Жаңалықтар

КОНФЕССИЯЛАРДЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ – КӨКЕЙЛЕРДЕ

ашық дереккөзі

КОНФЕССИЯЛАРДЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ – КӨКЕЙЛЕРДЕ

Дүйсенбi күнi Астанада Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерi Съезi Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәмидiң төрағалық етуiмен Съез Хатшылығының кезектi, оныншы отырысы ашылды.

Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзiнде Қ.Мәми дiни лидерлер Съезiнiң жұмысына тұрақты және белсендi қатысқаны үшiн делегация басшыларына ризашылық бiлдiрдi.

Төраға атап өткендей, алдыңғы Съез өткеннен берi әлемде халықаралық жағдайды, оның iшiнде дiни толеранттық пен конфессияаралық келiсiм саласын күрделендiре түскен оқиғалар болды.

«Республика мемлекеттiлiгiнiң жиырма жылдық тәжiрибесi көрсеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дiнаралық және этносаралық келiсiмдi нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты бiздiң қоғамды ұлтаралық, дiни қақтығыстар мен шиеленiстерден аман сақтаудың кепiлi болды. Бiрлiк пен ынтымаққа негiзделген тұрақтылықтың арқасында елiмiз өркендеудiң сара жолын дәл тауып, жаңа биiк мақсаттарға қарай батыл қадам басып келедi», – дедi төраға.

Этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң өзiне тән оң үлгiсiне сүйене отырып, Қазақстан өркениетаралық өзара байланысты дамытып, дiндер ынтымақтастығын тереңдету, жаһандық өзара мәдени алмасу жолын берiк ұстанатыны айтылды.

«Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерiн шарпыған толқулар, Ирактағы, Ауғанстандағы және Пәкiстандағы террорлық актiлер, Жапониядағы жер сiлкiну мен цунами толқындары, АҚШ-тағы тасқын су мен алапат құйындар миллиондаған адамдар үшiн орасан зор қасiрет әкелдi», – дедi Қ.Мәми.

Төраға өткен оқиғалар iзгi ниеттi барлық адамдардың келiсiмге, достыққа, өзара сыйластық пен қолдауға негiзделген бейбiтшiлiк жолында бiрiгуi, зорлық пен төзбеушiлiктен бас тартуы қажеттiгiн көрсетiп отырғанын атап өттi.

Бұл үдерiстердегi дiнаралық және мәдениетаралық үн қатысудың маңызды рөлiн айта келiп, Қ.Мәми «Қазақстан өркениетаралық өзара iс-қимылды дамыту мен кеңейтудi, дiни ынтымақтастықты тереңдетудi, жаһандық тұрғыда өзара мәдени алмасуларды ұдайы жақтап келедi», деп атап өттi.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң съезiн өткiзу туралы бастамасын iлгерiлету мақсатында Съездiң жасампаз идеяларын жер жүзiнiң халықтары мен олардың елдерiнiң саяси басшыларына жеткiзуде әлемдегi басты мiнбе мүмкiндiгiн пайдалану үшiн бiз форумның БҰҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға ниеттенiп отырмыз», – дедi төраға.

Қ.Мәми сондай-ақ Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Үштiгiне қатысу мен Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету аясында мұсылман мемлекеттерi мен батыс елдерi арасындағы өзара түсiнiстiктi тереңдету жұмыстары жалғаса беретiнiн атап өттi.

Оныншы отырыстың екiншi күнi қатысушыларға арнаған қорытынды сөзiнде Қ.Мәми түрлi мәдениет пен дiндер өкiлдерiнiң бейбiтшiлiк, қауiпсiздiк, ынтымақтастық, өзара сыйластық, теңдiк, әдiлеттiк пен төзiмдiлiктi орнықтыруға деген ортақ ниетiн айғақтаған кездесулердiң табысты болғанын атап өттi.

Халықтар мен дiндер арасындағы өркениеттi қатынастарды қалыптастыруда конфессияаралық және мәдениетаралық үнқатысуды қажеттi және ерекше құрал ретiнде атай отырып, төраға дiни лидердердiң алдағы төртiншi Съезi табысты өтуi үшiн бұл талқылаудың маңыздылығына тоқталды.

Шара қорытындыларына қатысты Қ.Мәми қол жеткен уағдаластықтар бейбiтшiлiк пен келiсiмдi нығайтуға, жер жүзiндегi халықтардың жарқын келешегi жолында барлық конфессиялардың ынтымақтастығын дамытуға бағытталған iс-қимылды жалғастыру үшiн берiк негiз болатынын атап өттi.

Сенат Төрағасы, Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерi Съезi Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәми өз сөзiнде сындарлы пiкiр алмасулар мен бiрлесе күш-жiгер жұмсау арқылы көптеген проблемалар шешiлетiне, адамдарды бөлiп тұрған кедергiлер еңсерiлетiнге, ортақ мақсаттарға қол жеткiзу жолында iлгерiлейтiнiмiзге сенiм бiлдiрдi.

Нақ сондықтан да, конфессияаралық және мәдениетаралық диалог, дүниежүзiнiң әртүрлi бөлiктерi арасында өркениеттi қатынас құрудың ең қажеттi де пәрмендi құралы болып отыр. Мұның өзi бiрлiк пен келiсiмдi әлемдiк ауқымда нығайтудың маңызды факторына айналғандығының айғағы.

– Осы залда жиналып отырған барлық дiндер мен мәдениеттер өкiлдерiнiң бұл ақиқатты бiрдей сезiнетiнiн атап өткен жөн, – дедi Қ.Мәми, – Сiздер паш еткен сындарлылық пен iзгi ниет рухы алдағы төртiншi Съезде де жемiстi диалог үшiн өз жалғасын табарына сенiмiм мол, – дедi ол.

Бүгiнде әлем өз дамуының жаңа сатысына бет алды. Осыған байланысты бiздiң алдымызға жаңа мiндеттер қойып отыр, олардың ең бастылары тұрақтылық пен қауiпсiздiктi сақтау, жер бетiндегi өркениеттiң даму жолымен одан әрi алға жылжуына қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Әрине, бұған қол жеткiзу оңай емес. Алайда өмiрдiң өзi көрсетiп отырғандай, iзгi ниет, парасатты бәтуа, келiсiлген iс-қимыл және өзара қолдау болған жағдайда әлемдiк қоғамдастықтың аталған мiндеттердi оң тұрғыдан шешуге әбден жетедi. Жалпы бiздiң конфессияаралық форум осындай жасампаздық үдерiске лайықты үлес қоса бередi деп кәмiл сенемiн, – дедi Қайрат Мәми.

Отырысқа қатысушылар Хатшылықтың Х отырысының күн тәртiбiне енгiзiлген барлық мәселелердi қарады. Дiни лидерлер кеңесiнiң Тұжырымдама жобасы бекiтiлiп, оныншы отырыстың Хаттамасы бекiтiлдi.

Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң төртiншi Съезi 2012 жылы 30-31 мамырда Астанада өтетiн болды. Алдағы форумның басты тақырыбы «Адамзаттың таңдауы бейбiтшiлiк және келiсiм» болып белгiлендi.

Хатшылықтың Х отырысы жабылғанын жария еткен Қ.Мәми дiни лидерлер Съезiн өткiзу жөнiндегi Қазақстан бастамасына қолдау бiлдiрген және қызу пiкiрсайыс өрбiткен қатысушыларға алғыс айтты.

Жаңабек ШАҒАТАЙ