ҰТБ аяқталды: нәтиже қандай
ҰТБ аяқталды: нәтиже қандай
Биылғы ҰБТ да аяқталды. Нәтижесi көңiл көншiтерлiк болса да, шырғалаңы да жетiп артылады. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының түлектерi ҰБТ-ны екi тапсырса, Оңтүстiк Қазақстан облысының Түркiстан қаласында балаларға ҰБТ тапсырмалары таратылып жатқанда, ғимаратқа бомба қойылған деген шу шығып, мұғалiмдер тест тапсырмаларын қайта жинап алуға мәжбүр болған.
«БIЛIМ ДЕҢГЕЙI ӨСТI»
Бiлiм және ғылым вице-министрi Серiк Ерсалиев маусымның 13-iнде арнайы мәлiмдеме жасап, биылғы ҰБТ-ның орташа көрсеткiшi – 86 балл болғанын жеткiздi. Былтыр бұл көрсеткiш 84 балл болған екен. Демек былтырғымен салыстырғанда, биыл ҰБТ нәтижесi екi пайызға артық. Былтыр 107 мың мектеп бiтiрушi ҰБТ-да бағын сынаса, биыл оның саны 20 мыңға артып, 126 мыңға жеткен. ҰБТ тапсырушылардың 9 пайызы 50 пайыздық межеге жетпеген. Былтыр ол 11 пайызды көрсеткен. Түлектердiң 25 пайызы 100 баллдан артық ұпай жинаған, «Алтын белгiге» үмiткер 5 мың түлектiң 64 пайызы өз бiлiмiн қорғаған. 30 оқушы ең жоғарғы балл – 125 ұпайға ие болған.
ҰБТ-ҒА ДЕГЕН СЕНIМ АЗАЙДЫ
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында алғашқы күнi ҰБТ тапсырған 505 түлектiң 90 пайызының аса жоғары көрсеткiш көрсетуi, қалтасында ҰБТ-ның дайын жауабы бар үш оқушының ұсталуы – ҰБТ-ға деген халық сенiмiнiң азаюына түрткi болып отыр. ҰБТ-ға сенiм бұған дейiн де жоғары деңгейде емес едi. Бала бiлiмiн тексерудiң бұл жүйесi реформалауды қажет ететiндiгi, ҰБТ арқылы түлектердiң бiлiмi қажеттi деңгейде бағаланбайтындығы жыл сайын әңгiме өзегiне айналады. ҰБТ-дағы билет сұрақтары да талай сүзгiден өткiзiлiп, олардың өз деңгейiнде еместiгi де жыл сайын қайталанып келедi. Сол себептен болар, биыл ҰБТ-дан 5 мың сауал алынып тасталған.
ҰБТ Қазақстанда ең алғаш 2004 жылы енгiзiлген болса, бұл жүйе АҚШ-та өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан тәжiрибеге енгiзiлген. Сарапшылар қазiр әлемнiң көптеген мемлекеттерiнiң ҰБТ-дан бас тартып жатқандығын айтады. Әлемнiң алдыңғы қатарлы мемлекеттерi бала бiлiмiн бағалаудың басқаша жүйесiн ойлап табуға кiрiсiп кеткен.
Ал Қазақстанда аса құпия мемлекеттiк құжаттың қолды болуы, оның 5000 теңгеден 1000 долларға дейiн сатылуы (Жаңақорған ауданының Бiлiм департаментiнiң ресми мәлiметi бойынша) бiлiм саласындағы, соның iшiнде ҰБТ саласындағы жемқорлықтың асқындағанын танытады.
ҰБТ-ны мүлдем алып тастау туралы ұсыныстар биылғы жылдың басында көлденең тартылғаны белгiлi. Бiрақ қазақ билiгi бұны алмастыратын өзгеше жүйенi ойлап тапқан жоқ.
ҚАЗАҚ ТҮЛЕКТЕРI НЕГЕ ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАУЫ ТИIС?
Дәл сол 2004 жылы сол кездегi Бiлiм және ғылым министрi, «Бiлiм берудiң 2004-2015 жылға арналған тұжырымдамасын» жасаған Жақсыбек Құлекеевпен арнайы сұхбат өткiзiп, мемлекеттiк бiлiм грантының неге қазақ-орыс мектебiнiң түлектерiне бiрдей 50*50 пайызбен бөлiнетiндiгi жайында сауал қойғанбыз. Ол кезде қазақ мектептерiнiң түлектерi жалпы түлектiң 60 пайызын құраған едi. Сол жылы Бiлiм және ғылым министрiнiң арнайы Жарлығымен мемлекеттiк бiлiм грантының 60 пайызы қазақ мектебiнiң түлектерiне бөлiнетiн болды. Содан берi 7 жыл өттi. Қазақ мектебiн бiтiрушiлердiң үлес салмағы – 60-тан 80 пайызға өстi. Қазiр Қазақстанда таза қазақ тiлiнде бiлiм беретiн 3750 мектеп бар. Орыс тiлiнде бiлiм беретiн – 1880, аралас бiлiм беретiн 2090 мектеп бар. Орыс мектептерi қалалық жерлерде және солтүстiк өңiрлерде молдап саналғанымен, ауылдық жерлерде қазақ мектептерi көбейiп, орыс мектептерi күрт азайған. Мәселен Алматыда 180 мектептiң 80-i қазақ тiлiнде, Астанадағы 65 мектептiң 20-сы орыс, 20-сы қазақ, 25-сы аралас мектеп. Өскемен қаласында 6, Қостанайда 4 қазақ мектебi бар.
Оның үстiне жыл сайын жасаған сараптамамыз бойынша, қазақ мектебiн бiтiрген түлектердiң жинаған ұпайы орыс мектебi түлектерiмен салыстырғанда анағұрлым артық. Мысалы былтырғы ҰБТ нәтижесi бойынша, орыс мектебiнiң түлектерi 60 ұпаймен жоғары оқу орнына түсiп жатса, қазақ мектебiнiң түлектерi 75 ұпаймен жоғары оқу орнына түсе алмаған. Бұл жайында бiз жыл сайын айтып та, жазып та жүрмiз. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдары жиi алмасып жатқан Бiлiм және ғылым министрлерi бiздiң бұл дабылымызға құлақ асып та жүрген жоқ.
Демек қазақ мектебi түлектерiнiң жыл сайын қысымға ұшырауы билiк назарына iлiнетiн кез жеттi. Мүмкiндiгiнше, қазақ мектептерiнiң түлектерiне 80 пайыз, орыс мектебi түлегiне 20 пайыз бiлiм грантын беру жайлы шешiм қабылдаған жөн болар едi. Бiрақ билiктiң қазiргi жалпақшешейлiгi бұл қадамға апара қоймасы анық. Сол себептi де балаларды бiлiмi бойынша бағалап, мемлекеттiк бiлiм грантын сол бiлiм нәтижесi бойынша бөлу қажет. Бұл жылдағыдан қарағанда, анағұрлым әдiлеттi болар едi.
Есенгүл Кәпқызы