Халықаралық сыйлық – қазақ жазушысына
Халықаралық сыйлық – қазақ жазушысына
Қытай мен Орта Азия елдерi Достық Қауымдастығы өзiнiң тұңғыш сыйлығын қазақ жазушысы әрi түркiтанушы ғалым марқұм Немат Келiмбетовке арнады.
Апта басында Астанада Қытай мен Орта Азия елдерi достық қауымдастығы және «Қытай суретшiлерiнiң бейбiтшiлiк жолы» қозғалысын ұйымдастыру комитетiнiң Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени гуманитарлық байланысты дамытуға қосқан үлесi үшiн жазушы, түрколог-ғалым, Франц Кафка сыйлығының иегерi марқұм Немат Келiмбетовтi «Бейбiтшiлiк жолындағы гуманитарлық ынтымақтастық» есте сақтау Кубогi және Құрмет дипломымен марапаттау рәсiмi өттi. 2010 жылы Немат Келiмбетовтiң «Үмiт үзгiм келмейдi» атты кiтабы қытай тiлiнде жарық көрiп, қытайлық оқырмандар тарапынан жылы қабылданған болатын. Сыйлыққа негiз болған басты шығарма осы. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, аталған сыйлық – 2007 жылдың 18 желтоқсанында iргетасы қаланған Қытайдың Орталық Азия елдерiмен арадағы Достық Қауымдастығының ең алғашқы сыйлығы. Қазақстан мен Ресейдегi Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi, сондай-ақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бұрынғы Бас Хатшысы, ал қазiргi Қытайдың Орталық Азия елдерiмен арадағы Достық Қауымдастығы Төрағасы Чжан Дэгуан марапаттау рәсiмi барысында аталған сыйлықтың Қытай мен Қазақстан мәдени-гуманитарлық байланыстарының нығаюына айтарлықтай әсер еткенiн, жалпы Немат Келiмбетов шығармасының құндылығына, көтерiлген тақырыптың ерекшелiгiне тоқталды. Ал марқұмның үзеңгiлес жолдасы және шәкiртi болған ҚР Парламент Сенаты Депутаты Қ.Сұлтанов, ҚР Президентi Мәдени Орталығының директоры М. Жолдасбеков, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң ректоры Б.Әбдiрайымов, «Егемен Қазақстан» газетiнiң Президентi С.Әбдрахманов Немат Келiмбетовтiң әдебиеттегi iзi туралы пiкiрлерiн ортаға салды. Былтыр 73 жасында бақилық болған жазушы-ғалым, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi Немат Келiмбетов саналы ғұмырында қазақ әдебиетi мен ежелгi түркi мұраларын астастыра отырып, терең зерттеу еңбектерiн жазған, қазақ әдебиетiне ежелгi дәуiрдiң бiрнеше дастандарын енгiздi. Жазушы көзiнiң тiрi кезiнде Еуропадағы аса беделдi Франц Кафка атындағы сыйлықтың иегерi атанған және түркi дүниесi мұраларын қазақ әдебиетiне жақындата түскен еңбегi үшiн Күлтегiн сыйлығына ие болған едi.
Жазушының «Үмiт үзгiм келмейдi» хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып, тағдыр ауыртпалығын басынан өткерген азаматтың өмiрге деген шексiз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершiлiкке үндеген ойлары өрiледi.
Ал оның оқырмандар тарапынан ыстық ықыласқа ие болған «Ұлыма хат» эссесi сақтар мен ғұндар дәуiрiнен бастап, Қазақ хандығы құрылған кезеңге дейiнгi рухани-тарихи-әдеби байланыстарды баяндай отырып, мейiрiмдiлiк, достық, қанағат, ынсап сияқты қасиеттермен бiрге, күншiлдiк, ашкөздiк, тәкаппарлық секiлдi жағымсыз мiнез-құлықтар туралы ой толғайды. Жазушының оқырман арасында серпiлiс туғызған соңғы шығармасы «Күншiлдiк» деп аталған. Мамандар пiкiрiнше, адамның санасын, ойын, құлқынын психологиялық зерттеулермен, байламдармен тарқата отырып, көркем тiлмен жазылған бұл шығарма – қазақ әдебиетi тарихында бұрын-соңды тың зерттеле қоймаған тақырып.