Жаңалықтар

ТУРАСЫН АЙТҚАН ТАРЛАНБОЗ ЕДI БIРТҰТАС ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТӘШЕНОВ

ашық дереккөзі

ТУРАСЫН АЙТҚАН ТАРЛАНБОЗ ЕДI БIРТҰТАС ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТӘШЕНОВ

Бүгiнгi елiмiздiң ұн экспорттаудан бiрiншi, ал астық экспорттаудан алдыңғы бестiктiң қатарына кiруiне негiз болған, жарты ғасырдан астам тарихы бар тың және тыңайған жерлердi игеру жобасының 1954 жылы басталғаны белгiлi. Осынау өте үлкен, ауқымды жобаны iске асыру үшiн Н.С.Хрущев «халықты азық-түлiк тапшылығынан құтқарамыз» деп, КСРО-ның соғыстан кейiнгi жинаған бар байлығын тың өлкесiне (6 облысқа) үстi-үстiне төктi. Бұған дейiн ауылшаруашылық техникалары қашанда тапшы болып келген қазақ жерiне, оның iшiнде жаңадан құрылған мыңдаған совхоздардың әрқайсысына элеваторлар, МТМ-дар т.б салынып, жүздеген мың жүк және жеңiл машиналар, тракторлар мен комбайндар, құрал-жабдықтар әкелiндi.

«Егер қазақ бiреудiң алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеновтiң алдында борыштар»

