Жаңалықтар

«МӘДЕНИ МҰРА» – ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ

ашық дереккөзі

«МӘДЕНИ МҰРА» – ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Елiмiздiң мәдениет саласында рухани құндылықтарымыз бен тарихи-археологиялық жәдiгерлерiмiздi түгендеуде атқарылып жатқан шаруа шаш-етектен. «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы арқылы сан ғасырдан берi қараусыз келген құнды дүниелер қалпына келтiрiлiп, ел-жұрттың көзайымына айналып үлгердi.

Мәдениет министрлiгi үшiн былтырғы жыл нәтижелi әрi сәттi жыл болған. Таяуда Парламент мәжiлiсiнде мәдениет саласының бүгiнi мен келешегi жайында келелi баяндама жасаған министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза нақты жетiстiктерге тоқталып өттi. «Жетi жыл аясында табыспен iске асырылған «Мәдени мұра» бiрегей стратегиялық жобасы аясында 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргiзiлдi. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, АҚШ және Еуропа елдерiне жасалған ғылыми-iздестiру экспедицияларының нәтижесiнде елiмiзге 5 мыңнан астам тарих, этнография, өнерге қатысты аса құнды мұрағаттық құжаттардың қайтарылуы ұлт тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыру iсiне зор серпiн бередi», – дедi министр. Сондай-ақ, ол тарих пен мәдениетiмiз үшiн маңызды болып саналатын 73 ескерткiштiң қайта қалпына келтiрiлгенiн қуана жеткiздi. Атап айтқанда, шетелдегi 2 нысан, елiмiздiң 12 облысындағы 19 ескерткiш, Дамаскiдегi Әз-Захир Бейбарыс сұлтан кесенесi көздiң жауын аларлықтай түрлендi. Каирдегi Бейбарыс сұлтан мешiтiн қалпына келтiру жұмыстарын қаржыландыруға қатысты мәселе Қазақстан тарапынан түпкiлiктi шешiмiн тапқан. Бұдан өзге биыл көктемде Ташкент қаласындағы Абай ескерткiшi құрылысының жұмыстары сәттi аяқталып, 2011-2013 жылдары жаңа 30 ескерткiштi қалпына келтiру жұмыстары жоспарланып отыр. Демек Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында елiмiздегi және жырақтағы ескерткiштердi толыққанды түгендеу шарасының нәтижесi көз алдымызда тұрған жоқ па?! Қазiргi кезде тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң мемлекеттiк тiзiмi бекiтiлiп, оған 218 республикалық, 11 мың 277 жергiлiктi маңыздағы ескерткiштер енiп отыр.

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ФИЛЬМДЕРДIҢ ДӘУIРI ТУДЫ

«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда «Қазақфильмнiң» үлесi ерекше. Бүгiнде тарих және мәдениет ескерткiштерi туралы 10 фильмнiң түсiрiлiмi аяқталса, «Ұлттық мұра» деректi фильмдер циклы бойынша 20 фильм дүниеге келдi. Киностудия тарихында алғаш рет жүргiзiлген жаңғыртудың нәтижесiнде постөндiрiстiң барлық технологиялық топтамасы қалыптастырылып, постпродакшн бойынша қызметтiң барлық түрi тiкелей «Қазақфильмнiң» өзiнде көрсетiлмекшi. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның айтуынша, бүгiнде «Қазақфильмде» өндiрiлген фильмдердiң сандық кiтапханасы жасалып, киноқордағы «Қыз Жiбек» фильмi сандық негiзге көшiрiлген. Ендi кезекте «Наш милый доктор» және «Менiң атым – Қожа» фильмдерi тұрған көрiнедi.

Сондай-ақ, Мәдениет министрi «Қазақфильмнiң» отандық фильмдермен қоса, халықаралық жобаларды да жүзеге асырып отырғандығын жеткiздi. «Соңғы екi жыл iшiнде 70-тен аса фильмнiң түсiрiлiм жұмысы аяқталды. Бiз сыннан тиiсiнше қорытынды шығарып қана қоймай, ұлттық кино жасауда сапалы деңгейге көтерiлдiк. Ал үш жыл iшiнде 20-дан астам фильм прокатқа шықты. Айта кету керек, соңғы екi жылда отандық 40 фильм әлемнiң 22 елiндегi 27 кинобайқауға қатысып, шетелдiк мамандардың ерекше iлтипатына бөлендi», – деген жүрекжарды қуанышымен бөлiстi.

