Вилорий ПАК: ҚАЙСАР ХАЛЫҚТАН ҚАҺАРМАН ҰРПАҚ ТАРАЙДЫ
Вилорий ПАК: ҚАЙСАР ХАЛЫҚТАН ҚАҺАРМАН ҰРПАҚ ТАРАЙДЫ
Сыр өңiрi – елiмiзге танымал, атақты спортшылардың тұсауын кескен киелi мекен. Әсiресе облыс әкiмi Болатбек Қуандықов мырза халықтың саламатты өмiр салтын қалыптастыруына ерекше назар аударып жүр. Қызылорда облысында бүгiнде спорт саңлақтарын дайындайтын түрлi спорт кешендерi бой көтерген. Спорттың әр түрiнен жеңiмпаздар даярлап жатқан кешендерде спортқа еңбегi сiңген мамандар қызмет атқаруда.
Солардың арасында Олимпиада ойындарының жеңiмпазы және әлемнiң екi дүркiн чемпионы Илья Ильиннiң томағасын сыпырып, үлкен спортқа жолдама берген Вилорий Пактың есiмi көпшiлiкке жақсы таныс. Сыр бойында туып-өсiп, ұзақ жылдар бойы қатардағы қызметкер, қарапайым жаттықтырушы болған ол – бұл күндерi ұлттық құраманың аға бапкерi. Айтулы азамат Илья Ильиннен басқа да көптеген белдi спортшыларды тәрбиеледi. Пак мырзаның «шекпенiнен» Олег Шин, Қуаныш Рахатов, Роман Русяновский, Алмас Өтешов және тағы басқа танымал зiлтемiршiлер шыққанын жанкүйерлер жақсы бiледi. Ел спортына сiңiрген еңбегi еленген Вилорий Викторович «Парасат» және «Құрмет» ордендерiн кеудесiне тақты. Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттiк университетi мен Алматыдағы Қазақтың Спорт және туризм академиясының құрметтi профессоры атанды. Қызылорда облысы Сырдария ауданының Құрметтi азаматы деген атағы тағы бар.
– Вилорий Викторович, әңгiмемiздiң әлқиссасын сiздiң қазақ тiлiне жетiктiгiңiзден бастасақ. Сондай-ақ сiзбен талай шетелдiк жарыстарға бiрге барып, сапарлас болғанда байқағанымыз, үнемi қазақтың қазы-қарта, жал-жаясын алып жүресiз. Қазақтың ұлттық тағамы мен тiлiне деген сүйiспеншiлiгiңiз қай кезден басталды?
– Қазақ жерiнде туып-өсiп, қазақтың қасиеттi топырағынан нәр алған азаматтың қазақ тiлiн бiлмеуi – ұят. Мен тiлдi ғана емес, қазақтың мәдениетi мен салт-дәстүрiн де жақсы бiлемiн. Өзiм 1947 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының Шаған ауылында дүниеге келдiм. Бұл елдi мекенде қазақтармен қатар кәрiстер мен шешендер де тұрды. Барлығымыз тонның iшкi бауындай араласып, тату-тәттi өмiр сүрдiк. Ұлттық мәселеге байланысты өзара ешқандай жанжал немесе кикiлжiң болған емес. Бала кезiмiзден жергiлiктi салт-дәстүрдi бойымызға сiңiрiп өстiк. Одан еш кем болған жоқпыз. Жастайымыздан қазақ әндерiн жаттап өстiк. Мен Абайдың «Желсiз түнде жарық ай» әнiн қатты ұнаттым. Шәмшiнiң әндерi жүрегiме жақын. Жұмекен Нәжiмеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiне жазылған Шәмшi Қалдаяқовтың «Менiң Қазақстаным» атты әнi мемлекетiмiздiң Әнұранына айналғанда, өз басым қатты қуандым. Бұл өлеңдi мен «Қазақстанның әр азаматының патриоттық рухын оятып, отаншылдық сезiмдi бойына ұялататын керемет туынды» деп бағалаймын. Ал қазы-қарта, жал-жаяға келетiн болсақ, мен сiзге айтайын – күллi әлемде дәл осы тағамға тең келер ас жоқ! Өзiңiз айтқандай алыс сапарларға аттанарда және жолда қазының екi тiлiмiн жесеңiз жетiп жатыр. Шетелдiк талай әрiптестерiм мен жарыстарға барғанда аман-саулықтан кейiн мiндеттi түрде қазы сұрайды. Олар да әбден үйренiп қалған.