Қазақ КСР КПОК-нiң бұрынғы 1-шi хатшысы И.Юсупов

Өнеркәсiп орындары көптеп салынды. Бүкiл ауыл-аудандарды байланыстырған тас жолдардың ұзындығы 14 еседен асты, темiржолдардың ұзындығы 2,5 мың шақырымға өстi. Тың игеру Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық жағдайының артуына ықпал жасағанын жасыруға болмайды. Игiлiгiмен қатар, тың және тыңайған жерлердi игерудiң зардаптары мен көлеңкелi жақтары да аз болмағаны ащы шындық. Тың игеру жылдары бүкiл КСРО-да барлығы 42 млн. гектар тың жер жыртылса, оның iшiнде Қазақстанда 27млн. гектар жер жыртылды. 1954 жылы ақпандағы съезде тың игеруге қарсы болған Ж.Шаяхметовтi орнынан алу үшiн орынсыз сынаған КПСС ОК-нiң өкiлдерiне жалғыз қарсы шыққан жан —Ақтөбе облысы партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Жұмабек Тәшенов болатын. Ол жалындап тұрған жас едi. Бiрақ ол осыған дейiн 1953 жылы күзде Мәскеуде өткен одақтық партиялық кеңесте тың игерудiң әлеуметтiк-экономикалық жағынан маңыздылығына ерекше тоқталып, қуаттағандығын да айтуымыз керек. Сондықтан да Н.Хрущев 1954 жылы күзде тың игерушiлердiң тұңғыш жиынында: «Тың жерлердi және тыңайған жерлердi игерудiң инициаторы – Ж.А.Тәшенов» деп құрметтеп, араға бiраз ай салып, ҚР Жоғарғы Кеңесiнiң төралқа төрағалығына ұсынып, бiрауыздан сайлатты. «Күн көсемдер» айтқанына көнетiн, қолшоқпар әрi iскер кадрлар тәрбиелегiсi келдi. Бiрақ қазақ жерiне осыншама көз қырын қадаған Н.С.Хрущев саясатының зымияндығы да күннен-күнге айқындала бердi. Астықты аймақты бiржолата Ресейге қосып алу үшiн орталық-терiскей алты облыспен (Торғай, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) бiрге Қарағандының солтүстiк бөлiгiн бiрiктiрiп, мемлекет iшiндегi мемлекет — «тың өлкесiн» құрды. Астанасы Ақмола қаласы болған тың өлкесiнiң өз алдына партия комитетi мен атқару комитетi, тiкелей Мәскеу тағайындаған 1-шi, 2-шi хатшылары, төрағалары және өз алдына бюджетi болды. Тың өлкесiндегi бес облыста қазақ тiлiндегi барлық облыстық, аудандық газеттер жабылып, олардың орнына бiр ғана «Тың өлкесi» газетi пайда болды. Республика басшыларына бағынбауы үшiн жергiлiктi билiктi уысында ұстаған совхоз директорларын тiкелей Кремль таңдап, жасақтап жiберiп отырды. Олардың көбi бұрынғы генералдар мен полковниктер, зауыт пен фабрика басшылары едi. КСРО-ның Ауыл шаруашылық министрi В.В.Мацкевичтi тың өлкесi атқару комитетiнiң төрағасы етiп тағайындады. Көкшетау облысындағы Горький атындағы совхоздың директоры Н.Ф.Козинец совхоз құрылғаны жөнiндегi актiге: «Мен, Көкшетау облысындағы №5 совхоз директоры Козинец СССР совхоздар министрлiгiнiң №260 бұйрығына сәйкес жердi және ондағы бiр шоқ қайыңды қабылдап алдым»,– деп астамшылықпен қол қойған. Бұл жерлер ежелгi тарихи өлке болатын. Ол туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Есiл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғанастың тоқсан екi көлi ноғайлы, қазақтардың жойқын егiн салған жерлерi. Қызылмола, Ақмола, Сұлутам, Сырлытам, Хан сүйегi – солардың жәдiгерлерi», – деп тарихи деректермен түйiндегенi белгiлi. Ежелден сәулеттi қалалар, өнер – мәдениетi, қол өнерi, саудасымен аты шыққан Арқа жерiне бұрыннан-ақ орыстармен қатар Еуропа елдерi де сұғанақ көздерiн қадай бастаған едi. Сондықтан олар стратегиялық маңызды аймақтарды зерттеу үшiн саяхатшы-зерттеушiлерiн жiберiп отырды. 5-7 ғасырларда бұл жерлердiң даңқы жылқысының көптiгiмен шыққаны белгiлi. Археологтар Қызылжар мен Көкшетау өңiрiнде қоныстанғандар 5 мың жыл бұрын алғаш жылқыны қолға үйретiп, үзеңгi мен ауыздықты ойлап тауып, жылқының сүйегiнен коньки де жасағанын дәлелдедi. Мәшһүр Жүсiп – ертеде Арқада Мық деген жұрт ежелден өмiр сүргенiн де айтып кеткен. Ал Козинецтiң сөзiнен қазақ өкiметiнiң бұйрығы бұларға жүрмейтiнi айқын аңғарылатынын айтсаңызшы! 