Жаңалықтар

ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

ашық дереккөзі

ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

Күләш АХМЕТОВА, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты

Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылдың мамыр айында жазушылардың V съезiнде көрдiм. Жамбыл медколледжiнде оқып жүрген кезiм едi. Жиынға қатысатын облыс қаламгерлерiнiң ресми тiзiмiне жас ақын ретiнде iлiккен екем. Алматының алма гүлдеген шағында, таңғы пойыздан түсiп, «Алатау» дейтiн мейманханаға орналастық. Арман – шаһарды бiрiншi рет көруiм болған соң, көркемдiгiне таңырқап, есiк алдында тұрғанмын. Бiздiң Әулиеатадай емес, ауа райы салқын екен. Орамалымды қолыма ұстап шыққам. Алматыда тұратын ауылдас ақын жолығып қалды. Шүйiркелесiп, жөн сұрастық. Бiр кезде ол көше жаққа жалт қарап: «Мұқағали келе жатыр!» дедi де, асыға басып, қонақүйге тез кiрiп кеттi. Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевтың жырларына жабысып, жаттап алатын жас күнiмiз ғой. Қадалып қалсам керек, тау қыранындай қанатын қомдап, «буырқанып», «бусанып» келе жатқан асқақ ақын бұрылмастан тiке менiң қарсы алдыма тоқтады да: Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Сырдың желi мойнымды шарпып жүрер, – деген өлеңiн оқи жөнелдi. Бетiмiз қайтып, жүрегiмiз шайлықпаған батыл кезiмiз емес пе? – Алатаудың арда өскен тентегi ме ең, Қайырымды құрбының нарқын бiлер? – деген өлең жолдарын жалғастырып жiбердiм. Бетiме тура қарамай, анадай жерде тұрған жолдасына: «Тарт бiздi суретке!» деп бұйырды. Фотоаппарат асынған сол кiсiнiң кiм екенiн әлi бiлмеймiн. Менен бiр баспалдақ төмен тұрған өр тұлғалы айбарлы ақын: Мен аласамын, Аласа болсам да жарасамын. Өмiр сахнасына алған заңды билетiм бар, Заңды орныма таласамын! – деп, тағы да күндей күркiреп өлең оқыды. Маған қойған жалғыз сұрағы – «Өлең жазасың ба?» «Ия, жазамын» – дедiм. Аз-кем үнсiз қалды. Бiртүрлi жүзi мұңлы, әбiржулi көрiндi. Сәлден соң: «Жұлдызға» өлеңдерiңдi тастап кет!» – деп, өз бағытымен ұзай бердi. Жолым болды. Өмiрiмде бiрiншi рет көрiп тұрған сүйiктi ақыныммен суретке түстiм. ***

Арада екi жыл өткеннен кейiн Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң студентi атандым.