– Сайдың тасындай талай сайыпқырандардың биiк белестердi бағындыруына ықпал еттiңiз. Ары бармай-ақ, Олимпиада ойындарының жеңiмпазы Илья Ильиндi алсақ та жетедi. Сол тарланбоздардың бапкерi спортқа қалай келдi екен?
– Бастапқыда еркiн күреспен айналыстым. Одан кейiн ауыр атлетикаға ден қойдым. Кезiнде жақсы зiлтемiршi болған, кейiннен спорт журналистикасында өзiндiк қолтаңбасын қалдырған Өмiрзақ Жолымбетовтiң қоластында жаттықтым. Ауыр атлетикамен айналысқаныма сегiз ай толғанда жастар арасында Қазақстан чемпионы атандым. Кейiннен ерлер сайысында елеулi табыстарға жеттiм. 1967 жылы бапкерлiкпен аздап айналыса бастадым. Ауылда жүрiп-ақ бiраз шаруа тындырдық. Сол жылдары жергiлiктi балалардан команда жасақтап, облыс чемпионатында екiншi орын алған едiк. Қызылордада спорт мектебi директорының орынбасары қызметiн атқарған КСРО спорт шеберi, жасөспiрiмдер арасында әлемдiк рекордшы Владимир Ким сол кезде маған: «Сенi көптен берi байқап жүрмiн. Балаларды жақсы жаттықтырасың. Ұмтылысың ұнайды. Келешекте сенен жақсы бапкер шығатынына күмәнданбаймын. Ол үшiн бiлiмiңдi жетiлдiр. Ленинградқа барып, Лесгавт атындағы бапкерлер даярлайтын жоғары мектепке оқуға түс», – деп кеңес бердi. Бiлiктi маманның ақылына құлақ асқан мен Нева жағалауына аттандым. Бiрақ жолым болмады. Еңсем түсiп, елге оралдым. Сол кезде Амангелдi Рымқұлов пен Владимир Тян сынды мамандар маған қолдау көрсеттi. Ақылдарын айтып, жөн сiлтедi. 1973 жылы Алматыдағы Дене шынықтыру институтына түстiм. Аталмыш жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейiн Қызылордаға қайта оралдым. Соңғы 40 жыл өмiрiмдi толығымен осы салаға арнап келемiн.
– Қарап отырсақ, жарты ғасырға жуықтап қалыпты ғой бапкер болғаныңызға…
– Негiзi, бұл – өзi қызығы мен шыжығы мол мамандық. 40 жылдан астам уақыт iшiнде түрлi жағдайды басымыздан өткердiк. Тiптен бiрде әйелiм менi тастап кете жаздады. Өйткенi мен үйде өте сирек боламын. Сансыз оқу-жаттығу жиындары мен түрлi жарыстардан қол босай бермейдi. Әйелiм соған ашуланды. Бiрде ол: «Сен отбасыңнан гөрi жұмысыңды жоғары қоясың. Бұл – дұрыс емес. Маған ондай ердiң қажетi жоқ», – деп байбалам салды. Ажырасу үшiн арыз беруге оқталды. Алғашында не iстерiмдi бiлмей, дал болдым. Мен үшiн отбасым да, әйелiм де, жұмысым да қымбат. Бұлардың ешқайсысын бiр-бiрiнен бөле-жара қарай алмадым. Ары ойланып, берi ойланып, әйелiмдi ақылға шақырдым. «Мына жасымызда ажырасып, абырой таппаймыз. Оның үстiне балалар есейдi, немерелерiмiз өсiп келедi. Естiген елден ұят», – деп тоқтау айттым. Бұл уәжiме ол көндi. Ал мен болсам шама-шарқым келгенше әлi спорттан қол үзе қоймаймын. Менiң қазiргi басты арманым – қазақтан олимпиада чемпионын шығару! Сонау жылдары отбасын асырап, балаларды қатарға қосу үшiн ерiнбей еңбектенуге тура келдi. Қанша еңбектенсең де бiрiн-бiрiне жеткiзе алмаған кездер де бастан өттi. Алайда ол кезеңдер артта қалды. Егемен ел болғалы атаққа да, абыройға да кенелдiк. Отбасымыздағы тұрмысымыз да түзелдi.
