Жаңалықтар

ПИКАССО АҢЫЗЫ

ашық дереккөзі

ПИКАССО АҢЫЗЫ

Осы күндерi суретшi де, сурет сала бiлмейтiн әлеумет те «Пикассо» десе-ақ қосарлана кетiп, бiр сөйлеп қалады. Естiген бiр дерегiн тықпалап жатқаны. Бiреуi бiлiп айтса, бесеуi дүрмектiң үрметi үшiн ғана «ойпырмай» десiп жүргенi. Иә, кiм қалай айтса да, не уәж десе де көзi тiрiсiнде бас айналдырар атағы шығып, артына даңғайыр аңыз қалдырған испан суретшiсiнiң тiптен де тегiн адам еместiгi.

«Пикассо» дейтiн есiмдi шама жеткенiнше жаймалап көрсе – ең алдымен оның сұрапыл еңбекқорлығы көзге түссе керек.

Артында қалған он мыңдай картина, жиырма-отыз мың гравюра, мүсiндерi «Пикассо» аңызының дiңi болса керек. Өмiр сүрген тоқсан екi жыл ғұмырының әрбiр тәулiгiн сурет салуға арнаған мехнаткештiгiмен өлшенсе керек. «Менiң айтайын дегенiм тiптен көбейiп кетiп, оған деген уақытым сарқылып бара жатыр» дейтiн жанкештiлiгiнде шығар.

– Сiз осы, шаршамайсыз ба? – деп сұрағандарға:

– Жоғә, мен мұсылмандардың мешiтке кiрерде аяқ киiмiн табалдырыққа шешiп кететiнi секiлдi, шеберханаға кiрерде тәнiмдi босағаға қалдырамын, – деп жауап қатады екен, жарықтық.

Тiптi соғыс кезiнде де, қараңғылық тұмшалаған түн түнегiнде аяғына фонарь байлап алып жұмыс iстей берiптi.

Жаратқан ие соншалық мол қуатпен жаратқан жан байыз тауып отыра алмай дедектеп, ғұмыр бойы Барселона мен Париждiң арасын шаң қылып өткен. Кенеп пен сыр бояу, қағаз бен қарындашты айтпағанда, каллиграфия, плакат, линогравюра, қыш бұйымдар, сәндi табақтар, құмыра жасау, мүсiн құюды мiсе тұтпай, бейнелеу әлемiне тiптi қатысы жоқ мәнсiз дүние жинап, әлгiлерден мейлiнше мол үйлесiм тауып, керегiне жарата берген. Қоқыс деп кiрәжiмей, кәкiр-шүкiрден де инсталяциялық шығармалар тауып отырған. Атақты «Бұқа» дейтiн мүсiнi де қоқыс жәшiгiнен табылған ескi велосипедтiң рулi мен ершiгiнен жасалған болатын. Қолданыстан шығып қалған заттарды үйлестiре салып, адам таңғаларлық бiр бұйым құрастыра салу – Пикассоның басты ерекшелiктерiнiң бiрi болған ғой.

Содан кейiнгi гәп – керексiз қоқыр-соқыр жинағыш суретшiнiң «мынандай» дейтiн пiкiрмен еш өлшенбейтiндiгi. Ешнәрсеге ұқсамайтын, өлшемге, байламға келмейтiн, мейлiнше қым-қуыт, әрi керi ағар мiнез-құлқында. Ата-анасы, бала-шағасы, тең тұстастарының оған берген мiнездемелерiнiң бiр арнаға еш тоғыспайтынында. Оның темпераментi өз Отанындағы коррида ойыны секiлдi заматта өзгергiш, табан астынан шыға келер күтпеген бiр сұмдыққа толы едi. Қарап отырсаңыз, төңiрегiнде жүргендер бiрi-бiрiне мүлдем кереғар, қарама-қайшы естелiктер жазыпты. Бiрi «шектен тыс Атымтай жомарт едi» десе, екiншiсi «барып тұрған Шығайбайдың өзi» дейдi.

Суретшi тұлғасындағы басты ерекшелiк – оның жуалдыздай қадалып, тесiп өте қарайтын қап-қара көздерi, адамды әп-сәтте арбап алатын сиқырының барында дейдi көргендер. Ұсақ шегелердi өзiне жинап алатын магниттей, төңiрегiн дос-жаранға толтырған Пабло Пикассо әлгiлердiң бiрде бiрiне iшiн алдырмай, әйелiн де, еркегiн де мұрнынан тескен тайлақтай қылып, артына елпектетiп, ерткен де отырған.

