Жаңалықтар

ҮШ СӘБИДI ҚОРҒАҒАН ҚАҺАРМАН

ашық дереккөзі

ҮШ СӘБИДI ҚОРҒАҒАН ҚАҺАРМАН

Гүлзина БЕКТАСОВА

Қазақтың бойында ұлттық рух, намысшылдық, отансүйгiштiк қасиеттерi қай кезде де болған, бола да бередi. Қазақтың бойында өр намыс, ұлттық рух болмаса, талай-талай зұлматты ғасырдан аман шығар ма едiк?! Еркiндiк пен тәуелсiздiкке қол жеткiзуiмiздiң өзi бабаларымыздың өршiл рухының арқасы. Қазақ батыр болмаса, қазақ жауынгер халық болмаса, Махамбет бабамыз: «Ереуiл атқа ер салмай, егеулi найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердiң iсi бiтер ме?» деп жырламас едi-ау!

Бүгiнгi бейбiт қоғамның да өз батырлары бар. Жамбыл облысының №85395 әскери бөлiмiнiң жауынгерi, рота бастығының бiрiншi көмекшiсi Аманжол Стамбековтiң көзсiз ерлiгi баршамыз мақтан етуге тұрарлық. Аманжол өртенiп жатқан үйден, көк түтiннiң ортасынан қорықпастан, «тiлсiз жаудан» қаймықпай үш бiрдей сәбидi аман алып шыққан едi.

Көктемнiң мерекелi күндерiнде Тараз қаласындағы қарапайым бiр отбасы қайғылы қазаға душар бола жаздады. Жұртшылық Наурызды тойлап жатқан кез. Мерекенiң соңғы үшiншi күнiнде, қаладағы пәтерлердiң бiрiнен тапа-тал түсте өрт шығады. Өрттiң шығуына себеп болған балалардың күкiртпен ойнауы. Бұл оқиға наурыздың 23-i күнi болған едi. Аманжол Стамбеков отбасымен қонақтан қайтып келе жатады. Өз үйiнiң кiре берiсiне жеткенде, көршi пәтерден шығып жатқан түтiндi байқап қалған. Ол есiктi бiраз ұрғылап көрiп едi, ашылмайды. Өрт сөндiру қызметшiлерiне хабар бергенiмен, кешiгiп қаламыз ба деген қауiп басым. Тәуекелге бел буған Аманжол есiктi ашар жол тауып, өрт шығып жатқан үйге жалғыз өзi қойып кетiптi…

Бұл оқиғаның одан әрi қалай өрбiгенi туралы анықтап бiлу үшiн әскери қызметкер Аманжол Стамбековтiң ұялы телефонына арнайы хабарластық.

– Оқиғаның қалай болғаны есiңiзде шығар?

– Бұл оқиға 23 наурыз күнi болды.

– Жұмыс күнi ме едi?

– Жоқ. Ол күнi наурыз мерекесiн тойлап жатқан уақыт.

– Өрттiң шығып жатқанын қай кезде байқадыңыз?

– Түскi уақыттың кезi. Ұмытпасам, 2 мен 3-тiң арасы болу керек. Жолдасым, кiшкентай қызым үшеумiз қонақтан қайтып келе жатыр едiк. Үйiмiздiң кiре берiсiне жеткенде, қарасақ, кiре берiс көк түтiннен көрiнбейдi. Әуелде түтiннiң қайдан шыққанын аңғармай қалдық. Кейiн қарасам, бiздiң үйге қарама-қарсы пәтерден, яғни 70-пәтерден шығып жатыр екен. Есiктi ұрғылап көрiп едiм, ешкiм аша қоймады. Өрт сөндiру орындарына, полиция қызметiне хабар бердiк. Есiктi бұзып кiруге тағы болмайды. Бiрақ ақырында есiктi өзiм ашуыма тура келдi. Көршiлердiң үйiне кiлт қалдырған-қалдырмағанын сұрап, әйелiм зыр қағып жүр. Сыртқы есiктi кiлтпен ашып, iшкi есiгiне күшпен ашып кiрдiк. Iшке кiрсем, бөлменiң iшi көк түтiн. Үйдiң iшi көрiнбейдi.

– Үйдiң iшiнде балалардың бар екенiн сездiңiз бе сол кезде?