1954-55 жылдары өлкеде 337 жаңа астық совхозы құрылса, келесi жылы Қостанай облысының – өзiнде ғана 200-ге жуық осындай совхоздар құрылды. Осымен қоса, 1954-1960 жылдары елiмiзге 2 милионнан астам славян тектiлер қазақ жерiне арнайы көшiрiп әкелiндi. Олардың бразы бұрын сотталғандар мен тәртiп бұзғандар едi. Оларға молынан материалдық көмек көрсетiлдi.Тыңға келгендер осында бiржола тұрақтап қалуы үшiн Хрущев ВЛКСМ-ға арнайы тапсырма берiп, өлкеге 25 мың қыз-қырқын жiберiлген. Осылардың нәтижесiнде елiмiзде қазақтардың үлесi 30 пайызға да жетпей қалса, солтүстiк облыстарда 10 пайыз шамасында ғана едi. Тың игеру науқанына елiмiздiң жастары мен жас механизаторлары да ерекше серпiн бердi. Алматы қаласының өзiнен ғана 2,5 мың жас тың игеруге аттанды. Тың өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Соколов 1960 жылы Ақмоланың атын Хрущевград деп өзгертiп, тың өлкесiн Қазақстаннан бөлiп алып, тiкелей одаққа қарайтын өлке ету туралы ұсыныс жасады. Осыған қарамастан Жұмабек Тәшенов Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетiнiң аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сiңiрдi. Маңғыстауды Түркiменстанға қосу жөнiндегi ұсыныстарға тойтарыс бердi.Тың өлкесiне бiрiктiрiлген солтүстiк облыстарды Ресейге, Оңтүстiк Қазақстанның мақта егетiн аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Осы оқиғалардың бел ортасында жүрген Әди Шәрiпов: «Хрущев тың өлкесiн Ресейге бағындырудың амалын iздеп, саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрi дерлiк тың өлкесiн Ресейге беруге де, орталыққа бағындыруға да қарсы болмады. Қарсы болған жалғыз адам – Ж.А.Тәшенов. Халқымыздың тамаша, шұрайлы жерiн бiр қатерден аман сақтап қалғанының куәсi болғанбыз» деп жазды. Д.Қонаев: «Әрбiр нақты жағдайға әмiр Мәскеуден түсетiн. Онда қандай да бiр аумақты басқа аймаққа қосу жөнiнде үзiлдi-кесiлдi айтылып, ол өңiрлердi ауылдардан, деревнялардан жылан жалағандай тазартудың мерзiмi көрсетiлетiн. Бұл әмiрлер сөзге келместен атқарылатын» деп, қалыптасқан ауыр жағдайға ергенi белгiлi. Алмағайып сол тұста тың өлкесiндегi совхоз директорлары тұрмақ өлке билеушiлерi Т.Соколов, В.В.Мацкевич, Козловтарды Тәшенов үнемi айтқанына көндiрiп, жер иесi қазақтар екенiн сөзiмен де, iсiмен де ұқтыра бiлген едi. Ол кiсi даланың үстiрт жоталарын жөнсiз жыртқызбай, мал шаруашылығын да тиiсiнше дамытты. Елiмiздегi барлық өндiрiс салаларын, сан салалы шаруашылықтарды барынша өркендетiп, түскен табысты ел игiлiгiне аямай жұмсап отырды. «Қазақстан магниткасының» iске қосылуына ерекше үлес қосты. 1960 жылы 26 қаңтарда, Үкiмет басшысы болған бетте бiр жетiнiң iшiнде он екi қазақ жiгiтiн үкiметтiң жоғарғы жауапты қызметтерiне тағайындады. Үкiмет қызметкерлерiне арнап Алматының қақ ортасынан салынған үлкен, жаңа 121 пәтерлiк үйдi түгелiмен қазақтың ақын-жазушыларына таратып бердi. Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерi, полковник Уәлихан Мұханов өз естелiгiнде Ж.Тәшенов үкiмет басқарып тұрғанда Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылихаға Алматыдан салынған үйден баспана берген ерлiгiн сүйсiне жазды. Қай уақытта да, қай қызметте отырса да Тәшенов ұлт мүддесiн осылай бiрiншi кезекке қойған! «Ол кезде Москваға қарсы шығу мүмкiн емес едi. Күйiп кететiнсiң, өспейтiн едi» деген Д.А.Қонаевтың сөзi нағыз шындық. Мұны Тәшенов та кем бiлмейтiн едi. Қазақ жерiн бөлшектеудi жүйелi жүргiзген Хрущев бастаған КСРО Саяси бюросындағылар ұлтымыздың тiлiн, салт-дәстүрiн аяқ асты етiп, қазақтардың ұлттық рухын жаншып, орыстың озбырлығын мойындатып барып, тың өлкесiн 1960 жылы Ресейге «Алтай өлкесi» дәрежесiнде қосып алмақшы болды. Кремльдiң жымысқы саясатын қалт жiбермей қадағалап отырған ержүрек Ж.