– Осы уақыт аралығында бапкер ретiнде атқарған iстерiңiзге көңiлiңiз тола ма?
– «Бапкерлiк қызметке кiрiсе салып, iстi дөңгелетiп әкеттiм» десем, өтiрiк айтқан болар едiм. Бәрi өз уақытымен, рет-ретiмен жүзеге асты. Жеке өз басым осы күнге дейiн 9 халықаралық дәрежедегi спорт шеберiн дайындадым. Олардың барлығы да түрлi байрақты бәсекелерде жақсы нәтиже көрсеттi. Илья Ильин елiмiзге еңбек сiңiрген спорт шеберi атанды. Ал спорт шеберi нормативiн орындаған шәкiрттерiмнiң қатары тiптен көп. Сол себептi атқарған iсiме көңiлiм толады деп айта аламын. Асқар Меңдияров, Сергей Радаев, Олег Шин сынды шәкiрттерiм одақтық және халықаралық деңгейдегi жарыстарда жүлде алды.
– Сiздiң бапкерлiгiңiз сөз етiле бастаса, алдымен Олимпиада ойындарының жеңiмпазы Илья Ильиннiң жетiстiгi көз алдыға елестейдi. Болашақ чемпионды қанша жасынан бастап баптадыңыз?
– Алғашында Ильяның туған ағасы Алексей Ильин менiң қоластымда жаттыққан едi. Ол жасөспiрiмдер мен жастар арасында Қазақстанның 7 дүркiн чемпионы және Азия бiрiншiлiгiнде бесiншi орын алған. Кейiннен Алексей залға өзiнiң iнiсiн ертiп әкелдi. Илья ол кезде небары 6 жаста. Ойын баласының аяқалысына қарап-ақ, оның бойында бұла күштiң бұғып жатқанын мен бiрден байқадым. Бұл – шын сөзiм. Бойы титтей болса да, ол өзiнен әлдеқайда ересек балалармен жарысып, әлек болатын. Жеңiлiп қалса, кәдiмгiдей ашуланатын. Маған Ильяның елгезектiгi мен пысықтығы, табандылығы мен намысқойлығы ұнады. Айтулы шәкiртiме бар бiлгенiмдi үйретiп, келешекте оның мықты ауыр атлетке айналуына көп еңбек сiңiрдiм. Илья Ильин артылған сенiмдi толығымен ақтады. Жасөспiрiмдер мен жастар арасында қандай iрi жарыстар бар, соның барлығында ол орасан зор көрсеткiштерге қол жеткiздi. Ересектер қатарына қосылғаннан кейiн де қалың топтың арасында қалып қоймай, бiрден дара шеберлiгiмен оқшауланды. Екi мәрте әлем чемпионатында бас жүлденi олжалады. Бейжiңде Олимпиада ойындарының жеңiмпазы атанды. Азия ойындарының жеңiмпазы.