Күлiп-ойнап отырып, нiлдей бұзыла салатын кенет ашуланып, аспанға пистолет атып, артынша анекдот айтып, жайбарақаттана қалатын кiсiнi тап басып, мынадай едi деу – расында қиынның қиыны. Өзiнiң өмiр сүрген ғасыры секiлдi өте алмағайып суретшi осы жолы «ұлылық – қарапайымдылықта» дейтiн пiкiрдi жер қаптырып кеткен бе дерсiз?!

Паблоның жүздеген қылығын, мыңдаған жұмысын айтқанда ерекше таланты да алдымен ауызға iлiнуi абзал. Пикассоңыз сол, шын таланттың дәп өзi! Адам емес, шапшып көкке атылған, таланттың адам кейпiндегi көрiнiсiндей.

Бояу иiсi аңқыған суретшi отбасында дүниеге келген Паблоның құйттай кезiнде салған суреттерi баланың салғаны дегенге еш келмептi. Алты жасында үйлерiнiң дәлiзiнде тұрған Геркулестiң статуясын кәнiгi суретшiлердiң деңгейiнде салып шыққаны да «Пикассо» дейтiн аңыздың алауына тасталған бiр жаңқа. Әкесiнiң сандаған жылдар жинаған тәжiрибесiн, бейне бiр шүпiлдей қымызға толған шараны басына бiр-ақ көтерiп, сарқып iшкендей, әп-сәтте игерiп, теңдiк бермей тайпалып, шығандап кеткен тентек бала болыпты.

Өзiне шешесiнiң фамилиясын қалап алған Пабло – бойшаң, арықша келген әкесiне ұқсамапты, қайта тап шешесiндей дембелшең, аласа бойлы екен. Өңкей қыздардың, қарындастарының ортасында еркетотай күн кешедi. Шолжаң күндерiнде-ақ академизм дейтiн «ақсақалдың» апшысын қуырады. Көрген-бiлгенiңдi айнытпай қағаз бен кенепке түсiретiн, қатып қалған заңдары бар, сол академизмдi небәрi он төрт, он алты жасында-ақ алып жығады ғой. Оған дәлел – «Ғылым мен мейiрiм» дейтiн шығармасы.

Өрнектеп, сәндеп, үнемi кептер-көгершiн салумен өткен әкесiнiң жете алмаған өнер биiгiне бiр-ақ қарғып шыққан ол 1896-1897 жылдары Малага мен Мадрид қалаларында өткен көрмелерде әлгi картинасымен атаққа кенеледi. Алтын медальдi қоса тағынады. Сөйтедi-дағы өзiндегi академиялық сурет тәсiлiне нүкте қояды.

«Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейтiн қазақтың мақалын iске асырған осы – Пабло! Кемерiнен асып-төгiлiп жатқан талант академизм арнасымен жылап ағып жүре берсiн бе? Бәлен ғасырлық қалыптасқан арнаға Пикассо сыймады. Түйдектелген шұбар селдей болып, бұзып шығып, «бас жарып» – әйгiлi «Авиньондық бикештерiн» әкеледi өмiрге!

Қазақ тағы бiрде «Атағың шықпаса, жер өрте» дейдi. Пикассо өрт салудың майталманы болған кiсi. Жан түршiгерлiк «Авиньондық бикештерi» соның анық көрiнiсi. Бұл – өзiне дейiн ешкiмге дес бермей келе жатқан Академизм бағытының қақ маңдайынан ұру! Ұлы манифест. «Iздеймiн, табамын» деген жойқын астамшылықтың тап өзi.

Пикассо – бейнелеу өнерiнде король болу үшiн өзiне дейiнгi академизмдi мiндеттi түрде тағынан тайдыру керектiгiне әбден көзi жеткен кiсi.

Сезанның «Шомылған қыздарынан», Африкалық примитивтi статуялар мен ибериялық мүсiндерден тамыр алған «Авиньондық бикештер» – бiр-екi-ақ күнде жазылып бiткен, расында жан шошырлық картина. Онда – бұғанға дейiн қалыптасқан әйел сұлулығы, мүсiнi дейтiн ұғымның күлi көкке ұшты. Келбетi келбет емес қорқынышты бетперде секiлдi, тұлғасы тұлға емес геометриялық фигуралар iспеттi, өн-бойы агрессияға тұнып тұрған «бикештер» – Пикассоның өзiне дейiнгiге, мұрты бұзылмай жеткен түсжазба (живопись) ережелерiне деген шектен шыққан жаулығы. Жаңа ғасырда туған, жабайы, есiмi белгiсiз эротикалық құбыжық па дерсiз?!

Картинада бәрi де бөлекше, өзгеше. Сол жақтағы, шеткi тұлға мысырлық ассириялық рельефке келсе, ортаңғы екi әйел испан шiркеулерiндегi қабырға суреттерiн еске түсiредi. Өздерiнен ептеп мистикалық лиризм байқалса, оң жақтағы бетi тұрпайы түрде бұрылған әйел африкалық әлдебiр жантүршiктiрер рәсiм-ғұрыптың кейiпкерi iспеттi.

Жоғары, сол жақтағы қызыл перденi де әлдебiр жұмбақ, мына қыздардың ешқайсына тән емес, әлдебiр қолдың ысырып тұрғаны да картинадағы тiтiркену ахуалын күшейте түседi…(«Бензин iшкiзiп, кендiр жегiзгендей болдың-ау!» – дептi бiр жолдасы, «бикештердi» қарап тұрып.)

Паблоны аңызға байлап берген тағы бiр себеп – оның көрермендерiнiң суретшi шығармасын қабылдау деңгейiнiң дайындығы. Сурет өнерi дамымаған елде дүниеге келсе, жүз жерден дарынды туса да қалар едi көрiнбей. «Аристотельмен iштес хакiм болса да, малы көп майлы тымақтан мансабын асыра алмаған» тап бiздiң Абайдайын, жүрер едi еленбей. Ескерiлмей.

Рафаэль, Мурильо, Эль-Греко, Руссо, Гойя сияқты алыптарға кеңiрдектен тойып, кекiрiгi азып, ықылықтап отырған Еуропа жұрты «Авиньондық бикештердi» жақтырмай, тосырқай қарсы алғанымен, артынша шегiн тартып, таңғалып, өмiрге келген кубизм ағымын қол шапалақтап, төрге шығарды. Паблоның болашағына бал ашып жiберiп, дүниенi дүр сiлкiнтер келешегiн көрiп, ақша мәселесiн де оңынан шешiп бердi.Суретшiнiң шығармасы жоқшылық, кемдiк пен тақсыретке толы «көкшiл» кезеңi өз-өзiнен, майлы-бақуатты «раушан» кезеңiмен алмасты. Тағдырына қапшығы ақшаға толы ағайынды Леон мен Гертруда Стайндер, көпес Амбразура Воллар кезiктi (Тiптi бала күнiнде нағашы ағасы Сальвадор да шимайшы баланың келешегi зор боларын бiлгендей тапқан бiр теңгесiнiң тұп-тура елу тиынын жиенiне берiп отырған деседi).

Ақша мәселесi – қанша айтылғанымен, өз мәнiн осы күнге дейiн толық ашпаған әлем. Оның адам психологиясына әсерi, сиқырлау траекториясы да түрлiше. Пикассо кейiн қос-қостан вилла сатып алып, ең соңғы үлгiдегi «Рольс-ройспен» жүрсе-дағы, бiр чемодан ақшаны үнемi жанында ұстап, ауық-ауық түн баласында отырып санайды екен. Санап отырып: «Мен ақшасы көп жарлы адаммын» дейтiн көрiнедi. Кiм бiледi, бiр кезде ата-анасымен бiрге шеккен кедейлiк тақсiретi сүйегiне өтiп, санасына сiңiп кеткен болар? Әйтпесе бай – бағылан кезiнде ажырасқан Ольга есiмдi әйелiне бiр тиын бермей, ол әйелдiң қайыршылық жағдайында дүниеден өтуi, тiптi шетiн жағдай (Айтпақшы, суретшi даңқының түндiгiн және бiр желп еткiзген де осы ақша әлемi! «Трубка ұстаған бала» картинасы 2004 жылы 104 млн. долларға сатылды).

Суретшiнiң даңқын жалаулатқан ендiгi бiр нәрсе – өзiне дейiнгi мықты суретшiлердi шын мойындап, олардың шығармаларына дендеп кiре алғандығы. «Менен асқан суретшi жоқ» дейтiн астамшылықты сырып тастап, Эль-Греко, Делакруа, Сезанн сияқты мықтылармен үнемi творчестволық байланыста болғаны. Өмiр сүрген ортасы да, даңқы да өзiмен шамалас Анри Матисстi де төбесiне көтерiп, бағасын дәл берiп отырған кiсi. «Тулуз Лотректiң ұлы адам болғанын Парижге келгенiмде түсiндiм» деп отыратыны да осы сөздерiмiздi қуаттай түссе керек.

Руссо, Матисс, Брак, Дерен, Энгр сияқты суретшiлердiң картиналарын жинап, коллекция жинаумен де аты шықты.

Илеуiне қарай керегiн тынбай таси беретiн құмырсқа секiлдi, Пабло жарықтық – Кранах, Веласкес, Мане, Пуссен шығармаларын сүзiп, қаймағын алған кiсi. Сенесiз бе, Делакруаның «Алжир әйелдерi» картинасының он бес нұсқасын жасаған, Веласкесстiң «Мениндерiн» қырық мәрте көшiрген! Бiтiп тұрған өзгенiң картинасын неше түрлi нұсқаға келтiрiп, өзгертiп, интерпретациялап, тiптi кейбiреуiн әжуалап, кекеп-мұқап, «жүгәрмектiкке» де кеткен. Әрi көшiрген, әрi дамытқан, әрi сынақ алаңына айналдырған.

Өзiнен әлдеқайда бұрын дүниеден өтiп кеткен суретшiлердiң рухымен тiлдесе алатын қасиетi де болыпты. Ол өз әңгiмелерiнде Рафаэль, Сезанн, Ван Гогтардың үнемi шеберханасында болатынын айтып отырады екен.

– «Мениндердi» жазу барысында Веласкесс ту сыртымнан қадалып, бақылады да тұрды, – деп жазады бiрде.

Бiздiң Бауыржан атамыз, анау Мұстафа Кемал секiлдi ұлы адамдарға тән артықшылық – Пикассоның да маңдайына жазылған. Ол – қыз-келiншектерден жолының болғыштығы. Шұбатыла тартылған тоқсан екi жасының өн бойында моншақтай тiзiлiп Фернанда Оливье, Ева Гуэль, Ольга Хохлова, Мари Терез, Дора Маар, Женевьева Лапорт, Француаза Жило, Жаклин Рок тұрар едi. Бұл бикештер суретшi творчествосына мейлiнше нәр берiп, муза рөлiн атқарды. Небiр мықты портреттерiнiң өмiрге келуiне себепшi болды. Әйелдердiң образын сонау грек аңыздарындағыдай нәзiк гравюралардай бастап, «Жылап отырған әйел» портретiндей қорқынышты экспериментке бiрақ әкелдi. Мыңдаған парақ қағаздың, жүздеген шаршы кенептiң бетiне жуық арада қызуы басылып, табы қайтпайтын «ыстық қанды» портреттерiн жазды.

Жаңа айтқан қыз-келiншектердi кiлең жиырманың о жақ бұ жақтарында-ақ қалпақпен ұрып алған да отырған. Тiптi жасы алпыстан асып кеткенде де үлбiреген Жаклин Роктi ертiп Италияның картина сақтау банкiне келгенде есiкте тұрған күзетшi:

– Апыр-ай, Пикассо мырза, мұнда тұрақты келушiлердiң қолтықтай келген жандары қартая түсушi едi. Сiздiкi жыл өткен сайын жасарып келе ме, немене? – дептi таңданысын жасыра алмай.

Суретшiнiң даңқын асыра түсiрген де әйелдерi болғанымен, басындағы қоп-қою қара шашын ағартып, селдiретiп, таз қалпына түсiрген де сол — қыз-келiншектер-дi. Бiрiнен-бiрi қызғанып, боқ дүниенi бөлiсе алмай, түрлi қарекеттермен суретшi ғұмырын кемiрудей кемiредi. Жарыса естелiктер жазып, онысын жариялаймын деп қоқан-лоққы көрсетiп, бопса жасағандары да бiр төбе әңгiме. Оған шыж-быж болған суретшi, тiптi баспагерлерге барып, «қатындардың қолжазбаларын алма» деп, жалынып ақша ұсынып, онысы нәтиже бермей, асқынып, өсек оты одан сайын шалқып…

Әйтеуiр, суретшiнiң алтын басын қоқысқа сүйреп қор қылғандар да, әспеттеп, бояу иiсi сiңген комбинезонын шештiрiп, сюртук кигiзiп, жоғарғы каста – зиялылар арасына алып шыққан да солар. Сурет салу барысын фото-суретке түсiрiп, бүгiнгiге құнды дерек қалдырған да солар. Ғұмырын ұзартып, Пауло мен Клодтай ұл, Майя мен Паломадай қыз тауып берген де тағы солар!

Ол бейшараларға да оңай тимегенi белгiлi. Көктемдей құбылмалы Пикассоның түрлi қылықтарына төзу үшiн темiрдей төзiм мен ерiк-жiгер керек-ақ. Алпыс бөлмелi вилла алса да әр бөлмесiн қоқыспен толтырып тастайтын, онысын жинауға тiптi рұқсат бермейтiн салақ, үйлесiм, биiк талғаммен жаны қас Пикассоның жары болып көрiңiз! Оның үстiне, үйде маймыл, көгершiн, ит тәрiздi жануарлар бiрге тұрса, талтаңдап әрбiр жерге бiр құмалақтап ешкi жүрсе, қайтпексiз?

Пикассоның сурет әлемi пессимизм жайлаған, жарлы-жақыбайларды сала беретiн «көкшiл» кезең, қуанышқа толы «раушан» кезең, одан кейiн кiргiзген жаңалығы кубизммен шектелiп қалмайды. Ол кiсi өзiне дейiн болмаған сұмдықты бастап, коллаж дейтiн нәрсенi, кенепке қағаз қиындыларын, дастарқан, тұсқағаз қалдықтарын жапсыруды «модаға айналдырды». Бейнелеу салтында жоқ суретке гипс, ағаш, құм қиыршықтарын, тас қосып, көрермен шiркiннiң шақшадай басын шарадай қылып қойды. Олар ернiн сылп еткiзiп, «өзi қояншық па, немене?» деген сайын суретшiнiң даңқ аясы кеңи түстi. Оның кейбiр, жазықтардан бiрте-бiрте рельефке, одан үш қырлы көлемдi бұйымға айналған картиналары осы күнге дейiн жаңғырып, өзiн талай суретшiге қайталатумен келедi. Тағы бiр қызығы, осыны таптым екен деп, сол жолды ғана күйттеп кетпеген. Бiр мезгiлде бiрнеше картинаны концепциясына орай түрлi әдiстермен орындап отырған. Сөйтiп, өзiне дейiнгi суретшiлердi көзбен көрiп қабылдап келген көрерменнен өзiн, жүрекпен, санамен, ақылмен қабылдауды талап ете бастады.

«Пикассо» деп даурығатындардың бiр парасы кешегi коммунистiк идеологиямен «қаруланған» адамдар. Суретшi өзiнiң қым-қуыт тағдырын саясат дейтiннiң дәлiзiнен алып өткен кiсi. Француз коммунистерiнiң қатарында болды. Сондығынан Кеңес өкiметi суретшi творчествосын түйсiнiп, байыбына бармаса да, саяси көзқарасы үшiн ғана аузынан тастамай айтып жүрдi. (Социалистiк реализмнен асырып ешнәрсенi көргiсi келмеген большевиктердiң Пикассоны дәрiптеуi де шетiн жағдай).

Фашистер 1939 жылы Испанияның 1,5 мың тұрғыны бар Герника қаласын бомбалап тастады. Осыдан кейiн суретшi өзiнiң ең атақты «Герникасын» жазған. Кеңестiк идеологтардың қыбын қандырған осы картина емес, «Мынаны сiз салдыңыз ба?» деп сұраған фашистерге «Жоқ, оны салған сендер!» – дейтiн әйгiлi жауабы. Сонан соң елуiншi жылдары салған «Бейбiтшiлiк келбетi» атты көгершiн құстың суретi.