Тәшенов осы 1960 жылдың аяғында Ақмолада болатын жиналысқа Хрущевтан бұрын ұшып келедi. Тың өлкесiнiң басшыларынан: «Келер жылдың бюджетiн неге өткiзбей отырсыңдар», – деп сұраса, «Өлкенiң бюджетi ендi қазақ үкiметiне емес РСФСР үкiметiне жолданады» – деген жауапты естидi. Сонда Тәшенов: «Тың өлкесi Ресейге берiлмейдi. Айтар жерiңе айта бар!» – деп бiрден тыйып тастайды. Хрущевпен тың өлкесi үшiн айқасқанда: «Солтүстiк облыстарды Ресейге қосу – қазақты қорлау, намысын жер ету, қалыптасқан шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастарды бiржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бiрдей. Мен тың өлкесiн Ресейге бермек тұрмақ, мәселенiң күн тәртiбiне қойылуына үзiлдi-кесiлдi қарсымын!», – деп отты сөздермен бетiн қайтарады. Айлалы Кремль басшылары Тәшеновке көп сый-құрметтер көрсетедi, ақыры жер шарының жартысын алып жатқан Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесiнiң алтын тағына отырғызамыз деп те уәде бередi. Елi мен жерiнiң ертеңiн ойлаған есiл ер қызметке де, байлыққа да қызықпай, саяси саудаға бармады. Елiмiздегi бүкiл халық, әсiресе өз ұлты Жұмекеңе бiр кiсiдей толық сенетiн. Халықтың шынайы сенiмiнен артық күш-қуат та, бақыт та жоқ емес пе! Тәшеновтiң КСРО-ның осы саясатына ашық қарсы шығуы – Одақ элитасындағы ерекше тосын құбылыс едi. Отаны үшiн отқа түскен Тәшеновтiң осы жан қиярлық ерлiгiн кейбiр озық ойлы басқа ұлт өкiлдерi де жоғары бағалап, қолдап отырды. Қисапсыз қаржы жұмсаған тың өлкесiн Ресейге қоса алмағанына Хрущевтiң iшi удай ашып, 1961 жылы 3 қаңтарда Тәшеновтi Үкiмет басшысы қызметiнен алып, Шымкент облыстық атқару комитетiнiң қатардағы орынбасарлығына төмендетiп жiбердi. Академик Манаш Қозыбаев «Дерек – тарихи дәлел» еңбегiнде: “Ж.А.Тәшенов Қазақстан аумағындағы ядролық жарылыстарға қарсы шығып, озбырлықтың құрбаны болды”, – дейдi. Хрущев 1961 жылы 24 сәуiрде облыс пен қаланың атын Ақмоладан Целиноградқа ауыстырды. Ата қоныс Арқаны, қазақтың небiр марғасқаларын тудырған тектiк қорын қорғап қалған Жұмабек Тәшеновтiң өршiл рухы мен жарқын бейнесi көзiн көргендердiң жүректерiнен терең орын алса да, ресми түрде тарихи-саяси бағасы күнi бүгiнге дейiн берiлген жоқ. Ежелгi құлдар көтерiлiсiнiң көсемi Спартакты он күн оқытатын бiздiң тарих, мемлекеттiк, патриоттық идеологияның жоқтығынан Тәшеновтiң атын да жазбағандықтан билiктегi шенеунiктерiмiздiң көпшiлiгi ұлт қаһарманының теңдессiз ерлiктерi тұрмақ, оның кiм екенiн де онша бiле бермейдi. Сондықтан кешiктiрмей мектеп оқулықтары, жоғарғы оқу орындарының бағдарламаларына Жұмабек Тәшеновтiң өмiрi мен қызметi жөнiнде толық кiргiзiп, мемлекеттiк басқару академиясындағы болашақ шенеунiктерге «Тәшенов тағылымы» пәнi мiндеттi түрде оқытылуы керек. Осылай етсек қана барша жастарымыздың елi мен жерiнiң өткенiн шынайы сезiнiп, патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиеленерi хақ. Тәшеновпен қызметтес болған жазушы Әбжаппар Жылқышиев «Шындық пен сұмдық» кiтабында: «Жұмекең ғұлама адам едi. Ел тарихы, өнер мен мәдениет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс – осылардың бәрi туралы ең кем дегенде әр саланың ғылым кандидаттарындай мағлұматы болатын. Денесi тұтас едi – сырт бейнесi батырларға ұқсайтын қырғи қабақ кiсi болатын. Қой көздерi тiкелей қарағанда кiмдi болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзiнiң анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жiгер бары айқын сезiлiп тұрушы едi. Содан да оған қарсы сөз айтуға көп ешкiмнiң батылы жетпейтiн. Жұмекеңнiң елге, жерге сiңiрген еңбектерi туралы айтыла қалса: “уақыт деген алып бар, тарих деген шежiре бар. Осы екеуi әркiмдi өз орын-орнына қояды”, – деп өзi туралы айтпайтын. Мақтаншақтар мен татымсыздарды жаратпай, ондайлардан iргесiн аулақ салатын», – деп жазады.

Әрбiр iсi аңыздар мен дастандарға бергiсiз асыл ерiмiздiң тарихи-саяси бағасын бергiзiп, Тәшеновтiң ерлiкке толы асқақ рухын жастарымыздың жүрегiне сiңiру – ұлт тарихын зерттеушi зиялыларымыздың қасиеттi борышы һәм мiндетi болмақ. Халық даналығында тарих қайталанады деген сөз бар. Шындығында, Ресей империялық пиғылынан әлi де толық бас тартпай, астықты аймағымызға қатерлi көзiн әлi де тiгiп отырғаны жасырын емес.

Ертiс НҰРҚАСЫМ