Ол уақытта Алматының жоғары оқу орындарында ақындармен кездесу кешi өтiп жататын үрдiс бар екен. Әбдiлда Тәжiбаев, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сияқты поэзия саңлақтарымен қатар Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Сағи ағаларымыздың есiмдерi дүркiреп тұрған заман. Сол кiсiлер қайда барса, жас ақындар жөңкiлiп соңынан ере барады. Өлеңдерiн тыңдаймыз, қолтаңба аламыз. Өзiмiз де таныла бастадық. Сондай кездесулердiң бiрiнде менiң республикалық газетке шыққан мақалам туралы Мұқағали аға: «Оқыдым, бiрақ сенiң қолың өлең ғой, өлең!» дегенi есiмде қалыпты. 1970 жылы Қайырбек екеумiз Тереңөзекте үйлену тойымызды өткiздiк. Алматыға қайту үшiн Қызылорданың әуежайында тұрған едiк. Ақпанның ақ бораны бет қаратпайды. Сырдың желi менi Қайырбектiң қолынан жұлып әкете жаздайды. Ықтау жердi паналап тұрмыз. Бiр кезде ышқынған желдiң уiлi сәл басылып, құлағымызға ырғақты, сұлу поэзия шумақтары жеткендей болды. Жан-жағымызға қарадық. Әуежайда, өзiн қоршаған адамдардың арасында, қолын сермеп, нақышты даусымен Мұқағали өлең оқып тұр! Сыбызғыдай сызылтып азалы үнiн, Өкпек желi соққанда Қазалының, Тосырқама, ен де кет бiр үйiне, Қазалының кез келген қазағының… Ағамыздың жанына жүгiрiп бардық. Бiздi көрiп балаша қуанды. Алматыға сол күнi ұшатын ұшаққа билетi бар екен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу кестесi өзгерiп, күн ашылғанша күтуге тура келдi. Дауылпаз ақын даланың желiн бұйым көрiп тұрған жоқ. Ақжарылып әңгiме айтып, арасында өлең оқиды. Ақыры ұшағымыз қас қарая көк төсiне көтерiлдi. Менiң жанымда беташар тойымызға қыз жолдас болып барған құрбыларым Iзiмкүл мен Несiпкүл бар. Салонда бәрiмiз қатар отырмыз. Мұнда да Мұқаң өлең оқиды. Қайырбек екеумiздiң қосылғанымызды естiп, бағана құтты болсын айтып, батасын берген. Ұшақ үстiнде де: «Қайырбек, Күләш ендi өлеңдi тастап кетпесiн. Өлеңiне тиме!» деп бiрнеше рет қайталады. Қалаға түнде келiп түстiк. Бәрiмiз бiр такси алдық. Жатақхананың жанына келгенде, Мұқаң: «Қайырбектi мен алып кетейiн. Бiздiң үйде қонсын» деп, бiздi түсiрiп кеттi… Құдайдың құдiретiне таңғалдым. Өмiрiмнiң маңызды екi кезеңiнде қазақтың ғажайып ақыны Мұқағали Мақатаевқа ойда-жоқта жолығып, өзiмнiң жыр тағдырыма үмiт қосқан iзгi ниетiне ие болған екенмiн. Осы өмiрiмде, Аллаға шүкiр, жақсылардың жылы лебiзiн көп естiдiм. Мен үшiн бәрi қымбат. Солардың iшiнде Мұқағали ағамның да маған жаны ашып айтқан аз сөздерiн әлi күнге дейiн алтынға балаймын. ***

«Қазақстан пионерiнде» (қазiргi «Ұлан») жүрген күндердiң бiрiнде әрiптесiм, жерлесiм тамаша ақын Тынышбай Рахимов Мақатаевтың дүниеден өткенiн қатты қайғырып отырып, естiрттi. Екеумiз көрiсiп, үнсiз егiлдiк. Ақынды шығаратын күнi Жазушылар одағына өлеңге, қарасөзге қатысы бар қалың жұртпен бiрге бiз де бардық. Аяулы ақынымен халқы қимай қоштасты. Бүкiл дүние тебiренiп, жоқтап тұрғандай болды.

Бiраз күн өткенде түс көрдiм. Сағымды сайын дала екен деймiн. Алдымда бiр бесiк тұр. Кәдiмгi қазақы сырлы бесiк. Неғылған бесiк деймiн де, Мұқағалидың даусын естимiн: «Бұл бесiктi сен тербет!». Ап-анық, өңiмдегiдей өз даусы, табиғаты бөлек таныс үн. Бұл бесiк – жыр бесiк шығар деп жорыдым… ***

Туған халқын, даласы мен тауларын, өзендерi мен ормандарын шын сүйiп, сағынышын баса алмай кеткен ұлы перзенттерiнiң ұлы махаббатының жауабын халқы ерте ме, кеш пе, жомарттықпен қайтарады.