– Сыр өңiрiнiң саңлағынан өзге шәкiрттерiңiзге тоқтала кетсеңiз…
– Менiң қоластымда жаттығатын жiгiттер арасынан Алмас Өтешов, Роман Русяновский, Айбол Алдабергенов, Дәурен Шәутеев, Ерболат Жоламанов, Александр Зайчиков сынды жiгiттердi бөле-жара атауға болады. Бұл спортшылардың барлығына мамандар үлкен сенiм артып отыр. Келешекте олардан мықты ауыр атлеттер шығатынына өзiм де еш күмәнданбаймын. Жастайынан жасындай жарқыраған Қуаныш Рахатов деген шәкiртiм бүгiнгi күнi үлкен спортпен қош айтысты. Қазiргi күнi бапкерлiк қызмет атқаруда.
– Сiздiң әрбiр сөзiңiзге, iс-әрекетiңiзге қарап отырсақ, қазаққа деген ынта-жiгерiңiз мол екенiн байқаймыз. Шәкiрттерiңiздiң 90 пайызы қазақтың қара домалағы екенiн аңғарып отырмыз. Бұның сыры неде?
– Қазақ халқы – ежелден қайсар халық. Қайсар халықтан қаһарман ұрпақ тарайтыны бесенеден белгiлi. Егер де ауылды жерлердi мұқият аралап, тыңғылықты жұмыс iстесең, талай саңлақтарды баптап шығуға болады. Болашақ Олимпиада чемпиондары елеусiз ауылда жүр! Соларды көптiң iшiнен жазбай танып, дұрыс баптай алсаң болғаны. Сонда талай өреннiң бағы ашылатыны сөзсiз. Осы орайда «Егер олай болса, қазақтар арасынан чемпиондар неге шықпай жатыр?» деген сауалдың туындауы заңды. Оған айтар жауабым дайын. Өйткенi бiрқатар спорт түрлерi бойынша бапкерлiк қызмет атқарып жүргендер – өзге ұлт өкiлдерi. Солардың көбiнiң қазақ жастарын тәрбиелеп, үлкен аренаға шығаруға аса құлқы жоқ. Басты себеп – осы. Әйтпесе «Күш атасы – Қажымұқандай алыпты тудырған ұлттан зiлбатпан темiрдi тiк көтере алатын қарулы бiр жiгiт шықпады» дегенге сене алмаймын. Дәл қазiр менiң қоластымда бiрнеше қаракөз балалар жаттығып жүргенi рас. Солардың арасынан Қуаныш Рахатов алғашқы болып суырылып шықты. Ол жасөспiрiмдердiң әлем бiрiншiлiгi мен ерлердiң Азия чемпионатында жүлдегер атанды. Былтыр Талдықорғанда өткен Азия чемпионатында Алмас Өтешов үшiншi сатыға табан тiредi. Қытайдың Гуанжоу қаласында алауы тұтанған Азия ойындарында Дәурен Шәутеев қола медальдi қоржынға салды. Сөйтiп жазғы Азиадада жүлде алған тұңғыш қазақ ауыр атлетi ретiнде өз есiмiн спорттық шежiреге тiркедi. Осы iспеттес табыстар арқылы iрi жеңiстердiң алғышарты жасалды. Ендi осы жiгiттер әлемдiк деңгейдегi жарыстарда атой салады деп үмiттенемiз. Жоғарыда мен тек өзiмнiң төл шәкiрттерiмдi ғана атадым. Олардан бөлек, жасөспiрiмдердiң Дүниежүзiлiк Олимпиадасында алтыннан алқа тағынған Жазира Жапаркүл, аталмыш жарыстың қола медалiн мойнына iлген Рүстем Сыбай, түрлi бәсекелерде өздерiн жақсы қырынан көрсетiп жүрген Ербол Мейiрманов, Сәуле Сәдуақасова сынды ұл-қыздар өсiп келедi. Өз шәкiрттерiм Айбол Алдабергенов пен Ербол Жоламановты да шеберлер қатарына қосамын. Егер осы спортшыларды дұрыс баптай бiлсек, олардың бағындырар белестерi биiк болатыны сөзсiз. Құдай қаласа, Лондон Олимпиадасына қазақ зiлтемiршiлерiнiң бiр-екеуi барып қалуы мүмкiн. Солардың арасында дәл қазiр Алмас Өтешовтiң қарқыны қатты. Төртжылдықтың басты додасы оның нағыз толысқан шағымен тұспа-тұс келедi.