Көгершiн құсты түгелдей бiр мемлекет дәрiптеп жатқанда Пикассо баяғы қиямпұрыстығына салып:

– Мына жұрт көгершiндi бейбiтшiлiк құсы деп шуласып отыр! Қайдан бiлсiн, менiң үйiмдегi көгершiндер тамақ үшiн бiрiн-бiрi шоқып, өлтiрiп жатқанын, – дептi.

Суретшiлер өткен шақ пен осы шақты картиналарына арқау етсе, көбiсi келер шаққа келгенде мүдiрiп жатады. «Герника» – Пикассоның әулиелiкпен адамзат баласының басына төнiп келе жатқан зұлмат соғысты болжап бiлгендей сурет. Мұнда фашизм жайлап келе жатқан Еуропаның нақты көрiнiсi символика тәсiлiмен берiлген. Жеңiлген сарбаз, баласы шетiнеген ана, жаралы жылқы, қолына шырақ ұстай жылап бара жатқан әйелдер, бұқа образдары дәл, дөп табылып, айналдырған екi ай мерзiмiнде жазылып болған. Өзi де ұзындығы сегiз, енi төрт метрге жуық алып панно едi.

Мұнда жауыздықтың өзi емес, оның салдары бейнеленген. Қанды соғыстың, Еуропа шеңберiнен шығып, бүкiл адамзат баласына төнер қауiптiң терең де тылсым емеурiнi, ишарасы-тұғын. Картинада нақтылық жоқ. Оқиға жер астында өте ме, бұзылып қираған үйлердiң дәлiзiнде ме, белгiсiз. Түн екенi де, күн екенi де дүдәмал. Оқиғаның сюрреалистiк қалпы тажал соғысты тамұққа теңеуге жеткiзедi. Жандалбасаға ұшыраған адам баласының хаос кезiндегi жан дүниесiн тап «Герникадай» жеткiзе алған картина кемде-кем. Брюлловтың «Помпейi» адамзат баласының үрей алдындағы сыртқы бейнесiн көрсетсе, «Герника»– сөз жоқ, пенде шiркiннiң қорқыныш сәтiндегi iшкi, жан дүниесiнiң айнасы. Деформацияға ұшырап, қисық айнадағыдай созылып, бүлiнiп кеткен кейiпкерлер – тiтiркену, шошу, агонияның көрiнiсiндей. Бiздiң Сақтар жартас суреттерiнде жануарлардың агониясын белiнен сындырып, екi бұрау символикасы арқылы жеткiзсе, көп ғасырдан кейiн Пикассо да сондай тәсiлдi жаңғыртып, аң емес, адамзат баласының ұлы агониясын, жаннан безуiн көрсеттi.

Сол жылдардағы суретшiнiң жан дүниесiндегi психологиялық көрiнiстерi де Герника қаласы бомбаланғаннан кейiн тiптен ұлғайып, Жауыздық дейтiн атаудың жан-жақты бейнесiн қалыптастырды. Оның үстiне, Испаниядағы сол жылдарда билiк құрып тұрған Франко диктатурасы да суретшi көзқарасымен ымыраға келмей тұрған…

«Герника» мен «Авиньондық бикештер» – Пикассоның ең шоқтығы биiк шығармалары. Адамдардың бiр-бiрiне деген мейiрiм, iзгiлiгiнен гөрi, табан астында аузынан ақ ит кiрiп, қара ит шығып қиянаттаса, төбелесе кететiнi назарға бiрден iлiнiп, көңiлде ұзақ сақталатыны секiлдi, екi картина да шектен шыққандығымен жұрттың есiнде қалды. Суретшi туралы аңыздың бүкiл бiр тармағын осы екi шығарма көтерiп тұр десе болғандай.

Пикассо бейнелеу әлемiн әсте өнер деп қарамаған кiсi. Ол – сурет кеңiстiгiн ғылыми объект ретiнде таныған, қалыпқа сыймайтын ғұлама-тұғын. Өлең шығарды, пьеса жазды, декорация жасады… қойшы, iстемегенi қалмады. Танитынды да, танымайтынды да өзiне телмiртiп, өзiн әңгiме қылдырып, таусылмас «жыр» етiп, «басын қатырып» қойса, ғұлама демеске әддiмiз жоқ.

«Пикассо» дейтiн аңыздан осы там-тұм еске тұтқанымызды бiз де ортаға салдық. Ол аңыз әсте ортаймақ, һәм бiтпек емес.

Жеңiс КӘКЕНҰЛЫ, суретшi.