Өмiрi қара өлеңмен өрiлген қазақтың ақынға зар болған заманы жоқ шығар. Солай десек те, ұшы-қиыры жоқ далаға данышпан жырдың дәнiн сеуiп кеткен ақберендердiң жиырмасыншы ғасырдағы жалғасы Мұқағали Мақатаев поэзиясының бесiк жырын тыңдайтын сәбиден бастап, өмiрдiң құнын түсiнген қарттар жүрегiне дейiн сылаған майдай сiңiп, бауыр басып бара жатуында бiр керемет сыр бар сияқты. Бүгiн исi қазақ Мұқағали Мақатаевқа арнап ән мен жырдан, естелiктен рухани биiк кесене соғып жатыр. Халық махаббаты! Әрбiр өнер иесiнiң кешегi де, бүгiнгi де, ертеңгi де арманы! Мұқағали ағаны кейде Жазушылар одағында, кейде көшеде көрiп қалатынбыз. Өн бойынан өлеңнiң буы бұрқырап, жүрген жерiн толтырып, екпiндетiп келе жатады. Жақындаған қазақты жатырқамай, шабыттанып өлең оқиды, шер тарқатады. Сондайда ақынның: Кең дүние төсiңдi аш, мен келемiн, Алынбаған ақым бар сенде менiң… Ей, таулар, ығысыңдар! Ығысыңдар! Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, – деген iрi мiнездi дара тұлғаларға ғана лайық жыр жолдары еске түсер едi. Мұқағали Мақатаев – көзiнiң тiрiсiнде-ақ халықтың сүйiспеншiлiгiне бөленген бақытты ақын. Сен менен хал сұрама, жырды сұра, Ырзамын өмiрiме, тұрмысыма. Жырды сұра! Iлесiп кетем бiр күн Қайтадан оралмайтын жыл құсына. Ол өмiр сыйын ақын жүрегiмен қабылдайды. Өлең жазып, көз iлiп, өлең оқып оянады. Жыр бағы жыл он екi ай гүлдейдi. Бiрақ өмiр-тұрмыстың қиюы келмейдi. Адамды ақын етiп жаратса, Жасаған Иемiз азабын қоса жарата ма, әлде ақынның сұм жүрегi суылдап, дүниенiң қабағын бағып, қайғы-мұңын басқадан бұрын сезiп, секем ала ма, кiм бiлсiн?! Неге ақынның бұл жалғанда бүр жарған арманы бар мәуесiн бермейдi? Шыңға шығудың бақыты қатерсiз болмайтыны қалай?! Күрсiнiп көкiрегiм, жылайды iшiм, Өсем бе, өшемiн бе, Құдай бiлсiн. Қанды дағын жүректiң қалдырайын, Қаласа бiреу-мiреу сұрай жүрсiн. Мұқағали өлеңдерiндегi өмiрбаянға қарасақ, ақынның фәнилiк өмiрi қатерлi биiкке қарай жүру, табанын тасқа тiлдiрiп, Хантәңiрге қарай өрмелеу болған екен. Тұйыққа келiп, Тiрелiп тұрмын бiр түрлi. Көзiмнiң нұры көңiлiмде қалды iркулi. Жылай да алмаймын, күле де алмаймын, О, досым! Тауып әкелшi ұмыт қалдырған күлкiмдi. Ақынның кәусар күлкiсi қай қияда қалды екен? Сүйсе, шын сүйiп, өкiнсе, қатты өкiнетiн арлы жүрек көз жанарының бақытты жарқылы азайып бара жатқанын сезе тұрып, қорғана алмапты. Тауда жортқан тағыдай алғыр едiм, Алғырлығым қай жерде қалды менiң?.. Құйындай айналып өте шыққан құштар ғұмыр, барды бажайлап, жоқты түгендеуге аздық етiптi. Қалай-қалай болғанын қапелiмде бiле де алмай қалған ақынмен бiрге бiз де оның өмiрiнiң сәулесiндей өлеңiне үңiлемiз. Қай жерде бағы жанды? Қай жерде қателестi? Досы кiм едi, опасыздықты кiмнен көрдi? Бiлгiмiз келедi. Бiрақ бәрiн iшi сезiп, бәрiн кешiре алған, жамандықтың өзiнен жақсылық iздеген мейiрiмдi ақын бiздiң пенделiгiмiздi қаламауы мүмкiн. Қай кезде де таңдаулылардың өмiрi – бiр сергелдең. Әдiлет жолы – ұзақ жол. Өнерлiнiң досы – өзi. Ерлiкпен егiз туған қауiп барын, Ерiксiз түсiндiм де анықтадым. Мақсат жеңiсi үшiн, шың басынан халқына, Қарасазына еңсесiн тiк ұстап, бiр қарауы үшiн ақын қанша құн төледi?! Не жыны бар бақыт менi көргенде, Кетедi үркiп, ендi жете бергенде… Бiреулер атаққа, мансапқа, игiлiкке ие болып кеттi. Олар басы мәңгi суық мұзбалақтар мекенi – мұзарт таулардың қатерлi қайқы шыңдарынан гөрi көгорай баурайын, қамсыздау жайлауын қолайлы көрдi. «Қарамай қара нөсер қағынғанға» деп өзi жазғандай, ақиық ақын бұйра бұлттармен араласып, бұрқанған желмен жағаласып, бiрде нөсерлетiп бiрде шуақ шашып, әлдеқайда асығып, әйтеуiр, бiр мазасыз өмiр кешкен сияқты. Соғыстан соңғы жетiм жүректiң ызасы, ақынның сырын алып, сыбағасынан қаққан орта, биiк есiктердiң тұтқасына тигiзбей, сыртқы қақпасынан қаратып, мысын басқан мықтылар, жұпыны да жүдеу тұрмыс, туғаннан айналасын аңдыған ажал – мыстан, талантқа тән тәкәппарлық пен бейқамдық, ауыздықсыз «ақ су», қорған болуға құлқы жоқ қоғам, қолын созбаған достар – ақын тағдырының шындықтары. Сезiндiм, мұң-наланың көшiн көрдiм, Сойқанын соғыс салған кесiрлердiң. Қолдан келер айла жоқ қосылдым тек, Хорына жетiмдер мен жесiрлердiң. Жетiмдер мен жесiрлер хорының арасынан бастау алған ақын дауысы бүгiн бүкiл адамзат жүрегiне жеткендей. Тау мен даланың, орман мен судың, жаңбыр мен желдiң, жапырақ пен жаздың үйлесiмiнен құралған тiршiлiк әуенi ақын жанының нұрлы шұғыласына суғарылып, сұлу өлеңге айналып, өмiрдi, жарық күндi сүюге үндейдi. Мұқағали Мақатаев – қазақтың қара өлеңiнiң қасиетiне бас ие отырып, биiктей бiлген ақын. Ол – бүкiл мұңымен, махаббатымен, арман-сағынышымен ұлттық ақын. Мұқағали Мақатаев халықтың ғаламат рухын көкке көтерiп, ұлттық сананың сәулелi өрiсiн кеңейтiп, өнер аспанына өзiнiң өшпес жұлдызын жақты. Ол әлем әдебиетi кәусарларының дәмiн бiлетiн, сезiмi сергек, талғамы жоғары қазақ оқырманының ұғымында дүние жүзi әдебиетiнiң алып шыңдарының бiрiне айналды. Мұншама iрi жеңiстiң, Алланың өзi берген ұлы сыйдың үздiксiз еселене беруiнiң сыры тым тереңде жатса керек. Мәңгiлiкке өзiммен ала кеткен, Менiң нәзiк жанымды кiм түсiнер? Көрген көзге кеудесi көрiк, даусы зор, еңселi, сом тұлғаның бойынан нәзiктiктi аңғара қою қиын едi. Өзiнде тау баласының iрi мiнезi бар, жырларында бұрқанып аққан тау өзендерiнiң сарқырама сазы мол ақынның сезiм нәзiктiгiнде сыншылар ашпаған жұмбағы жетерлiк. Қуатты, ойлы жырлардың өн бойындағы инелiктiң қанатындай нәзiк те тiрi дiрiл, жұқа сезiм, шынайы тiршiлiк лүпiлi – ақын басынан кешкен өмiрдiң адам атаулы сезiнген, айта алмаған бiр сәтi секiлдi аса жақын, аса таныс. Мұқағали Мақатаев поэзиясына табынғандар сияқты елiктеген ақындар да көп болғанмен, олар ақын жырларының сыртқы “қауызын” алса да, “жанын” – нәзiк жаратылысын ала алған жоқ. Сондықтан бұрқанған ырғағын келтiргенмен, ағысының терең тербелiсiн таба алмай, ақыры өз жолдарына қайта оралуға мәжбүр болды. Сөйте тұрса да, өзiнен кейiнгi толқындар үшiн Мұқағали ақын шын мәнiндегi көркемдiк сапа