10 саммит қарсаңында 110 шара
10 саммит қарсаңында 110 шара
Шанхай ынтамақтастық саммитiтiң мерейтойы өттi
Елордада тағы бiр маңызды саммит өттi. Былтыр ЕҚЫҰ-ның 7-шi Саммитiн дүбiрлетiп өткiзген Қазақ елi әлемдiк жиын өткiзуде де, халықаралық ұйымды басқаруда да айтарлықтай тәжiрибе жинады. Бiр жағынан, кеше Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 10-шы саммитi Қазақстанның осы ұйымдағы төрағалығының бiр қорытындысы iспеттес. Екiншi жағынан, бұл жиында аймақтық ұйымның iшкi мазмұны, географиялық ауқымы қандай өзгерiстерге түсуi мүмкiн деген мәселелер де талқыланды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы осыдан 16 жыл бұрын «Шанхай бестiгi» ұйымының құрылуынан бастау алады. Әу бастан бұл ұйым аймақтағы әскери ынтымақтастықты дамытуды көздеген. Бiрақ уақыт өте келе ұйымның мiндеттемелiк ауқымы кеңи түстi: қазiр ШЫҰ экономикалық, энергетикалық, ғылыми және мәдени саладағы әрiптестiктердi де қамтиды.
Қазақстан мәртебелi ұйымға өткен жылдың маусымынан берi төрағалық жасады. Осы уақыт аралығында түрлi деңгейдегi iс-шаралар ұйымдастырылып, әсiресе Орталық Азия аймағындағы бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi нығайту, лаңкестiк, сепаратизм мен экстремизмге және есiрткi саудасына қарсы күрестi күшейту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық берiлдi. Жалпы алғанда, ұйым шеңберiндегi ынтымақтастықтың барлық үш бағыты – қауiпсiздiк, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша қарым-қатынастар тереңдей түстi.
Бұл – Еуразия құрлығының 60 пайызын алып жатқан iрi ұйым, жалпы алғанда 30 миллион шаршы шақырым аумақты қамтиды. Ал демографиялық көрсеткiштерi бойынша, жер шарының халқының төрттен бiрi кiредi.
Қазiр оған алты мемлекет: Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше. Үндiстан, Иран, Моңғолия, Пәкiстан – бақылаушы-мемлекеттер қатарында. Белоруссия мен Шри-Ланка –»Диалог бойынша әрiптес» деген статусқа ие.
Форум Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ-на мүше-мемлекеттерiнiң басшылары – Ресей президентi Дмитрий Медведев, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан президентi Ислам Каримов, Қырғызстан президентi Роза Отынбаева, Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонмен кездесуiмен басталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның 10 жылдығын қорытындылау барысында былай дедi: «Бiздiң көзқарасымыз бойынша, 2001 жылы негiзгi басымдықтарының бiрi ретiнде лаңкестiкпен, сепаратизм және экстремизммен күрес ретiнде нақтылаған құрылым ретiндегi ШЫҰ құру — сол кезеңнiң үрдiсiне мүше-мемлекеттердiң дер кезiнде берген жауабы едi. Оған халықаралық және аймақтық қауiпсiздiктiң құрылымына өзгерiс енгiзiп, әлемдi дүр сiлкiндiрген 11 қыркүйек оқиғасы дәлел болып отыр».
Ресми тұрғыдан алғанда, ШЫҰ басты мiндеттерi – мүше-мемлекеттердi бiрiктiретiн кеңiстiктегi тұрақтылық пен қауiпсiздiктi нығайтуға күш салу, лаңкестiкпен, сепаратизммен, экстремизммен және есiрткi тасымалымен күрес.
Осы он жылда ұйым аясында қауiпсiздiк саласы қарыштап дамыды. Беделдi келiсiм-құқықтық база құрылды, аймақтық лаңкестiкке қарсы құрылым бекiтiлдi (АЛҚҚ), өкiлеттi органдар арасында тығыз байланыс орнатылып, лаңкестiкке қарсы оқу-жаттығулар үзбей өткiзiлiп жүр. Сонымен қатар лаңкестiк, сепаратистiк және экстремистiк қызметтегi ұйымдарға қатысы бар тұлғалар туралы ақпарат алмасу жақсы жолға қойылған. АЛҚҚ атқару комитетiнiң хабарлауынша, 2004-2011 жылдар аралығында лаңкестiк әрекет жасаудың 500-ден астам талпынысына тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, есiрткi мен қарудың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар, заңсыз көшi-қонға қарсы күресте, сонымен қатар қорғаныс, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою және болдырмау және халықаралық ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде өзара ықпалдасудың белсендiлiгi елеулi түрде артқаны көрiнiп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-на мүшелерiне ортақ ұсыныс тастады – төтенше жағдайлар жөнiндегi кеңес құруды ұсынды. «Ресей мен Қазақстандағы өрттер, Жапонияда болған зiлзала Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық құру қажеттiлiгiн қуаттайды. Әрiптестерiме төтенше жағдайлар жөнiндегi кеңес құруды ұсыну орынды деп есептеймiн», – дедi Қазақстан Президентi ұйымның мерейтойлық саммитiнде.
Қазақстан Президентi Н.Назарбаев ШЫҰ қатысушы мемлекеттерi арасындағы азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ынтымақтастықты дамыта түсу қажет екенiн жеткiздi. «Қазiргi уақытта әлемдiк тұтыну мен табиғат апаттарының салдарынан шикiзат пен энергия ресурстарының бағасының өсуi азық-түлiк тауарларының қымбаттауына алып келдi. Азық-түлiк дағдарысының зардаптары бүкiл әлемдегi әлеуметтiк және саяси жағдайдың ушығуына алып келуi мүмкiн. Бұл жағдайда азық-түлiк қауiпсiздiгiн аймақтық және халықаралық деңгейде тұрақтандырып, үйлестiрiлген және келiсiлген әрекеттердi жүзеге асыру шарт», – дедi Елбасы.
Елбасы Н.Назарбаев өз сөзiн: «Бейбiтшiлiктi және аймақтағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiндегi саяси-дипломатиялық өзара ықпалдастықты лаңкестiк, сепаратизм мен экстремизм, есiрткi мен қарудың заңсыз айналымы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен заңсыз көшi-қонға қарсы күреске басты назар аудара отырып, қазiргi жоғары деңгейдi сақтап қалу шарт. Мұнымен қоса ШЫҰ қатысушы-мемлекеттерi арасындағы экономикалық ынтымақтастықты елеулi түрде алға жылжытып, бiрлескен жобаларды қаржыландыру жөнiнде кейiн оны Даму қорына айналдыра алатындай арнайы есепшот ашу қажет. Бiздiң елдердiң халқы Ұйымның қызметiнiң нәтижелерiн сезiне алатын болуы тиiс. Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы аяқталып келедi. Бiз 110 iс-шара өткiздiк, маңызды құжаттарды әзiрледiк, барлық ұстанымдар келiсiлдi», – деп түйiндедi.
Ұзақ келiссөздерден кейiн Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжiкстан шекарада әскери сенiм шараларын жүзеге асыру жөнiндегi маңызды келiсiмге қол қойды.
Мемлекет басшылары ШЫҰ-ның 10 жылда атқарған жұмысын сараптап, төрағалық мiндеттi Қытай Халық Республикасына тапсырды. Саммитке қатысушылар Қазақстанның ұйымға төрағалығын жоғары бағалап, бұл жемiстi жыл болғанын жеткiздi. Басқосудың қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның Астаналық декларациясы қабылданды.
Гүлбиғаш ОМАРОВА,Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