Жаңалықтар

САМАРАҒА САПАР

ашық дереккөзі

САМАРАҒА САПАР

Маусым айынан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы «Алматы-Самара-Алматы», «Алматы-Тбилиси-Алматы» бағыты бойынша жаңа рейстi iске қосты. Бразилиядан әкелiнген «Embraer-190» ұшағы аталмыш бағытта жолаушыларды тасымалдайды. Жуырда бiр топ журналист «Эйр Астана» әуе компаниясымен бiрге су жаңа ұшақпен Самара қаласына аттандық.

2 маусымда кешқұрым «Embraer-190» әуелайнерi Алматы әуежайының ұшу алаңында көк аспанға самғауға сақадай сай дайын тұрды. Самараға аттанғалы тұрған тұңғыш рейстiң алғашқы жолаушыларымен бiрге ұшаққа бiз де аяқ бастық. Жаңа лайнер өте қолайлы, жанға жайлы екен. Ұшақ iшiндегi қызмет көрсету сапасы да көңiл көншiтерлiктей. «Embraer-190» Алматының аспанына қанат қаққанда күн ұясына батып бара жатты. Айналасы үш сағаттың iшiнде бразилиялық ұшақ жолаушыларын Самара қаласындағы «Курумоч» халықаралық әуежайына жеткiздi.

«САМАРА – БЕСIНШI БАҒЫТ»

Волганы бойлай орналасқан тарихи қаладағы алғашқы күнiмiз «Эйр Астана» әуекомпаниясының жаңа рейстi жергiлiктi БАҚ өкiлдерiне таныстыру құрметiне орай ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатымен басталды. 2002 жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясы Мәскеуден Алматы және Астана қалаларына қатынайтын рейс ашқан болатын. 2009 жылы компания Ресейдiң Новосiбiр қаласынан Астанаға сапар шегетiн рейстi iске қосты. Ал 2010 жылы Санкт-Петербург, Екатеринбург қалаларымен әуебайланысын орнатты. Биыл «Эйр Астана» Ресей Федерациясындағы бесiншi бағытты iске қосып отыр. Ұлттық тасымалдаушы компанияның Ресей және ТМД аумағы бойынша аймақтық менеджерi Дмитрий Капарулин: «Самара-Алматы» тiкелей рейсiн ашу – «Эйр Астана» әуекомпаниясының ТМД iшiнде аймақтық әуетасымалдауды дамыту жоспарының бiр бөлшегi. Алматы мен Самара арасындағы әуебайланысы кәсiпкерлер мен жергiлiктi қазақ диаспорасы өкiлдерi арасында үлкен сұранысқа ие болады деп ойлаймыз. Бұл – бiздiң Ресей аумағындағы бесiншi бағытымыз. Алдағы уақытта рейстер санын көбейтiп, басқа да қалалармен әуебайланысын орнатпақ ниеттемiз», – дедi. Ал компанияның сатылым жөнiндегi бас директоры Ричард Бланж жаңа рейс екi қаланың мәдениетiн ортақтастырады деп сенедi. «Самара қаласы тарихқа бай. Волганың жағалауы мен тарихи жәдiгерлер шынымен-ақ көз тартады. Табиғаты көркем Алматының да адамды көзтартар мәдениет, демалыс орындары көп. Мәселен бiздiң Шымбұлағымыз кез келген адамның жанын баурап алады», – дедi Ричард мырза. Ал «Курумоч» әуежайының директоры Владимир Павлов Самара мен Қазақстан арасында он жылдан астам уақыт бойы әуебайланысы болмағанын айтып: «Алғашқы рейс қос мемлекет үшiн бұл бағыттағы рейстiң қажет екенiн аңғартты», – дейдi. «Embraer-190» реактивтi лайнерлерi аптасына үш рет Алматыдан Самараға сапар шегедi.