ТАРАЗЫНЫҢ БIР БАСЫНДА – ЛАТЫН ӘЛIПБИI

Мемлекеттiк тiлдiң ахуалы әлi көңiл көншiтерлiктей емес. Бұған дейiн ел Үкiметi «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын» қабылдап, өз мәресiне жеткiзген болатын. Алайда бұл бағдарлама қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерте алды ма? Нәтижесi қандай? Бұл сауалдарға нақты әрi толыққанды жауап таппай жатып, жаңа онжылдық бағдарлама жасақтауға кiрiсiп те кеттiк. Бұл бағдарламаны әзiрлеудi Мәдениет министрлiгi өз қолына алған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза: «Алғашқы ұзақ мерзiмдi тiлдiк бағдарламаның тиiмдiлiгi жөнiнде әртүрлi пiкiр, дау-дамайлар бар. Алайда соның өзiнде бағдарлама нәтижесi мемлекеттiк тiлдi оқыту инфрақұрылымын айтарлықтай арттырды. Мәселен осыдан бес жыл бұрын оқыту орталықтарының саны 8 болса, қазiр жүзден астам орталықтар жұмыс iстейдi. Олардың жартысынан астамы мемлекеттiк», – дедi. Министрдiң айтуынша, бағдарлама жүзеге асқалы берi қазақ тiлiндегi балабақшалар саны айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, он жыл iшiнде олардың саны 68 пайызға, ал қазақ мектептерiнiң саны 173-ке өскен. «Бүгiнде елiмiздегi 7,5 мың мектептiң 3 мың 821-нде таза қазақ тiлiнде бiлiм берiледi. Ал елiмiз тәуелсiздiк алған кезде қазақ мектептерiнде оқитын балалар саны 32 пайызды құраса, қазiр ол көрсеткiш екi есеге артып, 1,5 млн.-нан астам бала қазақ мектептерiнде бiлiм алады», – деп толықтырды. Осы жылдар iшiнде мемлекеттiк органдарда iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде кезең-кезеңмен көшiру көзделгенi есiмiзде. Министрдiң сөзiне сенсек, 2007 жылы атқарушы органдардың 40 пайызы ғана мемлекеттiк тiлде iс жүргiзсе, былтыр 70 пайыз, ал қазiр бұл 80 пайызға жетiптi. Әрине, нақты көрсеткiш осылай болса, қанекей!

Бiр қызығы, министрдiң баяндамасындағы тiл саясатына қатысты негiзгi жүктелген мiндеттер бұған дейiнгi талқыға түскен «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» жобасында кеңiнен көрiнiс тапқан болатын. Мәселен министр Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл жолғы есебiнде де: «2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайыз, ал 2020 жылы олар 95 пайыздан кем болмауы тиiс», – дегендi тағы да екшеп айтты. Сондай-ақ, ол орыс тiлi мен Қазақстанда тұратын басқа да этностар тiлi мiндеттi түрде әрi қарай дамуы керектiгiн де ұмытқан жоқ. Министрдiң бұл пiкiрiмен келiспейтiн депутат Розақұл Халмұрадов: «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттiк бағдарламасының басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып» деп басталады! Этностардың тiлдерiн сақтау – ол мемлекеттiң мiндетi емес! Ол – әрбiр этностың өз мiндетi. Мемлекет тек қана оған жағдай жасап бередi» дей келе, тек қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесiне толық ие болуы мен мемлекеттiк тiлдiң Қазақстандағы этносаралық тiл болуы дәрежесiне қол жеткiзу керектiгiн қадап айтты.

Қазақстан үшiн латын әлiпбиiне көшудiң тиiмдiлiгiн министр тағы назарға салды. «Елбасы Қазақстан халқының Ассамблеясында сөйлеп, екi рет латыншаға өту мәселесiн мұқият қарау керектiгiн ескерттi. Латыншаға өту – ол уақыт талабы. Егер ғылыми-педагогикалық қауымдастық бұл идеяны қолдаса және ол бiздiң қоғам үшiн өте тиiмдi болса, онда мiндеттi түрде латыншаға өтуiмiз керек. Өзiм латыншаға өтудi қандай да бiр саяси тұрғыдан емес, тек ақпараттық технологиялар ғасырында көштен кеш қалмау үшiн қолдағанмын», – дедi. Оның айтуынша, қазiргi кириллицаға құрылған қазақ әлiпбиiнде – 41, орысшада – 33, арабшада – 28, ал, латын алфавитiнде бар-жоғы 25-26 әрiп қана бар. Яғни латыншада тез жазу мүмкiндiгi мол.