мектебi болып қалады. Бiз ешкiмге ұқсамас дара мiнезбен, айласыз болмыс-қарекетпен халқына адал қызмет етiп, көзi тiрiсiнде атақ та, мансап та ала алмаған, бiрақ өлеңдi қалай жазу керектiгiн көрсетiп кеткен нағыз ақынмен бiр дәуiрде өмiр сүргенiмiзге бақыттымыз. Тау дейтiн алып жүрек ана туған, Мен таулықпын, Таудан мен жаратылғам. Киiктiң сүтiн емiп ер жеткенмiн, Қуат алып қыранның қанатынан… Мұзбалақ ақынның шығармашылық патшалығы – аса байтақ. Дарын көкжиегi кең. Өлеңнiң iрi жанрларына қалам тартқанда қолтығы сөгiлiп, тынысы кең ашылып, түйдек-түйдек оймен сурет туғызып, үдей түсетiн жомарт дарын өзiн-өзi игере алмай, армансыз толқып, төгiлiп, бiр рақаттанып қалады. Талант табиғатының тазалығы мен дархандығын анық аңғартады. Ақын лирикасының бүкiл бiтiмiнде ұлттың ойлау философиясы мен ұлттық бейнелеу көркемдiгi бiте қайнасып жатады. Өмiрдiң мәнi мен мына дүниенiң жалғандығы жасандылықтан ада, адамзат жаралғалы бергi жасампаз да өкiнiштi, қарапайым да көркем қалпында өлең болып өрiлiп, кесте болып төгiледi. Өз-өзiнен дыбыстар әуезiне айналып, әнге шақырады. Сөздiң, тiлдiң еркiндiгiне қайран қаласың. Қақтап, сауып алатын сараңдық та, бей-берекет шашатын қолы ашықтық та, жүректi айнытатын тәттiлiк те, жұлқынған астамдық та, түрпiдей тұрпайылық та, көсемдiк те, көлгiрлiк те табылмайтын табиғи төгiлу, ақ жарылу, ақылмен ашыну, сәбише қуану, мөлдiр таза сүю, парасатпен сырласу – сүтпен бiткен бекзат болмыстың шынайы көрiнiсi. Ақынның махаббат лирикасы – аз да болса, бүкiл поэзиясының гауһар тасты алтын тәжiндей аса сұлу, аса пәк. Бiрiнен бiрi өткен шын ғашық жырлар – дархан жүректен ғана туатын мөлдiр тұнық бастау. Ғашықпын, Қайтiп оны жасыра алам. Бiр алтын оның әр тал шашы маған… Сандал тау, сайдан соққан самалым-ай! Ой-санам құлайды кеп саған ұдай. Әлдеқандай күн кешiп жүр екенсiң, Сүттен ақ, судан таза адалым-ай. Қыздарына Қымбат, Ардақ, Гауһар, Жiбек, Айсұлу, Күнсұлу деп ат қойып, айрықша күтетiн тектi халықтың әдебiмен аруларын адал сыйлап, жаны ашып қорғап, асыл сөзбен әспеттеп жырлау – иманды, нұрлы жүректiң иесiне, ақынның ақынына ғана тән әулие қасиет. Осындай тазалық пен пәктiктi Мұқағали Мақатаев поэзиясынан табамыз. Ақын таңғажайып тау мен дала суреттерiн төгiлдiрiп, тамылжытып бейнелейдi. Бұл кесек шығармаларында да, лирикасында да жақсы көрiнедi. Мен туған жер – Қарасаз баурайдағы, Жалғанда жер бiткеннiң балқаймағы. Есiм кетiп жүргенде ес бiлдiрген, Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы, – дегiзген Қарасаз – жырдағы сәулеткерлiктiң алтын бағанасы болып бой көтередi. Сол Қарасаз Мұқаңның соңғы өлеңдерiнiң де жәудiр жұлдызы болып, төмендемей жарқырап тұрып қалды. Қасқа бұлақ! Қасыңнан неге кеттiм, Не деген жел айдаған ебелекпiн. Еркiндiк, еркелiктi мiсе тұтпай, Тасқа әкеп өзiмдi-өзiм шегелеппiн. Пай-пай! Пай! Сағындым-ау, сағындым-ау! Талықсып тар төсекке таңылдым-ау Қапыда қалтылдаған жаным мынау, Жаратқан, не қылдым-ау, не қылдым-ау! Ақын тағдырының осылай