АҚ ЕШКI, РА ӨЗЕНI

Самара қаласы бүгiнде бес теңiздiң порты саналады. Қала Волганың жағалауында Самара өзенiнiң сағасы мен Сок өзенiнiң сағасының ортасында орналасқан. Тұрғындарының саны бойынша Самара Ресей Федерациясында алтыншы орынға ие. Халықтың жалпы саны 1 млн. 165 мың. Олардың iшiнде 15 мыңнан астам қазақ бар. Көбiсi жастар. Қаланың жалпы аумағы – 465,97 километр. 16 ғасырда Қырым татарлары мен ноғайлардан қорғану мақсатында қала аумағында Самара бекiнiсi тұрғызылған. 4 ғасырлық тарихы бар шаһар 155 жыл бойы қорған қызметiн атқарған. Уақыт өте келе Самара сауда қаласына айналады. Кезiнде Самара бекiнiс, уездiк қала, губерниялық қала болған. Шаһардың Самара деп аталуының да өзiндiк тарихы бар. Аңыз әңгiмелерге сүйенсек, ежелде Волга Ра деп аталған екен. Волгаға құятын өзендердiң бiрi көктемде тасып кетедi. Осы сәтте өзiне-өзi ұнап қалған өзен: «Маған Ра-ның не керегi бар, менiң өзiм Рамын (Я сама РА) ғой», – деп бәлсiнедi екен. Содан қала Самара деп аталып кеткен. Әрине, бұл ертегiлерде аталатын дерек. Ал шын мәнiнде Самара сөзi түркi тiлiнен аударғанда «даладағы өзен» деген мағынаға ие. Расында қала шексiз далада орналасқан. Бұл аймақты талай көшпендi халық мекендеген екен. Тiптi далада жабайы ешкiлер де жайылған деседi. Самара қаласының гербiндегi жасыл алаңқайда тұрған ақ ешкi тарихтың осы бiр парақтарынан сыр шерткендей. Бұл күндерi қала аумағынан жасыл желектi сирек кездестiресiз. Есесiне Волга жағалауынан қарсы аумаққа зер салсаңыз, ну орман мен биiк белестi байқайсыз. Бұл – атақты «Жигулевское» тауы. Негiзiнде биiктiгi 500 метрлiк дөңдi ғана тау деп атасақ та, биiктiгi 300-ден аса метрдi қамтитын «Жугулевское» төбешiгiн қала тұрғындары биiк тауға балайды.

Самара қаласы 1935-1991 жыл аралығында Куйбышев қаласы деп аталған. Қаланың атын Сталиннiң өзi өзгерткен екен. 1935 жылдың 26 қаңтарында Самарадағы революцияның бастамашысы, тұңғыш самаралық ревкомның басшысы Валериан Куйбышев өмiрден өтедi. Қайраткердiң қазасы туралы естiген Сталин таңғы сағат төртте Самара қаласына Куйбышевтiң атын берудi бұйырады. Екi сағаттың iшiнде қала атауы өзгертiледi. Түнде терең ұйқыға кеткен Самара халқы таңертең «куйбышевтықтар» атанып оянады. 1991 жылдың қаңтарында қалаға тарихи атауы қайта оралады. Қала аумағында 17 алаң орналасқан. Олардың ең iрiсi – Куйбышев алаңы. 17 гектар жердi алып жатқан алаң әлемнiң Гиннес рекордтар кiтабына енген. Бұл – Еуропадағы iрi алаң және аумағы бойынша әлемде бесiншi орынға ие. 1941 жылы 7 қарашадағы жалпыұлттық әскери шеру де дәл осы алаңда өткiзiлген екен. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Самара қаласында 20-дан аса әртүрлi мемлекеттердiң елшiлiктерi орналасқан.

Әлемдегi барлық шаһарлар сияқты Самара қаласы ескi және жаңа қалаға бөлiнедi. Яки қаланың еуропалық және тарихи бөлiгi бар. Десек те шаһардағы ескi, тарихи үйлер әлi де жойылмаған. Бәлкiм бұлар 18-19 ғасырдағы интеллигенцияның тұрағы болды ма, кiм бiлсiн? Әйтеуiр қаланың жаңа бөлiгiнен гөрi тарихи бөлiгi көзге бiрден ұрынады. Тiптi 19-ғасырдағы Самарада жүргендей сезiндiк өзiмiздi. Қаланың мұнтаздай тазалығын да бiрден аңғардық. Көше бойымен келе жатып бiрде-бiр қоқыс көрмедiк. Туристiк қала болғандықтан ба, Самарадағы кафе, мейрамханалар да кiшiгiрiм мұражайларға ұқсайды. Сенбi-жексенбi күндерi қала тұрғындары бөтелкелерге құйылмалы сыра толтырып, кептiрiлген балық алып, Волганың жағалауына қарай аяңдайды екен. Бұл үрдiс самаралықтардың өзiндiк дәстүрiне айналғандай.