– 94 келi салмақ дәрежесi бойынша сынға түсетiн саңлақтар шыққанда, шетелдiк бапкерлер мен жанкүйерлердiң өзi “бұл салмақта алтын қазақтарда” деген сөздерiн талай естiдiк. Аллаға шүкiр 94 келi салмақ дәрежесiнде еңсемiз түскен кез болған емес. Қазiргi уақытта Илья Ильин мен әлем чемпионы Владимир Седовтың екпiнi ерекше. Сол саңлақтардын өкшесiн басатындай жастарымыз бар ма?
– Сiзге тек бiр ғана Алмас Өтешовтi айтсам да жетедi. Алмас – өте талантты бала. Алдына биiк мақсат қойып, соны жүзеге асыруға оның қарым-қабiлетi жетедi. Қара күшке де бай, техникасы да жақсы. Егер ол ерiнбей еңбектенiп, әр жаттығу мен жарыста жанкештiлiк танытатын болса, Өтешовтiң жуық арада бақ жұлдызы жанатыны даусыз. Мен оған кәмiл сенемiн. Ертеңгi күнi ол жоғарыда есiмдерi аталған қос саңлақтың бiрiн тұғырдан тайдырып жатса, жеке өз басым еш таңданбас едiм.
– Гуанжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында қазақтың қара домалағы Дәурен Шәутеев қола медаль олжалап, жанкүйерлердi бiр қуантып тастады. Шәутеев те сiздiң шәкiртiңiз емес пе?
– Ия, Дәурен бұрын менiң қоластымда жаттыққан. 10 жасында осы спортқа аңсары ауып, аз жылдарда өте тәп-тәуiр табыстарға қол жеткiздi. Жасөспiрiмдер мен жастар арасындағы елiшiлiк жарыстарда жүлде алып, көпшiлiктiң көзiне түсiп келе жатқан едi. Кейiннен түрлi себептермен спорттан қол үзiп қалды. Одан кейiн екi жыл әскер қатарында болды. Азаматтық борышын өтеп, елге оралғаннан кейiн ауыр атлетика үйiрмесiнiң табалдырығынан қайта аттады. Нәтижесiн өздерiңiз байқап отырсыздар. Бiрер жыл көрермендер көз жазып қалған Дәурен Шәутеев Азия ойындарында Қазақстанға жүлде сыйлады. Күллi қазақ елiн қуантты.
– Соңғы он жылдан астам уақыт аралығында қазақ елiнiң зiлтемiршiлерi орасан зор табыстарға қол жеткiзуде. Дәл осындай жеңiстерге жетуiмiздiң сыры неде деп ойлайсыз?
– Соңғы жылдары отандық ауыр атлеттер орасан зор табыстарға қол жеткiзiп отыр. Қарап отырсақ ұлттық федерация президенттiгiне Қайрат Тұрлыханов келгелi жетiстiктерiмiз жетерлiк. Жалпы Тұрлыхановтар отбасымен отандық спорттың өркендеуiне сүбелi үлес қосып келедi. Қазақта «Болар iстiң қасына, жақсы келер басына» демеушi ме едi?! 2008 жылы Бейжiңде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күмiс және 1 қола медальдi жеңiп алып, төрткүл дүниенiң озық командаларының санатына қосылды. Сол тұста кейбiр адамдардың аузынан «бұл – кездейсоқтық» деген пiкiрдi де естiгенбiз. Бiрақ әр адамның пiкiрi әртүрлi ғой. Бiреу қызғаныш бiлдiредi, ендi бiреулердiң ниетi сондай. Қайсыбiрiнiң аузына қақпақ боласың. Өз кезегiмiзде бiздер ешқандай алып-қашпа әңгiмелерге қарамастан, өз жұмысымызды жалғастыра бердiк. Елiмiздiң бiрқатар аймағында жақсы жаттықтырушылар бар. Ұлттық құрама бапкерлерiнiң бiлiктiлiгi де еш күмән туғызбайды. Оған Түркиядан келген кеңесшi-бапкер Энвер Түркiлеридi қосыңыз. Барлығымыз тiзе қосып, отандық ауыр атлетика саласының бар ауыртпалығын жұмыла көтердiк. Ұзақ жылдар бойы әлемнiң маңдайалды командасы саналып келген алпауыттардың өздерiн ығыстыра бастадық. 2009 жылы Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласында жалауы желбiреген әлем чемпионатында 4 алтын және 1 қола медальдi олжалап, талайларды тамсандырдық. Бұл жағдай командалық есепте Қытайдан ғана қалып қойып, екiншi орын алуымызға мүмкiндiк бердi. Гоянгта Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Владимир Седов қарсылас шыдатпаса, Владимир Кузнецов үшiншi тұғырға табан тiредi. 2010 жылы Түркияның Анталия қаласында қос алтынды қоржынға салып, маңдайалды мемлекеттердiң қатарына қайта қосылдық. Аталмыш жарыста Майя Манеза мен Светлана Подобедованың асығы алшысынан түстi. Былтыр Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен Азия ойындарында 9 медаль еншiлесек, соның үшеуi – алтын. Олжалаған медальдар саны жағынан бiз елiмiздегi өзге спорт түрлерi өкiлдерiнен едәуiр оздық. Бүгiнгi таңда әлемнiң алпауыт мемлекеттерiнiң барлығы Қазақстанның зiлтемiршiлерiнен қаймығатындай жағдайға жеттi. Бұл – тынымсыз еңбек пен iзденiстiң жемiсi. Осы орайда Қайрат Тұрлыханов басқаратын республикалық Ауыр атлетика федерациясының ерен еңбегiн атап өтсек, ешкiм айыпқа бұйырмас. Аталмыш ұйымның тарапынан көрсетiлiп отырған қамқорлықты бапкерлер мен спортшылар толық сезiнуде. Командаға қажеттi жағдайдың барлығы жасалды. Ештеңеден тарлық көрiп отырған жоқпыз. Федерация президентi Тұрлыханов мырза үнемi жарыстарда бiзбен бiрге болып, әрқайсымыздың мұң-мұқтажымызды тыңдап, әркез көмек қолын созуға әзiр. Оның үстiне былтырғы жылдан берi «Самұрық-Қазына-Астана» корпоративтiк қоры ауыр атлетика саласын өз қамқорлығына алды. Демеушiлiк көрсетiп, мол көлемде қаражат бөлдi. Соның арқасында бiраз жыртығымызды жамап алдық. Ал олай болса, бiз неге тартынуымыз керек?! Ұлттық құрама сапындағы ерлер мен қыздар жауапкершiлiктiң жүгiн айқын сезiнуде. Сол себептi жоғарыдағы табысымыздың ешқайсысы кездейсоқ еместiгiн нық сенiммен айта аламын. Алдағы уақытта бағындырар белестерiмiз бүгiнгiден де биiк болатынына шүбә келтiрмеңiздер.
– Батпан тасты бағындырған батырларымыздың денi Сыр өңiрiнен сияқты…
– Сыр өңiрiнде осы салада талай жылдар еңбек еткен егде тартқан бiр әрiптесiм: «Облыс спортын талай адам басқарды. Солардың арасынан өз iсiне шын жаны ашып, ерекше жауапкершiлiк танытқан азаматтарды өз басым бұған дейiн көрген емеспiн. Ал Садық Мұстафаевтың орны ерекше. Оның бұл жаққа қарақан басының қамын күйттеу үшiн келмегенi бiрден байқалады. Бiлгiр басшы Сыр бойы спортын көтеру үшiн келдi. Оған кәмiл сенемiн», – деп ағынан жарылды. Келiспеуге уәж жоқ. Шынында да, бұрынғы мен қазiргi жағдайды еш салыстыруға келмейдi. Бұған дейiн Қызылорда облысы дүбiрлi жарыстарда үнемi көш соңында жүретiн. Көптеген спорт түрлерi бойынша еңсе тiктеу қиын болды. Басқарма тiзгiнiн Садық Мұстафаев ұстағалы берi Сыр спорты дүр сiлкiндi. Жастардың бойында серпiлiс пайда болды. Мамандар өз жұмыстарына ерекше бiр құлшыныспен кiрiсе бастады. Соның арқасында спорттың бiрқатар түрi бойынша елiшiлiк жарыстардың командалық есебiнде жүлделi орындарды иеленiп, көш түзеле бастады. Бүгiнгi таңда халықаралық аренада қол жеткiзген табыстарымыз да жаман емес. Қызылордадан әлем және Азия чемпиондары шыға бастады. Оның барлығы – қазiргi басшымыз, яғни облыс әкiмi Болатбек Қуандықовтың нәтижелi жұмыс жүйесiн құра бiлуiнiң жемiсi. Ол жергiлiктi бапкерлердiң басын бiрiктiрiп, барлығын ортақ бiр мақсатқа жұмылдыра алды. Өзiнiң де шынайы ниетi мен iскерлiгiн байқатты. Бiр ғана мысал. Мұстафаев аудан орталықтары тұрмақ, шалғайдағы ауылдарда өткен жарыстарды өзi барып тамашалап қайтады. Бiр сөзбен айтсақ, Садық Шоңмұрынұлы – өз iсiне аса жауапкершiлiкпен қарайтын бiлiктi басшы. Несiне жасырайық, бұған дейiн босағада жүрген Сыр спортын Мұстафаев мырза төрге қарай сүйредi. Мiне, қазiргi жетiстiктерiмiздiң бар құпиясы – осы.
– Егер сiзге спорт саласында басшылық қызмет ұсынса барар ма едiңiз? Алпысқа толған алып бапкердiң қандай арманы бар?
– Менiң өмiрiм тер сiңген залда өтiп келедi, әрi осы жерде өтедi. Маған десе әкiм бол десе де, жаттығу залын тастап кете алмаймын! Әмбе алпысқа толған менi кiм қайда шақырар дейсiз. Менiң жалғыз ғана арманым – қазақтан олимпиада чемпионын шығару. Қазақ елiнде еңсемiз биiк, ештеңеден кенде болып жатқан жоқпыз. Осы еңсесi биiк елде өмiр сүрiп жатқан әрбiр азаматтың басты борышы – елiне ерiнбестен еңбегiн сiңiру! Осындай елде еңбек етiп жүрген өзiмдi бақытты адамдардың қатарына жатқызамын!
– Егер сiз зейнетке шыққан шақта өзге мемлекеттен ұсыныс болып, бапкерлiк қызметке шақырса қалай қарайсыз? Барар ма едiңiз?
– Жоға, ол не дегенiңiз?! Мен егер де Алла қалап зейнетке шығып жатсам, ондай ұсынысты қабылдай алмаймын. Менiң қалыптасуыма ықпал еткен Қазақ елiн ешқашан сатпаймын! Одан да ауылға барып жайлауда қымызымды сапырып, қазымды кертiп жатқаным артық!
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Бақтияр ҚАБАСОВ