болуы Алладан келген әмiр десек те, қоғамнан көрген қиянаттың қырсығы да қыр соңынан қалмай қойғаны рас едi. Абызын күңiрентiп, ақынын қапаста ұстаған ел бақытты бола ала ма? Бұдан он ғасырдай бұрын зағип ақын Ахмет Игүнеки: Бұл дүниеге өнерпаз не жазды? Не себептi бұл оны қинай бередi? Арамдарды көтерiп, адалды аяқтан шалып, Құтсыз дұшпан дүние алжып қартайған ба? – деп сауал тастаған екен, оған бiздiң дәуiрiмiз де жарытып жауап тапқан жоқ. Қайран елдiң қамы үшiн жанынан безiп күрескен арыстан жүректi, алдаспан тiлдi, асқақ ақын Махамбеттiң де өмiрiн бүкiл елi қорғап қала алмады. Қорғап қала алмайтынын айнытпай бiлген ақын өз заманында: Қызғыштай болған есiл ер, Қайран да жұрттан не көрдi? – деп күңiренген екен. Қай ғасырда да ақындардың өз қоғамынан қолдау таба алмауы – бұл дүниенiң әдiлетсiздiгi. Халқына деген шексiз махаббатының жалынына шарпылған Мұқағали ақын сол қауымнан хал сұрар адал дос, көңiл жұбатар жолдас таба алмай, емханада жалғыздан жалғыз күйзелдi: Не пайда күрсiнгеннен, өкiнгеннен, Не пайда дәтке қуат бекiнгеннен. Алайда емханада көз жұмғаннан Жақсы едi ғой майданның өтiнде өлген. Адамға тән өкiнiш пен қорқыныштан тұратын осы өлеңдi оқығанымызда: Батырларша жорықта Өлмедiм оқтан, қайтейiн, – деп тоқсан жасында опынған Ақтамбердi жыраудың арманы еске түседi. Ең ауыры, өзiнiң соңғы өлеңдерiн жазғанда, Мұқағали Мақатаев, бар болғаны тоқсанның жартысында ғана екен. Табиғаттың көркiне кiреуке түсiп, адамзаттың көңiлiне алаң кiрген алмағайып мұнар дәуiр басталды. Бұл дәуiрде жер тағдыры мезгiл мұхитында жеке жүзген кеме сияқты болса, ұлттар тағдыры тау толқындар арасындағы жаңқаға ұқсамай ма? Жиырмасыншы ғасырда сұмдық сынға түсiп, зәрезап болған бiздiң халқымыз да жарқын сезiмнен салқын сезiмге көшiп барады. Алтыны мен асылын көше жүрiп көмiп кетсе де, ән мен жырынан айрылмаған, қобыз бен домбыраға замандар үнiн сыйғызған, туғанда әнмен әлдилеп, аттанғанда азалы жырмен жоқтаған, ерлiгiн, мұңын, махаббатын, қуанышын көркем сөзбен зерлеген рухы сұлу халықтың бүгiнгi сөйлеу тiлi мен бұрынғы тiлiн салыстырып қарасақ, қара жерге қақ тұрғандай ғана нәр қалғанын байқаймыз. Тағы бiр тығырыққа тiрелiп келемiз-ау деп қауiптенемiз. Мұқағалидың жоғалған күлкiсi сияқты тұтас бiр ұлттың жұтқа ұшыраған мүлкiн – ана тiлiн уыз қалпына қалай келтiруге болады?! Елдi, жердi жау шапса, ұрандап ерлер шықпай ма? Ғазиз басты аямай, қалың майданға түспей ме? Ежелгi намыс сондай-ды. Тiлге, жырға, рухқа қауiп туғанда, өрелi, ойлы перзенттер отыра ала ма харекетсiз, қамсыз?!. Осы ұғыммен зерделеп, ұлттық намыстың рухын iздесек, кешегi өткен Мұқағали Мақатаев бүгiнгi бiздiң олқы тұсымызды толтырысып, өмiрiмiздi халықтың жанына жүрегiнiң лүпiлiндей жақын, нұрлы жырларымен айшықтап, қауымына қалтқысыз қызмет етiп келедi. Қазақтың тiлiн бiлген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуi мүмкiн емес, Мұқағали поэзиясын сүйген адам халқына жақын, жерiне ие, дiнiне берiк, жаратылысқа жанашыр бола алады!