ҚОЛБАСШЫҒА АРНАЛҒАН БУНКЕР

Самарадағы екiншi күнiмiз «Сталин бункерiмен» танысуға арналды. Тарихи қалада бiздi қызықтырған ең негiзгi жәдiгер де – осы бункер едi. Екiншi дүниежүзiлiк соғысы кезiнде КСРО үкiметi Мәскеу немiстердiң қолына өткен жағдайда Куйбышев қаласы Совет Одағының астанасы атанады деген байламға келген. Содан болар 1941 жылы Ресейдiң батыс аймағынан Самараға, яки сол кездегi Куйбышев қаласына бiрқатар кәсiпорындар, Мәскеу қаласынан КСРО үкiметi, Жоғарғы кеңес, iрi мәдениет орындары көшiрiлген екен. Дегенмен мемлекеттiк қорғаныс комитетi мен бас штаб Мәскеуде қалдырылған. Қанды шайқас кезiнде Самара қаласында жоғары бас қолбасшы Сталинге арналып бункер салынады. Сталинге арналған қорған сол кездегi партия обкомы ғимаратының астында орналасқан. 1942 жылы небәрi 9 айдың iшiнде салынған бункер жайында ешбiр ақпарат таралмаған. Тек 1991 жылдың мамыр айында ғана Самарадағы «Сталин бункерi» әлемдiк сенсацияға айналды. Бункердiң салынуына 597 адам атсалысты. Жер астынан 15 мың текше метр топырақ алынған. Бункердi салуға 10 мың текше метр бетон, 20 мың текше метр топырақ, 5 мың металлдық заттар пайдаланылыпты. Бункердi салу барысы құпия түрде жүргiзiлгенi соншалық, тiптi Куйбышев қаласының тұрғындары жер астынан Сталинге пана салынып жатқанынан бейхабар болған. Бассауғалауға арналған пана жайлы әрқилы ақпарат та бар. Кейбiр сәуегейлер бункердi салуға атсалысқан 597 құрылысшы түгелдей мерт болды деген қауесет те таратқан көрiнедi. Алайда бұл ақпарат терiске шығарылыпты. Сталин панасын салған құрылысшылар 1942 жылы бункер жайында ешкiмге тiс жармауға уәде берiп, өмiр бойына тiлхат жазған екен. Сол себептi жер астындағы пана жайлы арада 48 жыл өткен соң ғана толықтай ақпарат жарияланды.

Жалпы бункердiң құрылымы да қызықты. Жер астындағы панаға кiре бере бойыңызды үрей буады. Арада сан жылдар өтсе де бункерде соғыс жылдарының iзi қалғандай. Фашистiк Германияның қолбасшысы Гитлердiң Берлиндегi жерасты панасы 16 метр тереңдiкте орналасса, Рузвельт пен Черчелльдiң бункерi бар-жоғы 2 қабаттан тұрады. Ал Сталин бункерiнiң тереңдiгi – 37 метр. Жер астында 37 метр тереңдiкте, қараңғы қапаста 12 қабаттық бiрнеше шахта орналасқан. Бiз 34 метр тереңдiкке дейiн түстiк. Шахталар тiк және көлденең салынған. Жер асты панасында қолбасшыға арналған лифт те бар. Лифт жоғарыдағы ғимаратпен, яки сол кездегi обком ғимараты, бүгiнгi Өнер академиясымен тiкелей байланысты. Әрбiр қабаттағы есiктер ауа өткiзбейдi. Бункердегi тiршiлiкпен қамтамасыз ету қабатын да толық араладық. Ұзын-сонар дәлiздiң турасында металлдан жасалған тiк баспалдақтар көрiнедi. Бұл – қосымша есiкке бастайтын баспалдақтар. Бункер iшiнде дизельдердi де аңғардық. Жалпы жер асты панасы Самара облыстық дизельдiк электростанцияның көмегiне жүгiнедi, бiрақ қауiп төнген жағдайда бункер iшiндегi дизельдер 6 күн бойы паналаушыларға жарық бередi. Яғни жерасты панасына толықтай сиятын 600 адам бiр апта бойы сыртқы көмексiз-ақ өмiр сүре алады. Бүгiнде бункер тарихи мұражай ретiнде емес, азаматтық қорғаныс нысаны ретiнде тiркелген. Сондықтан бұл жерде әскери жаттығулар жиi өткiзiлiп тұрады. Бүгiнгi таңда бункердiң әрбiр қабаты соғыс жылдарындағы Куйбышев қаласы жайында сыр шертер жәдiгерлер мен маңызды құжаттар орын алған кiшiгiрiм мұражайларға айналған. Ең төменгi қабатта орналасқан Иосиф Сталиннiң жеке кабинетiне де кiрiп көрдiк. Қолбасшының бөлмесiнде жасыл матамен қапталған стол үстiнде телефон, үстел шамы, әрiректе диван ғана бар. Адамға керi әсер етпес үшiн бөлме қабырғалары психологиялық иiрiмдермен безендiрiлген. Бөлменiң төбесi мамыражай күндегi бұлтты бейнелесе, қабырғалар терезенi елестедi. Терезенiң ар жағынан күн күлiмдеп тұрғандай. Сталиннiң бөлмесiнде өзiмiздi жерастында емес, кәдiмгi ғимараттың iшiнде жүргендей сезiндiк. Бас қолбасшы өз бөлмесiне де, 37 метрлiк тереңдiктегi бункерге де бас сұқпаған екен. Биыл бункердiң тарихи музей ретiнде аталып, алғашқы туристердi қабылдағанына 20 жыл толады екен.