– Сезгем жоқ. Өз үйiмде газдан қорғау құралы iлiнiп тұратын. Өзiм әскери адам болған соң, ондай құралдар бiзге қажет қой. Дереу соны алып, басыма кидiм де, өрт шығып жатқан үйге қайта беттедiм. Есiктi ашып, қайта жаптым. Терезенi ашуға тағы болмайды. Жел кiрсе, бықсып жатқан өрт лапылдап кетуi мүмкiн. Қонақ бөлменiң есiгiн ашып, сонда кiрiп бара жатқанымда, аяғым бiрнәрсеге шалынғандай болды. Аяғымның астына еңкейiп, түртiнектеп, алақаныммен едендi сипасам, кiшкентай сәби қолыма iлiндi. Түтiнге көз үйренгеннен кейiн, айналама зер салып қарай бастадым. Қарасам, екi жерде томпайып, тағы екi сәби жатыр екен. Әуелгi аяғыма iлiккен сәбидi қолыма көтерiп алдым да, сыртқа қарай жүгiрдiм. Үйдiң алдындағы алаңқайға жатқыздым да, жиналған көршiлерге: «дереу жедел жәрдем шақырыңдар» деп бұйырып, үйге қайта беттедiм. Ойым – қалған екi баланы құтқару. Үйiмде қонақ болып, туған iнiм Талғат келiп жатқан. Ол да менiмен iлесiп, өртенiп жатқан үйге қарай бет қойды. Түтiнге уланып, көзi көрмей кiбiртiктеп тұрып қалған бауырымның қолына бiр сәбидi ұстаттым да, «сыртқа жүгiр» дедiм. Жанып жатқан көрпеше-паластардың үстiнде жатқан үшiншi сәбидi қолыма алып, өзiм де сыртқа беттедiм.

– Сәбилердiң үлкенi қанша жаста екен?

– Үлкенi – бес жаста, екiншiсi – үште, кiшкентайы – бiр жарым жаста екен. Әйелiм әскери дәрiгер болғандықтан, көршiлермен бiрге балаларға алғашқы көмегiн берiп жатты. Сәбилерге алғашқы жәрдемдi берiп жатқанда, iшкi iстер қызметкерлерi де келiп үлгердi. Балаларды алып шыққаннан кейiн, өртенiп жатқан үйге су шашып, өрттi сөндiруге тырыстым. Бықсып жатқан түтiндi өшiрiп, есiк-терезелердi ашып, үйге жел кiргiзген соң, үйдiң iшiндегi көк түтiн де басыла бастаған едi.

– Iшкi iстер қызметкерлерi келгенде өрт сөндiрiлiп қойған ба едi?

– Сөндiрiлiп қойған.

– Өрт шығып жатқан үйге беттегенде, бойыңызда қандай сезiм болды?

– Сол сәтте қандай сезiмде болғанымды бiлмеймiн. Жалпы, қайырымдылық жасау – бұл кез келген адамның азаматтық борышы деп санар едiм. Өйткенi қолымыздан келiп тұрса, көмек бергенге не жетсiн?! Мен өзiмдi ерлiк жасадым деп ойламаймын, мен өзiмнiң азаматтық парызымды атқардым. Тiптi сол сәтте ерлiк жасау деген ой болған жоқ менде. Менiң ойым – өртенiп жатқан үйдегi өрттi сөндiру ғана. Керек десеңiз, сол сәтте үйде балалардың қалғанын да бiлгемiз жоқ. «Жедел жәрдем» келгенде, менiң келiншегiм де бiрге кеттi. Оның мамандығы әскери дәрiгер болғандықтан, қолынан келген алғашқы көмегiн жасап, балаларды құтқаруға жанын салды. Әке-шешесi жұмыста болғандықтан, балаларды ауруханаға апарып, дәрiгердiң қолына табыстап қайтты.

– Кiшкентай сәбилер түтiннен қатты уланып қалып па?

– Қатты уланған. Алғашқы кезде ес-түстерiн бiлген жоқ. Бiр жарым жастағы сәбидi күйiктен емдейтiн ауруханаға алып кеттi. Денелерi күйiп қалыпты. Балаға операция жасалды. Қазiр жағдайы тәуiр болып келедi. Бес жастағы сәбидiң де жағдайы жаман емес. Үш жасар баланы дәрiгерлер аман алып қала алмады.

– Осы оқиғадан кейiн өзiңiзге қандай сабақ алдыңыз? Жалпы, бүгiнгi жастарға патриоттықтың дәнiн себу үшiн не айтар едiңiз?

– Мен өзiмдi батырмын деп есептемеймiн. Менiң орнымда болса, өзге адам да солай жасайтын шығар. Жалпы, әр адамның Отанды сүюi, адамдық борышын адал атқаруы – адами парыз деп ойлаймын. Қолынан келер көмегiн аямау, қайырымды iс атқару, үлкенге iзет, кiшiге құрмет көрсетуден асқан ерлiк жоқ. Сондықтан жастарымыздың бойында отансүйгiштiк, адамгершiлiк деген қасиеттер қанымен бiрге келу керек, бiте қайнасу керек. Сонда ғана ұлтын сүйер азамат, ұрпағын қастерлейтiн халық боламыз.

– Әскери қызметкер болмасаңыз да, осындай тәуекелге барар ма едiңiз?

– Баратын едiм.