыққа қарсы акцияларға, пiкiрталастарға, жиын-жиналыстарға қатыстым. Оқушы кезiмде Мархабат Байғұттың "Тоғызыншы сынып" хикаятын бiр деммен оқып шықтым. Нашақорлық туралы аянышты кiтап едi. Әдебиеттi көп оқыдым. Гранттық негiзде университеттiң студентi атандым. Сөйте жүрiп нашақорға айналдым. Өлi жанға емес, тек қозғалатын тәнге…

Көзiм ашық едi. Жұрттан озық бiлiмiм де бар. Ал қазiр нашақормын. Миымның қатпарларында тек есiрткi ғана қалған. Санам уланған, оны емдеуге медицина қауқарсыз. Өз iшкi рухым ғана қарсы тұра алады. Инеге тәуелдi нашақорда рух қайдан болсын. ОЛ да өшкен.

Мiне, "Реквиемдi" қайта ойнаттым. Денем түршiгiп, қаным сұйылып, дiрiл қағып жатырмын. Әдетте бұлай емес едi. Не болды екен? Қап-ай, дiрiл қағып, ашкөздене дозаны асырып жiберген екенмiн ғой. Бағанадан ажалды ойлап, мазасызданған едiм. Мiне, ажал да жеттi. Жүрегiм жарылардай тулап жатыр. Кеудеме сыймайды. Аузымнан ақ көбiк атқылауда… Мiне, мiне, мен өшiп барамын, сiрiңкенiң әлсiз жарығы секiлдi, сөнiп барамын. Қош, жарық дүние!

Ешкiмге еш жақсылық жасай алмадым, ешкiмге керексiзбiн, өлiмiм де елеусiз.

Қош, жарық дүние!

"Реквием" тоқтаусыз ойнап тұрды…

P.S. Қазiргi таңда әлемде 284 млн.-нан астам нашақор бар. Жылына 120 мың адам есiрткiнiң кесiрiнен бақилыққа аттанады. Ал елiмiздегi бұл көрсеткiш әр жылы 3 мыңнан 5 мыңға дейiн құбылып отырады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2011 жылы Қазақстанда 49795 нашақор есепке алынған. Сарапшылардың айтуынша, бейресми көрсеткiш бұдан 8-10 есеге көп. Олардың 27387-сiн (55%) 30 жасқа дейiнгi жас азаматтар құрайды. Ең кiшкентайының жасы 9-да.

Мамандардың мәлiметiне қарағанда, Қазақстан арқылы тасымалданатын есiрткi транзитiнiң көлемi жылына 500 тоннаға жетiп отыр.

Жәнiбек НҰРЫШ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi