Исмаил КЕСИЖИ: Домалаған тас орнын тапқанша он жыл өтедi
Исмаил КЕСИЖИ: Домалаған тас орнын тапқанша он жыл өтедi
Астананы төрт күн бойы дүрiлдеткен Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы ақырын-ақырын алыстап артта қалып барады. Құрылтайға дейiн де, Құрылтай күндерiнде де киiз туырлықты қазақтың кешегiсi мен бүгiнi және ертеңi туралы талай-талай қомақты ойлар айтылды. Әлi де айтыла бермек.
Кейде бiздiң белгiлi жәйттерге көпе-көрнеу көңiл бұрмайтынымыз да бар. Отандастарымыздың бәрi дерлiк бiледi – әлемдегi қазақ баласының үштен бiрi шетелдерде тұрып жатыр. Мұны естiген қырғыз бауырларымыз таң қалғанынан шалқасынан түсуде. «Көп екенсiңдер» дейдi. Астарынан «бақытты екенсiңдерi» бажайланады. Менiң ойым да қабыса кеттi, iштегi он миллион қазақ үшiн сыртта бес миллион қазақтың бар екенi – бақыт. Сондықтан олар туралы ғайбат сөз айтудың өзi күпiрлiк. Қоныстанған мемлекетiнiң хал-қадерiне, өздерiнiң хәрекеттерiне жараса, адамның өмiр сүру деңгейi жөнiндегi ұзынқұлақ тәмсiлде екшелгендей, олардың бiреулерi наны мен қара шайын, екiншiсi май жаққан нанын, үшiншiсi икра қосқан нанын тауып жеп отыр. Бiрақ бәрiне де атажұрттың бiр таба күлше наны ыстық. Тәуелсiз қазақ мемлекетiнiң бары – бақыт. Құрылтай барысында алыстан келген қандастарымызбен етене жақын шүйiркелесiп осыны аңғардық. Сұхбаттасымыздың бiрi – Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы, Исмаил Кесижи болатын. Исмаил бауырымыз сауалдарымызға түрiк-еуропа нәшiнiмен қазақша жауап берiп отырды.
– Исмаил мырза, Лондонда қазақ мәдени орталығының iс жүргiзiп жатқаны көкейiмiзге қуаныш ұялатты. Орталық бүгiнгi таңда қанша адамның басын қосып отыр?
– Бiздiң қоғам бұрын бейресми болатын. 2003 жылы тiркеуден өтiп, заңды тұлға ретiнде iс жүргiзiп келемiз. Қоғамымыздың iсiне 65 отбасы белсене ат салысуда. Ұлыбританияда күйеуге шыққан 250-ден астам қыздарымыз бiзбен байланысып тұрады. Мұнда әлемнiң көптеген мемлекеттерiнен 3 мыңдай қазақ студентi бiлiм алуда. Бiздiң қоғамымыз – олардың бас қосатын сүйiктi орны. Қытайдан және Моңғолиядан келiп, оқу, жұмыс және басқа жағдайлармен мұнда қалып қоятындар көп. Олар да бiзге жиi-жиi қайырылып тұрады. Әсiресе Қазақстанға қатысты айтулы мерекелердi – Тәуелсiздiк күнiн және өзге мерекелердi дүниелiк дәстүрлi күндер – Наурыз, Ораза және Құрбан айттарды құр жiбермеймiз. Бұл күндер бiз үшiн үлкен тойға айналады.
Атажұртымызбен байланысымыз Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы арқылы жақсы жолға қойылған. Қайрат Әбусейiтов жетектеген Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшiлiгi әрдайым жағдайымызбен танысып, мүмкiндiгiнше қолғабыс көрсетiп отырады. Қазақ тiлi мен әдебиетiне, салт-дәстүрi мен мәдениетiне тиiстi газет, кiтап және журналдармен, диск және электрондық өнiмдермен осы екi мекеме қамтамасыз етедi.
– Сiздiң Құрылтай аясында өткiзiлген жас футболшылар сайысының қызуқанды жанкүйерi болып, Еуропа құрама командасының басы-қасында жүргенiңiздi байқадым. Лондондағы қазақ жастарының жағдайы қандай?
– Лондонда 12 миллион халық ию-қию өмiр сүрiп жатыр. Жастарымыздың үйренетiн де, жиренетiн де нәрселерi аз емес. Сондықтан қоғамымыз қазақ жастарын ата дәстүрiмен тәрбиелеуге көп көңiл бөледi. Олар басқа жаққа бұрылып кетпесiн деп, тiзгiнiн өзiмiзге тарту үшiн қоғамымыздың iшiнде жастар ұйымын ашқанбыз. Көптеген iс-шараларды өткерiп тұрамыз. Былтыр жастарымыздың үлкен тобын Швецияға саяхатқа алып барып келдiм. Бұл Құрылтайға бiздiң футболшыларымыз жеке команда болып қатыса алмай қалды, өйткенi Англияда жоғарғы оқу орындарына түсу науқаны жүрiп жатыр. Сол бөгет болды.
– Ғаламтор желiсiнде шетелдегi қазақтар доп тебуге келдi ме деген пiкiрлер пайда болды. Бұл мәселеге сiздiң ойыңыз қандай?
– Мен бiрiншi және үшiншi Құрылтайда да болғанмын. Құрылтай да жанды зат сияқты өсiп-жетiлiп толысуда. Төртiншiсiнiң өзгеше бiр ерекшелiгi – әлем қазақтары жастарының аяқдоп турнирiнiң өтуi болды. Негiзi, қазiр доп ойнап тозған заман емес, озған заман. Оның үстiне спорттың ұжымдық түрлерi – жастарды тәрбиелеудiң үлкен құралы.
100-ге жуық жасөспiрiм бозбалаларымыздың, Қазақстан құрама командасын есептемегенде, 95 пайызы Қазақстанға алғаш келiп отыр. Алған әсерлерi ұшан-теңiз. Әсем Астананың Еуропаның кезкелген қаласынан кем емес екенiн көрдi. Атажұртымызға аңсары ауды. Еуропада, Түркияда, Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда және Моңғолияда тұрып, бiлiмдi де сонда алып жатқан осы балалардың көпшiлiгi ендi бiрнеше жылдан кейiн Қазақстанға түпкiлiктi ораларына күмәнiм жоқ. Оларға достары да қосылуы мүмкiн. Спорттық жарыстар арқылы ма, не басқа мәдени iс-шаралар аясында ма, шетелдердегi жастарымыз Қазақстанға көбiрек келiп тұрса, олардың тарихи Отанымызға оралуы жылдамдар едi. Көшi-қон мәселесiнде жастарға басымдық берiлу керек. «Домалаған тас орнын тапқанша он жыл өтедi» дейдi, сондықтан бiрнеше кезең шетелдерде жүрiп, тұрған жерiнiң тұрмыс-салты әбден бойын билеп алған 50 жастағылар Қазақстанға келiп, сосын 7-8 жыл көндiккенше, жастар аз уақытта жергiлiктi шартқа тез ыңғайласып алады, қадағалаған адам болса, олардың қазақ тiлiн де тез игеруiне қабiлеттерi жетедi.
Қазақстанда кiшiгiрiм бизнесiм бар. Мұнда компьютер саласында бiрде-бiр қазақ компаниясы жоқ екен. Англиядан және Түркиядан бiрнеше жас мамандарды алып келiп, Қазақстанда жұмыс iстетiп жатырмын. Еуропада туып-өскен бұл жiгiттерiмiздiң етi атамекенiмiзге тез үйренiп кеткенi сонша, ендi артқа қайтатын ойы жоқ.
Исмаил Кесижи 1962 жылы Түркияда туылған. Стамбулда электрондық технология бойынша университеттi бiтiрген. Бiрқатар басылымдардың электрондық сервисiн жасап, газеттердiң өзiндiк дизаин-келбетiн қалыптастырған. SONI компаниясында, басқа да аудио-видео кәсiпорындарында iстеген. Лондонға 1986 жылы орнығыпты. 1992 жылы Дүниежүзi қазақтарының бiрiншi құрылтайына келген сапарында Орал облысының қазақ қызымен танысып, үйленген. Бiр ұл, бiр қызы бар.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