БIЗДI КҮТПЕГЕН КРЕМЛЬ

Самараға сапарымыздың ең қызықты тұсы – аяқасты Мәскеуге аттануымыз болды. Ауа-райының қырын қабақ танытуына байланысты «Самара-Алматы» рейсiнен кешiгiп қалдық. Ендiгi рейстi күтетiн уақыт жоқ. Сапарға шыққан тоғыз адам дереу Мәскеуге ұшуға бел будық. Мақсатымыз – Мәскеу арқылы Алматыға ұшу. Сөйтiп күтпеген жерден Мәскеуге топ ете қалдық. Кеңес Одағының кезiнде Мәскеу әрбiр адамның арманына айналған-ды. Кеңес Одағының азаматы атанбасақ та, әлемдегi ең iрi шаһарлардың бiрiн көруге iштей құмартып жүретiнбiз.

Мәскеуге түс әлеуетiнде жеттiк. «Мәскеу – Алматы» рейсiне әлi бiраз уақыт бар едi. Уақытты босқа кетiрмес үшiн Мәскеудi аралауға шықтық. Сөйтiп Шереметьево халықаралық әуежайынан аэроэкспресспен 35 минуттың iшiнде Мәскеуге жеттiк. 11 милионнан астам тұрғыны бар iрi мегаполистiң метросына мiнбей кету мүмкiн емес. Белорус вокзалынан метро арқылы Қызыл алаңға жол тарттық. Мәскеу метросы күнiне 8 миллионнан астам адамды қажеттi жерiне жеткiзедi екен. Метрополитеннiң жалпы ұзындығы – 301,2 километр,180-нен астам станциясы бар. Метроның бiршама станциясы архитектуралық ескерткiш болып табылады. Әрбiр станцияда ары-берi асыққан адамдарды көресiз. Олардың iшiнде әрқилы ұлттың, түрлi мәдениет пен дiннiң өкiлдерiн кездестiресiз. Қызыл алаңға кiре берiсте бiздi «Ленин» мен «Путин» қарсы алды. Саяси қайраткерге ұқсастықтың бизнеске айналғанын қараңыз, қолына Ресей Федерациясының туын ұстаған Путинге ұқсас адаммен суретке түсу үшiн 1000 рубль, яғни бiздiң ақшамен 5000 теңгенi шығаруыңыз керек. Ұзындығы 695 метр, енi 70 метрдi алып жатқан Қызыл алаңға келушiлердiң санында шек жоқ. Бiз Қызыл алаңға аяқ басқан күн жұмыс күнi болатын. Алматыдағы Орталық алаңда мереке күндерi мұншалықты адамды көре алмассыз. Әйткенмен iрi мегаполис қой, күнiне миллиондаған адамның Қызыл алаңға жиналуы таңсық емес те шығар. Әредiк теледидардан көрiнетiн Кремль қарсы алдымызда тұрды. Президенттiң резиденциясын айнала бiрқатар тарихи ғимараттар орналасыпты. Дәл осы Қызыл алаңның нүктесiнен қаланың жалпы аумағы есептеледi екен.

Жергiлiктi уақыт бойынша түнгi 11-де «Мәскеу-Алматы» бағытында сапар шегетiн ұшақтың бортына жайғастық. Алып шаһардың алаулары жарқ-жұрқ етiп, өзiне баурап тұрған секiлдi. Әйткенмен сүйiктi Алматымызға деген сағыныш сезiмi бойымызды биледi. Алатаудың бөктерiндегi сұлу шаһарымызды көруге асықтық.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