Жаңалықтар

Айтулы мұражайдағы «Алтын адам»

ашық дереккөзі

Айтулы мұражайдағы «Алтын адам»

Өткен аптада Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданында жаңа мұражайдың тұсауы кесiлдi.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Есiк тарихи-мәдени қорық мұражайының» ресми ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев, Алматы облысының әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқанов, Мәдениет вице-министрi Ғазиз Телебаев, Туризм және спорт вице-министрi Бақытжан Шеңгелбаев, Қоғамдық кеңес мүшелерi, өзге де зиялы қауым өкiлдерi бас қосты.

«Есiк тарихи-мәдени қорық мұражайы» Есiк қаласы маңындағы сақ патшалары жерленген, Қазақстандағы ең құнды археологиялық олжа – «Алтын адам» табылған кең жазықта орын тептi. «Алтын адам» табылған сәттен бастап, бүкiл әлемдi таң қалдырған құнды жәдiгер бүгiнде Жетiсу жерiнiң ғана емес, бүкiл қазақ елiнiң брендiне айналғаны мәлiм. «Есiк» мұражайының кiре берiсiнде қасқайып тұрған «Алтын адам» бейнесi ежелгi сақ тайпаларының түр-тұлғасын, болмыс-бiтiмiн жаңаша ашып тұрғандай әсер қалдырады екен. Жаңғыртылған нұсқасы болғанымен, «Алтын адам» бейнесi мұражайға келушiлерге ұлттық рух, жүректi тебiрентер өзгеше күй сыйлары хақ.

Ашылу салтанатында сөз алған Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев:

– Бұдан үш жыл бұрын Елбасымыздың тапсырмасымен «Есiк» мұражайын қалай саламыз деп осы жерде кеңес өткiзген едiк. Ол кезде бiрер киiз үйден басқа бұл маңайда қалқа жоқ, бос жатқан ашық дала болатын. Мiне, бүгiн Елбасы тапсырмасының жүзеге асқанының көрiнiсi ретiнде, осындай керемет ғимаратта орналасқан қорық-мұражайдың ашылу салтанатында басқосып отырмыз. Президентiмiз Н.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасының екiншi кезеңiнде жүзеге асыратын мақсаттарымызды айқындап, ұлттық символдарымызды қалыптастыру керектiгiн нақты тапсырған болатын. Ендiгi бiздiң мақсатымыз – осы айтулы қорық-мұражайды ұлттық мұрамыздың iнжу-маржандарымен толтыру және бұл жердi мәдени туризм ошағына айналдыру. Осындай мәселелердi Қоғамдық кеңестiң көшпелi отырысы талқылауға келiп отыр, – дедi.

Салтанатты шарадан кейiн көшпелi отырыстың ресми бөлiгi жалғасты. Жиында «Мәдени мұра» бағдарламасының екiншi кезеңiндегi алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру мәселесi сөз болды. Жиынды Мәулен Әшiмбаев жүргiздi. Алғашқы сөз тiзгiнiн қолына алған аталмыш мұражайдың директоры Гүлмира Мұхтарова өз баяндамасында мұражай қорына Мәдениет министрлiгiнiң қолдауымен Археология институтынан, Алтын мұражайы қорынан жиырмадан астам сақ дәуiрiне жататын түпнұсқа жәдiгерлер берiлгендiгiн, Археологиялық сараптама мекемесi отыздан астам құнды жәдiгердi тапсырғанын тiлге тиек еттi.

Сонымен бiрге Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев үстiмiздегi жылдың 6 желтоқсанында Елбасының қатысуымен өтетiн «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған қоғамдық кеңестiң кеңейтiлген жиыны аясында өткiзiлетiн Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығана арналған «Қазақстанның жаңа археологиялық жаңалықтары» атты көрменiң тұжырымдамасы туралы да сөз қозғады.

Жиын соңында Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев мырзаға бiрер сауал қойып үлгердiк.

– Мәулен Сағатұлы, бүгiнгi қорық-мұражай жөнiнде не айтар едiңiз?

– Қорық мұражайды ары қарайда жәдiгерлермен толтыруымыз керек. Осыған байланысты басқа музейлерден жәдiгерлердi алу, жаңа табылып жатқан мұраларды осында орналастыру мәселесiн қарастыруымыз керек. Жалпы, осы қорық-мұражайымыз бұл мәдени туризмнiң, ғылымның орталығына, жастардың құмартып келетiн орталығына айналуы қажет. Сондай-ақ, мәдени туризмдi дамытуды жолға қоюымыз қажет.

– Осындай мұражайлар елiмiздiң өзге аймақтарында да ашылатын бола ма?

– «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында елiмiздiң тарихи орындары деп саналатын ежелгi қорық маңдарында, сақ патшалары табылған аймақтарда қорық-мұражайлар ашу жоспарымызда бар.

Елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлтымыздың тарихи жәдiгерлерiн, ұлттық жауһарларын тауып, оны күллi әлемге паш етiп жүргенi баршамызға мәлiм. Келешек ұрпақ игiлiгi үшiн бой көтерген «Есiк» тарихи-мәдени қорық-мұражайы» – осының айғағы. Күнi ертең-ақ халықаралық және республикалық семинарлар, ғылыми кеңестер, түрлi форумдар өткiзетiн орын болғалы тұрған мұражай көпшiлiктiң бас сұғатын қасиеттi мекенiне айналмақ. Бiз көшпелi кеңестiң жиынынан осыны ойға түйдiк.

Гүлзина Бектасова