Жаңалықтар

«Көлiктер–2»: Алғашқы көрсетiлiм, алғашқы әсер

ашық дереккөзі

«Көлiктер–2»: Алғашқы көрсетiлiм, алғашқы әсер

Жас ұрпақтың бойында тiлге деген құрметтi арттыру мақсатында әлемге аты мәшһүр «World Disney» киностудиясының «Cars-2», яки «Көлiктер-2» анимациялық фильмiн қазақ тiлiне тәржiмалау жұмыстары бiр жыл бойы жүргiзiлдi. Өткен сенбiде Астанада екi жүзге жуық бүлдiршiн кинотуындыны қуанышпен тамашалады.

Ақмола мен Қарағанды облысының, Астана қаласының олимпиада жеңiмпаздары, оқу озаттары мен балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi елордадағы «Керуен» ойын-сауық орталығына жиналған. Мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн шетелдiк кинотуындыны көруге бәрi де асық. Келер аптада елiмiздiң 48 кинотеатрында тұсауы кесiлетiн фильм бұл бүлдiршiндерге өзгелерден екi апта бұрын ұсынылған едi. Көрсетiлiм Елбасының балаларға арналған сыйы болатын. Фильмдi балалармен қатар Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, «World Disney ТМД» компаниясының директоры Марина Жигалова-Озкан тамашалады.

Голливудтық туындыны қазақ тiлiне тәржiмалауды «Болашақ» қауымдастығы, «Алтын қыран» қоры мен «Меломан» компаниясы қолға алды. Ұлт үшiн маңызы бар жобаның басы-қасында жүрген тiл жанашыры, «Болашақ» қауымдастығының төрағасы – Бауыржан Байбек мырза. Фильмнiң мәтiнiн аударуға 16-17 млн. теңге көлемiнде қаржы жұмсалыпты. Тұңғыш рет қазақ тiлiне дубляжданған фильмдi бүлдiршiндерге ұсыну қарсаңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кiшкентай көрермендерге құттықтау хатын жолдады. «Қадiрлi көрермен! Қымбатты балғын, бүлдiршiндер! Бүгiн әлем балаларының ортақ көзайымына айналған голливудтық мультфильм алғаш рет қазақ тiлiнде сөйлейдi. Сондықтан «Уолт Дисней» компаниясының «Көлiктер – 2» мультфильмiнiң бүгiнгi тұңғыш көрсетiлiмiн мемлекеттiк тiлдiң аясын дамыту iсiнде үлкен оқиға деп бiлемiн. Мемлекеттiк тiл – ұлысты ұйыстыратын негiзгi ұстындардың бiрi. Сондықтан оны бүгiнгi жас ұрпақ еркiн меңгеруi тиiс. Тiл бала жастан бойға терең сiңедi. Осыған байланысты, бiз «Балапан» бағдарламасын қабылдадық, бүлдiршiндерге арналған жаңа телеарна ашылды. Қазақ тiлi – тамырын тереңге тартқан ерекше бай, көркем тiл. Ол бүгiнде жан-жақты дамып, халықаралық тiлге айналу үстiнде. Бүгiнгi оқиға да соның бiр айғағы. Мен «Болашақ» қауымдастығы, «Меломан» компаниясы және «Алтын қыран» корпорациясының бiрлескен бұл жобасы қазақ тiлiнiң дамуына қосылған елеулi үлес деп бiлемiн. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында балғындарға осындай тарту жасап, бүлдiршiндерге ерекше қуаныш сыйлаған баршаға алғыс айтамын. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақ игiлiгiне жарай бередi деп сенемiн. Балаларымыздың рухани азығына айналар туындылар көбейе берсiн!» делiнген Елбасының ыстық сәлемiнде. Ал «World Disney ТМД» компаниясының директоры Марина Жигалова-Озкан голливудтық өнiмнiң қазақ тiлiне аударылғаны компания үшiн биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы болғандығын айтады. «Бiз – кейiпкерлерi түрлi тiлде сөйлейтiн әлемдегi көшбасшы кинокомпаниямыз. Қазақ тiлiнде шығарылған жаңа нұсқаға да басқа тiлдерге қоятын талаптарды қойдық. Фильмдi жарыққа шығару мақсатында өте жақсы жұмыс тобы құрылды. АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қазақстан өкiлдерi жобаны жүзеге асыру бойынша бiрталай еңбектендi. Туындыны өз тiлiнде тамашалаған көрермендердiң қуанышы бiзге де ортақ», – дедi Марина ханым. «World Disney» өнiмдерi әлемнiң 38 тiлiнде дубляжданады екен. Түркi әлемiнiң iшiнде мультипликациялық өнiмдер осыған дейiн тек қана түрiк тiлiнде тәржiмаланған. Ендi мiне, мультфильм кейiпкерлерi қазақ тiлiнде сөйлеп отыр. Дубляж жасау барысында 30-ға жуық жеке дауыс қолданылған екен. Жазу жұмыстары «World Disney ТМД» компаниясының Алматыдағы студиясында жазылып, Лондондағы Shepperton студиясында соңғы монтаж жасалған. Көлiктердiң қазақ тiлiндегi дыбыстарының иегерлерi Бақытжан Әлпейiсов, Күнсұлу Шаяхметова, Дәулет Әбдiғапаров, Нышанбек Жұбанаев және Азамат Қанапияев сынды елге танымал әртiстер. Азамат Қанапияевтiң дыбыстауындағы Мэтр есiмдi кейiпкер фильмдi шығарушыларды тәнтi еттi. Тiптi олар қазақстандық әртiске «Бiз естiп көрген Мэтрлердiң ең үздiгi» деген баға берiп отыр.

Әлемге танымал киностудияның өнiмдерi алдағы уақытта да қазақ тiлiне дубляжданады. Бұл жөнiнде Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев өзiнiң ғаламтордағы Твиттерiнде хабарлады. «World Disney» компаниясының өкiлдерiмен кездестiм. Компанияның анимациялық фильмдерiн қазақ тiлiне дубляждау бойынша iскерлiк байланыс жөнiнде әңгiме қозғадық» деп жазыпты министр. «Меломан» компаниясының дирекоры Вадим Голенко дубляждау жұмысын қолға алған сәтте аталмыш туынды көрерменнiң көңiлiнен шықпай қала ма деген қаупiн жасырмаған едi. Алайда алғашқы көрермендер фильмдi бар қызығушылығымен, зейiнмен қызықтады. Әрқилы анимациялық иiрiмдермен, көлiктердiң адамдарша тiл қатуымен көңiлдi баурап алатын туындыны тамашалаған балғындардың қуанышында шек жоқ. «Керуен» ойын-сауық орталығының әр бұрышында кiшкентай көрермендер қазақ тiлiнде сөйлеген көлiктердiң қызығын айтып, шат-шадыман күйге бөлендi. Балалар мультфильмнiң қызықты тұстарын бiр-бiрiне жарыса баяндаудан жалықпады. Бұл – қазақ тiлiне тәржiмаланған фильмнiң көрермен жүрегiнен өз орнын тапқандығының белгiсi болса керек.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