Қазақ елiнiң латын әлiпбиiне көшуiн Президенттiң саяси мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев та қолдайды екен. Ол: «Латын әлiпбиiне көшу – қазақ тiлiн күшейте түседi. Егер латынға көшсек, қазақ тiлi түркiтiлдес әлемде басқаша, жаңа сапалы деңгейге шығады» дегендi айтады. Ол: «Кей жағдайда қазақ тiлi халықаралық тiл болып саналады. Бiз мемлекеттiк тiлде қырғыздармен, өзбектермен, түркiмендермен, әзiрбайжандармен, татарлармен, башқұрттармен, түрiктермен сөйлесе аламыз. Сондықтан да Қазақстанның халықаралық байланыстары мен жаһандану үдерiсiндегi жағдайында латын әлiпбиiне көшудi тезiрек қолға алу керек сияқты. Алайда бұл уақыттың мәселесi. Бұл процесс кемiнде 5-10 жыл уақытты алады», – дейдi Президенттiң саяси мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi.

КРУТОЙСЫЗ ТОЙ ӨТПЕЙТIН СИЯҚТЫ

Биыл ел Тәуелсiздiгiне – 20 жыл. Бұл айтулы мерекенi халық болып, ел болып жоғары дейгейде тойламасақ, елдiгiмiзге сын. Тәуелсiздiк тойының мәндi де сәндi өтуi бойынша мәселемен арнайы мемлекеттiк комиссияның жұмыс тобы айналысып келедi. Ал мәдени iс-шаралар жөнiндегi қыруар жұмыс Мәдениет министрлiгiнiң құзыретiнде.

Бүгiнде Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойына деген дайындықты ресейлiк режиссерлер бастап кеткенге ұқсайды. Оның көшбасында ресейлiк танымал композитор Игорь Крутой бар. Алайда «Елiмiзде өтетiн мемлекеттiк маңызды шараларға әншiлер мен қоюшы режиссерлердi сырттан шақырудан не ұтамыз? Өзгенiң қаңсығын таңсық көргендi доғару керек» деген Мәжiлiс депутаты Нұрлан Өнербаев өз мамандарымызды даярлау мәселесiн көтердi. «Соңғы жылдары бiздiң құлағымыз бiр ғана фамилияны естидi. Ол – Крутой. Осы Крутойсыз бiзде концерт өте ме, өтпей ме? Крутой тобы бүкiл Азиаданы қойып шықты. Қазақстанның Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiне тағы да Крутой тобы жұмыс iстеп жатыр. Сонда Крутойсыз күн көре алмаймыз ба?», – деген өкпе-назын жеткiздi. Депутаттың ренiшiн қабылдай алмаған министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза: «Жалпы мәдениетте есiктi тарс жауып отыруға болмайды. Мәдениет бiр-бiрiмен ықпалдасқан кезде, бiр-бiрiмен араласқан кезде дамитын болады. Мәдениеттiң үлкен қайраткерлерiн бiз шақыруымыз керек. Мысалы Италиядан Барбара Фриттолидi шақырдық», – деп жауап бердi.

Әлбетте, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын қазақы бояумен, ұлттық реңкпен атап өту – кез келген қазақтың жүрегiне патриоттық сезiм ұялататыны сөзсiз. Халық қалаулыларының осындай маңызды шараның басы-қасында ресейлiктердiң жүруiне алаңдаушылығын бiлдiруi де заңды. Тiптi кейбiреулер «Несi бар, Игорь Крутой бастаған топ Азиаданың ашылу салтанатын ұлттық нақышта шынайы көрсете бiлдi…» деп те айтып жүр. Жасырып қайтемiз, қазақтың қазақ екендiгiн паш ететiн дүние жасауға келгенде отандық мамандардың қарым-қабiлетiнiң көңiл көншiтпейтiндiгi қынжылтады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