Жаңалықтар

«ЖАПОН ҚУЫРШАҚТАРЫНЫҢ» ҚЫЗЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

«ЖАПОН ҚУЫРШАҚТАРЫНЫҢ» ҚЫЗЫҚТАРЫ

Кеше Жапония елшiлiгiнiң Алматы қаласындағы бөлiмшесi мен Мемлекеттiк Орталық музейi «Жапон қуыршақтары» атты жылжымалы көрменiң салтанатты ашылу рәсiмiн өткiздi.

«Жапон қуыршақтары» көрмесi – Жапонияда ағымдағы жылдың 11 наурызында болған жер сiлкiнiсi мен цунамиден кейiнгi жапон мәдениет саласындағы Алматы қаласында ұйымдастырылып отырған алғашқы iрi iс-шараның бiрi. Қуыршақтар мәдениетiне бай Жапон елiн «Қуыршақтар патшалығы» «деп те атайды. Дәстүрлi жапон қуыршақтары «нингё» деп аталады. Бұл сөздi жапон тiлiнде жазғанда, «адам» және «түр» сөздердiң мағынасында жазылған иероглифтер қолданылады. Жапон қуыршақтары әр алуан түрлi, олардың кейбiреулерi бүлдiршiндердi, басқалары — император сарайының мүшелерiн, жауынгерлер мен батырларды, ертегi кейiпкерлерiн, құдайлар мен әзәзiлдердi бейнелейдi. Қазба жұмыстарында табылған ежелгi қуыршақтар Дземон дәуiрiне жатады. Алғашында қуыршақтар жебеушi немесе тұмар ретiнде қолданылған. Қуыршақтар мәдениетiнiң өркендеу кезеңi Эдо дәуiрiмен сәйкес. Осы кезеңнен бастап әртүрлi және мағыналық қуыршақтар жасала бастады. Жапон қуыршақтарын дайындауда ағаш, қағаз, мата, саз және гүлдеп тұрған бақытгүлдер қолданылған.

Қуыршақтардың көп бөлiгi сыйлық ретiнде немесе Хина Мацури сияқты Қыз балалар мерекесiне арналған. Бұл ғажайып мереке көне дәуiрлерден бастау алады. Бүгiнде әрбiр жапон отбасында өздерiнiң бүлдiршiн қыздарының бақыты үшiн қастерлеп жинаған Хина қуыршақтары бар. Сонымен қатар көрмеде Жапонияда 5 мамырда атап өтiлетiн Ұл балалар мейрамына арналған қуыршақтар – Гогацу Нинге тобы да ұсынылды. Жапонияда қуыршақтар жасау өнерi 1936 жылдан бастап ресми түрде танылды. 1955 жылы Жапон үкiметi «Шынайы ұлттық қазына» («Нингэн кокухо») сыйлығын тағайындады. Оны қуыршақтар жасайтын озық шеберлер алады.

Бұл көрме жапон қуыршақтарының типтiк үлгiлерi арқылы тамашалаушыларды баурап алды. Жапон қуыршақтары ежелден күнделiктi өмiрдiң бiр бөлiгi болып табылады. Олар арқылы жапон ұлтының дәстүрi мен оның тұрғындарының рухани әлемiн бейнелейдi. Олар өздерiнiң кескiндерiне аймақтық сипаттарын сақтай отырып, сан ғасырлар өткеннен кейiн де алуан түрлерiмен толыға түстi. Сонымен қатар қуыршақтар жапонның дәстүрлi тоқыма секiлдi қолөнерi бұйымдарын да паш еттi.

Көрмеде 70-тен астам қуыршақ ұсынылды. Олардың iшiнде Жапония театр өнерiнiң ең озық дәстүрлi қуыршақтарын – әйгiлi Но, Бунраку және Кабуки театрларының белгiлi сахна қуыршақтары, сондай-ақ дәстүрлi Кокэси қуыршақтары және қазiргi заман шеберлерiнiң дайындаған қуыршақтары бар. Көрме 2011 жылдың 3 шiлдесiне дейiн жалғасады.

Қанипа ЕРКIН